Атам туралы есте қалғандар
2017 ж. 12 сәуір
3844
1
Қазақтың ардагер жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов менің әкем Әшімнің туған ағасы еді. Біз ол кісінің әкесінің атын фамилия етіп алған екенбіз. Сондықтан, әкем де, оның балалары біз де Махмұтовтармыз. Ғабит пен Әшімнің туған шешелері Дина әжемнің қолында болып, мен туардан екі жыл бұрын қайтыс болған екен, зираты ауылда.
Біз кейінгі балалар әкемнің ағасы Ғабитті ата дейміз. Ауылға келгенде, әрине, інісінің үйіне түсетін. Сол себепті, сәби шағымыздан бастап ондай ауыл, бүкіл сол төңірекке мерекедей қабылданатын құбылыс біз үшін үйреншікті болып кеткен. Дегенмен, ұлы адамның ұлылығы дараланып тұрады ғой. Жай кездегі қатар жүрген құрбыларымның өзі атам келген тұста менен төменшіктеп, ығыма тығылып қалғандығының өзі мен үшін дәрежемді арттырумен бірге жауаптылық салмақ та артатындай сезілетін.
Балалық шағынан
Әлі күнге қаймақ жесем болды, атам есіме түседі.
1982 жылы ЖенПИ-дің кітапхана факультеті бойынша оқу бітіріп, институт жолдамасымен Алматыдағы А.С.Пушкин атындағы республикалық кітапханада жұмыс істей бастаған кезім еді. Сол жылы Ғазиза апай қатты науқастанып ауруханаға түсті. Мен солармен бірге тұрдым. Өйткені, екеуі де қартайған, күтетін адам керек болды да (үй-жай шаруасына), мені қолдарына алған болатын.
Бірде таңертеңгі ас үстінде едік. Ғазиза апа – ауруханада, екеуден-екеуміз. Ол кісінің піскен қаймақты сұмдық жақсы көретінін білетінмін. Ғазиза апайдан үйренгенім бар, соны істеп беріп, шай ішіп отырғанбыз. Ол кісі онша шешіліп сөйлей бермейді ғой, ал, кейде көңілі түссе шешіліп-ақ кетеді. Сол қаймақ жайлы әңгімелейтін күні таңертең кеседегі қаймағын тәбеттене жеп болды да, бас бармағын қайқайтып:
– Қызым, вот это чудо, класс! – деп өзімді бір мақтап алды да, (әлдене көңіліне қатты ұнаса, айтатын өзінің бір сөзі осы). – Мен саған осы қаймақ туралы жас кезімдегі басымнан кешкенімді айтайын, – деді.
– Ата, айтыңызшы, – деп мен тыңдай қалдым. Көзін сығырайта сәл ойланып:
– Ол кезде мен жеті-сегіз жас шамасында едім, қаймақ десе ішкен асымды жерге қоятынмын, – деп бір тоқтады, – шешем Дина сиыр сауып келген соң үйдің ортасында тұрған ошақтағы қазанға сүтті құйып пісіретін еді. Содан кейін бетін жауып қоятын. Мен ойын баласы болсам да сүт пісіретін уақытын, оның қаймағы қашан қалыңдайтын шағын аңдып жүретінмін. Сүт пісіріп, бетін жауып, өз шаруасымен жүрген шешем қаймақ қалыңдаған шақта үйден алысырақ кететін кезін аңдушы едім. Алысырақ шығып кетті-ау дегенде, жүгіріп келіп, қазанның бетін аша салып, бес саусағымды батырып, бар бетіне тұрған піскен қаймақты қомағайлана, сілекейім шұбыра жеймін-ай келіп! Соны аз ғана күн кәсіп еттім. Күнде жеймін, содан кейін дым білмегендей қайтадан ойын қуып кете беретінмін.
