Т. Тәшенов: Тоқаш ақынды жеке дара иемденіп алғысы келеді
2017 ж. 26 қыркүйек
4559
0
Шымкенттен айына бір рет шығатын республикалық қоғамдық-саяси, мәдени-спорттық «Жемқорлыққа жол жоқ» деген газетті естуіңіз бар ма? Естіген жоқсыз, өйткені ол – биыл ғана шыққан, онда да екі нөмірі ғана шығып үлгерген су жаңа газет. Осы газеттің 18-тамыздағы №2 санында «Әдепсіздік әбүйір әпермейді немесе «Көке» деп аталатын естеліктер мен зерттеу еңбектері кітабын құрастыруда барынша шатасқан Болат Шарахымбай мен ақын Тоқаш Бердияровты толық танып білмейтін Төреғали Тәшенов қаламгер қауым мен ойлы оқырмандардан кешірім сұрауы керек» деп аталатын тақырыбы сала-құлаш сын мақала шығыпты. «Жемқорлыққа жол жоқ» деген атының өзі езуге күлкі үйіретін газеттің тұтас бетіне шыққан осы сын мақаланың тура ортасына, тапбір сыбайлас жемқорларды желкесінен бүре ұстап әкелгендей, Болат Шарахымбай екеуміздің баттитып суреттерімізді басыпты. Бұл аздай, Болат екеуміздің үстімізден Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Нұрлан Оразалинге және өзіміз қызмет ететін жұмыс орнымыздың басшылығына әлгі газеттің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Әбдісаттар Әліп (Тәшімбет) деген біреу шағым хат түсіріп, шара қолдануды сұрапты.
Бұл жалақор мақаланың «авторы» Қарлығаш Үсенқұлова осы «Жемқорлыққа жол жоқ» газетінің арнаулы тілшісі екен. «Автор» әр нәрсенің басын бір шалып, тырнақ астынан кір іздепті. Негізгі сын садағына алған нысанасы – ақын Болат Шарахымбайдың құрастырумен 2015 жылы «Тоғанай Т» баспасынан шыққан «Көке» деп аталатын кітап. Стилі қыз баланың қолтаңбасына мүлдем ұқсамайды, бәле іздеген қазымыр біреу әдейі «тұздық» құйды ма екен деген күдігім расқа шықты. «Бақсақ, бақа екен» демекші, бізге «көкелеп» жүрген шын мәнінде Қарлығаш Үсенқұлова емес, өзінің қол астында істейтін қаршадай қыздың артында тұрған бас редактор көкеміздің нақ өзі екен. Көрнекті ақын Тоқаш Бердияровтың інісі Құттыбайдың сыныптасы болып келетін бұл Әбдісаттар өзін Қазақстандағы ең басты «Тоқаштанушы» санайтын көрінеді. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, мұның бәрі аты мәшһүр Тоқаш ақынды жеке дара иемденіп алғысы келген есекдәмеден туған бәлеқор бас редактордың қысас хаты екен.
Ау, айналайын Тәшмәт, то есть, Тәшімбет көке, ұсақ-түйекті тергіштегенше, Тоқаш Бердияровқа арналған «Көке» деген кітапты өз қалауымен жүгіріп жүріп, Тоқаш тойына орай асығыс баспаға дайындаған, Келесте жатқан Тоқаңның қабірінен алған бір уыс топырақты Кеңсайдағы Мұқағали қабіріне әкеп қосқан, «Ана тілі» газетінде Тоқашқа ескерткіш қою жөнінде тұлғаларды сөйлету арқылы бастама көтерген, бұдан бөлек баспасөз бетінде Тоқаңды тынбай насихаттап жүрген Болат Шарахымбай ініңе қайта рахмет айтуың керек емес пе?! Өзің келген өзбек елінен үйренген «өнегең» ме бұл, әлде? Екеуіңнің илегенің бір терінің пұшпағы емес пе?! Әрине, асығыс дайындаған соң, оның үстіне кітап шыққан «Тоғанай Т» баспасында бас редактордан басқа жан адам болмаса, жоғарыдағыдай қате кетеді де. Ол тұрмақ қазір мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың өзінде қатеден көз сүрінеді. Оның қасында мынау ақын мерейтойына асығыс дайындалған, Болаттың жанашырлығымен (бәлкім өз қаржысына да шығарған болуы мүмкін) шыққан кітап қой. Газетке менің псевдониміммен шығып кеткен мақала да Болаттың Тоқаң жайлы мәлімет елге жете берсін деп қолыма тигізген игі тілегі еді. Оны да соншалық қазымырлықпен қазбалап, лупамен қарап, жөнді-жөнсіз түйреп кетіпсің. Не де болса мені әбден зерттегенің, сыртымнан жақсы біліп алғаның көрініп тұр.
Сенің Болатқа тісіңді қайрауыңның бір себебі, Жазушылар одағында өткен Тоқашқа арналған әдеби жиында саған бір ауыз сөз берілмепті. Ал менің «ең басты жазығым» – өзім қызмет істейтін газетте осы жиынға Сарыағаштан келіп қатысқан, өзін журналист, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, өнертанушы, библиограф, баспагер деп көрсеткенді өте жақсы көретін Әбдісаттар Тәшімбетовтің атын атамай кетіппін. Оны өзің де мақалаңда ескертіп айтып өтіпсің. Өзіне не сөз тимей, не газетке шыққан шағын ақпаратта аты көрсетілмеген соң, қарамағында істейтін тілшісі Қарлығаштың атынан аттандап бізге қарай бақан ала жүгірген бетің екен!
