Ақын және ақын туралы
2017 ж. 24 қазан
4245
0
Кез-келген адамның жан дүниесін емен-жарқын араласпай түсіну қиын. Әлбетте терең түсіну үшін. Әсіресе, осындайда сапарлас болу реті, орайы туып жатса, қай кісімен де ортақ тіл табысып, сыр ағытысу сәті түскені.
Серікжанмен Жетісу жерінің түкпір-түкпіріне сапарлас болудың мүмкіндігі онымен жете танысып, терең сыр бөлісуге көп септігін тигізді. Талай-талай өмір өткелдерін бастан кешкендігі әрбір әңгімесінен-ақ аңғарылады. Бұрынғы мұғалім, мектеп директоры, комсомол қызметкері, кәсіподақ жетекшісі, әкімшіік шенеунігі, мемлекеттік қызмет адамы қоғамдық құбылыстардың бүге-шігесін біледі емес пе? Журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын физика пәнінің маманы қалайша редакция жағалап кетті деп таңқалғандайсың! Тіпті, Қазақстан Жазушылар Одағындағы әдебиет саласындағы жауапты жұмысы да көп қатарластарының қолы жетпей жүрген дүние ғой. Міне, осылардың бәрін жинап тастап, таза шығармашылыққа кетуінің өзі бас шайқатар мінез екендігін айтып тауысу қиын... Оған себеп – поэзияға ғашық жүректің әмірі. Әйтпесе, қайсыбір қызметі де оның болашағына жол нұсқайтын. Ғалым болып кетуге де, әкім болып кетуге де мүмкіндігі мол еді... Өзегін өртей беретін өлең деген құдырет қай жұмыста да жанын жай таптырмады. Өлең өртіне шалынды. «Жолымды аш» деп аруақты бабаларға бас ұрды:
Қанат қағам қыраның боп,
Қия-шыңда тұрағым деп.
Бас айналар сәттер болса,
Қолда, бабам, Райымбек!
Ізі қалмай күн, айым көп,
Өтті жылдар уайым боп.
Сары алтындай сабыр сыйла,
Қолда, бабам, Райымбек! – деп, қара өлең орманына қойды да кетті.
Аспан таулардың баурайында қиял кешкені құры кетпеді, өлең боп өрілді, жыр жасыны боп жарқылдады. Физикалық құбылыстардың иірімдері лирикалық әдебиет әлемімен астасып кетіп, кейде өзінің қай әлемде жүргенін де аңғармай қалатындай хал кешті. Ломоносов боламын деп жүріп, Лермонтовтың қазынасынан бір-ақ шықты. Сұлу өлке, сылдырлаған бұлақ, сыңсыған шырша, самал жел жанын тербеп, жыр жазирасына ала қаша бергені қызық болды. Мұзбалақ ақын Мұқағали жұтқан ауада тербетіліп, Мұқағали жібек желіне кеудесін тосқан сары жайлаулар жаратылысы шексіз қиялға шомылдырып, өлең қызына шолпы тақты. Алдыңғы толқын асқаралы ұлы ақындар аруағына бас ие жүріп, тереңнен жыр жауһарларын сүзуге қол созды.
Өлең, өлең от тастайсың жасын боп,
Ақтарамын жүрегімнің жасын көп.
Екі дүниеде сенен өткен асыл жоқ,
Жетелейсің Абай, Жамбыл, Қасым боп!- дегенінен-ақ кімге, неге құлап түскенін аңғарғандайсың.
Әрине, қазақтың қанына сіңген қара өлеңге! Жайшылықта тымырық көрінетін түр-түсі жыр құдыретімен құлпырып, тұғырға қорған тау қыранындай қос иығын қомдап, көздері ұшқындап кетеді. Шығармашылық сапар барысында, жұртпен жолығысу реттерінде байқалған болмысы осындай. Айбарланған ақиық құстай анық тоят тілеген тұстарын көру бір ғанибет. Өз жүрегінің отына лаулап, лақылдай төгілу қандай десеңші! Қорамсаққа қол салып, толағай жебе толғайтын баяғының батырларындай толғайды кеп:
Тұлпарға жүйрік салсын ер,
Бойдағы жалын бұла шақ.
Жүрекке жігер қамшы бер,
Жығылсам мінем тұра сап.
Шашымды тарап самалға,
Толғанып қайтсам елжіреп,
Денемді жусам боранға.
Құрғатсын ерке жел-жібек! – дегізген шабыт құсына қанат боп байланған бұла сезім бұлқынысы бірде олай, бірде бұлай шарықтай береді. Мінезі жұп-жұмсақ көрінгенмен, кеуде кергендерге, мұрын шүйіргендерге ой тоқпағы дайын, аямай тоқпақтайды, қиянатқа көнбейді, намысын таптатпайды. «Құдай берген жанды Құдай өзі алады» принципі өн бойында атой салып тұрғаны. Садақтай иілген, найзадай кезелген, қылыштай қылпылдаған турашыл мінезімен жағымпаздарды жасқайды. Ал осындай сәттерде ол былайша ой өреді:
Жылағандарды жұбаттым,
Басынғандарды құлаттым.
Шалқайғандарға жаумын да,
Иілгендерге бұлақпын.
