EXPO-2017 немесе ТАРҚАМАЙТЫН ТОЙ
2017 ж. 21 маусым
3162
5
Барша жұртты ізгі үмітке бөлеген
Жарты ғасыр бұрын туды ол өлең.
Жан тебіреніп оқығанда жүрекке
Күміс сәуле төгілетін төбеден.
Қазағының тарқамайтын бір тойын
армандаған Айбергенов Төлеген.
Бас салбырап, еңсе түсіп күн өткен
Ол заманда кім алысты түнекпен?!
Бүгінгідей бостан күннің бір сәтін
Жанын тігіп сұрайтындай тілекпен.
Ататұғын азаттықтың ақ таңын
Аңсайтұғын ақын едік жүрекпен.
Қанша ғасыр күте-күте сарыла,
Жеттік біздер тәуелсіздік таңына.
Бұйырғаны-ай! мың жылдықтың бір сәті
Менің замандастарымның бағына.
Сай келгені-ай елін бастар тұлғаның
Тепсе темір үзетұғын шағына!
Елім өскен,
Жерім бүтін,
Жан аман,
Құлдық бояу өшіп жатыр санадан.
Бодандық пен бостандықтың парқына
Көз қыдыртып қарамайды әр адам.
Ал бүгінде жас отанның кекілін
Сарыарқаның самал желі тараған.
Елім өскен,
Жерім бүтін,
Жан аман.
(Кемел ақыл - мінсіз бостан санадан).
Темірқазық - тұтастықтың тұтқасы
Таңдап қондық жұртымызға қалаған.
Сағым тұнған Сарыарқада самала
Азат шахар бой көтерді жаңадан!
Анау мәрмәр, мынау көше қас тасы,
Аралайық, Азат жолмен басташы!
Тоқсан күндік той басталды торқалы,
Гүлге толып даңғылы мен бақшасы,
ЕЛБАСЫНА сәлем берді бір сәтте
Аттан түсіп алпыс елдің патшасы.
Астанамыз – айбарымыз армандай,
Асқан шебер, тылсым ұста салғандай.
Биік-биік ғимараттар биік ой,
Биік еңсе, биік мақсұт талғамдай.
Тойға келсең тоғыз күннен қалмай кел!
Тоқсан күнде бір жетем деп сандалмай!
Елім өскен,
Жерім бүтін,
Бас аман.
(Белдеуде тұр бақыт деген қашаған).
Жаңа ғылым жаңбыр болып жауғандай
Екі жүз ел, миллион ғалым жасаған.
Көрем десең бар әлемнің бүгінін
Астанаға атыңды бұр, жас адам!
Ақын бауырым, мінезің бар ұрда жық.
Отаныңа жүрсің әлі бұлданып.
Назар салшы күн қонғандай Астанаң
Саған қарап тұрған жоқ па нұрланып?!
Тойға шақыр қараны да, ханды да,
Атқа тегіс қондырардай жыр жазып.
Қанша құда- туыстарда той қандай
Әрбіріне ұшамыз ғой ойланбай.
EXPO тұр ғарышты, не марсты
Астананың оң жағына қойғандай.
Жалғыз мемлекетіңнің бір тойы
Сен бармасаң қалады де тойланбай.
EXPO-ға тарт, бауырым, ойланбай!
Тойға келсең кейін келме, ерте кел,
Көңіліңнің көк жалауын серпе кел.
Шақыра кел құда – туыс, досыңды,
Ұл-қызыңды, немереңді ерте кел.
Елін танып, ерте есейсе ұрпағың
"Отаным" деп еміренер, тер төгер.
Мәңгі елі бұл "елім" деген баршаның.
Жаннан қымбат азат атқан әр таңың.
Құшақ жайып серпіледі көк туым
Жазылғанда самалымен Арқаның.
Алар еді мемлекеттің тойынан
Ауылдағы әр қуаныш арқауын.
Арманындай Айбергенов ақынның
Мүмкін емес мындай тойым тарқауың
Ой алып қайт болашақтың ойынан,
Оянып қайт ерке Есілдің бойынан.
Азаматым,
Астанаға бет түзе,
Ертіс, Жайық, ерке Сырдың бойынан.
Жалғыз мемлекетіңнің бұл тойын
Артықтау көр жалғыз ұлдың тойынан!!!
Алмас Ахметбекұлы