Сәбит Досанов: Қар – Ананың қайғысы
2017 ж. 08 тамыз
5876
1
Әңгіме
Жарық дүние — опасыз жалғанмен не біржола қош айтыспай, не жазылып кетпей ұзақ ауырған Үрипа қыс бойы жанындағы жақындарын көп қинап, ақыры наурыз айының аяқ шенінде қайтыс болды. Оның қазасын бір шаңырақта бірге тұратын екі адам екі түрлі қабылдады. Оның бірі — Үрипаның тағдырдың ащысы мен тұщысын бірдей тартқан өмірлік серігі — Әжі, екіншісі — жан дегендегі жалғыз қызы — Айбота.
Елу жыл отасқан жұбайының қазасы Әжіге қатты батты. Үрипаның соңғы демі үзілгенше қас-қабағына қарап, ауру әйелін жас балаша мәпелеп күтіп еді ол. Енді, міне, сүйген жарының соңғы демі үзілген сәтте Әжінің жүрегі солқ ете қалды. Денесі мұздап, көзі бұлдырап, Үрипаның оң қолын алақанына салып, аялаған күйі өң мен түстің, бар мен жоқтың арасында мең-зең болып ұзақ отырып қалды. “О, Алла-ай, мына өмір не болып кетті? — деп ойлады ол. — Жанымдай жақсы көретін Үрипашымның шынымен өлгені, мына қараң қалғыр қараңғы тірліктегі жалғыз жарығымның сөнгені ме? Онсыз көңілде не сән, өмірде не мән болушы еді? Әйелінің артында аңырап қалған еркектен бақытсыз кім бар екен мына опасыз жалғанда? Сор арылмаған сорлы басым-ай! Енді қайттім? Күнделікті күйбеңі көп күйкі тірлікпен жүріп мына өмірден көрген қызығың да аз болды-ау, жаным Үрипа! Құс тұмсығындай қысқа өмірдің қуанышынан қайғысы көп екен ғой...”
Табыттай ауыр ой еңсесін езген Әжі жанары жасқа толып жанында түрегеліп тұрған қызы Айботаға қарады. Қара тастай мелшиген ол міз бақпады. Қас қақпаған күйі әкесін жаңа көргендей оған қадала қарады. Айбота, әрине, анасының қазасына қуанған жоқ. Әйтсе де, қабырғасы қайысып, қайғырғаны да шамалы. Баяғыда өмірге ғашық, гүл-гүл жайнаған бақытты Айбота мен бүгінгі қайғыменен қан жұтқан өлімге асық бақытсыз Айботаның арасы жер мен көктей. Жанып сүйген жан жары Саяты Сталинградта мезгілсіз қаза тапқалы мінезі мүлдем өзгерген. Жеңіс күні біреулер бөркін аспанға атып қуанып жатқанда Айбота жастықты құшақтап жылап жатып еді-ау. Жылай-жылай көз жасы да таусылды, Саятын күте-күте үміті де үзілді. Содан бері жұрт қатарлы жарқырап жүруді, риясыз рахаттана күлуді ұмытқан ол. Күйіктен жүрегі күйген Айбота баяғы жас кезіндегідей мейірімді емес, Күлмесхан атанған қаһарлы билеушілердей қатал. Сәл нәрсеге ашуланып, болар-болмасқа шу шығарып жүргені.
Саяты сұм соғыста қаза тапқалы отыз жыл. Содан бері қара жамылып, қайғымен бірге түнеп жүр. Күндіз күлкіден, түнде
ұйқыдан айрылған адам арылмас азаппен арпалысады екен. Айботаға күндіз де оңай емес, түнде тіптен қиын. Жастығын құшақтап жалғыз жатқан әйелдің күні құрысын! Айбота үшін түн ұзарып кеткелі қашан?! Соғыстың алдындағы ақкөңіл, жайдары, әзілқой Айбота бүгінде сөз көтере алмайтын ашуланшақ, ә десе, мә деп шаптығып шыға келетін шайпау әйел.
