Келіс Рахымжанов: Сұлу қатынның портреті
2017 ж. 10 қараша
4318
16
Пәленше деген суретшінің өмірі жайлы шет елде шыққан кітаптың тұсау кесері болады деген хабар дүңк ете түсті. Елде әлгі суретшінің жүз жылдық мерекесін атап өту жоспарланып жатқан.
–Соған орай жасалып жатқан шара ғой, біз өткіздік не, өнер жанашыры өткізді не, абыройы бізге де тие берсін,– деп өнер музейінің деректірі бұл шараны музейде өткізуге келісе кетті. Сөйтіп ойда жоқта мәдени шара өткізу қолға алынды.
Өздері әлгі суретшінің көзі тірісінде тындырып ештеңе жаза алмаған өнер зерттеушілері ұйқысынан оянып болғанша әлгі кітапты шығарушы Қуан Қышқашұлы екі бірдей еңгезердей шет елдікті ертіп Алматыға жетіп келді. Сол күні түс ауа өнер музейінің ауласында бір топ адам жиылып, жан-жақтарына сақтана қарап қойып, сұхбат алуға келетін журналистерді күтіп әңгімелесіп тұрды.
Бұл оқиға туралы газеттер әлі жазбаған. Тіпті ешкім естімеген де. Бірер жыл бұрын әлдебір елеусіз гәзет бетінде шетел зерттеушілері қызығушылық танытқан қазақ суретшісінің шығармашылығы туралы кітап қолға алынғаны туралы хабар берілген. Енді, міне екі жұқалау, тағы бірі қалыңдау үш бірдей кітапты ағылшын тілінде шығарып, Қуан Қышқашұлы өнер жанашыры болып жаңа қырынан танылып тұр.
Бойы кішкене бұл жігітті жұртшылық орыс тілді журналист ретінде таниды. Бастабында жуас, бала талапкер кейін ірі, атышулы қаламгерге ілесіп үлкен мәселелерді көтеретін болды. Саяси істерге пікір жазды. Сөйтіп тәуелсіз газеттің біріне ойламаған жерден редактор болды. Ол бір шулы, демократия деген ашық кез. Мұның гәзиті де билікке қарсы өткір мақаланы төпеп, батыра жазды. Оқырманы да самсаған көп. Бірақ кейін өздері жалтарды ма, жоқ ортаның берекесі болмады ма, артынан қуғын шығып, ақыры жабылып тынды. Тіпті асыра сынаған бірер мақаладан кейін Қуан Қышқашұлы шетелге қашып, мұхит асып, тентіреп со жақта жетім құсап екі жыл жүрді. Ақыры кімнен кешірім сұрағаны, неден кінәлі болғаны белгісіз, рұқсат алып қайта елге келгенде оны мұнда танымал адамдай қарсы алғанын қайтерсің. Онда да тыныш келген жоқ.
Қуан Қышқаш елге оралды деп гәзиттер дәп бір, алыстан көптен сағынған нағашысы келе жатқандай жар салды. Саяси қайраткер, қателік салдарынан шындық үшін жазықсыз жапа шеккен, құрбан боп кете жаздап дегеніне жеткен әділет иесі сияқты тұлғаланып бұрынғысынан іріленіп кеткендей кішкене бойы елден оза зорайып көрінді. Шеттен келе сала бұрынғы таныстарын тауып қайта гәзит ашқан соң бірер жылда-ақ оған қарайтын түрлі салалық шығарылымдардың саны бірнешеуге жетті.
Қуан Қышқаштың жерлес ағасы бар. Бұрынғы партия қайраткері. Талайды өсіріп, талайды өшірген. Сол кісі қолдап, бұл қолдау денсаулығына
жақты. Сол күшпен күшене-күшене шамасын ұмытып кеткен жерлері жеке басына зиян болды. Біреудің күшімен біреуге түзе батыруға шеберленіп алған Қышқаш тағы да заңға ілініп, бірер жыл тергеуде басы шатылды. Бұрын өзі алаяқтарды сынап гәзит бетінде өлтіре әшкере ғып жатса, енді мұның өзін де тергеуде жүрген кезінде қарсыластары аямады. Бұрын қорқу дегенді білмейтін Қуан Қышқашың бұдан кейін сай-сала, жылға-жылға, жылы жер дегеннің не екенін байқап баспалап, бұғып жүретін, айлакер әккі қуға айналды.
