Ұлттық кітапханадағы құндылықтар
2017 ж. 24 сәуір
5155
0
Ұлтты да, жұртты да, қыл аяғы адамды да танытатын тегі мен тарихы. Арғы-бергі заманның райы мен шырайын да сол тарихтағы таңба көрсетіп береді. Таңбаңыз сөзбен сабақталып, кейін қағаз бетіне түседі. Алдымен ол тасқа қашалған, келе-келе кітапқа айналған. Сөйтіп, кітапхана әлемі салтанат құрған. Ондай кітапхана қазақ топырағында да болған. Отырар кітапханасын айтамыз. Қара табан қазақта түк болмаған деп түкірігі шашырағандар енді тілін тістеп отыр. Бұл – бұрынғы сарын. Қазіргі қарым бөлек. Мақала желісіне көшкенде, еңсесі биік елордамыздағы ұлт руханиятының кеніші, аз уақытта көп тірліктің ұйыған орталығына айналған Ұлттық академиялық кітапхананың еңселі ғимараты мен ішіндегі алтынға айырбастамайтын қыруар қазына, әр күн сайын өтіп жататын іс-шаралар тізбегі көз алдыңа келеді.
Осыдан он үш жыл бұрын Үкімет қаулысымен кітапхананың іргетасы қаланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашылу рәсіміне қатысып, ақ тілегін білдірген болатын. Дәуір жаңарып, заманның өзгеріп, техника мен технологияның жетілуін желеу еткен кейбір азаматтар кітапханаға күмәнмен қарайтыны белгілі. Ақиқатына келсек, сол техника мен технологияңыз кітаптай өміршең бола қоюы екіталай секілді. Бір құбылыста оның өнімі жойылып кетуі де ғажап емес-ау! Бұған қоса, ол адам денсаулығына зиянсыз дей алмасақ керек. Ал кітаптан алар тағылым мен қуат, өнеге мен үлгі бөлек. Тарихтан дәйек жетіп артылады. Бір кездері бәрін техникаға теліген кейбір елдер, оның ішінде Ұлыбритания халқы кітапқа қайта ден қойыпты. Іргелес жатқан көршімізден жеткізіліп, Отанымыздағы кітап дүкендерінде самсап тұрған, безендірілуі таңдай қақтыратын дүйім дүниелер – кітаптың өміршеңдігін көрсеткендей. Содан да шығар, «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» (М.Әуезов), «Кітап маған тақтан да қымбат» (У.Шекспир), «Кітаптан басқаның бәрі дәрменсіз» (А.Чехов) деген сөздерді ұлылар мұраға бекер қалдырмаған-ау!
Қомақты рухани қор
Азат Қазақ елінің Ұлттық академиялық кітапханасы бүгінгі серпілісімен дами берсе, халқымыздың рухани құндылықтары жинақталған қазынаның түп қазығы болары ақиқат. Әлем тарихына көз жіберсек, біздің Ұлттық кітапхана секілді құндылықтар жиналған орындар да бірден емес, бірте-бірте қалыптасқан. Мысалы, б.з.д. ІІІ ғасырдың басында шаңырақ көтерген Александрия кітапханасын айтпағанда, 1368 жылы іргетасы қаланған, қоры жағынан әлемдегі бай кітапханалардың бірі саналатын Франция ұлттық кітапханасы, 1753 жылы құрылған Британия кітапханасы – қай-қайсысы да көптеген жылдарды артқа тастай отырып, төрт құбыласын түгендеген. Біздің Ұлттық академиялық кітапханаға да өз мемлекетіміздегі, әлемнің бар асылдары күн өткен сайын жинақталу үстінде. Ол асылдың негізгісі – кітап. Әр алуан тілде жарық көрген жәдігерлерге көз жіберсең, керемет шабыт береді. Небір тағдырларға кездесесің.