Соңғы жылдары Айботаның түрі де адам танымастай өзгеріп кетіп еді. Сұлу жүзін терең әжім айғыздап, сұңғақ бойы шымнан қаланаған қабырғадай шөгіп, аласарып барады. Жалт етіп қарағанда жалын шашып, өзекті өртейтін жанары да жер ошақтағы қоламтадай өлеусіреп жылтырайды. Саяты барда бақыттың алтын буымен нұрланып, нәзік сәуле шашқан сүйкімді жүзі сұрғылт күздей сұрланып, сұп-суық ызғар шашып тұр. Қызуы қайтқан пештей жылусыз, әлсіз денесі арнасынан асқан арық суындай жайылып, жалпая түсіпті. Бір кездегі жұмыртқадай жұп-жұмыр, ұзын мойын қыртыс-қыртыс. Түзу өскен ақ қайыңдай аппақ, топ-толық балтыр қарайып, көкпеңбек болып білеуленген тамырлар даланың тарау-тарау жолындай болып, жан-жаққа таралып жатыр. Бір кездегі жан дүние байлығы мен сырты нұрлы, іші сырлы сұлулығы күздің күні жапырағы түскен теректей жап-жалаңаш. Қатал тағдыр сыйлаған қа-тігездіктен бе, әлде айналдырған аурудың алмай қоймайтынына сеніп, көңілі суығандықтан ба, бәлкім, өмірдің ащы дәмін татып үйренгендіктен болар, Айбота, әйтеуір, анасының өлімін соншалық ауырсынған жоқ. Қалай болғанда да еңсесі дәл Әжідей езілмеген ол әкесінің жас жуған жүзіне шаншыла қарап, қатқыл үнмен оған қайрат бере сөйледі:
— Ер азаматқа осынша егілу жөн бе? Тұр! Еңсеңді көтеріп, иығыңды тікте! Сен осылай жылауық баладай жылап отыра берсең, мына Үрипаны ақырғы сапарға кім аттандырады? Мен туыс-туғанға хабар берейін. Сен зират жаққа барып мәйітті қоятын жер қамда, соятын мал таңда!
Айбота осыны айтты да, ақ жамылғымен мәйіттің бетін жапты. Сосын қаракөлеңке дәлізде тұрған қара телефонның трубкасын көтеріп, жан-жақтағы туыс-туған, жолдас-жораларға телефон шала бастады...
Сол сәт үйден шыға жөнелген Әжі есік алдында тұрған ескі сары “Жигулиге” отырып алып Көктөбеге тартты. Аз уақытта айналасы атшаптырым ауылға айналып үлгірген зираттың шетіне іліге бергенде қымдауыт қырқаның етегінде, айдалада ақ кебінге оранып жатқан өлікті көріп, шошып кетті. Машинадан түсіп, өліктің жанына келді. Беті ашылып, ербиген екі сирағы бірдей кебіннен шығып жатқан мәйітке үңілгенде жүрегі зырқ ете қалды. Тани кетті, бұл осыдан екі ай бұрын қайтыс болған Нұриденнің мәйіті еді. Көктем шығып, қар ерігенде Нұриденнің жатқан қабірі опырыла құлап, мәйіті лай көшкінімен бірге құмдауыт қырқаның етегіне қарай
лақтырып тастапты. “КГБ-ның сойылын соғып, талайдың қанын ішкен қаныпезер ғой бұл. Жанымдай жақсы көретін досым Нұрдәулеттің ажалы да осы қанішер Нұриденнен болмады ма? Талайды қан қақсатқан қасиетсіз адамның өлігін қасиетті қара жер қабылдамаған екен” деп ойлады Әжі.
Нұриденнің тірі кезінде жақсы менен жайсаңның басын жұтқан жауыздығына қаны қайнап, оның айдалада ашық-шашық жатқан мәйітіне қаншама жиіркене қараса да “өліктің жолы ауыр ғой” деп ойлаған Әжі дереу оның ұлы Нағашыбайға хабар берді. Ол болса, бұл оқыс оқиға жайлы ешкімге ләм-лим демей, зират басына жалғыз өзі түн жамылып жетті. Сол екі ортада зиратты төңіректеген қаңғыбас иттердің бірі кебіннің пәрша-пәршасын шығарып, мәйіттің сан етін жеп үлгірген екен. Нағашыбай асығып-үсігіп, терлеп-тепшіп асығыс қазған таяз көрге әкесін қайта көмді.