Біразға дейін шешем бұл кімнің ісі екенін біле алмай жүрді. Әсіресе, кешке дейін тұрған сүттің бетін айтсаңшы! Қаймағы тым қалың болушы еді. Бірде тағы осы әдетіме басып жатыр едім, шешемнің кіріп келмесі бар ма! «О, антұрған, Ғабит, бәрін бүлдіріп, құртып жүрген сен екенсің ғой! Кімнен көрерімді біле алмай жүр едім», – деп шешем мені қуып жүр, мен құтылудың амалын іздеп әлекпін. Бірақ қайтсе де мені ұстап алып, сабап тастады. Содан екі күн нәр татпай жатып алдым. Тамаққа шақырса да тұрмадым. Өзімнің істегендеріме емес, шешемнің ұрғанына ыза болдым.
Сондықтан ғой, шешем айтушы еді: «Бұл Ғабитті ашуландырмаңдар, бір ашуланды ма, ашуы тым қатты. Үш күн тамақ ішпеуге бар» – деп өзі де мәз, мені де бір күлдіргені бар.
Үнемі ұтылатын «хоккейші»
Атам спорт десе ішкен асын жерге қоюшы еді. Әсіресе, спорт біткеннің ішінде хоккейді ұнататын. Бертін келе Ғазиза апайды да сол әдетіне үйретіп алды. Екеуі қосылса болды, бүкіл үйді басына көтеріп айғайға басушы еді. Қандай команда ойнаса да екеуі екі командаға жақ болады. Кімнің командасы жеңілсе, сол ұтылғаны үшін айып есебінде ақша төлейді. Әрине, ол үшін екеуі алдын-ала ақшаға бәс тігіседі. Екеуінің ортасында мен ішек-сілем қатып күліп отырамын.
Ғазиза апай қулау ғой, күнібұрын маған айтып пошта жәшігіндегі газетті әкелтіп алады. Сондағы теледидардан берілетін бағдарлама бойынша берілетін хоккей ойынының жүйесін қарап көреді де, жақсы командасын өзіне таңдап алады. Содан кейін атама барады. Ол кісі атамды «көкесі» деуші еді.
– Көкесі, бүгін мына командалар ойнайды екен мынаған жақпын, – деп, шапшаң айта қояды.
Атам аузын да ашып үлгермейді. Қайтсін, қалған команда шама-шарқы қандай болса да сол кісінікі. Содан кейін ақырына дейін көріп, кейде атам жеңілетінін біледі де (ақша төлеу керек қой), «мен шаршадым, жатып демалайын» деп сылтау қылады. Онда апам, атамды жібермейді, «тым болмаса айыбыңды төлеп кет» дейді. Атам көнбей, бұлқынған болады, ақыры зорға деп төлеп құтылатын.
Апамның тағы бір қулығы бар, кейде бір сырын білмейтін командалары болса, таңертең ертемен радиодан спорт жаңалықтарынан түнде қай команда жеңгенін алдын-ала біліп алады. Ондай күндерде апам ерекше батылданып, көп ақшаға бәс тігісетін. Сөйтіп, апамның алдында атамның аңқаулығы көп болушы еді. Дегенмен, сырт қараған кісіге екеуінің осылай ойнап отырғаны тым қызық болып көрінеді.
«Бұтақ» жорығы
Оның бір хоббиі – ерекше мүсінді ағаштарды жинау еді. Қай жерде демалса да көңіліне ұнаған, бір жанды, не жансыз заттарға, адамға ұқсаған ағашты кесіп ала келетін. Үйге келгенде, соны асықпай отырып жонып, мүсіндеп, іліп, не сүйеп қоятын. Сөйтіп, көрмеге қойғандай жинай беруші еді. Қазір соларының жиырма шақтысы музейде сақталған. Қазіргі өзінің мұражайы болып тұрған үйдің жанында қара қарағай өсуші еді. Бертін келе ол ағаш қартайды, қурай бастады. Бірақ сол кәрі ағаштың бір бұтағы бұл кісіге өте қатты ұнады. Өзі барып ол ерекше бұтақты кесіп алуға қорқады немесе ұялады. Әйтеуір, Ғазиза апай екеуімізді күнде кешке үтіттейді. Біз де тура барып кесіп алуға қорқып жүрдік.