Біз Ұлттық академиялық кітапхананың басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үмітхан Мұңалбаеваны әңгімеге тартқанымызда ол: «Кітап – көкірегінің көзі ашық адам баласының ғасырлар бойы жинақтаған тамшыдай мөлдір ойлары мен көзқарастарының көркем көшірмесі. Уақыт желісінде тозаң тартқан тарихымыз бен болашағымызды байыптап таразылау үшін тасқа қашалған жазбаларымыз бен жүздеген жылдардың тезінен өткен кітаптарымыз – біздің ең қасиетті, ең құнды мұрамыз. Міне, осындай баға жетпес жәдігерлеріміздің асыл төрі – кітапхана, – деп ойын одан әрі жалғады. – Бұл құнарлы орда кітап пен ұлт руханиятына ден қойған адамдардың баршасы үшін есігі ашық қазіргі заманғы ақпараттық мекеме. Оқырмандар билігінде ақпараттық және сервистік қызметтің толық жиынтығы бар: электронды каталог, интернет пен қашықтықтағы деректер базасына қолжетімділік, виртуальды анықтамалық қызмет, құжаттарды электронды жеткізу, газет-журналдар, мультимедиялық басылымдар молынан. Оқу залдары бір мезгілде 500-ден астам оқырманды қабылдайды. Ал «Мәжіліс», «Сұхбат» және «Конституция» залдарында дәрістер, конференциялар, тұсаукесерлер, көрмелер және кездесулер өткізу үшін толық жағдай жасалынған. Кітапхананың (www.nabrk.kz) корпоративтік сайты бар. Сонымен қатар, кітапхана «Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана – Электронды мемлекеттік кітапханалық қор» жобасын жүзеге асырудың базасы болып табылады (www.kazneb.kz.). Бұған қоса, біздің мекеме Қазақ елі Кітапханалар, Еуразия Кітапханалар ассоциациясы, IFLA Кітапханалық ассоциациялар мен мекемелердің Халықаралық федерациясының мүшесі болып табылады. Кітапханада 20 оқырман залы бар. Оның ішінде «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залы, Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы», Тұрсынбек Кәкішев атындағы «Ғалым», «Құнды тарту», «Абай», Әмбебап оқырман залдары жұмыс істейді. Жалпы, кітапхана қоры 1 455 201 кітапты құрайды. Оның 589 788-і қоғамдық-саяси әдебиеттер, 182 861-і денсаулық сақтау, медицина, жаратылыстану ғылымдарына, 165 630-ы техника, ауыл және ауыл шаруашылығына, ал 115 325 өнер, дене шынықтыру және спорт салаларына, 401 597 филология мен көркем әдебиетке тиесілі. Осы бай қазынаның мемлекеттік тілдегісі – 538 360, орыс тіліндегісі – 753 699, басқа тілдердегісі 136 138 екенін айта кетсем деймін».
Бүгінгі оқырман сұранысы қандай?
Алда еске салғанымыздай, бүгінгі оқырманның санасын смартфон жайлап алған, жастар арасында кітап оқылмайды деген үйреншікті қағида қалыптасып отыр. Дегенмен, Ұлттық академиялық кітапханаға келетін оқырмандардың қарасы жылдан жылға артуда екен. Оған дәлел, биылғы статистика бойынша қашықтықтан байланыс жасайтын оқырмандарды санамағанда кітапханаға тіркелгендердің өзі былтырғыға қарағанда 72%-ға артыпты. Оқырмандар талабын ескеріп, электронды кітапхана екеніне қарамастан үйге кітап алу үшін 2010 жылы абонемент залы ашылыпты. Осы залға күніне орта есеппен 50-60 оқырман келіп, қалаған кітабына қол жеткізуге құқылы. Сол залға келетіндердің жасы 15 пен 60 аралығында көрінеді. Үмітхан Дәуренбекқызының айтуынша, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, кітапхана оқырмандары арасында «25 кітап оқы» атты оқу марафон жарияланыпты. Ол байқауды өткен жылдың наурызында бастап, желтоқсанда қорытындылағанда оқырмандардың көптігі байқалған. Мәселен, жеке кәсіпкер С.Досыбаев – 77, банк қызметкері Г.Сүлейманова – 64, студент Ә.Райынбеков 44 кітап оқып, жеңімпаздар қатарынан табылыпты. Бұлар сияқты кітап десе, ішкен асын жерге қоятын зиялы жандар ондап емес, мыңдап саналады. Ал оқырмандардың талғамы жағына келсек, фантастикалық, классикалық және психологиялық бағыттағы кітаптарға сұраныс артқан. Қазақ әдебиетінен Абай, Алаш алыптары Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов және М.Әуезов, І.Есенберлин, Ә.Нұрпейісов, М.Мақатаев, М.Шаханов, бұған қоса, шетел әдебиетінен Д.Грин, А.Чехов, К.Дойл, Э.Хемингуэй, тағы басқалардың шығармалары әрдайым жұрт қолында жүретінін білдік.
