МӘҢГІЛІК САҒЫНЫШ
2017 ж. 15 қараша
4008
0
Мұхтар Әуезовтің 120 жылдық мерейтойына орай туған ой
Эпикалық роман «Абай» менің ойымша ХХ ғасырдағы
ең үздік шығармалардың бірі... Бұл шығарма совет
әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын
алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде
де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын.
Луи Арагон
Бірінші ой
ӘЛЕМ ТАҢҚАЛҒАН ҚҰБЫЛЫС
Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқсыз ба? Онда
сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз. Бұл – таңғажайып,
бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш
жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар
тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандармен
сіздің көкірегіңізге кеп орнайды
Альфред Курелла
Көлеміне ұшқыр қиял болмаса көз жетпейтін көкала мұхит тебіренген бір сәттерде қуатты толқын алдында көпіршіген көбік толқындар жүгіріп өтпей ме? Шымыр шығарманың қан тамыры болып таралатын ой, сезім, сурет деген де сондай толқындар тәрізді емес пе? Алмас қылыш жүзіндей ақ қағазбен бетпе-бет келіп, ой мен сезім құшағында оңаша қалған суреткер көкірегінде жылдар бойы жаралап, көз алдына сан сурет болып көлбеңдеген сол бір сәтте бәрін ақыл мен талғам таразысына тарта алса қандай ғанибет! Әйтседе, сондай тар жол, тайғақ кешуде тұңғиық, тылсым сырларды, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі азапты арпалыстарын, шарпысқан сезімдерін, тұңғиық тылсым сырларды майдан қыл суырғанда суреттеу, әр шығарма, ол ол ма, әр кейіпкер сайын жаңалық ашу жазушы атаулының бәріне бірдей қона бермейтін бақ. Інжу-маржан тайызда емес, асау толқынын аспанға атқан теңіздің терең түбінде жатады. Сондай тұңғиыққа тұншықпай сүңги білген сұңғыла суреткер сөз өнеріндегі ірі көркемдік құбылысқа айналады. Кең тынысты кемел ойлы кемеңгер Мұхтар Омарханұлы Әуезов дертпен тең сөз өнеріндегі әлем таңдай қаға тамсанып, таңқалған таңғажайып құбылыс!
Мұхтар Әуезов әлем әдебиетіне үлкен олжа салды деу аз, ол оны жаңа биікке көтерді, көркем сөз бен көсемсөздің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетті, мұхит ойдың тереңінен жауһар жинап, адамзат ақыл-ойының, парасат-пайымының көсегесін көгертті.
Теккерей: «Романист көп білуі керек» десе. Бульвер: «Романист философ болуы керек» депті. Ал, Белинский «Тарих романның авторы жақсы тарихшы болу керек» деген талап қояды жазушыға. Мұхтар Әуезовтің төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» эпопеясының әр кітабынан ғана емес, шығарманың өн бойынан мұндай тілек, талаптың үдесінен шыққан санқырлы саңлақ талантты тану қиын немес.
Ең бастысы қазақ халқының жарты ғасырлық өмірі жан-жақты суреттеліп, Абай өмір сүрген уақыт пен қоғамның қайшылықтары табиғи зор талантпен бедерлі бейнеленіп, кейіпкерлердің жан дүниесіндегі қатпар-қатпар қалтарыстар, терең ойлар, тебіренген сезімдер, шытырман оқиғалар шырмауындағы адам психологиясы, құбылыстар мен оқиғалар фонында Абай төңірегінде жарқырай көрініп, тұтас бір дәуірдің жанды картинасының жасалуында. Эпопеяда кейіпкерлер қатары қалың, оқиғалар да, эпизоттар да көп. Сол көптің бәрі шығарманың ұзақ сюжеттік желісімен жымы білінбей жымдасып, барлық оқиға бас кейіпкер – Абай образын ажарлы ашып, мінсіз мүсіндеп тұр.
Жүректің нәзік пернелерін тап басып, адам жанының ішкі ирімдерін, кейіпкердің көңіл-күйін, ішкі жан дүниесін, жүрек лүпілін тамыршыдай тап басып, тайға таңба басқандай анық та қанық суреттейтін Әуезов шеберлігі эпопеяның жібек жіппен тартылған алтын арқауының бірі. Соған мыңнан бір мысқал мысал эпопеяның кез келген тарауынан табыла кетеді.
