Мен білетін Жұбан
2017 ж. 04 сәуір
5754
1
Мыңбай РӘШ, ақын сатирик
О кездегі әдеп бойынша белгілі бір күндері, мерекелерге орай Қазақ ақындарының бір тобын «Қазақ радио комитеті» дейтін мекемеге шақырып, өлеңдерін оқытқызып, бүкіл республикаға таратып отыратын. Сондай шақтардың бір сәті түсті. Бұрнағы күні комитеттің әдебиет редакциясына бірнеше өлеңімді апарып көрсеткен едім. Сіріңкедей қара да арық жігіт Нұтфолла Шәкенов деген ақын, әдебиет редакциясын басқарады екен.
– Е-е, қош келдің, ҚазПИ-ден шыққан жас ақындар Қайырбеков екеуіңді жақсы білемін, өлеңдеріңді қалдырып кет, сұрыптап бере жатармыз, – деп өңменіңнен өтердей кішірек қара көзін қадай қарап:
– Ә... айтпақшы, сен бір-екі тәуір өлеңіңді алып, бүрсігүні Қазрадиоға кел. 1-майға арналған өлеңің болса тіпті жақсы, әйтеуір, көктем туралы ескерерсің, – деді сөзін жалғастырып.
Елуінші жылдың май айы туайын деп тұрған. Теледидар дегенің атымен жоқ.
Салып отырып Нұтфолла айтқан Радиокомитет орналасқан (қазіргі Бас пошта үйі) үйдің екінші қабатынан бір-ақ шықтым, алдын ала тізім түзген екен, паспортымды тексеріп, керекті деректерін жазып, қолыма тілдей рұхсат қағаз ұстатқан.
– Тс-с... дабырлама, үнтаспаға жазу басталғалы жатыр, – деді қоңыр дауысты, торсық шекелі келбетті біреу.
– Бұл қазақ радиосының Левитаны – Әнуарбек Байжанбаев болады, – деп қойды Ғафу досым мені сабырлыққа шақырып.
Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиевтер отыр екен. Жастар жағынан Ғафу Қайырбеков екеуіміз. Байжанбаев:
– Дауыс көтеруге, қағазды да сыбдырлатуға болмайды, – деп және ескертті.
Әлден соң-ақ дыбыс жазу басталып кетті.
– Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Әдеби хабарымызды бастаймыз. Бірінші Май мейрамына, көрікті көктем күніне арналған қазақ ақындарының өлеңдерін тыңдаңыздар! – деді де, Байжанбаев бірінші кезекті жыр ағасы – Сәбит Мұқановқа берді.
Сәбең әдетінше тамағын кенеп жөтеліп алып, оқуға кіріспек еді, Байжанбаев микрофонды өшіріп, күлімсіреп:
– Сәбе, жөтелмеген жөн, – дегенде, келісе кеткен ақын өлеңін оқуға кірісті.
– Микрофон алдында Сәбит Мұқанов «Майға Сәлем!» – деп қойды тағы да диктор. Сол-ақ екен, Сәбең басын бір изеп қошамет көрсеткендей есе жөнелді:
«Мың сәлем саған, мәңгі жолдас Майым,
Сен жылда жас жігіт боп келген сайын,
Жер-жібек барқыт киіп, жасыл желек
Бүркенеді үйеңкі, терек, қайың, – деп бастап алып, әлденеше шумақтардан соң өлеңін саясатқа бұра түйіндеп:
«СССР-ді етуге бөлшек-бөлшек,
Ойласа жау
Олармен күшті өлшеп,
Көреміз,
Бізде дағы күзет мықты,
Жауға жерден бермейміз жалғыз вершок!»
Микрофон алдында – Тайыр Жароков.
– «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасынан үзінді, – деп хабарлады тағы да диктор. Мұхтар Әуезов айтқандай, «басым үнді Тайыр» өзінің көтеріңкі дауысына баса оқи бастады:
«Көрдің бе Орал қырларын,
Жері қандай жап-жазық.
Бір жағында құм Нарын,
Бір жағында ақ Жайық!
...Бас иіп жанға қарамай
Бұлтқа бойлай бір емен,
Орманның генералындай
Қасқая қарап тұр емен!»
– Микрофон алдында майдангер ақын Сырбай Мәуленов, – делінді.
Сырағаң өзінің гүжілдек дауысына басып «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты өлеңін оқи жөнелді:
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар?
Көрдің бе, ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?!»
Диктор:
– Микрофон алдында – ақын Жұбан Молдағалиев. «Ат дүбірі» – дегенде Жұбан ақын өзінің құлаққа қоңырқай естілетін қаз дауысымен жыр оқи бастады:
Дойыр соғып,
Сойыл соғып,
Көз шығарып, бас жарған.
Жай түскендей,
Сөз шығарып, тас жарған
Бабаларым тірілгендей боламын, –
Естігенде ат дүбірін
Қатты бір үн...