Оқырмандардың 36,7 пайызы 15-21 жас аралығындағы білім алуға ұмтылған жастар екен. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсек дейміз. Әр азамат жасына немесе тұрғылықты жеріне қарамастан кітапхананың тұтынушысы бола алады. Кітапхананың қызметін пайдалану үшін тіркеу бөлімінен оқырман билетін алу қажет. Ол үшін қандай да бір жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі керек. Кітапханаға жазылу автоматтандырылған тәртіпте жүзеге асырылады. Сонымен қатар, теңдессіз штрихкодымен бірыңғай пластикалық билет беріледі. Көркем әдебиетті уақытша пайдалану үшін үйге алғыңыз келсе, міндетті түрде Астана қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркелімі болуы тиіс. Ал қалған қызметтер барлық оқырмандарға қол жетімді. Сондай-ақ, кітапхана пайдаланушыларға қашықтық тәртібінде қызмет көрсетуге де мүмкіндік беріледі. Бұл үшін nabrk.kz: электрондық порталға өтінім жасап, тілек білдіруші аты-жөнін, туған жылын, білімін, оқу немесе жұмыс орнын, тұрғылықты мекен-жайын, егер мүмкіндігі болса, 3х4 фотосуретін е-көшірмесі және электронды поштасын жолдаса болғаны. Сол кезде қазақстандық Ұлттық электрондық кітапханасы порталының қызметкерлері қажетті еңбекті қашықтықтан өтінім берушінің электрондық поштасына жіберіп отырады.
Сирек кітаптар мен қолжазбалар
Ғылым, сирек кітаптар мен манускриптер қызметі – бұл құнды басылымдар жиынтығынан тұратын кітапхана қорының ерекше бөлігі. Негізгі мақсаты, еліміздің мәдени және ғылыми мұрасын сақтау және насихаттау. Қызметтің үйлестіретін іс-шаралары – қолжазба материалдарын анықтау және зерттеу бойынша ғылыми жұмыстарды атқару болып табылады. Сондай-ақ, қорда оқырмандар залы да бар.
Қазіргі таңда кітапхана қорында VI-XX ғасырлар аралығында жарық көрген 20 мыңға жуық сирек кітаптар мен қолжазбалар жинақталған. Ондай басылымдар қатарында: медицина, экономика, саясат, әдебиет, тағы басқа салалар бар. Қазақ, орыс, неміс, араб,шағатай,орта түрік тілінде, француз, тағы басқа шет тілдеріндегі сирек кітаптар мен қолжазбалар бірегей миниатюра-кітаптар, бірегей түптелген сирек кітаптар, атластар, суретшілер альбомдары аз емес. Құран топтамалары, араб, латын, шағатай, түрік таңбаларымен, кириллицамен жазылған қазақ тіліндегі кітаптар мен қолжазбалар, Ахмет Байтұрсыновтың 1909 жылы жарық көрген «40 мысал» кітабы мен 1926 жылғы суретті «Әліпбиі», ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романының 1942 және 1945 жылдары жарық көрген нұсқалары сақталған. Айрықша құнды кітаптар мен қолжазбалар қатарында Құран Кәрімді атауға болады. Қолжазба 799 жылы қағазға түсіріле бастаған екен. Сондай-ақ бамбук тақтайшаға жазылған ежелгі қытай қолжазбасы да дерегі мол жәдігер. Кітапты белгілі фламанд суретші Сэр Энтони ванн Дейк безендіріпті. Бұл дүние жүзіндегі жалғыз кітап, Ұлттық академиялық кітапханасының сирек және қолжазбалар қорында кіршіксіз қалпында сақтаулы тұр. Жібек қолжазбадағы «Конфуций афоризмдері», қазақ диаспорасының белді өкілі Хасен Оралтайдың 6441 құжаттан тұратын мұрағаты, академик Зәки Ахметовтің 876 құжаттан құралған мұрағаты да сақтаулы тұр. Айта берсек, құнды жәдігерлерге кенде емес екенбіз.
