Оңайгүл Тұржан: Академиялық кітапханаға келгенде патшаның сарайына кіргендей боласың
2017 ж. 05 шілде
2748
0
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Астана күніне орай «Менің қалам Астана» тақырыбында поэтикалық марафон мен «Арманы асқақ Астанам» атты кітап көрмесі өтті.
Биыл Қазақ елінің Астанасы Арқа төсіне көшірілгеніне 19 жыл! 1998 жылы атын айдай әлемге жариялаған жас қала қазіргі таңда сәні мен салтанаты жарасқан бас шаһарға айналып отыр.
Іс-шараның мақсаты – елдік мерекеге өзіндік үн қосып, Ару қала Астаның жаңа келбеті туралы патриоттық әндер мен өлеңдер айту, жастарды патриоттық рухқа шақыру. Поэтикалық марафонның жалғасы ретінде Астананың даму тарихы мен қалыптасуы жөніндегі кітаптар көрмесі өтеді. Бұл көрме елордалық тұрғындарға тәуелсіз мемлекетіміздің Астанасы жайлы мәліметтер алуға себін тигізеді.
Іс шараға Серік Тұрғынбеков, Оңайгүл Тұржан, Камал Бурханов және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері - Серік Тұрғынбекұлы:
– Нағыз рухани ұстаз ол – кітапхана. Себебі, кітапханашы жасаған еңбегін елге айтып, дабырламай, үнсіз ғана қызмет етеді. Ол саған ғажайып рухани қазыналарды сыйлап жатыр. Кітапхана шынымен де, санаңа ұлттық рухты жеткізіп, көтеріп отырады.
Қазір маған кітапханадан артық жанашыр да, туыс та, бауыр да жоқ. Осы кітапханаға келген сайын мен қызығумен боламын. Қайсыбір іс-шараны алып қарасаңыз да мемлекеттік деңгейде, ұлттық үрдісте өткенін байқайсыз. Себебі, кітапхана қызметкерлерінің ниеті, жүрегі, тілегі соған сай.
Астана мерекесі құтты болсын! Сіздермен жиі кездесіп тұруға нәсіп етсін!
Ақын, филология ғылымдарының кандидаты - Оңайгүл Тұржан:
– Кезінде Астананы тұрғызу оңай болмағанын білесіздер. Өзге елдер жаһанданудың алгебрасын оқып жатқанда, біздер жаһанданудың арифметикасын енді ғана бастап жатқан ел едік. Уақыт өте кейін біздің елімізге жаһанданудың алгебрасы мен арифметикасын қатар алып жүру керек болды. Жақсылыққа жету қиын ғой. Соның бір ұлы көрінісі – осы Астананы салу еді.
Астананы әр түрлі параметрмен қарасаңыздар, жан-жақты екенін байқайсыз. Елбасы осы Астананы салатын кезде 38 параметр бойынша жұмыс жасау ыңғайлы екенін айтқан болатын. Соның бірі – қаланың қақ ортасында Есіл өзенінің болуы. Сол уақытта суы ағып жатқан жерде қаланы салу не үшін қажет? Қандай ерекшелігі болуы керек деп мен көп ойландым. Сонда Жапония елінің Масару Эмото деген ғалымының кітабы көмекке келді. Масару суды зерттеген ғалымдардың бірі. Яғни, ол судың ақпаратты санасында білу алу қасиеті бар екенін анықтаған. Шынымен де, суға жақсы ниетпен қарасаңыз, ол шынымен де ақпаратты санасында сақтап, айналасына жақсылық шашуға ықпал ететін бірден-бір материя. Мына Астана қаласының ортасында судың ағып жатуы да соның бір себебі шығар деп есептедім. Судың тасқыны жағымсыз энергияларды алып кететін қасиеті бар.
Ал, енді кітапхана деген мәселеге келейік. Кітапхананың қазіргі келбеті мүлдем басқаша. Ішіне кірсең, шыға алмайсың. Басқа мемлекеттің кітапханалары қандай екен? Кейде олар да біздің кітапханамызға қызыға ма екен деген ой келеді. Академиялық кітапханаға келгенде патшаның сарайына кіргендей боласың. Мемлекеттің ең көрнекті жерлерінің бірі болып отыр. Салтанаты мерекелер өтетін киелі шаңыраққа айналуда. Мен студенттеріме кітап оқымасаңдар да, кітапханаға барыңдар деп жіберемін.
Мереке барлықтарыңызға құтты болсын! Астана күніне арналған бір шумақ өлеңімді оқып берейін.
Өс Астанам, қуантып алапты бар,
Сәт туды өскеніңді санап тұрар.
Хас сұлу бол Париждер мойнын созып,
Лондон келіп таңдай қағып қарап тұрар.