Арада бір күн өткенде Үрипаны жерлеуге келген қаралы қауым қаланың қаңғыбас иттерінің әлі топырағы кеуіп үлгірмеген жаңа қабірден Нұриденнің мәйітін суырып алып, таласа-тармаса жеп жатқанын көрді.
Мына сұмдықты көрген адамдар жағасын ұстап, жанынан түңілді. Нұриденнің қабірімен қатар талай қабір жатыр ғой. Көктемгі лай көшкінінің қатар жатқан көп қабірді оралып өтіп, бір ғана өліктің өкпе тұсын опырып, Нұриденнің мәйітін айдалаға лақтырып тастауы тегін бе? Мұның терең сыры анау-мынауға тебірене де, тепсіне де бермейтін киелі Жер-Ананың жаратылысындағы бітім-болмысы мен мінезінен іздеу керек шығар, — деп ойлады Әжі. — Қасиетті қара жердің пейілі кең ғой. Ол Анадай мейірімді, қасиетіңнен айналайын Жер-Ана өзінің өзегінен өрген адамдардың шалыс басқан қадамдарын, ең үлкен қателіктерін де, тіпті, бәрін де кешіреді. Адамдарды тірісінде төбесіне шығарып, өлгенде бауырына басады. Қасиетті қара жер барлық ауыртпалықты өзіне тән алыптықпен көтереді, бәріне де өзіне тән аса сабырлы, асқан көнтөрілікпен төзеді. Адамдарды түріне, тіліне, дініне, діліне, атағына, шатағына қарай бөліп, алаламай жатырында шайқалған шаранасы — күні ертең жарық дүние есігін іңгәлап ашар бауыр еті баласындай аялайды, сүйеді. Бәріне төзетін, бәріне кешіретін Жер-Ана бір ғана нәрсені — ешбір шеңберге сыймайтын аса ауыр қылмысты кешірмейді. Оның аты — сатқындық дейтін сұмдық. Өзінің ең сүйікті, ең иықты, ең аяулы перзенттерінің — халықтың қаймақтарының өмірін қиған Нұриденнің сатқындығын Жер-Ана қанша мейірімді болса да кешіре алмады. Содан да қасиетті қара жер қасиетсіз адамды қабылдамады.
Мына жантүршігерлік жайдан төбе шашы тік тұрған қариялардың да жан дүниелері алай-түлей. “Мынау құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық! Бұл жаман ырым, — деп ойлады олар. — Мұсылман күн-тізбесіндегі жаңа жыл жантүршігерлік сұмдықпен басталды. Жылдың соңы тағы бір сұмдықпен аяқталмаса неғылсын?...”
Сол сәт бір топ қара қарға қарық-қарық етіп Нұриденнің қасқыр құлақ қаңғыбас иттер талаған мәйітін жанай ұшты.“Ия, ырымшыл
қазақтар, сендердің қорқыныштарыңда қателік жоқ” дегендей қар-қылдап ұшқан қара қарғаларға тіксіне қарады қаралы қалың топ.
Бұл бір мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылғы наурыз айының жиырма екінші жұлдызы еді...
Сол сәт аспан төсін торлаған қою қара бұлтты қақ жарып Ақбас бүркіт ұшып келе жатты. Алатау жақтан асығып жеткен Ақбас бүркіт Көктөбені көктей ұшып саңқылдаған ашулы, ащы дауыспен айғай салды. Сол-ақ екен мәйітті жеп жатқан салпаң құлақ, сарыала қаңғыбас иттер құйрықтарын бұттарына қысып алып, жан-жаққа тұра қашты. Жемтік іздеп, қаралы қауымның төбесінен төнген қара қарғалар да улап-шулап, беті ауған жаққа зытып бара жатты.
Үрипаны жерлеуге келген ақсақал, қарасақалдардың бірде-біреуі жемтік іздеген қара қарғалар мен қаңғыбас иттердің неден қорқып, неге қашқанын біле алмай дал болды...
Қара жамылған қаралы топтың арасында Ерасыл да бар еді. Ол Ақбас бүркіттің саңқ еткен даусын елден бұрын естіп, қара бұлтты қақ жарып ұшқан оның өзін де ап-анық көрді...