Жамбыл қаласында ағасы Хамиттің баласы Екпін тұратын, бірнеше айдан кейін Құдай жолын оңғарып, соның үйге келе қалмасы бар ма! Енді атам өзінің көптен іске асыра алмай жүргенін сол кісіге айтып, «сен бірдеме ғып сол бұтақты қолыма түсіріп бер» деп үгіттеп, үйден екеуі бірге шықты. Көшеде біреу келе жатса болды, өзі қашып кететін көрінеді. Екпін «тым болмаса көрсетіп жіберіңіз» деп әзер жақындатып, ақыры сол ұнаған бұтағын үйге әкеліп тынды. Оны бірнеше күн әдемілеп жонып, өз қиялындағы мүсінге ұқсатып болғанша еңбектенді. Ол да үйде, экспонатгармен бірге сақтаулы. Ол кісі сұлулықты сүюші еді ғой, ағаштарына қарап, атамның сол бипаздығын еске түсіресің.
Келгендерді қабылдауы
Біздің үйге жазушы, ақын, журналист, студент сияқты әр түрлі келушілер көп болатын. Соның бәрі ол кісіден ақыл сұрайды, жазғандарын оқып береді де сынатпақ болады, жәрдем тілейді. Ондайға не ерінбейді, не жалықпайды, тыңдай береді.
Әбден оқылып болған соң асықпай, баяу сөйлеп отырып ақыл-кеңесін айтады. Соңғы жылдарда көп адамдар атамның көңілденіп отырған кезін пайдаланып, өздері туралы жақсы лебіз жазылған қағаздарына қол қойдырып әкетіп те жүрді.
Ал, кейде көңіліне ұнамайтындары келсе, (біреуді ұнатпайтын мінез әр адамда болады ғой) қабағы ашылмай, дұрыс та тыңдамай, тез кетсе екен деп отыратын. Ондайда ұйықтағандай қабағы жабылып, төмен қарап отырады. Кейде орынсыз қимылдап, қақырынып та қояды. Келген адам атамның ондай сырын білмейтін бейтаныс болса, өз дүниесін өзеуреп оқи береді. Қалай тыңдап отырғанына да көңіл аудармайды. Әбден оқылып болған соң ғана басын көтеріп атама қарайды. Ал атам болса «уһ» деп бір күрсінгендей сыңай танытады да, бір-ақ сөзбен қайырып қоя береді. Анау байғұс неден жазғанын білмей, пұшайман күйінде кете барады. Ол кеткеннен кейін «өзі бір көк мылжың» деп қоятын.
Ата жазған қағаздар
Атам өмірінде жеңіл әзілді (юморды) ұнатушы еді. Бір күні таңертең тұрсам үстел үстінде мынандай бір жазылған қағаз жатыр: «Тәтесі! Мынау саған Шалбарбайдан, таңертеңгі почтамен жіберіпті».
Осының алдында Ғазиза апай шалбарын қысқартып берген болатын, өзіне жоғарыдағыдай ат қойып алуы содан шығып тұр. Кейде көңілі түссе апамызды «тәтесі» дейтін. Қағазды оқып Ғазиза апай екеуіміз мәз болып күлдік. Апай атамды біразға дейін солай атап жүрді. Әрбір айтқан сайын үшеу ара жымиысып қоятынбыз.
Кейде мен ұйықтап жатсам, ертемен тұрады да өзіне бір кітаптар керек бола қалса, мені оятып мазаламай, қажетті жұмысын қағазға жазып, үстел үстіне қойып кететін. Сондағысы мынадай қысқа ғана жазу болатын: «Ж... Мынадай кітапты кешке ала кел. Атаң» деп керек кітабының атын толық жазып қояды немесе әлгі жазылғанға қосымша «Назира апайыңа айт, осы кітапты тауып берсін» деген сөздер болатын. Кейін музей директоры болған Назира Қажиахметқызы Дәулетова ол кезде республикалық кітапхананың директоры-тын.
