АДАСТЫРМАС БАҒДАРЫМЫЗ – АБАЙ!
2017 ж. 15 қыркүйек
2522
0
Қазақстан Жазушылар одағында Қазақ-Америка университеті «Дара оқырман» аталатын үлкен поэзиялық кеш өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі іс-шара тақырыбы, негізінен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мұраттарын діттейді. Ал Президент нұсқаған ұлттық сананы жаңғырту ісіндегі ұтқыр құрал ретінде Абай шығармашылығы таңдалып алыныпты.
Кеш аталмыш оқу орнының 20 жылдығы мен заңғар суреткер Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толу мерзіміне сәйкестірілген. Мұнда Қолданбалы ғылымдар факультетінің 3-курс студенті Айзада Мақсұтқызы Абайдың жүз жиырма өлеңін жатқа айтты. Сондай-ақ №178 мектеп-лицейі 8-сынып оқушысы Мәдина Жәрденбекқызы Абай қарасөзін мәнерлеп оқыды.
Жиында сөз алған ақын-жазушылар мен жоғары оқу орындары оқытушыларының, ғалымдар мен әдебиетшілердің, өзге де сала мамандарының лебіздері кезінде ұлы Абайды толғантқан ежелгі елдік мүдде, бастапқы түп-негізге, яғни, ұлттық «кодқа» қайта оралу жәйттеріне тоқайласып жатты.
Темірхан Медетбек, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Мен ең алдымен баршаңызды Қазақ-Америка университетінің 20 жылдық мерекесімен құттықтағым келеді! Төл мейрамдарыңызды қазақтың ұлы перзенті Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орайластыруларыңыз өте сәтті шешім. Ал жиырма жас деген – жалынды жас дәурен. Сондықтан бұл – сіздердің үлкен елдік мұраттар жолында аянбай қызмет атқаратын ең бір қайратты, ең серпінді кезеңдеріңіз. Біз де сондай отты шақтарды бастан өткергенбіз. Ол жылдар қол бұлғап алыста қалды. Өз басым Айзаданың жүз жиырма өлең оқуын зор рухани ерлікке балаймын. Бұл – үлкен оқиға. Абай жырларын жатқа айту, шындығында, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Абай қасыреті – қазақ қасыреті, халық мұңы, ұлт қайғысы еді. Абайды оқығанда жан күңіренетінін жұрттың бәрі біледі. Айзадаға қосылып мына кішкентай Мәдина қызымыздың да қара сөз толғауы жан тебірентті. Біреулер Абайды сонау атқа мініп атойлаған Ақтамберді, Шалкиіз жыраулармен салғастырғысы келетіндей. Алайда Абай кезеңі мүлде басқа еді ғой. Ақын миссиясы да басқа еді. Абай дәуірі отаршылықтың әбден орнығып, халықты езіп, жаншып, қорлап, аздырып-тоздырған, санасын күйреткен ең бір сұрқай кезең еді. Міне, дана Абай халқын сол сордан алып шығуға ұмтылды. Мыңмен жалғыз алысты. Надандықпен, қараңғылықпен, аярлықпен арпалысты. Елді жаман қасиеттерден арылуға үндеді. Бұл оңай шаруа емес-ті. Абайдың біздің рухани шамшырағымыз болатыны да сол себептен. Бүгін ортамызға шығып отырған Айзада мен Мәдинаны да қазіргідей күрделі шақта өз замандастарын ұлттың қастерлі құндылықтарына бастап, озық елдермен иық теңестіруге және сол биік белестерге өзіндік бет-бейне арқылы шығуға шақырады. Еңбектеріңіз жансын. Бар болыңыздар, барлығыңыз да нар болыңыздар!
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары:
– Бүгін қасиетті қара шаңырақ Қазақстан Жазушылар одағының үлкен залында басқа кештерге ешбір ұқсамайтын керемет кеш өтіп жатыр. Бұл бір керемет рухтың, парасаттың, өнердің, өлеңнің, адам бойындағы барлық жақсы қасиеттердің кеші деп ойлаймын. Себебі, Абай деген тек есім ғана емес, бұл – ұғым. Абай – қазақ рухының, ұлт жанының құбыласы секілді Темірқазығымыз. «Дара оқырман» іс-шарасы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы оқуды осыдан екі жыл бұрын Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткізген едік. Сол ғажайып кеште саңқылдап жыр оқылып, халықтың бір серпілгені есімізде. Енді, міне, сол жақсы дәстүрді қарындасымыз Айзада мен кішкене қызымыз Мәдина жалғастырды.
Мұндай шаралар алда да жалғасын тапса, барлық жоғары оқу орындарында, үлкен залдарда, стадиондарда өткізілу салтқа айналса, Қазақ деген халық мәңгі жасайды деп ойлаймын. Рухани жаңғыру, ұрпақ сабақтастығы деп жатырмыз; бұл тұрғыда да адастырмас бағдарымыз Абай екені анық. Әрқайсымыздың көңілімізде, жүрегімізде өзіміздің Абайымыз бар. Осындай айшықты мезет, шуақты сәтті қайта жаңғыртып, рухты сілкінтіп отырған қыздарымыз Айзада мен Меруертке үлкен сәттілік тілеп, көптен-көп рахмет айтқымыз келеді!