Сол Қышқаш енді өзі де өзгеріп жаңа, өнер жанашыры есебінде екі зерттеушісін кітабымен қоса әкеліп, қалың көрерменге таныстармақ боп отыруы оның көп таныстарына түрлі ой салды. –Әй, бұл пайдасыз жерге баспаушы еді, бірдеңе түсетін болған соң байғұс суретшінің атын пайдаланып, бірдеңені қарпып, оған қоса өнер жанашыры деген жақсы атқа ие болып қалуға талаптанып жатқанын былайғы жұрт қайдан білсін. Тек абыроймен біткей де, –деп сол күйі бұны сөз етуге ерініп қоя салған.
Ал екінші топтағы таныстар өздері мықты журналист, қоғам қайраткері, баспасөз ісінің ірі ұйымдастырушысы, өнер жанашыры деп танитын абзал азамат Қуан Қышқаштың қоғамдық ісіндегі жаңа белеске көтерілу кезеңін өздерінше мақтаныш санап, бұдан да асыра дәріптесіп өз араларында көтере қолдап, мақтана сөз ғып айтып жүрді.
–Бұл дегеніңіз қазақ өнерінің шет елге жете танылуы. Тіпті, сонау мұхиттың арғы жағындағы анау-мынауды менсіне қоймайтын, тәкаппар ағылшын елінде дәріптеліп жатқан қазақ өнерін көтермелеп жүрген жанашыр Қуан Қышқашұлы!–деген мақтаныш сөздерді журналист бауырлар аузынан қарша борап жатқанын кеше түсінде көрді. Бірақ дәл қазір оның бірін де білдірмеуге тырысып, сауысқандай сақтығы ұстап, айналасына сергек қарап қасындағы таныстарға сирек тіл қатып, абайлап тұр.
Кең ауланың кіре беріс жағынан бері қарай жүріп, түсіру аппаратын көтерген, аяғы, мойны сорайған түрлі камераларды әкеліп орнатып жатқан түсірушілерге, маңайына қарап қойып сағатын жөндеп уақыт тосып тұрған журналистерге бұлар да әңгіме арасында көз салып қояды. Үздік-создық келе бастаған журналистер жиналып болды деген кезде жиынды бастайтын уақыт та болған екен. Бұлар ішке кіріп төрдегі жоғарылау тұрған ұзынша столға келіп жарыса жайғасқанда әр жерге құрылған камералар бұларға қарап үңірейіп, айнала қозғалып түсіруге дайындалып қалған. Қосулы тұрған дауыс үлкейткішті қолына алып Қуан Қышқашұлы сөйлеп кетер алдында сөз бастауды музей деректіріне ұсынды. Оның айтқаны құттықтау сөз болды –Бұл мәдени жаңалық тәуелсіз еліміз үшін зор, елеулі оқиға,– деді ол. Кітаптың шығуымен өнер сүйер қауымды қызу құттықтады. Сөзді көбейтпес үшін бұл жаңалықтың қандай мәні бар екенін түсіндіріп беруді Қуан Қышқашұлына қалдырды. Осы жерден сөзін аяқтап дыбыс зорайтқышты ұсынғаны сол еді, сөйлеуге дайын отырған қағілез жігіт сайрап қоя берді.
–Құрметті журналистер қауымы! Қадірлі көрермендер! Бүгін біз еліміздің тарихындағы үлкен мәдени оқиғаның куәсі болып отырмыз. Мен
халықаралық мәдени байланыс жөніндегі «Сурет өнерінің ұлы туындылары» ұйымның атынан бүгінгі кітаптың авторлары мен оқырмандарды, өнер сүйер қауымды тағы да құттықтағым келеді,–деп тоқтады. Жігерлі шыққан сөздері отырғандарды елең еткізді. Бәрі көз тігіп, қадала бұларға тесіле қарап қапты. Енді не айтар екен дейтіндей. Көп көздер қадалып, ішіп-жеп барады. Музей залы құлаққа ұрған танадай. Бәсе, не айтады. Не айтсын Қуан Қышқашұлы бар өнерін сала шешіндік әдістерін аямай күнделікті жиналыс ашқанда, ел алдына, той-томалақта көрсететін жақсы мәнерімен жігерлене тағы да сөйлеп кетті.
– Бүгін қазақ өнері ағылшын жұртына танылып, оның ең зиялы деген қауымының қолына тиіп, дүние жүзі оқырмандарына танылғалы тұр. Біздің мәдени қор кітаптың жарық көруіне аударған қыруар қаржыны табуға көмектескен қала әкімшілігіне зор алғыс білдіре отырып, мұндай мәдени шаралар алда тағы да бола береді деп сенеді. Биыл туғанына бір ғасыр өткен талантты жерлесіміздің шығармашылығы шет елдің мыңдаған оқырмандары қолында мәдениеттің қадірлі бұйымы болып біздің халқымыздың өткен өмірі мен тамаша салт-дәстүрінен сыр шертетін болады.