Қараулық көрсем тірестім,
Жалғандықтармен күрестім.
Қыраулы басты иемін,
Кездессе талант бір өскін!
Сапарлас болған сайын Серікжанның қыр-сырына қаныға түстім десем, артық айтқаным болмас. Ақындық ұшқырлық, ақындық шабыт деген де бір сиқырлы дүние ғой. Табиғаттың тылсымын да, адам баласы болмысындағы құпия құбылысын да ақын жүрек сезім айнасымен қарап, таразылайды, салмақтайды, талғам сүзгісінен өткізеді. Ой жүйесі таза, күш-қуаты асып-төгіліп жататын Серікжан қаламына ілінген нысан алақандағыдай көз алдыға тартылып, көріктеніп сала беретінін байқадым. Жетісу жағрапиясын танып-білу, арғы-бергі аңыз адамдар құдыретін қаламға арқау ету – оның ақындық көкжиегінің кеңдігін көрсетсе керек.
«Аруақты жерден ат үркеді» дейтін қазақ ұлылығын танытатын Алатау баурайындағы елге барғанда ақ параққа түскен мына бір жыр жолдары қасиет қонғандарды құрметтеудің анық айғағы:
Жамбыл ауылы – жақын жаныма,
Атой салдырар аты қаныма.
Намыссыздарға қайрақ болады,
Жігер береді оты барына.
Жырлайды самал, жапырағы да,
Сыр тартсаң толғар топырағы да.
Киесі жырдың - Жамбыл ауылы,
Жамбыл ауылы - жақын жаныма.
Жер жүзіне аты мәлім Жамбыл жырау жайлы тізбекті топтамаларды оқыр көз болса, қазақ деген халықты әлемге танытқан Жамбыл сынды құбылыстың ғажайыптығына қанығар еді. Оқырман азайып, дүние-мүлік бірінші орынға шығып кеткен кесірлі кезеңге тіс қайрағаннан басқа лажың қайсы? Туған өлке – Қазақия қақындағы жыр жосындары бүкіл шығармашылығында жосылып жатқан Серікжанның өзі туып өскен Хантәңірі аймағынан аумайтын мінезді туындылары мейір қандырып, мерейіңді өсіреді.
Мен таулықпын, тауларды тірек көрем,
Тауды аңсамай күндерім құры өтпеген.
Адамдарды, әлемді бөле-жармай,
Сүйемін шын таудай кең жүрекпенен,- дегеніне имандай ұйыйсың, биікте өскендер биік-биік шыңдардан төменге қарап кесек-кесек ой айта алатынына куә боласың. Асқар таулы аймақтың аймандай ұлдары аласа болудан арланады, жер бауырлап жүрмейді. Оған тағы да мына жолдар айғақ:
Артқа тастап жазықты құба белді,
Қайтқан құстай асығам ұяма енді.
Ақ тонына оранған алып таулар,
Жанарыма мелдіреп сия берді.
Тартады ойды туған жер тереңіне,
Көзіме ыстық талдары, терегі де,
Тағдырымды телідім тауларыма,
Жусан иісін сіңірген Өлеңіме.
Асқар таудай ағалар жайлы, ізді басар інілер жайлы да жалаулатып, үлгі етіп көкке көтере білетіндігі де айта қаларлық ірілік іс. Туған жердің қадірін білу, жер-ананың қасиетін тану перзенттік парыз. Шалкөдені, Шарынды, Нарынқолды, Көлсайды көркіне сай былайғы жұрт алдына тарту да шеберлікке сын. Бүкіл қоғам құрылысына тікелей қатысы бар еңбек адамдарының алып күші де қалам қуатына алтын өзек, жібек желі. Ендеше, неге олардың қимыл-қайраттары, келбеттері қаламға арқау болмасын! Бұл орайда да Серікжан шабыты шалқиды, маржандай өлең жолдары мөлдіреп түседі. Өскен жеріңді, өнген еліңді өлеңге өзек етпесең несіне ақынсың.
Кешегі мұнтаздай жырымен жұртшылықтың жаураған жанын жылыта білген Мұқағалиды, Мұқағалидың жан жолдасы, сан мұңдасы Еркін ақынды қалай көкке көтеріп, ел назарына ұдайы салып отырмасқа. Бірінен бірін бөле жаруға болмайтын жыр сұлтандарын Серікжан төбесіне көтереді, аруағына бас иеді. Талантты жастарға ұстаз бола білген бір туарлар туралы толғай отырып, жасампаз жырдың шоқтығын биіктетуді мақсат тұтқан Серікжан Қажи ақынның әр кездердегі сапар барысында құлаққа құйылған ақ сезім
буырқаныстарын айтып тауысу мүлде қиын-ақ. Сапарласың ақ жүрек ақын болғанға не жетсін! Тағы да сапарлас болуға Алла жазсын!
Алғыс айтам тағдырға мың-мың рет,
Осы өңірге әкелген – жыр-құдырет!
Жетпісіме жетсем деп армандаймын,
Алматының байырғы тұрғыны боп... – дегені де мекенжайға тағзым ету ғой. Табиғаттың төл перзенті ылғи да осылай жер-анаға табынып, жыр қамшысын өреді.
Орысбай Әбділдаұлы,
Ақын, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері
Қазақ үні