Баянғали Әлімжанов - Қазақ қандай дейсің бе?
2017 ж. 05 мамыр
4169
1
Балалардың бекемдесең білімін,
Ұлт жайында түзеу керек ұғымын.
- Қазақ деген қандай халық, бір сөзбен,
Айтып бер деп сұрақ қойды бір інім.
Осы сауал қойылады дүркіндеп,
Ал қайтерсің әуесқойлау шіркінге,
Тұтас ұлтқа, байтақ жұртқа бір сөзбен
Мінездеме беру сірә мүмкін бе?
Қилы-қилы тарих өткен басынан,
Таба алмайсың тау мен сайдың тасынан,
Зұлмат, нәубет зардабынан зар илеп,
Тарыдай боп дүниеге шашылған.
Аранында аждаһаның туралған,
Адыра боп алдаспан мен ту қалған,
Ұрандарын жүрегіне жасырып,
Мәрт көшпенді күштілерге қуланған!
Ажал оғы жан-жағынан қаптаған,
Амалы жоқ заманаға ақтабан,
Мойын сұнған момын батыр шетінен,
Ұрпақтарын аман-есен сақтаған!
Бой ұсынып, бұқса дағы боданда,
Қия алмаймын халқымды мен жаманға,
Аман сақтап қалу үшін ұрпағын
Амал қылған қилы-қилы заманда.
Артықпыз деп кеуде кермей адамға,
Таптамаған еш бір елді табанға,
Және ешкімнен кем көрмеймін елімді,
Әр халықтың өз орны бар ғаламда!
Сындап айтсам , жас жігерді жанимын,
Бата берем, бағын тілеп бар үйдің,
Дүниенің қай шетінде жүрсе де,
Қазағымды иісінен танимын!
Көңіліме қонбаса да кей ісі,
Кең жайылған өркенді елдің өрісі,
Әтірінен әлем – жәлем әлемнің
Артық маған қазағымның иісі!
Тереңіне ой жүгіртіп, танып ал,
Керегіңді талмай іздеп тауып ал,
Бұл қазақта адамзатта болатын
Жақсы, жаман қасиеттің бәрі бар!
Ой салмай ма от пен судан өткені,
Неше өртеніп, неше мәрте көктеді,
Тепкілеме өз еліңді, тентектер,
Аз емес қой тағдырының тепкені!
Тұншықтырса заман талай өкпені,
Он сан ұлтқа дала берді оттегі,
Ай-әлемді алты айналып келсең де,
Дәл қазақтай мейірбан ел жоқ тегі!
Асырам деп бір-бірінен қалайда,
Елді сынау бәйге болды талайға,
Кемшілігін көзге шұқып айтса да,
Бар халықты даттамаған Абай да!
Адамзаттан ақыл, ой мен санасы,
Асып туған аз емес қой данасы,
Соның бәрін біздің қазақ туғызған,
Абылай мен Абай да елдің баласы!
Жақсы атымен жер-жаһанда жарқылдар,
Ақ самалдай аңқылдаған халқым бар,
Аман сақтап қалған талай жұрттарды
Жамандауға оны қандай хақың бар!?
Мейманасы тасқандарды мазақта,
Ащы сөзбен жауапқа тарт, азапта,
Жамандығын кей біреудің көрсең де,
Тіл тигізбе бірақ барлық қазаққа!
Өзге жұрттың көрген кезде жауызын,
Өз елім деп егілерсің бауырым,
Бір қазақтың иттігіне күйінсең
Елді ит деуге қалай бармақ ауызың?!
Қанша жүрек қазағым деп бұлқынды,
Намыс үшін биіктерге ұмтылды,
Ұртын майлап жүр екен деп ұлықтар
Ұры деуге бола ма бар ұлтыңды?!
Күлкіменен алдап-сулап мұңлықты,
Кемеңгерсіп , көзді бояп кіл мықты,
Өріс алып тұрса дағы өтірік,
Біздің халық сүйеді әлі шындықты!
Көзін алдап, көңіл арбап қу сағым,
Уайым басып , жан-жүрегін буса мұң,
Біздің қазақ сүйеді әлі даласын,
Сүйеді әлі қымызы мен жусанын!
Қамын ойлап, елдің мұңын мұңдайды ер ,
Қандайсың деп сына мейлің, шыңдай бер,
Сондайсың деп айтпа бірақ төрелік,
Әділін айт , сонда ғана тыңдайды ел!
Шындық айтып, елді сынау күнә емес,
Байқа бірақ, оның соңы мың егес,
Андай-мұндай бар ғой барлық елдерде,
Жекеменшік тек қазақтың міні емес!
Кемшіліктер әлемдегі елде бар,
Бізде бар ғой , менде де бар, сенде бар,
Қазақ андай, қазақ мұндай дегенше,
Алдыменен өзіңді өзің жөндеп ал!
Батыр да бар, қорқақ та бар, ез де бар,
Алтын да бар, күміс те бар, жез де бар,
Қазақ дейтін байтақ әлем, бай әлем,
Айта берсең таусылмайтын сөз болар!