Осы жерге келгенде кілт тоқтады. –Достар, – деді шабыттанып. –Мен қазір сөзді ағылшындық достарға беремін, –деді.
Тынып отырған қауым бұлар не айтар екен деп енді назарын екі шетте отырған қонақтарға аударды. Екі шетте жайғасып не айтатындарын іштей біліп отырған қонақтар сасқан жоқ, ел алдында емес күнделікті сөйлесіп жүрген таныс адамдарының алдында отырғандай кітапты қалай жазып шыққанын, қазақ суретшісінің өздерін несімен қызықтырғанын, оның сурет өнеріне қандай үлес қосқанын кезектесе айтып берді. Кітаптың ғылыми сипатына тоқталып, оның таралымы шағын болғанмен оқырманы көп болады деген сөздермен аяқтады.
Жиын басталарда ширақ қимылдап, әр қимыл, әр сөзді бағып, оқиға барысын бақылап отырған журналистер сөз аяқталған кезде бірер минут үндемей отырып қалды. Осы жиында өнер зерттеушісі, жасы елуден асқан суретші Қабыл да отырған. Өзі арнайы емес кездейсоқ біреулерден естіп келіп қалған. Оның ойынша қазір шет елде болса мына қонақтарға сұрақ жауып кетер еді. Бағана келе сала отырмай жатып-ақ сұрақтың астында қалдырар еді. Бірақ мына журналистердің түк білмейтін, өнерге қатысы жоқ адамдай тым болмаса бір сұрақ қоюға жарамағаны біртүрлі оғаш көрінді. Мұны не деп ойларға білмеді. Бастабында ашу, наразылық сияқты түсініксіз сезім ішінде бой көтерді де өзі әлі түсініп болмаған сезімнің сыртқа шығуын күтпестен болып жатқан оқиғаның артын тосты.
«Енді не болар екен». Иә не болады. Түк те болмайды. Білгіштер сөйлейді. Тыңдаушылар жазып алады да апарып сол күйінде жұртқа мақтаушылықпен жеткізеді. Бұл өстіп ойлағанша Қуан Қышқашұлы өнер зерттеумен айналысып жүрген орыс әйеліне сөз беріп, оның мақтауы біткенше сөздеріне сүйсіне, аузын аша тамсанып қарап отырды. Бірнеше кітапты байлап, оны қайшымен лентасын кесу рәсіміне әкімшіліктен келген
адамды шақырып, соған лента қыйғызуды ұмытпады. Бұл рәсімнен кейін де журналистер тарапынан ешқандай сұрақ болмады. Өзінің ішкі ойын жеңіп болмаған Қабыл шеткері жерге елеусіз тұста отырып қалған екен. Сұрақ қоймақ оймен қол көтеріп еді, оны елеген ешкім болмады. Бірақ жұрттан жоғарырақ жерде отырған Қуан Қышқашұлы оны көрді. Көрсе де көрмеген сыңаймен елемеген қалпы әкімшіліктен келген қызметкерге сөз берді. Ол болса білгішсіп суретшінің өмірбаянын, басынан өткен қиындығын термелеп айдалаға лағып кетті.
Уақыт қандай жылдам. Әлгі қызметкердің сөзі біткенде жиын ұзын ырғасы жарты сағаттан артық созылуға, қызығы бітуге айналғандай еді. Қабыл тағы шыдамай қол көтеріп еді музей деректірі қасындағы Қуанға «аяқта енді» деп күңк етті. Онсыз да асығып әрең отырған журналистер міндетінен құтылғанына қуанғандай орындарынан дүр етіп көтеріліп кетті. Сонымен әркім орнынан тұрып өзінің шаруасымен қайтуға жиналғанда сөзге үйір, эфирге қажет нәрсе іздегендер келіп әлгі екі зерттеушіге тағы сұрақтар қоя бастады. Бұл тағы бірер сағатқа созылды. Осы мезгілде бірнеше камераны өзіне қаратып қойып Қуан Қышқашұлы қазақ өнері жайлы өзінің тындырып жатқан істері мен алда тұрған жоспарлары туралы шабыттана әңгімелеп жатты. Сөздері сондай жеңіл, үйлесімді, жанашырлыққа толы болғанымен әлденеге асығулы, алабұртқан әлдебір бөтен сезімге толы еді.