Абай мен Тоғжан алғаш кездескен сәттегі кейіпкер жанының тереңін суреттеген сәт қандай ғажап!
Сол шағын ғана көркем көріністе көп қырлы суреткер Әуезовтің екі қыры анық аңғарылып тұр. Оның бірі – жоғарыда айтылған кейіпкердің жандүниесін жарқырата ашқан шеберлік, бірі қысқа да қызулы диалогтар, кейіпкерлердің жүректен шығып, жүрекке жеткен тіл қатысулар арқылы мінсіз мүсінделген образ. Эпопеяның: «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне шәкірт бала барын салды» деп басталған алғаш тарауындағы Абай мен Қодарды өлтіретін бөліктегі Абай ойы, сезімі кейіпкер бейнесін сәтті сомдаудың үздік үлгісі.
Көркем шығарманың көркін келтіретін диалог, кейіпкер портреті, табиғат суреттері, көсем ой, көркем тіл жайлы айтсақ, көз алдыңа «Абай жолының»
ақбас шыңдары асқақтап шыға келеді.
Кезінде Мұхтар Әуезов: Үлкен романсыз үлкен әдебиет жоқ» деп жазып еді. Кемеңгер Әуезов үлкен роман жазып қойған жоқ, әдебиет әлеміндегі үлкен құбылыс болды!
Он бес жылға созылған жанкешті еңбек пен аса сирек кездесетін құдайдай құдіретті талант өз жемісін берді. – 1956 жылы атақты роман-эпопея – «Абай жолын» аяқталып, ұлы Абай әлемді аралап кетті. Сол сәттен бастап Лев Толстойша характер тұңғиығына бойлау, Федор Достоевскийше ойлау, Михайл Шолоховша шарықтау, Николай Тихоновша тебірену, Александр Фадеевше қарыштау, Оноре де Бальзакша мүсіндеу, Стендальмен достасқан стилист болудың озық үлгісі және солар алыптардың көлеңкесінде қалып қоймай өз ойы, өз бойымен көрінген құдіретті талант деген пікірлерді жарыса жазды Луи Арагон, Бенжамин Матип, Константин Федин, Ғабит Мүсірепов, Андре Стиль, Альфред
Курелла, Берді Кербабаев, Олесь Гончар, Шыңғыс Айтматов... сынды әлемге әйгілі сөз зергерлері.
Не айтатыны бар, Мұхтар Әуезов – әлем таңқалған таңғажайып құбылыс!
Екінші ой
ҰЛЫЛЫҚ ҰЛАҒАТЫ
Ол ұлттық драма өнерінің өркендеуіне көп
көмектесті. Мұндай энциклопедиялық тек уақыт
рухына ғана емес, оның характеріне тән қасиет еді.
Италияда Жаңғыру (Возрождение) заманының әйгілі
шеберлері әрі суретші, әрі архитектор, әрі мүсінші,
тіпті инженерлер болғанын білеміз. Біздің заманымыз да
осындай әрқилы таланттың бір адамның басында
тоғысуын талап етеді, бірақ бұл әрдайым бола
бермейді. Ал, Әуезовтің басында бұл қасиет бар еді.
Николай Тихонов
Ұлылықтың бір өлшемі – аспан. Бұл дүниеде одан биік, одан кең не бар?! Ұша білген қанатқа дүние кең дейтініміз де содан. Әйтсе де биікке аңсары ауған күштарлар қаншалық көп болса, сол биікке шырқап шыққан қырандар соншалық аз. Ол заңды да. Биіктік таланттар мен қанаттылардың ғана мекені. Құр қызығу мен құрғақ құштарлық құшағына сыймайды ол. Өмірдің осы бір қатал, әділ заңы өнерге де тиесілі. Содан да болар қаламгерлер көп болғанмен қанаты талмас қыран тектес талант алтындай аз, жарқыраған жақыттай қат.
