Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: Қазір, мүлде, ішпейді жас шәйірлер
2017 ж. 19 шілде
2867
5
ЖАС АҚЫНДАР
Қайда, шіркін, баяғы жас ақындар, Ақ жүрегін айқара ашатындар, Жас ақындар, шетінен мас ақындар; Бәрі ертең классик болатындай, Хальтураға жанымен қас ақындар? Түсінбеген заманға, замандасқа, Қасымдайын қайтадан оралмас па? Жүрегінде маздаған махаббат бар, (Оларда түк жоқ еді-ау,- одан басқа!). О да, әрине, заманын ода қылған, Құтылсақ деп біреудің боданынан; Қызғыш құстай,- Қазағын қыздай көріп!.. Қызғанатын Советтер Одағынан! Сарқылып та, тартылып-ішкі қуат, "Қаламгердің" ішінде түсті құлап... Түгел болса егер төрт құбыласы, Ішпеуші еді.... Құсадан ішті, бірақ! Цензурасы-қырағы. Боданда-елі! (Шіркін, араб ақыны болар ма еді?!)- Бсисуды* қазақша сөйлетті олар,- (Орысшасы осалдау- одан гөрі!). ... Заманның да, адамның мәні өзгерді, Бізден- бөлек, әдемі -әуездері; Қазір, мүлде, ішпейді жас шәйірлер, (Елі- жұрты-азат. Комерцант- һәм өздері...). Мүшәйраға кенедей болып,- өріп, Мәз болады жүлде алса жолы болып. Ішінде оның Алаш жоқ, Абай да- жоқ! (Ішіп кеткің келеді соны көріп)...*Муин Бсису-Палестина ақыны (ауд. Жарасқан Әбдірашев).