Жиын басталмай жатып тез сөйлеп асыққан адамдар бірдеңеге үлгермей қалудан қорқып, соңдарынан біреу қуып келе жатқандай етек-жеңі жиналмаған күйі ұрлық қылған кісідей жан-жағына жалтақтай бергені несі деген ой келді Қабылға. Мұндай шараған өнерді білетін адамдар, зерттеуші білгірлер, мамандар жиналып сөйлемеуші ме еді. Осындай үлкен суретшінің тойында өнерге қатысы жоқ адамдардың салтанат құрып, айнала жалтақ-жалтақ қарап, ұрлығын біреу сезіп қоятындай қуыстанып жүруінің сыры не екенін түсіне алмаған күйі үйіне қайтқан болатын.
***
Қабыл үйге келген соң да жөндеп ұйықтай алмады. Әйелі мен баласына атақты суретші Қайырлы Доскелдіұлының өмірі мен шығармалары туралы шетелде кітап шыққаны туралы шай үстінде әңгімелеп берген. Өзінің сұрақ қоймақ болғаны, оған ешкімнің көңіл аудармағаны, көрсе де көрмеген болып, өнерге қатысы жоқ біреулерді сөйлеткен адамдардың түсініксіз қылықтарын қалай түсінуге болатынын білмей осы сұрақты бала-шағасына қойып көрді. Олар не түсінсін,
–Қазір әркім өз танысын сүйрелеген заман, сенің мықты суретші екеніңді білмеген ғой олар,–деп жұбатты әйелі.
–Музей деректірі таниды ғой,–деді Қабыл білгісі келіп.
–Оның өзі фото түсірумен айналысып, суретке таныспен келген деуші еді ғой, қызмет үшін жүрген адамдар сондай болады ғой, оған бүгін несін сонша таңырқап қалдың,–деді.
Бұл сөздер Қабылдың есін жиғызғандай болды. Өзінің қай кезде өмір сүріп жатқаны енді есіне түскендей.
–Е-ее. Иә, әрине, солай, –дей берді. Сонда да кіші қызы әкесінің көңіліне қарап,
– Әке ондай қиындау әңгімелердің соңында ақшалы біреулер жүреді демеп пе едіңіз. Бұ да солай шығар. Егер шынымен ол кісі туралы бірдеңе жазғыңыз келсе өзіңіз жазғаныңыз дұрыс қой,–деп бұл шаруа тек сіздің қолыңыздан ғана келеді ғой дегендей мұны да сендіріп қойды.
***
Сол күннен кейін Қабылда тыным болған жоқ. Үш ай бойы таусылып естелік жазды. Бәрі өзінің көзімен көргендері. Ештеңе ойдан қоспады. Тура көзімен көрген, куә болған жайлар. Олары тіпті көп екен. Естелік алғашында 5-10 бетке созылды. Бітпей ары жалғасты. Он бетке жазылған нәрсеге айтар ойы, жазбақ оқиғалары сыймай қалған. Одан кейін ойлана келіп қайта жазды. Қосатын жайлар көбейе түсті. Өзі бұрын ештеңе жазып көрмеген. «Мынау қызық болды-ау кімге көрсетсем» деп көңіліне күдік кіріп ойланып еді, есіне Сәбен деген таяу жерде тұратын суретші көршісі түсті. Ол өзі бір әпенделеу, қызыққыш, қаша жүріп әр жерге сурет көрмесін жасап, біресе портрет, біресе пейзаж салып ауытқып жүретін әуесқойлардың ішіндегі мақтансүйгіш, пайдаға жабыса кеткіші еді. Қабылмен әңгімесі жараса кетті. Оның інісі баспагер екен. Соған звондап еді. Мән-жайды естіп алған соң,
–Сіз ол адамды қалай біліп жүрсіз,–деді.
–Ай, қарағым-ай,–деді бұл қынжылып. –мен оның бала күнінен бояуын езіп қасында аттай он жыл жүрдім ғой.
–Білесіз бе бұл құр әңгіме болмауы керек. Ол кісі туралы аңыз әңгімелер көп. Сіздікінің де өтірік-шыны қайсы екенін ешкім біліп отырған жоқ.
Мына әңгімеден кейін Қабыл қатты ренжіді. Енді бұл істі ешкімге айтпай жаза беруге тырысты. Сурет салудан бос күндері жазу жазумен өтті. Жанын сурет қинап жүргенде мынау одан сайын азап болып оңаша қалғанда ұзақ ойланып отырып қала беретін болды.