Жазу столы
Атамды бала жастан білемін десем де, күнделік тіршілікте көп жайларын біле бермейді екенбіз. Үйде бірге тұрған үш-төрт жылда соның біразын аңғардым.
Мысалы, ол кісінің өз басы қанша қылап болғанымен, кабинетін жинауды ұната қоймаушы еді. Оның себебі, мен үстелінің үсті шашылып жатыр деп бәрін реттеп қоюшы едім, кейін білдім, онысы өзінің жұмысына қарай қойғандары екен. Бір кітапты оқып, зерттеп отырады. Әр қағазға әртүрлі ойларын жазып қойып жатады. Тағы бір дүниесі бұрын жазылған қолжазбасы, бәрі стол үстінде жайылып жатады екен. Оларды көңілі түсуіне орай әрқайсысын әр кезде қарайды.
Жұмыс істерде қай қағазының қай жерде тұрғанын өзі ғана біледі, сондықтан, оңай тауып алады да, жұмысын жалғастыра береді. Ондай дағдысын білмеген мен барлық қағазды тап-тұйнақтай етіп жинап қоятын көрінемін.
Менен кейін ренжіп, әр нәрсесін көп іздейтін болыпты. Содан мен кабинетті жинайын десем, «Кабинетті жинасаң – жина, тек үстелге тие көрме» дейтін.
Балаларын күткенде
Атамның, әсіресе, бір көңілденетін шағы балаларын қонаққа шақырған кезі. Ол кісі балаларын айына бір рет шақырып алып қонақ қылып жіберетін. Балалары деп отырғаным – Раядан туған екі қызы Гауһар мен Гүлнәр. Мен атамдармен бірге тұрған кезде олардың есейіп қалған шақтары. Сол қыздары келеді дегенде таң атпай тұрып, өзі кербез кісі ғой, айнаның алдында бір сағаттай таранып-сипанып:
– Қай көйлегімді кисем жақсы болар екен? – деп жүргені.
Ондайда жүзінде шаттық ойнап, ерекше нұрланып тұратын. Үй ішінде де жайшылықтағыдай емес, жадыраңқы, сөзуар болып кетеді.
Ал қыздары келген соң тіпті өзгеріп, өзіне-өзі ұқсамай кететініне таңғаламын. Қашан солар кеткенше мәз болатын.
Шешем Сәтеннің айтқаны
1976 жылдың шілде айында атам қызы Райхан екеуі елге келіп демалып жатқан болатын. Ғабиттің ағасы Хамит атамның баласы Екпін де әйелі Бикенмен жазғы демалыста біздің үйде еді. Атамның келгендеріне бір күн болған, екінші күні Баязит ағайдың қайтыс болғаны туралы хабар жетті. Ол кісі өзінен кейінгі інісі, Қостанай қаласында тұратын. Көп жылдан бері сол қаладағы өлкетану музейінің директоры болып істеп, пенсияға шықты.
Бәрі сонда аттанып кетті.
Інісінің қазасын естігенде үнсіз сазара қалды. Еш адамға тіс жарып ештеме айтпады, көзіне жас алмады. Басын жоғары кекшите ұстаған күйінде машинаға мінді де жүре берді.
Қостанайға барып, мәйітті жерлеу үстінде де сол бір қалыптан таймапты. Шешем: «Осы кісі өте қатал ма, әлде беріктігі ме екен?» деп келді. Атамның осы кейпін кейіннен Махмұт тұқымынан өзге де қаза көрген тұстарда байқап, қайран қалатынбыз.
Сол жолы өлікті жерлеп, үйге қайтып келе жатады. Елден бірнеше жеңіл машинамен кеткен. Бірінші машинада атам, менің шешем – Сәтен және Екпіннің әйелі Бикен үшеуі ғана болды. Жолда, елге жеткенге дейін өзінен-өзі күңіреніп, қайталап «Зәуреш» әнін айтумен болыпты. Бұларға қосылыңдар дейді. Сонымен бұлар да қосылады. Сөйтіп, Жаңажолға ең таяу Исаевка деген селоға жетеді. Ол жер біздің ауылдан жеті шақырым шамасында. Сол жерге жеткенде менің шешемді сынамақ болды ма екен:
– Ал, Сәтен, мына жерде жол екі айырылады, соның қайсысына түсеміз? – дейді.
