«Қарқарадан» қанаттанған қаламгер
2017 ж. 22 қыркүйек
2929
1
Белгілі ақын, танымал журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа ер жасы елуге толды.
Оның алғаш поэзия әлеміне қанат қағып, тұңғыш рет жазған «Әке» аталатын өлеңі сонау 1984 жылы «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде басылған екен. Содан бергі уақытта шабыт «тұлпарына» мінген Нұрлан кезінде:
– Қандай ыстық ана деген әркiмге,
«Құлыным» деп отыратын әр күнде.
Бесiк болып тербетіліп тыныштық,
Бейбіт өмір әлдилейді әр түнде.
Отан-анам, қасиеттi шаңырақ,
Құшағыңа құлаймыз бiз жамырап.
Қазақ болсын, басқа болсын бөлмейсiң,
Жайқаламыз өн-бойыңнан тамыр ап, – деп жырлағанындай, әрқашан елінен бөлінбей, Ана, қасиетті атамекен, рух, иман, ізгілік, туған тіл... тақырыбын талмай жырлап келеді.
Бүгінге дейін өлеңдер, толғаулар, балладалар, поэма, әңгімелер, балаларға арналған санамақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мысалдардан тұратын көптеген жинақтардың авторы атанған замандасымыз мемлекеттік қызметтен қалт еткен сәтте қанатты қаламын қастерлі Өлең аталатын сиқырлы дүниеге тербеп жүр.
Төменде Нұрлан Қалқа қаламдастарының ақын туралы лебіздері ұсынылып отыр.
Осындайда отыз жыл бұрынғы оқиға ойға оралады. Әскерден келіп КазГУ-дің дайындық бөліміне қабылданып, оқуға кірісіп кеткенбіз. «Журфак, филфак бір туған» дегендей, тіл, әдебиет саласының болашақ мамандарымен бірге оқимыз. Жазда дайындық бөліміне түскендер бөлек те, әскерден күзде оралатындар үшін арнайы екі орын бөлінген. Сынақтан өткен соң, олар жаңа жылдан бастап оқуына кіріседі.
Қыздары бар болғыр, дүниедегі күллі жаңалықтан елден бұрын хабардар болады емес пе?! Оның жанында дайындық бөліміне қатысты жаңалық дегенің не тәйірі. Кезекті сондай бір жаңалық болашақ журналистер қауымын дүр еткізгені бар. «Қыздар, естідіңдер ме, бізге бір мықты, қаламы жүйрік жігіт қабылданыпты! Жақында «Қазақстан әйелдері» журналында әскерде жүріп жазған күнделігі жарық көріпті». Күршімнің көркем қызы Гауһар сүйіншілеп сұраған жаңалық жігіттер тарапына аса ұнай қойған жоқ-ты. «Шашын сулап қайырып, бойын тіктеп, Сәнденеді, көңілінде алаңы бар» деп,ақын Қайрат Жұмағалиев жырлағандай, оқуға түскен соң көңілі сәл-пәл жайланып, енді ғана айналасындағы қыз атаулыға көз сала бастаған жігіттер үшін бұл соншалықты жағымды жаңалық емес еді. Подкурстағы қыз біткеннің бәрі «Қазақстан әйелдерінің» авторы атанған жігіттің соңынан ілесетіндей көрінген...
Нұрлан КазГУ-ге осындай атақ-даңқымен оқуға түскен-ді. Шынында да жазуға келгенде желдіртіп, рухани бастауын ақындар мен жазушылардың шаңырағына айналған «Қарқарадан» алғаны кейінірек белгілі болды ғой.Әдебиет әлеміне талпыныс жасаған талапты өреннің тілшілік алғашқы қадамы аудандық «Коммунизм нұры» газетінен, ал өлеңдегі құтты қадамы республикалық «Қазақстан пионері» атты балалар басылымынан бастау алыпты. Қазіргі «Қарқара» газетінің бір кездегі тігінділерін ақтарар болсақ, жас тілші Нұрлан Қалқаевтың мектеп өмірінен жазылған мақалаларын жиі кездестіресіз.
Аздап болса да жазу өнеріне машықтана бастаған соң, «Қазақстан пионеріне» (қазіргі «Ұлан» газеті), «Пионер» журналына («Ақ желкен»), «Жетісу», «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газеттеріне мақалалар, өлеңдер жолдап тұратын болдым. Оның кейбірі жарияланса, кейбіріне «Жас дос! Жазуға деген талабың бар, көп оқы, көп ізден, бізбен хабарласып тұр» деген мазмұнда хаттар келетін-ді. Оларды алып оқып, қуанып, сақтап қоятын едім. Кейбір хаттар осы күнге дейін мұрағатымда сақтаулы, – дейді Нұрлан сол кездерді еске алып.