***
Жаз шыққалы картиналары өтпей қойды. Әр жерде картина сатушыға берген еңбектері сол күйі қайтып оралды. Мүмкін демалыс керек шығар деп жолшыбай автобусқа отырып тамыз айында Алакөл маңына дем алуға кетіп қалған. Ешбір жоспарсыз, сол бойы, осында танысқан адамдармен бірге көл жағасындағы шағын ауылда тұрып жатты. Суретті ұмытып, көл жағалап жүрген балалардан қармақ сұрап алды. Оған жер құртын күрекпен өзі қазып, қалбырға салып әкеп қармаққа ілді. Мұның қызығын балалар көрді. Қармаққа ілінген сазанды судан жабыла тартып шығарып мәз болысты.
Бұл болса ұстаған балықтарын балаларға таратып беріп кешкілік қонатын үйге келгенде үй иесі Медетбай
–Әй, өзің қызық жігітсің-ау. Тегін адам емес екеніңді байқаймын. Бірақ ештеңе айтпайсың. Біреуден тығылып жүргендей жүрісің қызық. Ішіңді мазалаған ой бар-ау сенің,–деп күлген. Медетбай қызық жігіт. Мұнда анда-санда қала жақтан адам әкеледі. Өзі сері салтаңдау. Осы жағадағы шағын ауылдың ең үлкен үйі Тәшпайдыкі. Оның жасы алпыстан асқан, өзі қалада жатады. Мұндағы үй-жайына осы Медетбай бастық. Медетбайдың семіз қатыны Күлшат осы Медетбайдың қыздай алып төрт бала көрген қосағы, Тәшпайдың кенже қызы. Ерте тұрып тамақ жасау, келген адамдардың тамағын дайындау, төсек орнын таза ұстау соның мойнында. Маңдайы тайқылау келген сопақ жүзі күлімдеген реңді әйел. Медетбайдың кейде Күлшатты қызғанатыны бар.
Қызарақтап кетіп,
–Әй, қатын давай марш,–десе онда Медетбайдың жыны ұстап қалғаны.
Келгеніне екі-үш күн болғанда Медетбай мұны оңашалап алып, бірер шиша таза арақ барын айтып, ешкімге көрсетпей ішсек, дем алсақ қалай болады дегенді айтқан. Оған қолқ етіп түсе қоймай кейін деген еді Қабыл.
–Қабыл қашан?–дейтін болды.
–Кейінірек,–дейді Қабыл қашқалақтағандай.
–Екеуің не жұмбақтап жүрсің осы,–деп Күлшат сезіктенеді.
–Жай. Саған қалған сөз жоқ. Осы қатын иттің кіріспейтін жері болсашы,–деп Медетбай ыза болады. Бұған Қабыл кеңк-кеңк күледі. Өзі де қатынына өстіп кейісе, ұрсып тастайтын. Бірақ қала адамы болған соң боқтық араластырмайды. Боқтық қосса бәлкім Айбарша Күлшат сияқты ығып жүрер ме еді. Қабылдың ащуынан қатыны емес өзі зардап шегетіндей. Ашу берген сайын түкке тұрмайтын нәрсеге сөйлегені үшін сөзі түкке дарымайтын мылжың еркек екені әйгілене беретіндей де, қатыны құрық алған үстіне еркінсіп кететіндей жиырылып кететін іштей. Еркінсіген әйелдерді Қабыл жек көретін еді.
Еркінсіген әйел көрсе қайырлының қатыны Қарагөз есіне түсетін.
***
Қарагөз сұмдық сұлу, толық денелі, бәденді қатын еді. Қарақаттай көздері қадала қарағанда анау-мынау еркектің бойынан әл кетіп, абдырап қалатын. Бірақ нағыз еркек сүйгіш әйел Қарагөз еді. Әшейінде үн-түнсіз жүретін әйел күйеуімен бірге шарап ішкен соң реңі бал-бұл жанып еркек көрсе мойнына асыла кеткісі келетін ынтық жандай еміне қарап, мөлдірей күлімсіреп есі қалмайтын. Қатынының бұл жаман мінезін білетін достары Қайырлымен ат құйрығын кесісіп кеткен. Үйіне де келген емес. Тіпті көре алмаған кейбірі
–Қайырлының қатыны құрсын, шарап ішсе төсекке сүйрейді,–деп сыртынан сүйреңдеген әңгімесін де айта жүретін.
Бірақ Қарагөздің сыны алты-жеті бала тапса да бұзылған емес. Он бала тапса да реңі бұзылмаған күйі үйден шықпай Қайырлының бақылауында, балаларының қасында өмірі өтіп жатты. Қайырлы да осы үйден аттап шығып, алысқа кетпеген күйі суретін салып, шарабын ішіп бұдан артық өмір бар деп білмеді.