Әрине, машина жүргізуші бәрін біледі ғой. Шешемнен сұрағаны ұзақ жолдағы мезі қылған ойдан серпіліп, көңіл көтергісі келгені болар. Бір жағынан, енді ел маңына жақындадық, ары қарай жолды білер ме екен дегісі келді ме екен, кім білсін.
Елден ешқайда ұзап шықпаған шешем, әрі ол жақпен жүріп те көрмеген ғой:
– Өзіңіз біліңіз, екеуінің біреуіне түсе салсаңызшы, – дейді. Атам бір мырс ете түседі де:
– Ие, Сәтен, Кәжімбай атаңа ұқсаған екенсің, – дейді.
Кәжімбай атамыз Махмұттың әкесі ғой. Ол сондай аңқау кісі болғанға ұқсайды. Барған жерінде мініп келген атын, не өгізін сол барған үйіне түскенде, келген жағына бұрып жатқызып қояды екен. Ондағысы кейін қайтқанда елдің бағытынан айырылып қалмауға жасайтын әрекеті көрінеді.
Сөйтіп, аталарының аңқаулығын айтып біраз күлісіп алады. Елге келіп туыстарға айтып, біразға дейін күліп жүрді.
Қос қолдақ нан
Алматыда атамдармен бірге тұратын кезім. Үйде екеуіміз ғана. Түскі ас ішіп отырғанбыз. Бір туралған нанды алды да, біраз нанға қарап отырып маған:
– Жанат, қос қолдақ керек пе, әлде солқылдақ керек пе? – деді. Мен ештеңе түсінбей «қос қолдақ» деген бір ауырырағы шығар деп ойлап:
– Әрине, қос қолдақ керек, – дедім. Біраз кеңкілдеп күліп алды да:
– Ие, біз де бала кезімізде солай түсінуші едік, – деді де, әңгімесін әрі қарай жалғады. – Бала кезімізде нанға онша тоя қоймайтынбыз. Атамыз нанды турар алдында бізге осы сұрақты қоятын еді. Біз бәріміз «қос қолдақ, қос қолдақ» деп шулайтынбыз. Олай дейтініміз, әрине, нанды көбірек, қалыңырақ береді ғой деп дәметкендіктен. Сөйтсек, оның мағынасы былай екен: «Қос қолдақ» дегеніміз жұп-жұқа, ар жағынан күн көрінетіндей, бір қолмен ұстауға келмейтін, ұстасақ үзіліп кететіндей кесілген бір тілім нан екен. Оны тек қос қолмен ғана ұстау керек екен. Ал «солқылдақ» дегенің – бір қолмен ұстауға болатын бір тілім нан.
Сөйтіп, біз атамның бала кезіндегі сондай аңқаулығына біраз күліп алдық.
Жер сілкінсе де қозғалмады
1983 жылдың 31-желтоқсаны. Жаңа жылды қарсы алып отырғанбыз. Алматыша сағат он екіде бір қарсы алдық та, енді Мәскеуше қарсы алуды тосып отырғанбыз. Үй тола қонақ.
Сағат үшті соққаны сол еді, жер сілкінісі басталды да кетті. Бәріміз асып-сасып үстел басынан өре тұра келдік. Ғазиза апам бәріне «босағаға тұрыңдар!» деп жатыр. Кейінге қарасам, стол басында тек атам ғана жалғыз қалыпты.
– Ата, тұрыңыз! – десем, үндемейді. Қайсарланып үнсіз отыр. Біреулері қалжыңдап «ол кісі жер сілкінгенді біліп отыр дейсің бе, үйдің шайқалғаны жаңағы шампанның қызуы деп отырған шығар» – дейді.