IV
Айботадан ұйқы қашқалы қашан! Аяулы Саятының Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқаны жайлы қара қағаз келген сонау қырық үшінші жылдың қысынан бері құс ұйқылы болып алған. Кеше ерте-ақ жатып еді, кірпігі құрғыр біреу ине тіреп қойғандай айқаспай қойды. Сосын ой орманын кезді де кетті. Ойлар... Ойлар... Ой болғанда қайбір жетіскен ой дейсің? Теңіздің суындай ащы, табыттай ауыр, жауапсыз махаббаттай азапты ойлар... Қылбырау ойлар қылқындырған Айбота төсекте өзімен-өзі ұзақ арпалысты. Тозығы жеткен қырық жылғы темір керует әрі-бері аударылған сайын шиық-шиық етіп онсыз да жұқарған жүйкесін онан әрі жеп бітті. Таң алдында ғана талқысып барып көз шырымын алған ол сүт пісірім сәттен соң әлдебіреудің құлақ түбінен күңгір-күңгір естілген күбірінен оқыс оянып кетті. Жанарын жартылай ашқанда босаға жақта жүрген бір дәу адамды байқап қалды. Қара көлеңке бөлмеде аю құсап қорбаңдап қараң-қараң еткен әлгі адам Айботаның жанына жетіп келді де жастық астында жатқан қымбат қазынаға қол салды. Айбота:
– Жо-жоқ! Мұны саған өлсем де бермеймін, – деп жан дауысы шыға шыңғырды.
Сол-ақ екен, адамнан гөрі маймылға көбірек ұқсайтын әлгі қорқынышты құбыжық ізім-қайым жоқ болды. Дәл қасынан әлдебір дүбір естілді. Айбота елегізіп тың тыңдады. Енді байқады, ол дүбір атқақтай соққан өз жүрегінің дүрсілі екен. Көк атласпен тысталған жастық термен бе, әлде, көз жасымен бе суланып қалыпты. Айбота төсектен атып тұрды. Терезе алдына келіп, апыл-ғұпыл қызыл қыжым пердені ашты. Бозала таң, бозымық сәуле. Көңілі күпті. Асығыс киініп далаға атып шықты. Екі күн бойы толассыз жауған қалың қар
түнгі аязбен қатып қалыпты. Күртік қар аяқ басқан сайын күтір-күтір етіп сынып жатыр. Ұясынан жаңа шыққан күн Алатаудың қарлы шыңына иек артып, айналаға әлсіз сәуле шашып тұр.
Айботаның ең қымбат қазынасы – Саяттың соғыстан жазған соңғы хаты мен майданда аға сержант киімімен түскен суреті. Ол хат пен суретті күндіз төс қалтасына салып қояды, түнде басына жастанып жатады.
Ағаш дуалмен қоршалған жалғыз қабат жер үйдің ауласындағы қар басқан бөрененің бір шетіне отыра кеткен Айбота төс қалтасынан Саяттың хатын алып, әдеттегінше оны сол алақанына салды. Сосын оң алақанымен аялай сипады. Үш бұрышты хаттың тоза бастаған бүктеуін еппен ашып соғыстан жазылған соңғы сөздің: “Айналайын, Айым!” деп басталатын алғашқы жолынан: “Сені қатты сағындым, Айым!” деген сөйлемге дейін үнсіз оқыды да, орнынан атып тұрып: “Мен де сені сағындым, Саятым! Естимісің, сағындым! Өлердей сағындым!” деп айғайлап жіберді. Сосын ұзақ уақыт үнсіз тұрды. Үстінде қысқы қара пальто. Аяғында қара етік. Басында түбіттен тоқылған қара шәлі. Ұйқысыздықтан қызарып кеткен екі көз қанталап, қақпаға қарап, қалшиып тұр. Құдды тас мүсін сияқты міз бақпайды. Енді бір сәт үйге асығыс кірген ол сырт киімдерін апыл-ғұпыл шешті де, кіре беріс бөлменің бір бұрышына лақтырып жіберді. Ас үйге кіріп, оразасын ашты. Таңғы ас тамағынан әзер өтті.