***
Көркемсурет училищесін оқып жүрген суретші бала Қабылды Қайырлы шәкірттерінің ішіндегі тәуірі деп үнемі шеберхана әкеліп жұмыс істететін еді. Ондағы жұмысы – бояу езу. Кенепке бояу жағып оны сурет салуға даярлау. Ұстаздың айтқан әңгімесі бойынша жұқалап қана тақырыптық картина салу. Мұның бәрін Қабыл өте зеректікпен атқарды. Атақты суретші болғысы келіп соған ұқсап бақты. Айтқанын екі етпей істеді. Оқу да бітті. Қайырлы мұны жұмысқа тұрғызып, қалаға алып қалды. Өзіне көмекші қылды.
Үнемі көмекші, атқосшы, айтқанды істеп жүретін адам болуға Қабыл намыстанды. Біраз уақыттан кейін сурет салып, байып кетіп жатқандарға қосылып жақсы қаражат тауып, өз бетінше тіршілік қылып, үйленіп алды. Бұл жағынан қолынан келгеніне өзі де разы. Әлдебір мектепте сурет пәнінің мұғалімі бола жүріп баяғыша Қайырлы ұстазының шеберханасына барып тұрды.
Сыртқы түр-тұлғасы сұсты, айбарлы Қайырлының өмірге кейде бала сияқты икемсіз болуы оған біртүрлі оғаш көрінді. Бірақ ол өзін ондай икемсізбін деп ойлаған емес. Қайырлының алғаш алданған, жаза басып опық жеген жері үлкен қызының сүйген жігітінен жүкті болып, оның ата-анасының үйленуге қарсы болып жас қызды алдырмай қоюы болған. Бұл жолы да Қайырлы бәріне үнсіз шыдады. Қызы босанып қыз тапқан соң оны Қарагөз өз атына жаздырды да асырап алды. Арада екі жыл өткенде қызы бағы ашылып, тұрмысқа шығып, өз теңін тауып кеткен.
Қайырлы ара-тұра Қабылға– портрет салуға икемің бар,– деп өзіне келген адамдарды жіберетін. Қыруар ақша төлеп салдырған суреттер кейде кейде иесіне ұқсамай да қалады. Қыңып жатқан Қабыл жоқ. Қайырлы кеңк-кеңк күліп біреулер риза болмай жатса, қолдан келгені осы болды деп шығарып салады. Көңілденсе өзінің қолын да мұның шала портретіне қойып жіберетін. Сол сәтте ұстазына деген аяныш сезімі Қабылдың ішін өртеп кететін.
–Менің ең үздік шәкіртім,–дегенді айтқан сайын талай суретшілер бұған қырын қарап жүрді.
–Сен енді қазақ әйелінің суреттерін салып жүрсің ғой, бойына ұлттық сезімдерді сыйғызып, Қарагөз жеңгеңнің де портретін жасап бер,–деді бірде ұстазы.
–Аға ондай суретті салуға шеберлігім жете қоймас. Қарагөз жеңгейді өзіңіз салғаныңыз абзал ғой,–деп бірнеше жыл Қабыл бұл тапсырмадан
қашқалақтаумен болған. Бірақ Қайырлы айтқанынан қайтпады. Өз үйіне шақырып, отбасына жақын ұстап, –жеңгеңді біле түскенің жөн, –деп жылы шырай да танытып бақты.
–Мен сіз сияқты ерек шеберлікке жеткен суретші емеспін. Оның үстіне жеңгеміздің барлық ішкі-сыртқы бейнесін түсіруге шеберлік тәжірибем де жетпес,–деп себептерді көбейте берді. Бірақ Қайырлы өз ойынан айнымады.
Сөйте-сөйте сұлу әйелдің суреті Қабылдың ұйықтаса түсіне, оянса есіне түсетін қымбат қазынаға айналды. Басын босағаға байлап, шырмап тастаған, біртүрлі ауырған күйге түсті. Талай қағаз шимайлады. Неше қарындаш бітірді. Күлген, ренжіген, ойланған, отырған, тұрған, мұңды, бақытты жүздер сызылды. Бірақ Қарагөздің бейнесі табылмады. Кейде шеберханада отырып шарап ішкенде әңгімелері жараса кететін де Қайырлы,
–Адамның ішкі дүниесінде өзгеше жаны болады. Сол бейнес жүзіне ойнап шығады. Соны ұстау керек,– дейтін.
