Астанада Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті
2017 ж. 15 тамыз
2443
2
Бүгін Астанадағы академиялық кітапханада белгілі профессор, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішевтің 90 жылдығына арналған «ҒАЛЫМ. ҰСТАЗ. ҚАЙРАТКЕР» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Аталмыш шараға ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Сұлтан Оразалин, ақындар Несіпбек Айтулы мен Дәулеткерей Кәпұлы, сондай-ақ, Ербол Тілешов, Жандос Смағұлов, Құныпия Алпысбаев, Дихан Қамзабекұлы, Рахымжан Тұрысбек, Кокшетаудың белді азаматтары мен Ерейментау ауданының әкімшілігі және т.б. шәкірттері мен оқырмандары қатысты.
Кездесу барысында көрнекті қайраткердің әдеби, мәдени мұрасы сондай-ақ, қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби сыны турасындағы әңгімелер қозғалды.
Дөңгелек үстелдің модераторы болған филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ибраев, алғы сөздің бастамасын бүгінгі атаулы күннен бастап,игі іс-шараның жалғасы Алматыда және өз аулында болатындығына тоқталып өтті. Ғалымның арамызда жоқтығы, уақыт өткен сайын қатарының сиреп бара жатқаны, әдебиет саласында өз ойының пікірін тура дәл айтатын, өр де тік мінезділігін, қалдырған еңбектерін де тілге тиек етті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор – Дихан Қамзабекұлы:
- Бүгін жақсы іс-шара өтіп жатыр. Қазіргі таңда докторантуаға түсушілердің білімін біз тесттік жүйе арқылы білеміз, шын мәісінде арғы көкірегінде сайраған ілімі, білімі бар жоғынан хабардар емеспіз. Сол секілді қазіргі біздің кемшілігіміз осы тұста әдебиетшілер қауымдастығының жоқтығы екен. Бұл кісілер көп нәрсе айта алатын. Дәделдемені осы кісілерден үйрендік. Адам, адамшылдықпен 1960, 1970, 1980 жылдары кадрлар дайындау үлкен ерлік болды. Оқуды бітірген соң Алматыда қалу деген қиялға кіріп шықпас дүние болатын, себебі, жұмыс орны деген ұғым жоқтың қасы. Сол жылдары 20 маман оқу бітірді, бәрімізді жинап, ұлт болашағы, ғалымдар депжұмысқа орналастырды, соның бірі – менмін. Ол – ерлік. Ұлтты, болашақ ғалымдарды ойлаған ұлы тұлға. Ізін жалғауымыз қажет.
Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы Даниловка ауылында дүниеге келген.
«Дәуір суреттері», «Сын сапары», «Оңаша отау», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты ғылыми еңбектерінде қазақ әдебиеті мен тарихы туралы зерттеген. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Көпұлтты кеңестік әдебиетінің тарихы», «Көпұлтты кеңестік әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбектерді жазуда атсалысты. Сондай-ақ, С. Сейфуллинның шығармашылығын зерттеуде көптеген ғылыми еңбектер жазып қалдырған: «Сәкен Сейфуллин», «Қызыл сұңқар», «Сәкен Сейфуллин. Өнегелі өмір», «Сәкеннің соты» және т.б. Ол 37 монографияның, ғылыми және ғылыми-танымдық мақалалардың, кітаптар мен брошюралардың авторы.