Алматы қаласының жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы Алатау жылдың төрт мезгілінде де сұлу. Тау төсіндегі Медеу шатқалынан басталып, біріне бірі жалғасқан, бірінен бірі биік мұзарт шыңдар алыстан мен мұндалап, мұнартып тұр. Тауға қарай өрлеген тас жолдың сол қанатында аумағы ат шаптырым биік төбе бар. Әжінің үйі “Көктөбе” атты сол биік төбенің бауырындағы қырқада еді. Ата-анасы қайтыс болғалы бұл үйде Айбота жалғыз. Жанындағы жалғыз серігі дәу тарғыл мысық. Осыдан біраз уақыт бұрын Айбота қатты ауырып, төсек тартып жатып қалған. Сол жолы жалғыздық жанына, әсіресе, қатты батып еді. “Осылай жатып өліп кетсем мені көметін де ешкім жоқ. Тәнімді мына тарғыл мысық жеп қояды-ау” деп уайымдап еді ол сонда. Сол уайымнан әлі арылған жоқ.
Көңілінде көңілсіздіктің қарашұбар қалың бұлты жүзе бастаған Айбота ауыр ойдан айықпақ болып терезе алдына келді. Сыртқа көз салып еді, жанарына Алатаудың асқақ шыңы келді. Ақшарбы бұлттан ақ шәлі жамылған мұзарт шың біресе жел етегін желпімеген арудың анарына, біресе баяғының батырлары киген дулығаға ұқсап, сәт сайын сан құбылып тұр. Әне бір шыңның төбесіне төнген ақшарбы бұлт өзі әлдеқашан естіген әлдебір аңыздағы қарлы таулар арасын кезіп жүрген Қар-Анаға қатты ұқсайды екен. Марқұм анасы бұл мектеп табалдырығын аттамай тұрғанда айтқан сол аңыз әлі есінде. Алатаудың ақ қар басқан ақбас шыңына қарап тұрғанда Айботаның көз алдына сол аңызда айтылған оқиға келе қалды.
Ұлы Даладағы ұланғайыр жер жетсе де қанағат жетпеген көршілес екі патшалықтың арасындағы соңғы соғыс ұзаққа созылды. Жан алысып, жан беріскен алапат шайқас екі жаққа да тым қымбатқа түсті. Сан сабаздың басы ат бауырында салбырап, талай боздақ қыршынынан қиылды. Айналасы ат
шаптырым ұрыс даласында өліктен аяқ алып жүрер алақандай жер қалмады. Керіліп жатқан көкорай шалғын кең дала қан сасыды. Осынау қанды қырғын-ға қарғыс айтқан Жер-Ана мен Аспан-Ата қосыла күңіренді. Ел мен Жердің иесі мен киесі Ақбас бүркіт қайғы жұтып, қан құсты...
Жеңілген патшалықтың қасіретін қара жер әрең көтерді. Жеңген патшалықтың да қайғысы жетерлік еді. Патшаның өзі ауыр жараланды. Жалғыз ұлы қан майданда қаза тапты. Жалғыз ұлынан айрылған ана ботасы өлген аруанадай боздады. Көздің жасы жылаушыға ғана емес, көрушіге де ауыр. Көкірегі қайғыдан қарыс айрыла боздаған қаралы анаға қалың елдегі барлық ана қосыла аңырағанда қара тастай қатты еркектердің де ет жүрегі езіліп кетті. Сұм соғысқа бас болған жеңімпаз патшаның жер жүзін билеймін деген арманы адыра қалды. Тапқанынан жоғалтқаны, қуанышынан қайғысы әлдеқайда көп еді оның. Өзгесін айтпағанның өзінде жалғыз ұлының ажалы қазадан ауыр жаза болды. Енді алтын тақтың да, иран бақтың да, салтанатты сарайдың да, ұрпақтан ұрпаққа артығымен жетер дейтін асқан байлықтың да... қара бақыр құрлы құны болмай қалды.
Күңіренген жер, күйзелген елдің халқы тентіреп, қоңыз теріп кетті.
Қасірет-қайғы салмағын көтере алмаған жеңімпаз патша бүк түсіп үнсіз жатып қалды. Ал, оның жанына балаған жан жары-аңыраған Ана көзінің жасын селдетіп, ғазиз басын тауға да соқты, тасқа да ұрды. Жанын қоярға жер таппаған қамкөңіл Ана қара жамылып, қайғылы елден безді. Ол сол бетімен тас басып, тау асып кеткен еді...