Өмірдегі сияқты өнерде де оңай бақыт болмайды. Қымбаттың бәрі қиынға түседі. Жазушы жолы – шың мен шыңыраудың екі аралығында қиын асуға өрмелеген таудың тар жол, тайғақ кешуі тәрізді. Оң жағындағы шыңға көз тіксең де, сол жағындағы шыңырауға қарасаң да басың айналып, табаның тайып кетуі кәдік. Сондай қиын жол, қиян асуда қарсы алдыңнан адастырмас жұлдызың боп жанатын кемеңгердің бірі емес, бірегейі Мұхтар Әуезов! Ол алысты нұсқар, асқарға бастар жарық жұлдыз сияқты.
Сонау зеңгір аспанда жұлдыздар қаншалық көп болса, аты мен заты белгілі жарқыраған жарық жұлдыздар соншалық аз. Ондай жарық жұлдыздарды көп жұлдыздардың өзі де көлегейлей алмайды. Әдебиет әлеміндегі сондай жарық жұлдыз Мұхтар Әуезов екенін ешкімнің ажарына қарамайтын қатал уақыттың өзі дәлелдеді. Бір ғана дәлел. Кеңес үкіметі кезінде әлем әдебиетінің 200 томдығы жарыққа шықты. Он бес республиканың ең беделді, ең білімпаз әрі өте әділ әдебиетшілері мен ғалымдарынан түзілген қатал қазылар тобы адамзат тарихындағы барлық асыл қазынаның ең таңдаулыларын іріктеп, тарих тезінде, замана дауылда азып-тозбаған жауһар шығармаларды сол 200 томға топтастырды. Сол асылдардың асылы жинақталған баға жетпес қазынадан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының төрт кітабы ойып тұрып орын алады. Николай Тихонов, Шыңғыс Айтматов, Константин Симнов, т.б. әлемге әйгілі тұлғалардың
өзі көп қаламгерлермен бірге жалпы жинақта ғана бас қосқанда бір өзі білдей бір төрт томмен топ жарған ұлылықты құдірет десе болар!
Тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Африкада кимберлит трубасынан ХХ ғасырдағы ең үлкен алмастардың бірі табылды. Одан бриллиант алу үшін әлемдегі ең таңдаулы зерлеуші шақырылды. Атақты шебер кимберлит трубасындағы алмастың қыр-сырын ұғу үшін тек оны зерттеуге ғана бір жыл уақытын сарп етті. Содан соң ғана алмасты қырнап, өңдеп, зерлеуге кірісті. Одан кейін төгілген тер мен асқан шеберліктен өмірге қай қырынан қарасаң да жарқырап тұрған асыл текті бриллиант келді. Соншалықты тыңғылықты зерттеусіз, оның табиғатын ұқпайынша, шелектеп тер төкпейінше, сондайлық ғаламатты өмірге әкелу мүмкін емес еді, зерлеушінің бір ғана қателігі сәтсіздікке әкеліп соғар еді. Әлемдік деңгейдегі ұлы суреткер Әуезов еңбегін, Әуезов талантын жусан иісті бриллиант зерлеушінің аса нәзік, аса ауыр асқан шеберлігімен бейнелеуге болады.
Ұлы суреткерді бір кісідей білген белгілі орыс жазушысы Анна Борисовна Никольская Әуезов жайлы «Дала бәйтерегі» атты естелігінде былай деп жазыпты: «Романда кейін қосылған эпизодтар аз болғанымен, оны шығармасын шұқылап өңдей беруге құмар адам еді деп айта алмаймын. Ол кейбір тұстарды қайта жазатын, одан гөрі қысқартуы көп болатын, соның бәрін шығарма сүйегіне тігісін білдірмей жымдастырып жіберуге мейлінше күш салатын. Оның кейін қосқандарын іс жүзінде айыру мүмкін емес.
Ол ауыр жұмыстан бас көтере алмай жүріп, ертеңгісін ойлайтын адам еді. Оның бар тірлігі арындап алға шауып отыратын. Табиғатта сирек кездесетін еңбекқор жазушы бір маңызды шаруадан екінші бір маңызды шаруаға тез ойыса салатын және ұсақ-түйек көр-жерге шашылмай тек маңызды мәселелерге бой ұратын, оның жұмысының бәрі ірі планды жұмыстар еді. Ол ешуақыта шаршауды, шау тартуды мойындамайтын адам сияқты еді».