Латын графикасымен басылған қазақ кітаптары топтамасында қазақтың классик жазушылары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков, т.б. туындылары атап өтуге тұрарлық. Бұл кітаптар мен қолжазбалар өз зерттеушісін күтіп жатқаны да анық. Егер зерттеп, зердеден өткізсек ұлт тарихына олжа салар тың деректер айналымға түсері сөзсіз. Зерттеушілердің назарына іліп, құпиясына үңілу жайын ұйымдастырсақ ұтылмас едік. Мұндай ауқымды жұмыстың алда атқарылатынына сеніміміз мол. Кейбір кітаптар өзінің зерттеушілерін тауыпты.
Кітап мұражайы
Ұлттық академиялық кітапхананың он жылдық мерейтойына орай, Кітап мұражайы оқырмандар үшін есік ашқан еді. Бұл жұртшылыққа, елордаға ат басын тіреген меймандарға, яғни ұлтымыздың рухани және материалдық мәдениетінің феномені ретінде қызмет етеді. Жинақталған кітап және өзге де қазынамызбен терең танысуына мүмкіндік алады.
Мұражайда сирек кітап пен қолжазбалар, академик Зәки Ахметовтің кітап коллекциясы орналасқан. Оны ғалымның зайыбы Зия Ахметова сыйға тартқан екен. Бұл елеулі еңбектер Алматыдағы Кітап музейінен, Ұлттық кітапханадан және Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорынан алынған жәдігерлер. Осы жәдігерлерді 25 722-ге жуық елордалық тұрғындар мен шетелдік қонақтар келіп тамашалаған. Кітапхана музейіндегі сирек кітаптар мен қолжазбаларды ұстап көруге рұқсат етілмейді. Дегенмен, келешекте оқырман қауымның құнды деректерге дер кезінде қол жеткізуі, әрі келер ұрпаққа аманаттау үшін кітапханада сирек кітаптарды цифрлау арқылы пайдаланушының сұраныстарын қанағаттандыруға және сирек кітаптар қорларын дәстүрлі, электронды нұсқаларда сақтауға мүмкіндік бар болып шықты.
«Музей құрудағы мақсат – қазақ тарихына, мәдениеті мен ғылымына қатысты көне қолжазбаларды, сирек басылымдар мен аса құнды мағлұматтарды қорға жинап сақтау, зерттеулер жүргізу, әрі көпшілікке насихаттау. Бұл жұмыс әлемдік стандарттарға сай келеді. Кітап музейі – отандық кітап тарихын өз халқымызға да, өзге ел азаматтарына да жеткізуге бағытталған», – дей келіп, кітапхана басшысы: үш бөлімнен тұратын, яғни бірінші бөлім – жазу тарихына, нақтылай түссек, Түркі өркениеті Күлтегін жазуларынан, екінші бөлім – Ислам өркениетінің айтулы өкілдері әл-Фараби, Қ.А.Ясауи, Ж.Баласағұн, М.Х.Дулати еңбектерінен, үшінші бөлім – Құран және Ислам туралы кітаптар топтамаларынан, төртінші бөлім – Қазақ елінде және шетелдерде жарық көрген кітаптардан, бесінші бөлім – Ұлттық академиялық кітапхана қорындағы сирек кітаптар мен қолжазбалардан тұратынан еске салды. Сонымен қатар, кітапханада атқарылып жатқан игі шараларға да жан-жақты тоқталып, төрткүл дүние назар аударып отырған ЭКСПО-2017 кезіндегі көрсетілетін қызметке баса көңіл бөліп, біраз жылдан бері жүйелі жолға қойылған «Бір ел – бір кітап» бойынша осы жылы «Жыл кітабы» ретінде мына өмірден ерте кеткен талант иесі Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары оқытылатынын алға тартты. Кітапхананың редакциялық-баспа жұмыстары бойынша шығарылып жатқан көрсеткіштерге, рухани орталықтың тірлік-тынысын жұртқа жеткізетін арнайы жарық көріп отырған журнал, онда басылған материалдар туралы да молынан мәлімет берді.