Қара жердің қабырғасы қайысқан аса ауыр қайғыдан қап-қара шашы бір-ақ күнде аппақ болып ағарып кеткен, жылай-жылай екі көзінің нұры семіп, соқыр болып қалған сол Ана-аты белгісіз арғы заманнан күні бүгінге жеткен қайғылы Ана шұрық тесік жүрегі қырық жамау болып, қарлы таулар арасында әлі жүр...
Әлемнің әр түкпірінде әлдебір сұмдық болған сайын сол қаралы Қар-Ана қар басқан шашын Алланың ақ туындай желбіретіп, адамның сай-сүйегін сырқыратар мұңлы үнмен зарлайды екен. Елден барған елшілер:
– Аяулы ұлың келмес сапарға кеткелі арада ғасырлар өтті, ұмыт оны десе:
– Жоқ! Ұмыта алмаймын, – депті қасіретті Қар-Ана.
– Өмір өзгерді, тұрмыс түзелді, енді елге қайт, – десе:
– Мәңгілік арман орындалған күні, – депті әз ана – Қар-Ана!
– Ол не арман, соғыста қаза тапқан ұлыңның қайтып оралуы ма? – десе:
– Жоқ, ол емес, өлгендер қайтып келмейді, оны білемін, – депті абзал ана-Қар-Ана.
– Енді не? – десе:
– Менің мәңгілік арманым тірілердің қамы,-депті атыңнан айналайын асыл ана – Қар-Ана.
– Ол не арман? – десе:
– Тәңірден тілер бір ғана тілегім бар. Жалбарынып, жалынып сұрар ол тілегім: бүгінде жер бетінде атылып жатқан оқ зұлымдық пен зұлмат соғыстың ең соңғы қорғасыны болсын, бауыр еті баласынан айрылып, жер бетінде зарлаған ең соңғы сорлы ана мен болайын. Менің мәңгілік арманым
осы, яғни жарық дүние деп аталатын мына опасыз жалғанда сұм соғыстың болмауы, адамзаттың тыныштығы. Жер бетінде соғыс өрті сөнген күні менің мәңгілік арманым орындалады. Сонда ғана мен тыныштық табамын, елге ораламын,-депті ғасырлар жасаған ғажайып ана-Қар-Ана.
Қар-Ананы елге алып кетпек болып келген елшілер аталы сөзге тоқтапты. Жер-Ана мен Аспан-Ата да қаралы ана – Қар-Ананы үнсіз қостапты.
Жер бетінде тыныштық болуын мәңгілік арман еткен сол аңыз ана-Қар-Ана қарлы таулар арасында Адамзат тыныштығын күзетіп әлі жүр...
Ойға шомған Айботаның құлағына әлдебір мұңлы әуен келді. Алатау жақтан естілген сол мұңлы әуен құлақтан кіріп, бойды алып бара жатты...
“Апыр-ау, мына қайғылы ән Қар-Ананың әні ғой. Иә, сол... Соның дәл өзі, – деп ойлады Айбота. – Айналып өтейін, садағаң болып кетейін Қар-Ана мені шақырып жатыр ғой. Шақырғанға бармасам, шақырғанға зар болармын. Бүгін бармасам ертең кеш болады. Қой, болмас, Қар-Анаға барайын. Ол да жалғыз, мен де жалғыз. Екі жарты бір бүтін болып, бірімізге біріміз сүйеу болып, жүреміз енді. Ал, мен кеттім Қар-Анаға!..”
Айбота асығыс киіне бастады. Киініп жатып Таңатардың үйіне телефон шалды. Телефон тұтқасын Қарлығаш көтерді.
– Алло, – деді сымның екінші ұшынан жеткен дауыс.
– Қарлығаш әпке, мен Айботамын ғой.
– Даусыңнан таныдым. Халың қалай, ботам? Ауру-сырқаудан амансың ба? Көптен бері саған бара алмай көңілім күпті болып жүр. Құдай қаласа, ертең кіріп шығамын.
Бұлар қартайса да, жас күндеріндегі әдетпен бірімен-бірі “әпке”, “ботам” деп сөйлесті. Айбота Қарлығаштың сөзін бөліп жіберді:
– Маған келмей-ақ қой.
– Неге? Әлде маған өкпеледің бе?
– Менің өкпе-назым құдайда, егер ол бар болса... Адамдарда шаруам жоқ...Ал мен кеттім, әпке...