Ал атам болса сол тапжылмай отырған күйінде.
Қайтсек жанымыз қалады деп, есіктің босағасына сығылыса жармасып, жабысып тұрған бізге миығынан күле қарайды. Жер шайқалып жатқаны оның жырына да кіретін емес. Осыдан ол кісінің ештеңеден қорықпайтын, батырлығына таңқалдым.
Енші алыс
Тағы да екеуміз ғана. Ғазиза апай ауруханада. Таңертеңгі шәй үстіндеміз. Атамның келесі шәшкесіне шәй құя бергенім сол еді, бір шамба бетіне қалқып шыға келді. Бала кезімізде кімнің кесесіне шамба түссе, соған қонақ келе жатыр дейтінбіз. Осы жолы да сол ырымдау ойыма түсе кетіп:
– Ата, қонақ келе жатыр, – дедім. Ол кісі күлді де, бірдеңе ойына түсті ме, біраз ойланып отырып барып:
– Мен саған осы шамба туралы бір әңгіме айтып берейін. Осы шамбадан шығып жатыр, баяғыда шайға түскен бір шамбаның ақыры дауға айналып, ағаларымыз енші алысқан, – деді.
– Ата, айтыңызшы! – деп мен тыңдай қалдым.
Сондағы айтқаны мына төмендегі әңгіме еді:
– 1911 жыл, мамыр айы еді. Жұт қатты болды. Мал дегеннен елеулі ештеңе қалған жоқ. Атамыз Кәжімбай, әжеміз Мырзақыз кедей болды. Сол жылдарда бәріміз түгелімен Кәжекеңнің үйіндеміз. Оның балалары – біздің әкеміз Махмұт, оның інілері Самрат, Мақан, Ақан – таңертеңгі шай үстіндеміз. Менің әкем Махмұт пен шешем Динаның сол жылдары бес ұлы, бір қызы бар. Олар: Хамит, Ғабит, яғни мен, Ғазиз, Баязит, Гүлсім, сенің әкең Әшім ол жылы әлі туған жоқ. Самрат пен Сақан да үйленген, әйелдері бар – олардың аттары Сахи, Разия. Самраттың бір жастағы қызы бар. Бірақ сол жылы жұтқа ұшыраған ба, байлардың есігінен қайтып келгелі айға жақын. Самрат Тыран деген байдың есігінде он жеті жыл, Мақан Тұртай деген байда он екі жыл, Ақан Байтас деген байда он-он бір жыл жалшы болды. Әкеміз Махмұт аса шаруақор адам емес еді. Жұт болар жазда тамшы тамбаған құрғақшылық болды. Сол жазда он шақты жылқы, бес-алты сиыр, жиырма шақты қой-ешкі бар еді. Дәл жұт тұсында қолда аман қалған мал шамасы қанша екенін мен анық білемін.
Қас қылғандай, қазақтармен бірге орыстар да жұтқа ұшырады. Біздің әкеміз қысқа қарай өз малының бірін союға қимай, орыс қалаларынан қойдың құнына алуға болатын үш-төрт бас орыс жылқыларын әкеліп сойды.
Жоғарыда айтқан бар малға әзірленгені киіз үйдей ғана бір шошақ шөп болатын. Қысқасы, мал дегеннен жұрдай болдық. Екі бөлмелі балшық үйіміз бар, киіз үй біреу-ақ. Әлгінде айтқан барша жан сол үйде тұрамыз. Сонша жан жиылып таңертең шай ішіп отырдық. Шай дегеніміз – шие ағашының тамыры, суға қайнатқан соң қына сары «шай» болып шығады. Біздің шешеміз Дина үй ұстауға шебер, қолы берекелі адам. Қайдан табатынын білген емеспін, әйтеуір шие тамырына қосып бір күміс қасық кәдімгі шайдың өзін бірге қайнатады. Ол жылы шайдың шамбасын қыс бойы тастамаған болуы керек, ішетін «шайымыздың» бетінде көңіл аулау үшін қосылған шамба қалқып жүреді. Шайға берілетін тамақ бір-екі ащы, бір-екі тұщы әжеміздің қорғауында болады. Нан тұқымынан қуырған бидайды әжеміз әркімге қасықпен бөліп береді. Көзіміз сол қасықта болады, шеше қолы жаңылмайды. Күндегісінен бір бидай артық, не бір бидай кем болмайды.