Жабал Шойымбет,
Абай атындағы ҚазҰПУ «Абайтану» орталығының директоры, ф.ғ.к., доцент, абайтанушы:
– Абайды қазақтың еңкейген кәрісінен бастап еңбектеген баласына дейін біледі десек артық емес. Біздің бір жақсы қасиетіміз – Абайды қазақтың бәрі мойындайды. «Абай – дана» дейді де қояды. Жаппай бас иеді. Басқа елдерде бұлай емес. Қазақ елі Тәуелсіздігін жариялаған бойда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы үлкен тойды Абайдың 150 жылдығынан бастағаны естеріңізде шығар. Мемлекетті, халықты жасайтын адам болса, тұлға болса, ол – Абай. Президенттің рухани жаңғыру жөніндегі кешегі мақаласын оқысаңыздар, Елбасы дана Абайды алдымен айтып отыр. О кісі әрбір баяндамасында Абайдан үзінді келтіреді. Яғни, мемлекет басшысы дана Абайды өте жақсы көреді, сүйеді және оны өзінің күнделікті жұмысында пайдаланады. Иә, рас, қазір кейбір әкімдердің алдында да Абай кітаптары жататынын көріп жүрміз. Бірақ кейде ойлаймын, сол көбіне тек сән үшін шығар деп...
Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бұрынғы басшысы Серік Пірәлиев зейнеткерлік жасқа толуына байланысты босады да, орнына Президент өкімімен ректорлық қызметке Такир Балықбаев келді. Міне, бұ кісі де өз жұмысын Абайдың басына барып Құран бағыштаудан бастады. Мені де бір топ студентпен Шыңғыстауға, Абай ауылына барып қайтуымды сұрады. Тағы бір қуанышым – Қазақ-Америка университеті өзінің 20 жылдығына орай дана Абайдың оқуларын өткізуі. Мұндай кештер адам жанын нұрландырып, қанаттандырып отырады. Ел рухын оятады. Мерекелеріңіз құтты болсын!
Гүлбахрам Жүніс,
«Желтоқсан – 86», «Тәуелсіздік қырандары» қозғалысының төрайымы:
– Бүгінгідей ұлы бабаларымыздың рухын жаңғырту кештерін ұйымдастырушыларға шексіз алғыс білдіргім бас игім келеді. Өйткені жиналып отырған ұрпақ, үлкен-кіші нағыз елім, қазағым, ағайын-жұртым, кең байтақ Отаным деп, ұлттық рухты тірілтіп, жаңғыртуға келген жүрегінде оты бар ұл-қыздар екені анық. Осындай жастарды баулып, алға жетелеп келе жатқан аға буын ұрпаққа да зор алғыс!
Естеріңізде болса, біздің ел бертінге дейін «Союз нерушимый республик свободных» деп ән салып келді. 1986 жылы Абай, Исатай, Махамбет, Мағжан, Сәкен, Ораз Жандосов сынды арыс аталарымыз бен ағаларымыздың рухын жаңғыртып, сол «мызғымас» Одақты, қазақша айтқанда, тас-талқан қылған қазақ жастары еді. Мен сонау желтоқсандық белсенді күрескерлердің бірі, сіздердің басшыларыңыз, Халықаралық Білім Корпорациясы президенті Әділ Несіпбаевқа жеке рахметімді айтуға рұқсат етіңіздер!
Айзададай жастарымыз көбейе берсін. Ол үлкен дүние жасап отыр. Ата-бабаларымыз: «Ел басына күн туса, қазақтың қызы да атқа қонады» дейді. Әйткенмен, егер сыртында арқа сүйер арыстары тұрмаса отыра алмас еді. Құдайға тәуба, біздің жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып, сүйеу болып жүрген қазақтың нарқасақа азаматтары баршылық. Бізді аялай білсеңіздер, біз де сіздерді төбемізге көтереміз. Желтоқсан көтерілісі кезінде де дәл солай болып еді. Сөйтіп атойлап, жандарын шүберекке түйген қазақ қыздары қаһарман болып шыға келді. Айналайын, Айзада өркенің өссін! Бабаларымыздың рухы жебесін!..
***
Кеш барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы кешке белсене араласқан бірталай жастарды Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ «Дара оқырман» Айзада Мақсұтқызына Абайдың бюстін сыйлады.
«Дара оқырманның» мақсаты не?
Біз бұл сұрақты Әдебиет жанашыры, қоғам қайраткері, Халықаралық Білім Корпорациясы президенті Әділ Несіпбаевқа қойдық.
– «Дара оқырман» байқауы ең алғаш Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналып еді. Идея авторы – ақын Ғалым Жайлыбай. Бірінші конкурсты, осылайша, Қазақстан Жазушылар одағы мен республикалық «AR SISTEM» бірлестігі өткізген-ді. Онда Абайдан бастап, Мағжан, Сәкен, Ілиястан тартып, қазіргі жас ақындардың өлеңдеріне дейін қамтылды. Сонда мен «Дара оқырман» атағын алған едім. Мына іс-шарамыз – екінші кеш. Мұндағы негізгі мақсатымыз – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының мәнін жас ұрпақ санасына мейлінше терең сіңіру. Мұндағы Елбасы тұжырымдамасы көбіне Абай өсиетіне негізделеді. Ал «Дара оқырман» ретінде сахнаға шығатын студентіміз Айзада Мақсұтқызы дана ақынның өлеңдерін ертеден үш тілде қатар оқып келе жатқан дарынды жас. Біз, міне, осындай үлгі арқылы жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға көптеп бет бұруын көздейміз.
Қ.САҒАТҰЛЫ
qazaquni.kz