«Қарқарадан» басталған алғашқы соқпақ – Нұрланды үлкен шығармашылық жолға бастады. КазГУ-дің екінші курсында оқи жүріп Алматы облыстық «Жетісу» газетіне тілшілікке қабылданды.Кейін республикалық «Жас алаш» басылымында тілші, бөлім редакторы болып қызмет етті. Редакция алқасының мүшесі болды. «Орда бұзар отызға» жетпей, үздік жарияланымдары үшін Қазақстан Журналистер Одағы мен Қазақстан Жастар Одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты атанды.
Кісі атаулыға зияны жоқ Нұрланның Алла тағала ниетіне бергеніне кәміл сенесіз. Ең бастысы, Нұрланның әке-шешесі мен туған-туысқандарына деген қамқорлығы қазақтың қай азаматына да үлгі боларлық. Көп балалы отбасынан шыққан Нұрланның бауырлары дегенде шығарға жаны бөлек. Кегеннің Ұзынбұлағындағы Нұрахмет әулетінің бүкіл мәселесі елордадағы Нұрланның араласуымен түйіні тарқатылып жүре береді. Әсіресе, сонау елдің ахуалы қиындап, дағдарыс атаулы дендеп кеткен 90-жылдары азық-түлік карточкамен берілетін кез еді ғой. Сонда ол өзіне тиесілі карточканы үнемдеп, ауылға «сәлемдеме» ретінде жіберіп тұратын. Ол іні-қарындастары аяқтан тұрып кетемін дегенше, соларға қаржылық жағынан да, рухани қолдау тұрғысынан да үлкен демеу болып, барынша қолғабыс тигізді.
Ол тұста студенттердің жағдайы мәз емес қой, сол себепті өздері енді ғана шаңырақ көтерген Нұрлан мен Құралай Нұрахмет әулетіндегі өздерінен кейінгі бауырларының оқу бітіріп, азамат болуына өлшеусіз еңбек сіңіргені анық. Інісін үйлендіріп, қарындастарын ұзататын болса, қашан да солар жүргені. Адами қасиет ана сүтінен берілетіні рас болса керек, ердің жасына келсе де Нұрекең Ұзынбұлаққа, әкесі мен анасына қарай асығып тұрғаны...
Иә, кез келген отбасында ақжолтай азамат болады. Нұрахмет ақсақалдың әулетіндегі сондай жанның бірі де бірегейі Нұрлан болар-ау деп ойлаймын. Ол өзінің арманы болған КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Одан кейін-ақ әулеттегі бауырларының жолы ашылып сала бергендей. Артынан ілескен інісі Еркінбек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдады. Қазір Алматы облысы, Райымбек аудандық әкімдігінде Ішкі саясат бөлімінің басшысы.Қарындастары Баян, Рысхан және Гүлнұр мәртебелі мамандық иесі – мұғалім, Ерғайып политехтың түлегі, үйдің кенжесі Олжас – заңгер. Басқалай айтқанда, Нұрахмет әулеті Нұрланның «қамқорлық академиясынан» қанаттанып, қатарға қосылып, жоғары білім алып, мамандығымен елге қызмет жасап, бүгінде әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отыр.Олардың әрбір қате қадамына аса сабырлықпен қарап, қиын сәтте оларды қолдап, түзу жолға салып жіберген Нұрланның ағалық қамқорлығына риза боласың.