Бір уақытта Сәбит:
– Ойбай, қонақ келе жатыр! – деді. Қонақ келсе ол бір қуаныш қой, мен оның шәшке табағына карасам сойталдай бір шамба қалқып жүр екен. Денелі кісі көрінеді деп ойладым да:
– Мұса құда! – дедім мен. Біздің ұғымымызда шай бетінде шамба қалқып жүрсе, ол сөз жоқ, келетін қонақтың хабаршысы. Менің әлгі жобалауымды ұнатпаған Сәбит:
– Мұса емес, Қойтеке құда! – деді.
Мұсаның қызы Разия жеңгеміз шап ете түсті.
– Мұсаны сағынып отырған кім бар дейсің осы үйде!
– Қойтеке күнде келіп, сенің мазаңды алып жүр ме еді? Неменеге қызғанып шап ете түстің! – деді Сахи жеңгеміз.
– Мұса да сенің бар-жоғыңа ортақтасып отыр ма еді? Өзің неге киліге кеттің?!
Керіс басталды да кетті... Әрі-беріден соң, ақыл салып тоқтау айтып отырған менің шешеме екеулеп жабыла кетті.
– Саған айтудың қанша қиындығы бар? Осы үйдің жарты тамағын бес балаңмен сен ішіп-жеп, жаның тыныш отырсың. Біз жалғыз басымыз аштан-аш жүреміз!
Қысқасы, осы дау-дамай әңгіме кешке дейін үзілген жоқ. Әр еркек өз дәлеліне бейім бірдеме айтып қалады. Үш әйелдің үшеуі де әлденеше рет жылады. Жылап жүріп ұрысудан тыйылған жоқ. Сол күні жатар алдында төрт ағайынды жігіттер енші алысып тарасты, – деп атам әңгімесін бітірді де маған қарады.
– Міне, балам, шамбаның хикаясы осыған апарып соққан, – деп кеңкілдеп күліп алды. Оған қосыла мен де мәзбін.
Торай
(Әкем Әшімнің айтқанынан)
Ертеректе Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов «Басарық» көшесінде (қазіргі «Абай» даңғылы) қарама-қарсы көрші тұрыпты. Көшенің шетімен арық ағып жатады екен. Бір күні кешке таман екеуі де үйден шыға қалса, арықтағы суда тыпырлап торай жатқан көрінеді. Есіне Ғабеңнің «Талпақ танауы» түсе кеткен Сәбең әзілдеп:
– Өзі семіз «мал» екен,
Еті тәтті бал екен.
Мұны таңдаған Ғабиттің
Шын ырысы бар екен, – депті.
Сонда Ғабең де жұлып алғандай:
– Е, несі бар,
Ешкі тапса егізден,
Шошқа табар сегізден,
Қашатұғын қазақ па,
Сегіз бенен семізден, – деп әзілге әзілмен жауап қайтарыпты.
Құданың қарымтасы
(Хамит баласы Екпін ағадан естуім)
Жетпісінші жылы болуға тиіс, Ғабең әдеттегінше ауылға келіп демалып жатқан болатын. Сол кезде Екпін де өз отбасымен демалыста, ауылда еді. Суаткөл деген ауылда оның әйелінің әке-шешесі тұратын. Әкесінің аты – Сыралы. Сол Сыралы қарт Ғабеңді, балаларын қоса қонаққа шақырды. Ол үйде қонақ болып, енді аттанғалы жатқанда Сыралы қарт:
– Ғабе, сізге ат мінгізсем де көп емес. Бірақ қазір оны істемеймін. Мына келген көлігіңді, яғни машинаңды осы жерде тартып алсам, сен маған ештеңе дей алмайсың, – дейді.
