«Аюдың жүрегiн жеп, өтiн iштiм, Қайтарып уын өмiр-өкiнiштiң...»
2011 ж. 18 мамыр
7323
5
— Балабақшаның бастығы болғалы балаларды, бақшаны мақтап жүрсің. Ал, өзiңдi бақша қалай қарсы алды? — Шынымды айтсам мұнда жұмыс iстейтiндердiң көбi әйелдер болғандықтан ба, «бiзге бастық болып әншi әйел келдi» дегендi айтқан көрiнедi. Олар менiң бұған дейiн де мемлекеттiк қызметкер болғанымды қайдан бiлсiн? Мен университет бiтiрген соң сол баяғы педагогикалық, бүгiнде Ясауи атындағы ХҚТУ-де сабақ бердiм. «Қазақ шешендiк өнерiнiң көркемдiк-тағылымдық мәнi» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Одан соң «теспей қаныңды соратын» Махаң, яғни Мархабат Байғұт басқаратын облыстық тiл басқармасына жұмысқа тұрдым. Махаңның «шеңгелiнен» сытылып шығып, Махаңның тiлiмен айтқанда «тiл басқармасынан пiл басқармасына» қызметке ауыстым. Яғни облыстық техникалық реттеу және метрология департаментiне бас маман болып жұмысқа тұрдым. Мархабаттың «пiл» деп отырғаны ол департаменттi қазақтың алып туған жiгiттерiнiң бiрi Бегiмше Жүзенов басқаратын. Әншi бастықтың қандай болатынын көрсiн дедiм де, балабақша тәрбиешілерімен бiрге ғимаратты әктеп, сырлауға өзiм де кiрiсiп кеттiм. Олар алғашында таңдана қарағанмен сәлден соң бәрiн де ұмытып, жұмыстарына кiрiстi. Ұжым өте ұйымшыл, ауызбiрлiгi мықты. Қандай iс болса да бiрлесiп атқарамыз. — Оқырманның көбi сенiң Бәйдiбекте мектептi бiтiрген соң не iстегенiңдi бiлмейдi деп ойлаймын. — Облыстың қазiргi әкiмi Асқар Мырзахметов туылған Ақбастау ауылында туылғанымды да бiлмейдi (Рахаттана күлiп алды. А.А.). Ол кезде оқуға түсу үшiн еңбек өтiлi болуы керек едi ғой. Жоғары оқу орнына түсу үшiн туған жерiм — Ақбастауда алғашында трактор айдадым. Одан соң шопан болып, қой да бақтым. Трактор болғанда жәйi емес, кәдiмгi дәуi — «К-700». — Сенi iздейтiн саналы, көзi ашық адамдар редакцияға да телефон соғып, «ол қайда жүр? Көрiнбей қалды ғой» деп жатады. Сағынған елге не дейсiң? Олардың сағыныш шөлiн немен басар едiң? — Әлемдiк дағдарыс өнердi айналып өте салған жоқ. Жүрегi бар Жүрсiннiң өзi аяғын тартып қалды. Аяғын тартқаны сол болар, Үкiметке барып, «мына өнер өлiп барады. Айтыс өлсе—халықтың рухы да өледi. Айтыс өткiзейiк, халықтың рухын көтерейiк, ұрпақ тәрбиесiне болашақтың көзқарасымен қарайық» деуге қауқары болмай тұр. Өзiнiң тiлiмен айтқанда «айтыс үшiн сайтанның да тiлiн тапқан» Жүрсiннiң тiлi байланып отырғанда бiзге не амал? Қазiр айтыс өтпей қалды. Жекелеген адамдар өткiзбесе, үкiметтiк деңгейде айтыс өтiп жатқан жоқ. Сахнадан көрiнбесек, қайдан көрiнемiз? Ол рас, көрермен, халық, жалпы қазақ үлкен айтыстарды сағынып қалды. Көрермен жалғыз менi емес, барлық ақындарды iздеп қалды. Ақындар да ең үлкен залдардың өзiне сыймай қалатын халқына найзағай жыр төкпегелi бiраз болды ғой. Жердiң түкпiрiнде болса да «айтысқа кел» десе барар едiм. — Айтыс айдынына шыққан қыздар арасынан ақ «Волга» мiнген де сен емессiң бе? — Аллаға шүкiр, сол кездегi Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов ағамыздың қазақ қызына, қазақтың айтыс өнерiне