Бұл да үлгі алуға тұратын ұлылық!
«Бәлкім, сырт көзге бұл сөзіміз ерсі де көрінуі мүмкін. Алайда Әуезовтен кейін қазақ жазушыларына әдеби еңбек тым қиындап кеткенін жасыра алмаймыз. Ол жарық жалғанның алдында жақсы аттандырып кеткен әдебиеттің биік деңгейін төмендетіп алмау қай-қайсымызға да оңайға түсе қоймас» - деп ескертіпті көркемсөздің көрнекті шебері Тахауи Ахтанов «Сөз сиқыршысы» атты мақаласында («Біздің Мұхтар». «Жазушы» баспасы, 1976 жыл). Орайымен айтылған осы орынды сөзді ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовтің өсиеті деп қабылдасақ жаза басып, жаңылыспазмыз айдан анық.
Қазақ әдебиеті Әуезов кезіндегіден әлдеқайда тереңдеп, әлденеше өсіп кетті. Әсіресе, проза жанрындағы жауһарларымыз бірнеше ғасырлық тарихы бар Батыс пен Шығыстың озық үлгілерімен иықтасып тұр. Осы өсуге Әуезов шығармашылығының әсері, ұстаздық көмегі көп болды. Әйтседе, «Әуезовтен кейін тым қиындап кеткен әдеби еңбек» әзірге Әуезов деңгейіне жете алмай жатыр. Ахтанов айтқан ақиқаттың бір сыры осы.
Үшінші ой
КЕМЕҢГЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Біздің көз алдымыздағы осынау ірі мәдени құбылысты
мен именбей-ақ нағыз ұлылардың сапына қосар едім...
жазушының өзінің жан-жақты кемелденген кемеңгерлігін
дәлелдейтін... Мұхтар Әуезов «Абайы» сынды асылдар туды.
Всеволод Иванов
Бұл оқиға өткен жиырмасыншы ғасырда, дәл айтқанда 1959 жылдың күзінде болып еді. Сол кездегі Киров, бүгінде әл-Фараби атындағы ұлттық университетке оқуға қабылданған бір топ бозбала оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында мақта теріп жүргенбіз. Үлбіреп тұрған аппақ мақтаны қауашығынан алып, беліңе байлап алған ала қапшыққа салатын бұл жұмыс жігіттің қолы емес екен. Еңкейе-еңкейе белің талады, мақтаны тез терсең қолыңды мақта қауашығы жарақаттайды, баяу терсең күндік нормаңды орындай алмай, қабырға газетінде сыналып, күлкіге ұшырайсың. Үлпілдеген, салмақсыз ақ мақтадан күніне пәлен килограмм теру оңай емес. Жұмыс ауыр. Жағдайымыз онша жақсы емес, университеттен келген бес жүз қырық қыз бен жігіт бір қазаннан ас ішеміз. Таң алдында тұрып, асығыс тамақтанып, күн ұясынан шықпай жатып мақта теруге кірісеміз. Үзіліс жоқ. Түскі асты мақталыққа әкеліп береді. Содан қас қарайып, күн батқанша дамыл жоқ. Жұмыс та жұмыс. Күндік норма-әскери тәртіп. Жататын жерімізге келіп, кешкі ас ішіп болғанша түнгі он екі болады. Таңертең ерте, сағат алтыда тұру керек. Шаршағанымызға қарамастан түнгі он екіден кейін болатын киноға не биге барамыз. Ертесіне ұйқылы-ояу жүріп таңғы ас ішіп, тағы да ауыр жұмысқа жегілеміз. Соның бәріне шыдас берген қайран жастық-ай! Сол бір бірсарынды өтіп жатқан күздің сұп-сұр сұрғылт күндердің бірінде Алла тағала біздерге күтпеген қуаныш сыйлады. Қойнымызға сыймаған ол қуаныш ұлы ұстаз Мұхтар Әуезовпен жүздесу қуанышы еді.