Ғабең аң-таң болып, жаңағы кісіге біраз ойлана қарайды.
Қарт:
– Ие, қарай түс, тіктеп қара, таныдың ба? – дейді.
Ғабең ойлана қарап біраз тұрады да:
– Сол сіз бе едіңіз? – дейді.
– Ие, мен едім, – дейді Сыралы қарт.
Маңайындағылар бұл не жұмбақ деп таңырқауда. Ештеңе түсініп болмайды. Сөйтсе, жағдай былай болған екен. 1919 жылы Ғабең военкоматта қызмет істеп, ауыл-ауылды аралап, елді бандылардан тазартып жүрген кезі. Сөйтіп, жанында бір жолдасы бар Суаткөл маңайындағы ағаш ішімен кетіп бара жатса, алдарынан отыз жеті-қырық шамасындағы бір аттылы кісі кезігеді. Әй-шәйға қаратпай жаңағы адамның атын тартып алып, өзін жаяу тастап кете барады. Ол кісі кейін өзінің құдасы болатынын Ғабең ол кезде білген де жоқ еді. Міне, сол уақиға елу жылдан кейін қайтадан көз алдына тұра қалады. Сыралы қарт соны ұмытпай осы уақытқа дейін есінде сақтап келген. Сөйтіп, Ғабит атам құдасына ат-шапан айыбын төлеп құтылған көрінеді.
«Кір жумақ»
Түскі үзіліске келіп, атамды тамақтандырып болып, жұмысқа баруға жиналып жатқан болатынмын. Кетіп бара жатып, күндегі әдетімше:
– Ата, үйде боласыз ба, әлде бір жерлерге барып келесіз бе? – дедім.
Ол кісі маған көзін бажырайта біраз қарап тұрды. Ондағысы сынайын дегені болар. Мен бұл несі екен деп қалдым. Көңілім біраз қобалжып кетті. Әлде ұрсайын деп тұр ма екен, тағы нені бүлдіріп алдым екен деген ойлар сан-саққа жүгірді. Өзі ренжулі де сияқты. Сөйтіп біраз тұрды да:
– Жоқ, мен қазір кір жуамын, – деді. Даусы қатыңқы шықты.
Мен таңырқап қарап қалыппын.
– Ие, кір жуамын, – деп тағы қайталады. Менің таңырқағанымды ол да түсінген болуы керек.
– О не дегеніңіз? Қайдағы кір?! – дедім әлі ештеңені түсіне қоймай.
– Көйлектерімді жууға бергеніме қанша күн болды, қолың тимейді екен, енді соларды өзім жуамын, – деді де ваннаға кіріп кетті.
Ие, расында бірер күн турасында бір-екі көйлегін, тағы басқа заттарын жууға берген болатын. Мен әрі кітапханадағы жұмыс, әрі үй шаруасы, одан қала берді Ғазиза апай ауруханада жатқан, тамақ істеп алып, соған жүгіремін. Сөйтіп, жүргенде тарс есімнен шығып кетіпті.
Ғабит ата өте таза, паң, сырбаз адам ғой, күнде бірнеше көйлек ауыстырады. Бір жерге барайын деген де болуы керек, анау шифоньердегі көйлектерді кисе, олардың біреуі де ұнамаған болар. Сол себептен, жууға берген көйлектерін іздеген. Шкафта ілулі тұрғандар арасында жоқ болған соң, кір қойған жерді қараған ғой. Сөйтсе әлі сол қалпы жуылмай жатқан. Соған ренжіген болуы керек. Сөйтіп, «сені осылай бір үйретейін» деген болар.
Қатты қысылдым. Соңынан ваннаға кірсем, ақыры көйлектерді суға салып жатыр. Әзер деп көндіріп, шығарып жібердім. Міне, содан кейін екінші рет айтқызбай, бәрін реттеп қоятын болдым.
Сондағы қатты ұялғаным-ай!
Жанат МАХМҰТОВА
qazaquni.kz