–Аға, кешіріңіз. Қарагөз жеңгейді өзіңіз салыңызшы, менің шамам жетер емес. Ұятқа қалдырам ба деп қорқам сізді. Қара жаяу емессіз. Бүкіл елге атыңыз әйгілі.
–К, черту, атақ,–деді кенет бей-жай үнмен. Қайырлы айбарлы болғанымен сирек ашуланатын, не мүлде мінезсіз адам сияқты болып жүре беретін. Қабыл оның осы мінезсіз кезінен көбірек қорқатын да үндемеген сайын қуыстанып, одан да айқайлап ұрсып алса ғой жеңілдеп қалатын,–деп ойлайтын. Небір сұлу әйелдің портретін көріп шықты. Салу тарихымен танысты.
Бір күні шыдамай өзінен тағы сұрады,
–Аға, шеберлігіңіз жетеді неге өзіңіз салмайсыз жеңгейдің суретін,–деді.
–Сен түсінесің бе?! Мен салсам ол жай ғана әйел болады да қалады. Менің оған деген сезімім баяғыда сөніп қалған. Сен болсаң жассың. Оны фантазия арқылы беріп жібере аласың.
–Аға, болмады. Шықпайды түк.
–Айда кет, жоғал! Естімеймін, сал қайтсең де!
Сол қарсаңда әйелдердің портретін салу Алматыда модыға айналды да Қабыл бірер жылда көп қаржы тапты. Енді ол Қайырлысыз да, Қарагөздің портретінсіз де өмір сүре алатын дәрежеге жеткен еді.
***
Бірақ әлгі әйелдердің суреті сырт бейнесі әдемі, жарқын көрінгенімен өзіне адамды тартып тұратын қасиет аздау, салқынқанды болып шыққан. Тіпті, кейбірі іскер адам тәрізді, үй шаруасымен казір ғана айналысып кетуге әзір тұрғандай. Қарагөз жеңгейдің бойындағы сұлулық, мейірімді көздер, мені алдап кетеді-ау деп жаманшылық ойламай, алдасаң алдап кете ғой деп сеніп тұратын көңілділік жоқ. Ондағы махаббат та шектеулі біреу үшін арналғандай емес, қаласаң бәрің де келіп менің сұлулығыма тәнті болып
қарай беруіңе болады дейтіндей. Бұл не сонда махаббат пе, жоқ шексіз-шетсіз желік сезіміне тартатын құмарлықтың оятушысы ма?!!
***
Арада бірнеше жыл өтті. Өзінің тапсырманы орындай алмасын білген Қабыл ұстазының үйіне барудан қашқалақтап ақыры онымен қарым-қатынасын мүлде тыйды. Бірақ ойынан Қарагөз жеңгейдің суретін салу туралы ой бір кетпеді. Осы жылдары бар құдіретін жиып онға тарта картина салды. Бәрі сол сұлу әйел. Әйелі де күйеуінің бұл жұмбағына шеше алмай әлекке түсті. Әлде менен өзге біреуі бар ма деген күдікпен күйеуін аңдуға кірісті. Бірақ ешқандай күдікті ештеңе таппаған соң жұмыстан шаршаған ғой деген ойға келді. Бірде,
–Мына әйелің кім?!! Он рет салыпсың, келтіре алмағансың-ау,–деді.– Суретші болу қайдан оңай болсын...
–Ол заказ. Бай адамның заказы. Оны салсақ байимыз,–деді күйеуі көзі жанып. Мұны айтқанда алас ұрып, селкілдеп, жынданып кеткендей болды. Өңі қорқыныш сиқын әлем тапырық қып көрсетті.
***
Арада бес-алты жыл өткенде осы сурет Қабылдың барлық қабілетін сорып алғандай, жүдетіп, шаршатып, титықтатып, жынды қалге түсірді. Он түрлі сурет салынды. Бір-екеуі басқа тұлғаға айналып қымбатқа сатылып кетті. Өзгелері де әлдебір сурет галереясында басқа кейіпкерлердің бейнесі болып ілінді. Қарагөзге келеді-ау деген бір-екі сурет сол күйі шеберхананың бұрышындағы көп суреттердің ішінде тұрып жатты.
***
Қайырлыға өштескен біреулер Қабыл оның әйелімен жақын болыпты, оны сиқырлап алған әлгі қатынды ұмыта алмай байғұс неме жындануға айналыпты. Күндіз-түні сол қатынның суретін салып, түсінде көріп, өңінде соны ғана ойлайтын болып шыпасы бітіпті,–деген қауесет шықты. Бұл тегін әйел болмады ғой,– деп, қатын біткен бір көруге деп, Қайырлының қатынының жүретін жерлерін аңдыды. Ол туралы айтқан адамға уыстап ақша беруге әзір болды.