Атақты «Абай жолы» роман-эпопеясы әлемді аралап кеткен Әуезов енді бүгінгі күн тақырыбына қалам тартып, заман талабына орай замандастар бейнесін жасауға бекініпті. «Жаңа романына жаңа кейіпкерлер іздеген Әуезов оңтүстіктің аудан, ауылдарын аралап жүр» деген хабарды құлағымыз шалған. «Шіркін-ай, Әуезов біз жұмыс істеп жатқан Мақтаралдың Киров бөлімшесіне келсе ғой» деп армандап жүрген күндердің бірінде өзіммен бірге универсиеттің бірінші курсына қабылданған жерлесім Қойшығар – бүгінгі белгілі қаламгер Қойшығара Салгарин:
- Әне, ана жаққа қараңдар, - деді бірнеше жеңіл машина таспадай тартылған теп-тегіс асфальт жолдан бұрылып, ойқы-шойқы дала жолымен тура бізге қарай беттеп келеді екен. Алда «Чайкаға» ұқсас ұзын қара «ЗИМ». «Бұлар кімдер?» деп ойлап үлгергенше жеңіл машиналар легі мақталықтың шетіне келіп тоқтады. Алдыңғы машинадан түскен ортадан жоғары бойлы, кереқарыс кең маңдайы күн нұрымен шағылысқан, етжеңді, бұйра шаш кісіні жазбай таныдық. Ол ойлы жүзін өзіміз газеттерден жиі көріп жүрген сөз зергері, ой алыбы Мұхтар Әуезов еді.
Күтпеген қуанышқа кез болған біздер жүгіре басып Әуезовтің қарсы алдына келіп кілт тоқтадық та:
-Ассалаумағалейкум, Мұхтар аға! – деп жапатармағай жарыса сәлем бердік.
Сәлемімді алып бізге сүйсіне қараған Әуезов шабыттана сөйледі:
- Пәлі, өздерің төркіндерің келген келіндей қуандыңдар ғой. Жөн, жөн-ақ! Мен сендердің төркін жұрттарың университеттен келдім ғой. Иә, балапандарым, жағдайларың қалай? Жұмыстарың жеңіл емес, әрине. Жатын орындарың жайлы, ас-суларың сайлы ма? Ешкім ренжіткен жоқ па, сендерді? Бәрі дұрыс па?
- Жақсы.
- Бәрі дұрыс.
- Жақсы, - десіп жарыса сөйлеп жатырмыз бәріміз.
- Ал, мұнда университет ұстаздарынан кім бар? Басшыларың кім? – деп сұрады Әуезов.
- Мен бармын, - Мұхтар Омарханұлы, - деді отыздың о жақ, бұ жағындағы сұңғақ бойлы сұлуша келген орыс жігіті.
- Сәлеметсіз бе? Аты-жөніңіз?
- Плахин.
- Қай кафедрадансыз?
- Әскери кафедрадан.
- Шамасы, жаңа кадр боларсыз? Біраздан бері болса білсем керек еді, - деді Әуезов Плахинге барлай қарап.
- Университетке жұмысқа тұрғаныма бір-ақ жыл болды, - деді Плахин Маршалдың алдында тұрған офицердей тіп-тік, ашаң денесі сымдай тартылып.
- Ал, Плахин жолдас, не айтасыз? Студенттердің жағдайы жақсы ма? Олардың еңбегі, тұрмыс жағдайына орай жергілікті басшыларға айтар талап, тілектеріңіз бар ма? Қысылмай баяндаңыз.
- Ешқандай өтініш жоқ. Бәрі жақсы, Мұхтар Омарханұлы.
- Біздің филфактан, журфактан қанша студент бар мұнда?
- Филфактан отыз, журфактан жиырма.
- Е, менің лекциямды тыңдайтындар елу екен ғой.
- Елу деген де бір қауым ел, - деп қалды Плахин.
- Көріп тұрсыздар ғой, - деді Әуезов енді бір сәт арқа тұсында тұрған жол серіктеріне басын бұрып – бұл тұстан зу етіп өте шықпай қырық шақырым кері жүріп келген еңбегіміз еселеп қайтты емес пе? Балапандарымның қуанғанын көрмейсіңдер ме? Адамның адамға қуаныш сыйлауынан асқан бақыт бар ма?!