деген қамқорлығы, зиялылығы арқасында айтыстағы алғашқы ақ «Волганы» мiнгенiм рас. Серiк ағадай өнерге қамқор өресi биiк ағалар көп емес. Бар. Мәселен, Қарағанды облысының сол кездегi әкiмi Камалтин Мұхамеджанов аға «айтыстың ерке Ақмаралын Арқадан аялап қайтарайық» десе, Орал облысының әкiмi Қырымбек Көшербаев «Жайықтан жаяу қайтпасын, айтыстың аяулы аруы» деп алақанға салғаны көңiлдi бiр сәт көкке көтергенi рас. Мәселе машинада емес. Менен бiреулер айтыстан қанша машина мiндiң деп сұрап жатады. Санаған емеспiн. — «Айтыс майдаланып барады» дейдi бiреулер... — Бұрын да болған, қазiр де бар. Ақынның көбi жеңiлдеу айтысады. Халықтың көкейiндегiнi айту орнына отбасы, ошақ қасынан алыстай алмай, «мен сенi сүйем, жiгiтiң бар ма, неше балаң бар?» деп жатады. Әрине, бұл ұсақ емей немене? Мәселен, маған көбiнесе «Сiз неге әзiлге жоқсыз?» деп сұрайды. Әзiлдi әр кезде айтуға болады. Халықтың алдына шыққанда сол халықтың көкейiндегi бiр сөздi болсын дөп басып айтуға тиiссiң. Айтыс халықтiкi. Ендеше әзiлден гөрi ой басым болуы тиiс. — Айтыстың дәрежесiн қайтiп көтеруге болады? — Ақындардың ой-танымы, өресi биiк болып, «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» дегендi ұстаным етсе, «Айтылған сөз—атылған оқ» демекшi, айтыста айтылғаннан нәтиже шығып жатса, айтыстың дәрежесi көтерiлер едi. Тыңдарманның да түр-түрi бар. Бiрi айтысты шоу деп қабылдайды. Билетiн сатып алып, көредi де кетедi. Ал, айтыстан нәтиже күтетiндер де бар. — Айтысқа қатысқаныңа қанша жыл болды? — Алла бұйыртса, биыл жиырма бiр жыл толады. Он тоғыз жасымда жармастым ғой жалына, айтыс атты арғымақ өнердiң... Алғашқы айтысым Биғожа деген курстасыммен өткен. Айтыс сахнасына шыққаныма жиырма жыл болыпты. Осыншама уақытта не iстедiм, не қойдым, ел алдында есеп берсем деп отырмын. Облыстық мәдениет басқармасына барып, осындай бiр кеш ұйымдастырсақ деп едiм, «жоспарға енгiзу керек» дедi. Қағазға қарап, жоспарға қадап, қатып қалған нәрседен қалай құтыламыз? Жоспарсыз не iстеуге болады? Өзiмдi жақсы көре ме, көрмей ме, бiлмеймiн, өнерiмдi бағалайтындар жетерлiк. Оңтүстiк қана емес, өзге облыстар да бар, өнер ордасы Алматы бар. Өткiзермiз бұйырса, Алла сәтiн салса... — Ол кеште ел арасына тараған әндерiң де орындалатын болар. Әндерiңнiң, өлеңдерiңнiң кейбiрiн иеленiп жүргендер бар дегендi де ел айтып жүр. — Өзiмдi ала алмаған бiреулер өлеңдерiмдi алғанына мәз болып жүрген болуы керек. Мен былтыр бiр елдiң әнұранын жаздым. Жарылқасын деген елдi жарылқағыш бiр ағам бар. Сол келiп, «қарындасым, ақсақалдар сiздiң жазған өлеңнiң авторы етiп бiр ағамызды қоятын болды» дедi. Әрине, бiртүрлi болдым. Мен не, адам емеспiн бе? Бiр ауыз өзiме айтса болмай ма деп ашуландым. Бiр күнi жиындарына бардым. Әлгi менiң гимнге арналған өлеңiмдi үлкен ақ қағазға жазып қойып, тақырып iздеп, талдап отыр екен. Мына қыздың, автордың өзi келiп қалды-ау деп қысылған ешкiм жоқ. «Өлеңiн жазған адам тақырыбына қиналып отыр ма? Жаза салмай ма?» деп айттым да кетiп қалдым. Ендi өлеңiмдi ұрлағандардың бәрiнен авторлық құқымды қорғаймын. Бұрын