–Қатыны сұлу болса, байғұс біреудің сорын қайнатпай өзі неге салмайды оны,–деп жазғырды.
***
Арада жеті жыл өткенде Қайырлы суға кетіп қаза болды да жесір қалған Қарагөз бір-ақ жыл өмір сүріп ауырмай-сырқамай қайтыс болды. Бұл Қабылға одан сайын жұмбақ болды. Өстіп жүргенде тағы да көл ағасындағы
лашықта жатып түс көрді. Жағалауда от жанып тұр. Қайырлы екеуі жағада отқа жылынып әңгімелесіп отыр. Шарапқа қызып алған Қайырлы
–Мен оны сүйем. Қызғанам. Оны күзетуден шаршадым. Сен барып күзет. Сен де қызған. Сонда саларсың суретін. Сала алмадым оны. Бұл сурет емес бірдеңе... Оны бейкүнә сұлу етіп салғым келді. Бірақ жоқ ол бейне...
–Аға, кешіріңіз! Мен, мен сала алмаймын...
–Жоғал, саласың. Бар қазір. Күніне бір сағат салуға рұқсат етіп ем ғой...
–Аға, кешіріңіз!
–Жоғаллл иттің баласы...
–Ааааа–Қабыл ұйқысынан шошып, айқай салып оянды.
***
Өткендегі кездесудегі ойдан кейін осылардың бәрін әңгімелеп қағазға түсірген Қабыл балконда тұрған Қарагөздің суреті туралы мүлде ұмытып кетіп еді. Өзі бірталай уақыт шалықтаған адам сияқты болып жүріп ақыры көріпкел бір тәуіптің дем салуымен қатарға қосылып, сурет салмай жай ғана қатарда жүргеніне шүкіршілік ететін дәрежеге келген. Мұның бәрін быт-шыт қылған өткендегі кездесуден кейін, түсіне Қарагөздің суреті кіретін болды. Алакөлде жүрген күндерде де ұзақ-сонар теңіз бетіне қарап, ойланып отырып, өзінің сурет салғандағы қонатын шабытына қайта мінгендей біртүрлі жеңілейген күй сезуші еді.
Өстіп отырғанда балконда қалған суретке жетпей тұрған қосымша бояулар қызылды-жасылды жолақтай болып көз алдына көлденеңдей келіп, үйіріле жағылып жатты. Ол жағада отырған күйі тұра салып, жағалаудағы үйге қарай жүгірді. Келе сала Медетбайға
–Медетбай тез, мені қалаға жеткіз. Ақшаңды берем. Қазір кету керек,–деді.
–Ой Қабыл-ау, не болды саған. Кеш болды ертең кетсең болмай ма,–дегенге қарамады.
Медетбай екеуі Алакөлден кештете шығып, таң ата қалаға жетті. Әбден шаршаған Медетбай,
–Әй, құрдас-ай,–деп кереуетке құлап түсті.
–Қатын,–деді Қабыл асығыс–балкондағы Қарагөздің портретін шығар,–деді.–бояуларды әкел.
Состиып тұрған әйеліне
–Не меңірейіп тұрсың,–деді,–суретті, бояуларды әкел... Тез, бол...
–Мменн оны сатып жібергем,–деді әйелі,–ақша керек боп. Бес миллион теңге, міне ақша...
Қабыл меңірейген күйі отырып қалды. –Қап әттеген-ай. Ерен портрет еді.
–Әй, құрдас портретті қайтесің! Ана бір жартыны да ішпедік. Бірдеңе алдыр ана қатыныңа. Ішейік бірдеңе. Бірдеңе болып қалды ма десем, сол қатынның суреті ме?!! Ай, байғұс-ай, қатын деп-ақ өлесің-ау. Сөйтіп те жақсы көруге бола ма?!! Прямо жынды сияқты. Мына қатының тура менің Қайшам сияқты екен. Бар арақ алып кел енді бізге. Байыңды әкелдім ғой адасып жүрген жерінен... Мен болмасам қайда жүрерін кім білсін, байғұстың. Өзі де мен сияқты әпенделеу біреу екен. Сурет салам дейді. Ақшаларың көп екен ғой. Бірер жартыны ауырсынбайтын шығарсыңдар. Ай, қатын деп өлесің-ау құрдас. Сөйтіп те жақсы көруге бола ма?!!
Келіс Рахымжанов,
Қазақ үні