- Дұрыс айтасыз, Мұқа! Студенттер ғана емес, сіз өзіңіз де толқып тұрсыз ғой. - Қуанып та тұрмын. Бұл жастар біздің болашағымыз. Еліміздің ертең көріп тұрмын бұларға қарап – деді келбетті кең маңдайын күн сәулесі аймалаған кемеңгер Әуезов жұмсақ жымиып.
- Өзіңіздей ұлы ұстаздан тәлім алатын бұл жастар бақытты ғой, - деді әңгімеге араласып. Әуезовтің тағы бір жолсерігі.
- Иә, оған сөз бар ма? – деп қостай кетті тағы бірі.
- Бізге ат басын бұрғаныңызға рахмет! Сізге мың мәрте тағзым, - деді ортамыздағы біздерден бес-алты жас үлкен Шафқат атты студент.
- Рахмет деген ұлы сөз, - деді Әуезов оң қолымен мұрынын саумалап - Біздің қырық шақырым бері бұрылып, қырық шақырым кері қайтатын ұзынырғасы сексеннен аспайтын аз еңбегімізге бұдан артық баға болмаса керек.
- Солай емес пе, жолдастар.
- Иә, солай.
- Дұрыс айтасыз.
- Дәл солай, - десті Әуезовтің жол серіктері.
- Ал, жас достарым, Алматыда, университетте кездескенше. Жолыққанша жол жақсы, көріскенше күн жақсы болсын! – деп студенттерге мейірлене қарады ұлы ұстаз. Сол сәт мұңлы, ойлы жанары таңғы шықтай мөлдіреп, нұр төгілген Әуезовтің жүзінен оның тебіренген терең сезімін көргендей болдық.
- Жол ақысы жүрсе бітеді. Ал, енді жүрелік, – деді Әуезов жолсеріктеріне.
- Біздер – сол жылы студент атанған жастар кедір-бұдыр дала жолында шайқалып бара жатқан жеңіл машиналарға қадала қарап біраз тұрып қалдық.
- Қап фотоапараттың болмағаны-ай, – деді Өтежан Нұрғалиев – Әуезовтің өзімен суретке түстік деп мақтанып жүретін ек.
- Сол күнгі сол бір қуаныш әлі есте...
Сол керемет көркем кермиық көрініс, сол сымбаты бөлек сұлу сурет күні бүгін де көз алдымда. Сірәда естен кетпейтін сол бір сәулелі сәт еске түскенде жүрек шіркін сыздап сала береді. Алыстаған сайын биіктей беретін ұлы Әуезовті бір біз ғана емес, келер ұрпақ, кемел тарих аңсайды, сағынады. Сағындым сені, ұлы ұстаз! Аңсадым сені Мұқа!
Бұл сарқылмайтын сағыныш, мәңгілік сағыныш!
Иә, бәрі есте. Оңтүстіктен аман-сау оралып, сабаққа да кірістік. Біз, біз дегенім курстастарым Қойшығара Салғарин, Өтежан Нұрғалиев, Өзбек Кесікбаев, Нұржамал Ботабаева, Тұрсынзада Есімжанов, Адулхамит Мархабаев, Мұхамет Мезгілбаев, Ғазизбек Тәшімбаев, т.б. журналистер дайындай факультетке қабылданғанбыз. Әуезовтің лекциясы филология факультетінде кейде кейбір лекцияларға бармай қалатын біздер – болашақ журналистер Әуезовтің дәрісін тыңдауға ынтықпыз. Енді қайтпек керек. Арамыздағы біздерден бірер жас үлкен Мұхаммед оның да жолын тапты. Филология факультетінде Әуезовтің дәріс оқитын уақыты мен аудиториясын біліп аламыз да, сол жерге филологтардан бұрын барып, отырып аламыз. Есіктен кіргеннен шығып бара жатқанға дейін сөйлеп, толымды ойлар толғайтын әр сөзі көркем, әрбір сөйлемі көсем Әуезовтей шешен ғұламаны тыңдау бақыты бұйырған ұрпақпыз біз!...