қазақ қыздың намысын қорғайтын. Қазiр қыздардың өзi қорғайды өз намысын. Тiрiмде тiлдегендер, Бағамды бiлмегендер. Мен өлген соң үндемеңдер, Айдың да жарығы бар. Қараңғы түн демеңдер, Айтылар тәттi өтiрiк. Барлығын шын демеңдер, Өздерi жасай алмай. Өкiнер күлкiм түгiл, Мұңымды да күндегендер. — Ренжiткендерiн айта бермей, қуантқандарын да айтсаңшы бауырлардың. Осы ел алдында жүрген қыздарда ағалар көп болады. Ал, бауырмал iнiлер аздау болатыны нелiктен екенiн түсiнбеймiн. Сенде бар ма бiр iнi? — Бағыма қарай бар ондай iнi... Алматыда Оспан батырға арналған республикалық ақындар айтысы өттi. Сол жерде Монғолиядан келген бiр жiгiт демеушi болды. Айтыс бiткен соң сол жiгiт ақындардың, ақындар сол жiгiттiң бетiн сүйiп жатты. Менiң жаныма келе бергенде «аман бол» дедiм де, қарамай, тәкаппарлана өтiп кеттiм. Ана жiгiт намыстанып қалыпты. «Ақынның бәрi бетiн тосқанда Сiз неге терiс бұрыласыз?» дедi. Мен «Бетiмдi сүю үшiн бауырым болуың керек. Бауырым болуға шамаң келе ме? Лайықсың ба? Оның жауапкершiлiгi ауыр болады»,— дедiм. Екеумiз серттесiп, бауыр болдық. Былтыр менi ғана емес, бiр топ ақынды Шығыс Қазақстанның Тарбағатайына шақырды. Тауға апарды. Тауда он күн тағыларша өмiр сүрдiк. Ол өзi бұғы өсiредi. Атқа мiндiк. Аң ауладық. Бiлесiз бе, маған бауырым ұлардың етiн жегiздi. Аюдың өтiн iштiм. Удай екен. Өмiрдiң уын iшкен Ақмаралға аюдың уы нетер дейсiз? Сертi солай екен, аюдың жүрегiн отқа қақтап жедiк. Тауда, айдалада от жағып, оттың айналасына алқа-қотан отырып отты өлеңдер оқыдық. Бауырымның — аты Алдай. Алдайдың Қозыкүрең деген керемет аты бар. Тауға қарай қиялап кетiп бара жатып, аттан аудым. Құлап бара жатып, аттың жалына жармасып жүрiп, зорға тiктелдiм. Алдай бауырымның жаны шығып кете жаздады. «Апатайым-ай, балаларыңа не дейтiн едiм? Балаларың мейлi, қазаққа не дейтiн едiм, жазым болып кетсең?» деп қиналғанын көрсеңiз. Тумаса да туғаннан артық, антына адал, сертiне берiк осындай алтын бауырым бар, апа. Бұл да Құдайдың сыйы. Әйел ерге, ер елге бағынбайтын бiр заман болып тұр ғой. Мен сонда тауда бiр керемет көрдiм. Алдайдың үйiр-үйiр маралы бар екен. Соны бiр-ақ бұғы ұстайды. Үйiрiне басқа бұғы келсе, шайқасады. Мен бұғыға емес, бiр бұғыға бағынған маралдарға таңғалдым. Қандай керемет сұлу аңдардың мына мықты қасиетiн көргенде, адамдар жайлы ерiксiз ойландым. Сосын керемет бiр сурет көрдiм. Қолымызда мылтық, астымызда ат барына қарамастан бiр мүйiзi сынған бұғы келе жатты. Қасымыздағы кәнiгi аңшы «Бұған бәрiбiр, ол өзiнiң ендi ешқашан үйiр ұстамайтынын, ешбiр бұғымен текетiресе алмайтынын, қартайғанын бiледi. Одан да өлгендi дұрыс көредi. Сондықтан да қорықпайды» дедi. Апа, өткен жылы «Ақсу Жабағылыда» көкжал қасқыр көрдiм. Алдымды кесiп өттi де, анадай жерге барып, шоқиып отырды. — Адамдардан аңдарға қарай өтiп кеттiк қой. Әлгiнде қасқыр деп қалдың. Сенiң қасқыр туралы керемет бiр өлеңiң мен әнiң орындалып жүр. Сонда: Бағалағанға алтынмын, Табалағанға тас, құммын. Бақытты күнге талпындым, Бауырында жатып қасқырдың. Жалғызы болып жапанның, Жанымды босқа қинадым. Аузынан қайтып апанның, Бөлтiрiктерiмдi қимадым. Мүсiнiн қолдан жасап ап, Дейтiндей жатыр бiлiп кiм. Қорқаудан қасқыр жасап ап, Құр бекер қорқып жүрiппiн. Қақпаны ойдың көп болды, Алмадым жұрттан жасыра. Қасқырсымағым жоқ болды, Күн туған сәтте басыма, Iшiнде жүрiп мың кiсi Түспедi бiр iз соңыма Түсiмде келiп бiр кiсi Ұстатты қамшы қолыма