Айтпақшы, «Жемқорлыққа жол жоқ» газетіндегі әлгі шикі сын мақала аты дардай «Абай кз» сайтында тамыздың 20-да «Көкеге» қатысты көкелерімнің қателігі» деген атпен, аздап қысқарғаны болмаса, сол күйі басылыпты. Авторы сол баяғы – шымкенттік Қарлығаш Үсенқұлова деген университет кітапханашысы, магистр, тағы бірдеңе-шірдеңе атақтары бар. Өзім жылына бір келетін жазғы демалысқа шығып кеткендіктен, «Абай кз» сайтындағы ол мақаланы көрмеппін. Ол сын мақала басылғалы бері де бақандай бір ай өтіпті. Екі мыңнан астам адам оқып, астына желі қолданушылары біраз пікірлерін қалдырыпты. Солардың арасында Төреғали Тәшенұлы деп менің атымнан біреу былайша пікір жазыпты: «Бұл мақаланы арнайы тапсырыс беріп жаздырған Есенғали Раушанов екені даусыз. Бұл – Тоқаш Бердияровты жалғыз өзі меншіктеп алғысы келетін іші қуыс ақынның көре алмаушылығы. Оның үстіне соңғы жылдары ел мен елді шағыстыруға маман болып алған Раушанов Тоқаш көкеміздің бір де бір шарасына қатысқан емес, шеттеп, ағайындардың арасында таланған иттей болып жүргенін ел біледі. Арғы жағын Аллаға тапсырдым». Тура мен болып осылай бөсіпті. Өзі Алланы аузына алады, сөйтіп, шімірікпестен мені ақын Есенғали Раушановқа айдап салады. Оған жауап ретінде Қожагелді деген тағы бір желі қолданушы мені «гавноға» теңеп, ар-намысыма тиеді. «Аты дардай «Абай кз» сайтының мұнысы несі, неге лас пікірлерді өшіріп тастамайды? Біреудің атынан біреу теріс пікір жаза беретін болғаны ма, оны неге тексермейді?» деген оймен сайттың соңында көрсетілген телефон нөмірін терсем, жауап бермейді. Не керек, айдаладағы танымайтын «қаршадай қызбен» таласып-тартысуға, оған жауап жазып уақыт өлтіруге ынтам да, ықыласым да болмады. Тіпті осы жауапты та жазбас па едім. Бұған түрткі болған бір себеп, таяуда бір аста болдым. Филология ғылымдарының докторы атағы бар бір сыйлы ағам оңашалап: «Оқыдым. Есенғали (Раушанов) туралы жазыпсың, араларың қандай еді?» деді жымың етіп. Түсіне қойдым. Түсіндіруге тура келді.
Одан кейін кездескенде тағы бір үш-төрт адам: «Абай кз» сайтында тұр, қарадың ба? Есенғали туралы жаман жазыпсың. Кәдімгідей ортада сөз боп жатыр» деген әңгіме айтты. Тіпті, біреуі «Есенғали жайлы шынымен өзің жазған жоқсың ба?» деп күйдірмесі бар ма. Ал ақталып көр!
Ау, мен болып жазған жалақор желі қолданушы, мен тегімді Төреғали Тәшенұлы деп ешқашан жазған емеспін. Бұл жерде мүлт кетіпсің. Ал сен айтқан ақын Есенғали Раушановпен менің алты аласы, бес бересім жоқ. Қарсы келіп қалғанда қолын алғаннан басқа, өмірімде бір ауыз тіл қатысқан адамым емес. Оның үстіне өз басым атақты ағаларды жағалап, иіліп-бүгіліп көрген адам емеспін. Ал анық білгің келсе, Есенғалидың кітабы үйімнің төрінде тұр.
Өзі Алланы аузына алып, сөйтіп, шімірікпестен мені «Тоқаш көкеміздің бірде бір шарасына қатысқан емес...» деп Есенғали Раушановқа айдап салған, мен болып пікір жазып отырған да осы Әбдісаттар Тәшімбеттің өзі емес пе екен деп ойлаймын. Өйткені Жазушылар одағында өткен шараға кімдер қатысып, кімдер қатыспағанына дейін (қатыспағандардың ішінде мені де атап кеткен) тышқан аңдыған мысықтай бақылап-бағып отырған соның нақ өзі емес пе? Әйтпесе Қарлығаш Үсенқұлованың сонау Шымкенттен келіп ол шараға қатыспағаны анық.
Бізді «сауатсыздық танытты» деп жазғырып, «кіналыларға» (?) тиісті шара қолдануды сұрап жазған әлгі шағым хатындағы екі ауыз сөзінде Әбдісаттардың өзінің екі қатесі көрер көзге бадырайып тұр. Онымен қоймай «2018 жылғы... (?) деп жазады.
Ұмытып барады екенмін, Әбдісаттар, газетің құтты болсын, ең бастысы, оқылымды болсын! Сенің газетіңнің жарнамасына жарап жатсақ, қара пиардан қашпаймыз. Ақыры біздің бүкіл өмірбаянымызды тізбелеп, осыншама көрнекті етіп шығаратының бар екен, онда су жаңа газетіңнің №2 санына шығарғанша, неге №1 санына шығармадың екен деп көңіл құрғырдың қоңылтақсып қалған жайы бар.
Сөз соңында айтарым, Шымкенттен шығатын «Жемқорлыққа жол жоқ» газеті жоқ жерден жау іздеп, бәлеқор атанғанша, «кіналыларға» (?) тиісті шара қолдануды сұрап, шағым түсіргенше, ешкімге бір тиын пайдасы жоқ өсек-аяңмен айналысқанша, атына заты сай іспен айналысса, қоғамға көп пайда келтірер еді.
Құрметпен Төреғали ТӘШЕНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі.
Abai.kz