Нұрлан әулеттегі төлбасы Бақытжан мен одан кейінгі бауыры Нұрболатқа дақұрметі ерекше. Бір қызығы, Нұрекеңнің дайындық бөліміне түсуіне бірден-бір себепкер болған Нұрболат ағасы екен. Нұрлан әскерден келіп, КазГУ-дің подкурсына барып, құжаттарын өткізіп, дайындала бастайды. Сол кездері Нұрболат та Алматы архитектура-құрылыс институтының дайындық бөліміне емтихан тапсырып, оқуға қабылданып қояды. Нұрахмет ақсақалмен әңгіме барысында екеуінің біреуі ғана оқуға бару туралы ұйғарым жасалады. Әке айтса болды, заң, орындалуы тиіс. Сол кезде Нұрболат: «Аға, (Нұрекеңдер әлі күнге дейін әкесін осылай атайды - Ғ.М.) оқуға Нұрлан барып, бағын сынап көрсін. Түсіп кетсе, оқыр. Үйде мен қалып, сіздерге көмектесейін. Ол кішкентай кезінен журналист болуды армандады. Әскерде де үзбей жазып тұрды. Барып көрсін» деп, жолын береді. Оның бұл ұсынысына әкелері үндемейді. Келіскені ғой. Сөйтіп, Нұрлан КазГУ-дің дайындық бөліміне сынақ тапсырып, қабылданады. Ал ағасы Нұрболат болса, өзі түсіп тұрған оқуға бармай, ата-анасына көмектесу үшін ауылда қалып қояды. Нұрекең ағасының осы жақсылығын айтып, «Жолымды ашып, КазГУ-ге түсуіме себепкер болған Нұрболат бауырыма өмір-бақи қарыздармын» деп, жиі еске алады. Нұрахмет әулетінің бұл да өзіндік өнегесі.
Нұрекең сенім көрсеткен ағаның да, бата берген әкенің де, шығармашылыққа баулыған ұстаздарының да сенімін ақтады. Нұрлан Қалқаның қаламынан туған шығармаларды оқырмандары тұшынып оқиды.«Аққу-жүрек», «Жыл – он екі ай»,«Отыз бесінші шілде», «Мизам шуақ» атты жыр кітаптары жырсүйер қауым тарапынан жақсы бағасын алды. Сондай-ақ, өлеңдер топтамасы «Қазақстан жас ақындарының антологиясы»,«Қос iшек», «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының антологиясына, «Азаттығым – ғажап күнім» антологиялық жинаққа, балдырғандарға арналған жырлары «Тәтті алма» және «Бәсіре» атты сөзтаным кітабына енді. Осындай шығармашылық жетістіктері үшін«Астана-Бәйтерек» республикалық конкурсының жеңімпазы болса, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Шығармашылық қолтаңба, еңбектің жемісі дегеніміз осы болар!
Нұрекең өз отбасында сыйлы жар, қадірлі әке, сүйікті ата. Сүйіп қосылған жары Құралай екеуі қыздары Жанар мен Айдананы құтты орнына қондырып, олардан Айша, Әмина, Әдірахман, Райанаатты жиен-немерелерінің қылықтарын қызықтап, қаймағы бұзылмаған отбасында қазақы дәстүрді берік ұстанып келеді. Астанада кіндік қаны тамған Қайраты болса, қазақ-түрік лицейінің он бірінші сыныбына барды. Үлкеннің ақ батасын, елдің алғысын алған азаматтың алар асауы алда екені шүбәсіз.
Ғабит МҮСІРЕП,
«Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
Абай және ақын
(ақын Нұрлан Қалқаға)
Ақырын жүріп, анық басады, бір қалып,
Жолыққандарды бауырға тартар нұрланып.
Алланы сүйіп, адамның сезіп хикметін,
Пенделіктермен майдандасады жыр жазып.
Бес асыл істі ту етіп ұстап жасынан,
Қараулықтардың алшақ жүреді қасынан.
Жабырқау сәтте жанына тұтар Абайды,
Абайлап тұрар сәттерінде де тасыған.
Арманы асқақ, қанына біткен Кісілік,
Мансапты болсын, көрмейді бірақ «ісініп».
Ақ ордаларға еңкеймей енген Азамат,
Төредей сыйлар төрі мен қолын ұсынып.
Намысы, Ары, Ұяты басты қорғаны,
Назар салмайды «шөп-шалаңдарға» жолдағы.
Атаққа, даңққа бас ауыртпайды ешқашан,
Алмастай өткір қаламы болса болғаны.
Алашым дейді дүрсілдеп титтей жүрегі,
Абайша ойлап, кейде іштей жадап, жүдеді.
Көк туға қарап көгімде шалқып, толқыған,
Тәуелсіздіктік мәңгі болуы – тілегі.
Жырының басы туған ел, ата-мекені,
Төріне келсе сәбидей шалқып кетеді.
Елім деп туған еңселі ері болса да,
Рас қой рас, халыққа бала екені.
Елуге келіп, ел ағасы боп тұр қарап,
Алпыс та, жетпіс қолдарын оған бұлғамақ.
Абайша айтсақ, Сүйер ұлың бұл, сен де сүй,
Азамат ақын сүйенерге ол тұр жарап...
Серікжан ҚАЖИ
qazaquni.kz