- Әлі есімде, 1960 жылы университеттің сол кездегі Киров пен Панфилов көшесіндегі ғимаратының үлкен залында Мұхтар Әуезовпен кездесу болды. Зал толы халыққа қыдырта көз тастап, сәл ойланған. Әуезов құлаққа жағымды қоңыр үнмен сөйлеп кетті. Алғаш сөз бастағанда тұсаулы тұлпардай кібіртіктеп, кідіре кедір-бұдырлау сөйлеген ғұлама бес-алты минуттан соң көсіле көркем сөйлеп, теңіздей терең ойлар айтты. Сол күні ерекше бір шабытпен шешіле сөйлеген шешеннің сол кездегі жас қаламгерлер Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиентаев, Қадыр Мырзалиев, т.б. қарата олардың шығармашылығынан «Жыл келгендей жаңалық сеземін» дей келіп талантқа қояр талап кемімесін деген оймен айтқан :
«Толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер» дегені ілезде қанатты сөзге айналып кетті.
Сол бір күнгі тарихи сөзінде Әуезов:» Образ болмай ойдың да қасиеті болмайды. Жұрт айтып жүрген ойды сіз де айтасыз. Жұрт айтпаған ойды айту – анда-санда бір ұшырасатын бақыт, ол ырыс... ойдың көпшілігі жұрт айтқан ой болуы мүмкін, бірақ соны басқаша түрде айта білудің өзі бақыт» дей келіп «Жастар осы бастан бірнеше әдеттен сақ болу» жайын аталық қамқорлықпен ескерткен тұста көркем сөз, көсем оймен көсілді-ау жарықтық Мұқаң. Ақ өлең болып ағытылған сол бір ақыл, нақыл сөздер арада алпыс жыл өтсе де әлі ескерген жоқ. Мына бір үзік үзінді соған айқын айғақ: «ең алдымен, жақсы екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, жазбай жатып болдым деуден қашу керек. Бұл мінез адамды жаман нәрсеге апарып ұрындырады. Арақ ішу, мастану осыдан туады. Ұлы Ленинннің, Горькийдің кішіпейілдік сияқты жақсы дәстүрі бар. Осыны үйрене білу керек. Мастану дегенді көрмей жүрген жоқсыздар, болып қалдым екен деп алдыңғыны мүйіздеп, шынтағымен қаққылап, өзін-өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры. Бұл ең алдымен өзімшілдікті, күншілдікті туғызады. Мәдениеті аз әдебиеттерде бұл үлкен сордың бірі.
- Екіншіден, жақсы еңбек жаздым, танылмады деп қорықпаңдар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар. Олар дүниеде біреу-ақ. Олар көрінгенге мысал емес. Шала Шекспирлер, толыспаған Толстойлар танылмай жүре берсін. Одан келер-кетер аз ғана. Өңірі табылмаған тау, тереңі танылмаған өзен бар ма? Біздің өмірімізде баға берілмей қалған қасиет бар ма? Бағалы-бағаланбай келген қасиет жоқ. Советің адал сыны, әділ бағасы құмның түкпіріндегі Кербебаевты да таныды, тапты да ғой. Кішкентай чукчаның Рытхэуін, туваның Салчак Токасын таныды да, тапты ғой. Ақындық жақсылығым танылмайды деп ойламаңыздар. Бұл ұлы ғұламаның жазып алып оқыған сөзі емес, ауызша ағытылған ақиық, ақиық тіркестер еді, ал жазған кезде жауһардай жарқыратушы еді, жарықтық.
Әуезовті аса жоғары бағалаған парасатты пікірлерді Михайл Шолохов та, Александр Фадеев те, Андре Стиль де, Николай Тихонов та, Александр Корнейчук та, Берді Кербабаев та, Мұстай Кәрім де, Расул Ғамзатов та, Бенжамин Матип те, өзіміздің Ғабит Мүсірепов те, талай елдің талай тарланбоздары айтыпты. Солардың бірі – Николай Погодиннің: «Қазақстан үшін Әуезов екінші Абай, біз үшін шығыстың Шолоховы» деген сөзінің екінші бөлігіне бақиға атанған сәтте айтылған сөз ұлы суреткер тұлғасын ашуда кемел емес, кем соғып отыр. Олай дейтінім Әуезов шығыстың ғана емес әлем әдебиеті мен мәдениетінің Шолоховы. Ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов ұлт әдебиетін ғана емес, әлем мәдениетін да жаңа биікке көтерген ұлы суреткер. Көркемсөз бен кемеңгер ойдың алыбы ол!