«Құнды тарту» залы және «Жолдасбековтің кітап коллекциясы»
«Құнды тарту» залы 2015 жылдың қарашасында ашылыпты. Бұл «Құнды тарту» акциясы аясында жүзеге асып, кітапхана қорын молайтуға қосқан үлестің нәтижесінде жасақталыпты. Әлемдік тарих пен философияны, экономика мен саясатты, тіл білімі мен әдебиетті, түркітану және өнертану туралы сирек басылымдар қатарындағы эксклюзивті кітаптар ерекше назар аударады. Тіпті, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы құндылықтар да аз емес. Кейбір кітаптардың безендірілуі бойынша сирек репринтті, аз таралымды полиграфиялық жағынан орындалуы керемет екеніне көз жеткізесің. Кітап түптеу өнерінің де ерекше болғанын аңғарасың. Әсіресе, каталогтағы сирек кітаптар 799 жылдан бастап бір әулеттің үрімбұтағының бастамасымен қағаз бетіне дәстүрлі түрде түсіріліп келген «Құран тәпсірлері», яғни ежелгі Құран түсініктемесі; Джон Рашуоттың тарихи топтамасынан 1686 жылы жарияланған 10 шежіренің бірі; 1735 жылы Парижде басылған Қытай, Иран, Үндістан және Жапония түпнұсқа түрлерінде жинақталған Қытай суреттері де тартымды. Сол секілді «Живописное путешествие по Азии» бірегей басылым; Брокгауз бен Ефроның (1890-1901) энциклопедиялық сөздігі, оның 82 томы мен 4 қосымшасы ерекше есте қалады. Төрт керегеде тіреліп тұрған кітаптар мен қолжазбаларға үңілсең адамзат өткен қилы кезеңдерді, соны тасқа басып артына қалдырған сардар саңлақтарды танып білесің. Бұл неткен жанкешті еңбек демеске шараң жоқ.
«Құнды тарту» залының барлық қоры 5511 атаудан тұрса, онда 5927 жәдігер орын алған. 5619 кітаптың – 300-і қазақ, 4513-і – орыс, 1114-і шет тілдерінде екен. Мұның бәрі ұлт құндылығына қосылған мұра деп білеміз.
Ал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ ғылымында өзіндік орны бар оқымысты Мырзатай Жолдасбековтің залындағы дүниелер бүгінгі ұрпақ оқып ойланатын, келер ұрпақ ұлт жақсыларымен дидарластыратын құндылық екені сөзсіз. 415 мемориалдық экспонаттардың қатарында тағылым алар кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар, монеталар болса, 908 аудио, бейнематериалдар, күйтабақтар мен көне бұйымдар ерекше есте қалады. 609 мерзімдік басылымды қосқанда 9426 (8162 аталым) кітап, өзге де заттар кітапхана қорына қосылыпты. Біз ардақты азаматтың осы еңбектерін бірнеше күн бойы қарап шыққанда, әлем өркениетінде өзіндік орны бар алуан түрлі дүниелерімен қауышқандай болдық.
Әсіресе, Түркі дүниесіне, Қытай тарихына, мұсылман, араб әлеміне қатысты небір сирек кітаптар өз зерттеушісін күтіп жатқаны анық. Ұлтымыздың бай қазынасы саналатын 100 томдық «Бабалар сөзі», 100 томдық шетел әдебиеті классиктерінің туындылары, энциклопедиялар, С.Соловьевтің 15 кітаптан тұратын 29 томы, қазақ әдебиетінің, ғылымының айтулы өкілдерінің шығармалары – қай-қайсысына үңілсең, алыптардан бастап бүгінгі жас таланттарға дейінгі шоғыр-шоғыр ұрпақпен табысасың. Әсіресе, қолтаңбалар бөліміндегі кітаптарды қарап отырсаң, ұлылардың ізетті сөзіне, кішілігі мен кісілігіне бас иесің. Мысалы, 1955 жылы жарық көрген 6 томдығының 3-ші томына ұлт жазушысы Мұхтар Әуезов: «Інішек Мырзатайға!» деп екі сөзбен ілтипат танытып, қолын қойса, тағы бір ардақтымыз Әбділда Тәжібаев: «Өзімнің өзегімнен шыққандай Мырзатайыма! – ағаң Әбділда» деп жазыпты. Сол секілді драматург Шахмат Хұсайнов (өз жазуы) 1961 жылғы кітабына «Ерік өзіңде, тек жүрегіңіз білсін. Оқып шық. Сына, пікір айт, ағаңыз» десе, академик Зейнолла Қабдолов «Ақылды, ойлы, білімді, мәдениетті Мырзатайдың маған ең қымбат қасиеті – әдебиетшілдігі. Ол нағыз қаламгер. Сөз өнерінің өз адамы», деп жазғаны да ғалымға берген ақиқат баға екені анық. Тағы бір қолтаңбаны 1964 жылы Мырзағаң өзі қалдырған екен. Оқып көрелік. «Мәрияш! 8-март – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтай отырып, өміріңнің ұзақ, еңбегіңнің өнімді, әркез баллар (өз жазуы) дені сау болуын тілеймін», дейді. Бұдан аңғарарымыз, егер ол тұста гүл сыйласа, мынадай тағылымды сөз кейінгі ұрпаққа қалар ма еді? Кітаптың құндылығы деген осы болса керек.
Жалпы, ұлттық кітапхана – ұлт байлығы. Осы арада мына бір байламды да ортаға сала кетсек дейміз. Алдағы уақытта біраз ұлт жақсыларының кітаптары Ұлттық кітапханадан орын алады екен. Солардың қатарында қазірдің өзінде академик Кеңес Нұрпейістің жиған еңбектері Алматыдан жеткізіліпті. Шынында, осы секілді қазақтың қаламгерлері мен ғалымдарының бай мұрасына жанашырлық таныта алсақ, баршылық. Кейбір жеке тұлғалардың кітапханалары өңірлерге «жол тартып» жатыр. Соның қатарында қазақ өлеңін ақылмен ұштастырып, философиялық иірімдермен астастырған Қадыр Мырзалиевтің бай кітапханасы Жайықтың жағасына, Орал қаласына орын тепті. Бұл да керек шығар. Дегенмен, азат елдің рухани байлығы саналатын мұндай құндылықтарды бір орталыққа жинастырып, келісті ғимаратқа орналастыра алсақ, береке-бірлікке ұйытқы, зерттеп, зерделеуге де оңай болары хақ. Кітапханалардағы мұраның үстіне қоса беру – бір кездері көбейіп кетіп, елеусіздікке ұрынбай ма, ғимарат тарлық етпей ме деген ой мазалайды. Мұны келешекте жұрт болып жұмылып шешіп жатсақ, нұр үстіне нұр болады. Ал әңгіменің негізгі желісін құраған Ұлттық кітапханадағы құндылықтардың қазіргі сақталуы мен атқарылып жатқан жұмыстары ел көңілінен шығып отыр. Біз оның кейбір тұстарын ғана атап өттік. Келешекте әр сала бойынша таныстырып отырсақ, тағылымды іс болары сөзсіз.
Сүлеймен МӘМЕТ,