– Қайда?
– Алатауға.
– Осы тап қазір ме?
– Иә, осы тап қазір.
– Онда не бар, жаным-ау?
– Не бар деме, кім бар де?
– Иә, кім бар?
– Мен саған келген сайын айтатын Қар-Ана бар.
– Ол аңыз ғой, ботам.
– Аңыз емес, ақиқат ол! Естимісің, әне, ол мені шақырып жатыр.
– Қой, айналайын. Өзің маған келші, ақылдасайық.
– Жоқ, бара алмаймын.
– Онда мен келемін қазір. Күтші, ботам мені.
– Сен менің сөзімді бөлмей, аяғына дейін тыңда, – деп асыға сөйледі Айбота. – Менің осы кеткенім кеткен. Енді қайтып оралмаймын. Не көрсем де Қар-Анамен бірге көрем. Ана үйге ие бол. Құдай алдында сұраусыз, саған бердім.
Сатасың ба, өртейсің бе, ерік өзіңде. Ал мен кеттім. Мені іздеп әуре болмаңдар. Бәрібір таппайсыңдар.
Қарлығаш бір сөз айтып үлгермеді, Айбота телефон тұтқасын тастай салды.
Қарлығаш Айботаға қайта-қайта телефон шалды. Жауап болмады. Үрейі ұшқан ол жүгіріп Айботаға келді. Шалқасынан ашылған есік жабылмапты. Үйде ешкім жоқ. “Қазір келіп қалар” деген оймен иесіз үйде үрпиіп күн батқанша отырды.
Бұл кезде Айбота Медеу шатқалына жетіп еді.
Қарлығаш келесі күні Айботаның үйіне тағы да келді. Тағы да кеш түсіп, ымырт қараңғылығы қоюланғанша күтті. Айбота әлі жоқ. Үмітін үрей жеңген Қарлығаш милицияға хабар берді. Айботаны іздеген топтың бармаған тауы, баспаған жері жоқ. Әйтсе де олар оның өлі-тірісін біле алмай дал болды.
Қар-Ананы іздеген қаралы сұлу Айбота бұл кезде Алатаудың қарлы шыңдарын кезіп жүр еді...
Айбота Алатаудың ең биік шыңына шыққан сәтте қаралы сұлу Қар-Ана салған ән келді құлағына:
Перзенті өліп зар құшқан,
Қайғы жұтып, қан құсқан,
Қаралы Қар-Анамын,
Бала орнына тас құшқан.
Соғыс деген зор қайғы,
Ұқпайды адам – сол қайғы.
Болмаса соғыс әлемде,
Бақытсыз адам болмайды.
Біріңе-бірің оқ аттың,
Ұлымды содан жоғалттым.
Қайғырып, қанғып жүрмін мен,
Керегі жоқ енді жәннәттің.
Жалмауыз соғыс өртеді,
Жүректі қайғы шертеді.
Жанымды жеген бұл әнім,
Жазылмас мәңгі дерт енді.
Перзентін ана жоқтайды,
Сұм соғыс қашан тоқтайды?!
Жарылса тағы бомбалар,
Одан өткен жоқ қайғы.
Ақбас бүркіт көкте самғайды,
Соғысты ол да қарғайды.
Болмаса соғыс әлемде,
Бақытсыздық та болмайды.
Аруана болып боздаймын,
Адамзат мұңын қозғаймын.
Жойылғанша соғыс әлемде,
Зарлайда берем, тозбаймын.
Қан құйлы соғыс жайлы қаралы ән Айботаның сай сүйегін сырқыратты. Шексіз шерменде жырға жаны жаралы Айбота да қосылды. Қос мұңлық қосыла салған қаралы әнді іліп әкеткен қарлы Алатау да зар еңіреп зарлады. Қайғы жамылған адам мен таудың жүрегімен қанды жас ақты...
Сол күні түнде тауда жапалақтап қар, қалада шелектеп жаңбыр жауды. Тас кедергі тағдырдың аязына шыдамай көп жыл бойы бауыр басқан үйінен безіп, тірі аруаққа айналған аналардың қайғысын бөліскен аспан Алла Тағаланың әмірімен көз жасын көл ғып төгіп жатты...
Сәбит Досанов, Қазақ үні