Тарих – Ана ұзақ толғатып, сирек туатын ұлы тұлғалар бір халықта ғана емес бар халықта да бар. Олар бір ұлттың ғана емес, барлық ұлт, барша халықтың мақтанышы. Әлемдік асыл қазынаға олар қосқан жауһарлар адамзаттың ортақ игілігі. Көркемсөз бен кемеңгер ой алыбы Мұхтар Омарханұлы Әуезов осы санаттағы саңлақ. Ол өткен – жиырмасыншы ғасырдағы алыптар тобының көшбасшысы. Ақ ала бас шындары алқаракөк аспанмен таласқан асқар таулар
қашықтан қарасаң айбынды, сұсты, кейде тіпті, суық болып көрінеді. Ал, сол алыстан айбынды көрінген асқар таулардың жанына жақын келсең, өзгеше бір жылылық, тартымдылық табасың. Кісілік пен кішіліктің ертеден егіз екенін танисың. Алыстан асқақтаған зеңгір таулар жанына келсең, жайқалған бау-бақша, бауырынан құлай аққан сыңғыр бұлақ, төсінен көкке шаншылған сыңсыма көк майса, көгерім талымен аялап, саясына алады. Ұлы таулар мен ұлы адамдар арасында ғажайып бір ұқсастық, ұқсастық ғана емес-ау, табиғи туыстық, оны айтасыз, қандастық, тұтастық бар. Есімі мен еңбегі елімізге, оны айтасыз бүкіл дүние жүзіне машһұр алыптар жайлы көңілге түйер ойдың бірі осы.
Төртінші ой
КЕМЕҢГЕРДІҢ ЖАРЫҒЫ
Оның прозасы, оның драматургиясы,
оның ғылыми жұмысы, оның табиғи болмысы,
өз халқының мәдениеті мен еліміздің
интелегенциясы табыстарындағы алатын
орны шектен тыс маңызды да поэтикалық құбылыс.
Константин Федин
Сонау ту алыста қалған аты белгісіз арғы дәуірлерден күні бүгінге дейін адамның ақыл-ойы мен қиялынан небір ғажайыптар туып, адам қолымен талай кереметтер жасалды. Перғауындар пирамидасы, Семирамиданың аспалы бағы, Эфес қаласындағы ғибадатхана, Зевс мүсіні, Мавсол патша мавзолейі, Родос алыбы, Александриядағы ежелгі дүние шырағы – әлемнің жеті кереметі, онан соң сегізінші керемет Тәжмахал мазары өмірге келді. Адамның ақыл-ойы атом қуатын бейбіт мақсатқа пайдалана бастады. Кәрі тарихтың өзін таң қалдырып ғарышқа ұшты. Сөз жоқ, мұның бәрі адамзат туғызған ғажайыптар. Осы кереметтерің бірі ғана емес, бірегейі – адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиет. Ғасырлар бойы сақтала беретін байлықтары бар әдебиеттің ең үздік үлгілерін туғызған талант аспандағы Ай мен күндей аяулы. Кемел ойлы кемеңгер таланттың өзі де, оның қайталанбас хас туындылары да жоғары күн, алыс жұлдыз жарығындай қуатты да шуақты!
Құдай тектес құдіретті талант Мұхтар Әуезовтің кемел ойлы кемеңгер туындыларының жарығы әлем әдебиетіне нұры шұғыласын төгіп тұр. Тас төбеден құйылған сол сәулеге шомылған, кемеңгерлік пен ғұламалықтан нәр алған Мұстай Кәрім, Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов, Олжас Сүлейменов, Евгений Евтушенко, Рима Казакова, Анар, Момын Каноат, Герман Кант, Робель, Пауло Куэло, Алекс ла Гума сынды сан елдің саңлақтары бұл күнде әлем әдебиетіне үлкен олжа салған әлемдік деңгейдегі тұлға. Кемеңгердің жарығы ойын оятқан, санасына сәуле құйған оқырман саны мың емес, миллиондармен өлшенсе керек.
Кемеңгер жарығы әлемге ортақ!
Ол аспандағы Ай мен Күндей әлемге үнсіз сәуле шашып тұр! СӘБИТ ДОСАНОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері