Кәрібай Мұсырман - Ауыл неге түседі жиі есіме
2017 ж. 23 сәуір
5460
4
[caption id="attachment_68244" align="aligncenter" width="627"] Кәрібай Мұсырман[/caption]
"Қазақ үні" ұлттық порталының "Әдебиет" айдарында ақын Кәрібай Мұсырманның бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз. Кәрібай Иманжанұлы 1957 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында дүиеге келген. Әр жылдары баспасөз саласында жемісті еңбек етті. Бүгінде ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты. Ақынның ел мен жер, отан мен отбасы тақырыптарын кең қамтыған жырлары көңіл пернелерін дөп басып, нәзік иірімдерімен оқырман жанын баурайды.
Әулие тұту керек...
Ауылым, аянышты халің маған, Тоз-тозың шығып, сорың қалыңдаған. Көшкен үй жұрты жатыр үңірейіп, Жаңадан бірде-бір үй салынбаған. Кешегі аққу-қазы қаңқылдаған, Көлің де қалмапты ғой сарқылмаған. Қыран құс көзден ғайып болып мүлдем, Көгіңде кілең қарға қарқылдаған... Қайда елдің арқа тұтқан ағалары – Қараған жұрт қызыға жағалары? Жыртылып, жұлым-жұлым болғаннан соң Бүгінде қалмаған-ау бағалары... Қайда елдің өркеуделі жігіттері – Қол созған ай-жұлдызға-үміттері? Тасжүрек тағдыр деген балуанның Алдында бәрі тізе бүгіп пе еді?.. «Отан не деп сұрайсың, ботам, менен, Ойлансаң, осы аулың ғой Отан деген!» Әкемнің осы сөзі ойға оралып, Мұздап бір кетті менің жотам неден?.. Не жетер ақ қайыңды далама кең? Құмарым қанша көрсем, қана ма екен? ...Ауылдан ағайынның бәрі кетіп, Орнында зират қана қала ма екен?.. Кім тежер мынау өмір доңғалағын?! Көрерсің кімнен бақ-құс қонбағанын?!. ...Әулие тұту керек осы ауылдың Жұртында көшпей қалған соңғы адамын!Жаңбырлы түн
Терезенің сыртында Түн жылайды егіліп... Менің көңіл-бұлтым да, Қоя берді төгіліп... Үйдің іші қапырық, Кетер ме екем тұншығып?.. Қара түн тұр шақырып, Келсеңші деп бір шығып. Қайдан табам өзіңді, Қара түнді жамылып? Күлпарша ғып төзімді, Құса болдым, қамығып. Кетсем бе екен сені іздеп, Қала кезіп, қаңғырып? ...Жүрмісің сен мені іздеп, Жасыннан от жандырып?.. Тереземді қаққан бұл, Жаның ба әлде өзіңнің? Жаңбыр болып аққан бұл, Жасы ма еді көзіңнің?..Қара бие
Ауыл неге түседі жиі есіме? Мазалаған жанымды киесі ме?.. Анам жайлы ойласам, көз алдыма Оралады үйімнің биесі де. Қара бие балаған қара нарға, Еркелеуші ед кекілін тарағанда. Ұқсайтын ед елікке құлынында Екі көзі жаудырап қарағанда. Ат қойғанбыз Елік деп содан-дағы, Бала біткен ұйғарып сол маңдағы. Жұрт қызыға қарайтын тұлғасына Төресі еді жылқының қотандағы. Жазда арбаға анашым жегетін ед, Салдырмай бір қамшыны желетін ед. Елік десең, жалт қарап, анадайдан Бірден танып, шауып, тез келетін ед. Әкем қайтқан, еңбекқор анам ерен, Шөп те шапқан бойда бар шамаменен. Пішеніміз таусылып бірде қыста, Сабан іздеп шықтық біз шанаменен. Сабан таптық қар басқан дала кезіп. (Онда менің кішкентай бала кезім). Мен әперіп сабанды айырменен, Шана үстінде жайып тұр анам өзі. Бір мезетте бие үркіп әлденеден, Сүйрей тартты шананы бар пәрменмен. Анам байғұс абайсыз құлап түсіп, Жәрдем бере ұмтылдым жандәрмен мен. . Естен танып сәл уақыт анам жатты, Зәрем ұшып, сілкінді санам қатты. Қамшыны ала жүгірдім Елікке мен, «Көрсетейін мен саған, арам қатқыр!» Бүлдіргенін Елігім сезіп тұрды, Оны маған кінәлі көзі ұқтырды. Қолым батпай ұруға қамшыменен, Ұрсып алдым ұялған «сезіктімді». Сол сәтті мен есімнен шығармаймын, Анам жайлы кеудемде тұрар қайғым. Не көрмедің мен үшін, қайран шешем?! Соны ойласам, морт етіп сынардаймын... Анам өтті өмірден қызық көрмей, Бұл тірліктің мәуелі күзін көрмей. Елік те жоқ бүгінде ауылымда, Кетпеуші едім келгенде жүзін көрмей. Көкіректе кетеді-ау кей арманым: Туыстарға: «Соймаңдар!» - дей алмадым... ... «Қара бие еті ғой...» дегенде әпкем, Бір түйір де дәм татып, жей алмадым...Мен де бір көбелек ем...
Сен ауылдың аруы ең еліктейін Көздерің мөлдіреген. Кеш түскенде мен қалай желікпейін – Қайтсем де көргім келген. Кешкілікте үйіңнен шыға алмасаң, Салушы ең қайғы маған. Сені аңсаған жанымды ұға алмасаң, Мені аяп, Ай жылаған... Торуылдап жүруші ем қара түнде, Үйіңнің қасында мен. Терезеңе сығалап қарағым кеп, Талай рет асылған ем... Түссем дағы махаббат әуресіне, Еріксіз көне бергем... ...Терезеңнің ұмтылған сәулесіне, Мен де бір көбелек ем...Наурыз-ниет
Наурыз келді, ей,жан-жарым, наурызкөже пісірші, Жақындарға үйге келген жайраң қағып ұсыншы. Күн мен түнім теңеліпті, қара түнек азайып, Менің нәзік жүрегімді нұр шалып тұр, түсінші. Періште емен, мен де пенде күнәсі көп, жазалы, Мен талайға реніштімін, маған талай назалы. Ақ сәулені түсірейін, ашып көңіл пердесін, Ар алдында оңаша бір алайыншы тазарып. Бұл жалғанда ағайынның өкпесінен ауыр жоқ, Жүрген жақсы сағынысып, барып-келіп, бауыр боп. Бірінші боп сәлем берем бүгін жұрттың бәріне, Енді менің ешқандай да дұшпаным жоқ, жауым жоқ. Сергіп бір сәт сары уайым басқан сорлы санадан, Серпілейін, серт берейін өзіме-өзім жаңадан. Наурыз – жаңа жыл басы ғой, жарқыраған жаңа күн. ...Жаңа күннен жаратылып, болғым келед жаңа адам!..Соғыс жайлы
Соғыс жайлы не білеміз? Шамалы. Біз көрмеген, аға ұрпақтың заманы. Ел шетіне жау тигенде ерлердің Қару алмай, бар ма басқа амалы?!. Кім тілепті сол сұрапыл соғысты, Адам ату, аяусыз қантөгісті? «Отан үшін, Сталин үшін!» - ұрандап, Қанша қазақ жат өлкеде оққа ұшты? Ашаршылық, қуғын-сүргін бұрынғы Аздай болып, халқым тағы қырылды. «Жүз грамды» жұтқызған соң жігіттер Жаннан безіп, жауған оққа ұрынды. «Жау қолына түскен сарбаз - сатылған, Одан да жөн өз қолыңмен атылған!» Сталин берген бұйрық осы. Соңғы оғын Өзіне арнап, мерт болды сан батыр жан. «Қара қағаз» алмаған аз шаңырақ, Қалды аналар қайғы жұтып, аңырап. Жетім бала, жесір әйел көбейіп, Боздап жылап жатты бәрі жамырап. Болмас бұдан асқан, сірә, жұт ірі: Талай үйдің өшті мүлдем түтіні. Жау жағадан алған шақта етектен Тартып жатты нелер бөрі құтырып. Көп басқарма жасап елге зорлығын, Жұрт күйінді, көріп әбден қорлығын. Көз жасы мен қарғысына қалды олар Қорғаны жоқ жетім-жесір сорлының... Үнсіз жатыр шейіт болып өлгендер, «Біз жеңдік!» дер оттан аман келгендер. ...Соғыс жайлы айтсын бізге әңгіме Сол соғыстың қасіретін көргендер!..Танытты қазақ қызы ұлылықты!..
(Сапура қажы апама)
Қызылжар. Теледидар. Пікірталас: Ертеңі не болады бүгінгі Алаш? Дініне берік болмай, бөлшектенсе, Қазақы қасиеттің түгі қалмас. Ата Заң ашып есік дүниеге, Отырмыз сүйіне де, күйіне де. Адасқан ағайынды ақ жолынан, Жат жұрттың баурап жатыр діні неге? Осындай сауалдар көп, жауабы жоқ, Кінәні заманаға жабады көп. Лық толған студияға қалың қауым Бір-бірін сын-сойылмен сабады кеп. Жас имам бас қазыға ұқсап берді, «Шариғат сөзін дұрыс ұқсақ», деді. «Қазақтың қызы Исламды қабылдатса, Басқа ұлтқа ерге шығу рұқсат», деді. Бұл сөзді талай адам ұнатпады, Алайда, тым-тырыс боп үн қатпады. Сапура қажы апам саңқ етті тек, Сол сөзі жаңғырып тұр құлақтағы: «Жоқ-, деді ол жас имамға,- Келіспеймін, Сіз жаңа айтқан сөзді теріс деймін! Қазақтың қызы өзгеге кетпеу керек, Тиген жөн өз ұлтына тегіс деймін! Біз қазақ көп емеспіз, аз ғанамыз, Ел болып егеменді мәз боламыз. Кең-байтақ жерді сақтау – басты аманат, Ал оны орындайтын өз баламыз. Сондықтан, «Қазақ қызы өз қазағын Көбейтсін!» деген ұран сөз жазамын! Асқақтап ұлттық намыс тұрсын десек, Бұл жерде басқа әңгіме қозғамағын!» Бұл сөзге имам дағы таласпады, Таласпақ түгіл, тіпті жақ ашпады. Сапура апам солай тұжырымдап, Әлі есте жұрт риза боп тарасқаны. Апамыз, міне, осындай ділі мықты, Алмастай тіліп түсер тілі тіпті. ...Салмайтын ар-намысын еш саудаға, Танытты қазақ қызы ұлылықты!..