Адамдығым деп бiлем мен Арашасындай арымның Қолдаушым Тәңiр жiберген Қорғаушысы екен жанымның, — делiнедi. — Ақмарал, отбасың жайлы бiлетiнiм, бiр ұл мен бiр қызың желкiлдеп өсiп келедi. Арғы жағын өзiң таратып айтып берсең қайтедi? — Мемлекетте шекара деген болады. Менiң отбасым да сол мемлекеттiң бiр бөлшегi. Мен сырымды сыртқа шашқанды ұнатпаймын. Үйiмдегi әңгiме өзiм құрған шекарамнан әрi шықпайды. — Дұрыс қой, бiрақ, кей оқырмандар бiлгiсi келедi. Тiптi заттың да иесi бар. Сен адамсың. Адам болғанда да жай адам емес, қарапайым емес, алақанда жүрген ақынсың, елдiң аузында жүрген азаматсың. Басиеңнiң бар-жоғын айта салсаң қайтедi? — Бар. — Ақмарал, бәрiн жазып, атақтарыңды жазбаппыз ғой. Атақтарыңды айтып бершi. — Атағым жоқ, апа. Елдiң өзi еркелете айтатын Ақмарал деген атым бар. Мен атақты сұрап, сатып алатындардың сортынан емеспiн. — Неден, кiмнен қорқасың? — Құдайдан, содан соң өнердiң киесiнен қорқамын. — Өмiр — қатал. Таяқ жеген сәттерiң көп болды ма? — Тәкаппарлығымнан көп таяқ жедiм. Әлi де жеп келемiн. Өнерде ғана емес, кейде өмiрде де тәкаппарлығымды көрсетiп қаламын. – Марал, сағынған елге сәлем етiп, орамалға түйiп өлең жiбершi өзiң жайлы... — Найзағай жырды кеудеме Намыспен құйған жан едiм Тәңiрiне ғана табынған Тыңдаушым қазақ, бар елiм,-десем де болар немесе мынадай тiлек жiберейiншi... Ақ жаулық киген ананың Талдырсын бесiк бiлегiн Ұйқысын бұзбай баланың Ұйысын әлем тiлегiм! — Ақмарал, өлең де өлең, өзiң де өлең. Өмiрiң де өлең. Талайдың бағын тасытып, тәттi өлеңдер бұрқыраттың. Саған жыр жазғандар бар ма? Ақынның жанын ақын ғана ашып бере алады дегенiм ғой. – Апа, Лена Әбдiхалықованың мына өлеңiн оқырмандарға жеткiзуiңiзге болады: Ақмарал, Ақмаралжан, қыз Ақмарал, Махаббат дертi бiзге тұзақ салар. Құса боп ғашықтықтан өлiптi-ау деп, Ұрпақтар тарих бетiн жүз ақтарар. Ақынбыз, тау суындай тасқындармыз, Досты да өзiмсiнiп, қас қылған—бiз. Байрақта бәйге бермей жүргенменен, Бақытын таба алмаған бақсыздармыз. Қарайтын ғашықтықпен, талғамменен, Қажытар жанымызды жалғанда өлең. Сырласып әрбiр атқан таңдарменен, Өлемiз өлмейтұғын арманменен. Сезiм-жыр, ән-көңiлiң! Пайдаң—құлсың. Бағың да бетiн терiс айналдырсын Бағаңды марапатпен өлшер пенде Жаныңның жалғыздығын қайдан бiлсiн»? Ақмарал, Ақмаралжан, аппақ Марал, Тек қана өлең бiздi сақтап қалар. Тағдырдың тауқыметi аз болғандай, Түрi бар әлде бiреу таптап бағар. — Әңгiмеңе рахмет, елдiң ерке, ерекше жаралған Ақмаралы! Анар АСПАН Хабарландыру 23 мамырда сағат 19.00-де Мұқтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында Ақмарал Леубаеваның «Періште емес, пендеміз» атты авторлық кеші болады. Кешке белгілі айтыс тарландары мен өнер жұлдыздары қатысады.