Адалдығымен, кішіпейілдігімен аяулы
2017 ж. 24 маусым
3266
2
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, белгілі тілші ғалым Бағдан Момынова алпыс жасқа толды.
Білім мен ғылым жолындағы әр жастың жүрегіне ізгілік отын шашу, үлкен жүректі азамат етіп тәрбиелеу филология ғылымының докторы, профессор Бағдан Момынованың алдына қойған игі мақсаттарының бірі өмірін ғылым мен ұстаздыққа арнаған ғалым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқып, осы университеттің қазақ филологиясы кафедрасын басқарып, ана тіліне деген құрметі ерекше екендігін атап өткен жөн. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тәуелсіздік жолында жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатымыздың жүзеге асуы, халқымыздың мәңгілік бірлігінің өміршеңдігі – оның білімі мен ғылымының, әдебиеті мен мәдениетінің заманауи талаптарға сай болуымен өлшенеді деп орынды айтылды.
Бағдан Қатайқызы шыншыл, адал мінезімен, қарапайымдылығымен кез-келген жанның жүрегіне жол таба білген аяулы ұстаз, іскер басшы. Университет шеңберінде өтетін ғылыми кеңестердің, мәжілістердің іс қағаздарының сауатты жүргізілуі де өзінің ісіне деген ыстық ықыласын көрсетсе керек.
Профессор Бағдан Қатайқызы отыз жылдан астам уақыт еліміздің білім беру жүйесінде, оның ішінде кафедра меңгерушісі қызметін атқара жүріп, әрбір жастың жүрегіне ұстаздық қамқорлық пен жылулық дәнін себе білді. Жетім балаларға және тұрмыс жағдайы төмен отбасынан шыққан студенттерге көмек көрсету шараларын да ұйымдастыра білді. Жақсы адамдардың жаныңнан табылуы қандай ғанибет!
Ізгілік пен қарапайымдылық – ең жоғары адамгершілік құндылықтардың бірі болса, оның негізі сүйіспеншіліктен, жақсылықтан бастау алып, ниетке берілетін ізгі қасиет. Ізгілікті болу – азаматтың ғана қолынан келер іс екенін өмірде көріп, біліп жүрміз.
Қазақта «жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат» деген мақал бар. Этникалық – мәдени білімнің негізгі бөлігі оқу орындарында білім беру, өз мәдениеті арқылы өзге өркениеттерге бағыт ұстанған адам. Жан-жақты мәдениетті тұлға, кемел лингвистикалық сана иесі.
Профессор Б.К.Момынованы белгілі белеске шығу жасымен құттықтап, өзіне денсаулық, отбасына амандық, оқу-ағарту саласындағы қызметіне абырой, ғылыми жолындағы ізденістерге мол жетістіктер тілейміз.
А.Тасымов,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
qazaquni.kz