«Мал» деп өлген,
Малмен өрген
Ұлымын ғой даланың.
Бұл күнде де,
Нұр күнде де
Естігендей боламын
Қазақтардың жүрегінің дүрсілін,
Тыңдағанда ат дүбірін,
Тәтті бір үн...
Жұбан ағадан соң Ғафу «Көктемгі дала кеңдігі-ай» деген өлеңін, ең соңында мен «Қызара барып күн батты» атты өлеңімді оқыдым.
Сәбең өлеңін оқысымен асығыс кетіп қалған еді. Тәкеңнің соңынан еріп Жұбағаң, Сырағаң, Ғафу, мен бесеуміз де үйді-үйімізге оралдық.
Менің ақын Жұбан Молдағалиевпен бұл екінші кездескен сәтім болатұғын. Анау бір жылы біздің ҚазПИ-дегі әдебиет үйірмесінің жетекшісі, әрі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының Бас редакторы Қайнекей Жармағамбетов бір топ қазақ ақындарымен институт клубында кездесу кешін өткізгенде Жұбан ақын өз жырларын оқып, тыңдармандарын тәнті еткен-тұғын. Бұл – ол кісіні бірінші көруім еді.
Ал, үшінші рет кездескенімді және айтуға тура келген сияқты.
Басы ашық бір нәрсе – әдебиетке Ғафу екеуіміз секілді жас ақындарға жоғарыдағы майдангер ақындар соңынан ерген толқын ретінде келген біздің ақындық қауқарымыздың қалыптасуына ерекше әсер етті. Көшбасшыларымыз секілді болды.
Өткен ғасырдың 1950 жылдың шілдесінде мен Қазақстан жоғары оқу орындарының қара шаңырағы болып есептелетін ҚазПИ-дің (қазіргі Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университеті) тіл-әдебиет бөлімін бітіріп шығып, қолыма диплом алдым. Ол кездегі тәртіп бойынша диплом алғандар республиканың жер-жерлеріне мұғалімдік кәсібі бойынша жолдамаларын алып жолға аттанатын.
Маған Алматы облысының Жаркент педучилищесіне бару қажет болды.
Ол кезде менімен бірге оқыған Ғафу Қайырбеков екеуіміздің жазған өлеңдеріміз «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Әдебиет және искусство» өзге де газет-журналдарда жиі басылып тұратын.
Ғафу қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасына редактор болып орналасты. Ол маған баспа директорының арнайы сұраныс хатымен қызметке қалдырылғаны хақында айтты.
– Сен ақынсың ғой, болашағың зор, осы Алматыда қалудың амалын ойластыр, – деп ақыл берді.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, кешікпей, әдетімше «Лениншіл жас» газетіне бір топ өлеңімді алып бардым. Әдебиет бөлімінде істейтіндер шұғыл командировкаға кеткен екен.
– Өлеңдеріңді қалдырып кет, кейін хабарласа жатарсың, – деді газет қызметкері Жолмырза Самұратов деген егделеу кісі.
Сөйткенше болған жоқ, көзінде көзілдірігі бар орта бойлы, танымал ақын Жұбан Молдағалиев кіріп келді.
– Басмақаланы тездетіп берерсің! – деп Жолмырзаға тапсыра сөйледі де маған қарап. – Әу, сен әлгі... – деп менің аты-жөнімді ойына түсіре алмай тұрғанын іштей сезіп:
– Мыңбай Рәшевпін, – деп қалдым. «Көкек өз атын езі шақырады» дегендей ыңғайсызданып та тұрмын.
– Иә, есіме түсті. Өткен жылы бізді ҚазПИ-ге Сәбең бастап барған әдеби кеште Ғафу Қайырбекев екеуің де өлеңдеріңді оқыдыңдар. Біз кешіктірмей «Лениншіл жасқа» бастық. Өлеңдерің тәп-тәуір, көрнекті болып шыққанын байқаған шығарсыңдар? – деп қойды Жұбан көзәйнегін бір жылжытып қойып.
– Рахмет Жұбаға, қаламақысын да алып қарық болғанбыз, – деп езу тарта әзілдегенімде, Жұбағаң:
– Әу, сен осы оқуыңды тамамдаған шығарсың? – деп сұрады.
– Әрине, әрине, диплом алдық.
– Қайда жіберді?
– Жаркент педучилищесіне.
– Қашан аттанбақсыңдар?
– Келесі айда.
Жұбағаң сәл ойланып тұрды да:
– Жастар газетінде қызмет істегің келе ме? – деп сұрады.
– Келісер едім-ақ, бірақ...
– «Бірақ» дегеніңді қой, егер қарсы болмасаң, Әди Шәріповпен сөйлесіп, келісе жатармыз.
Қуанып кеттім.
– Қашан? – дедім.
Жұбағаң мені қолымнан жетектеп «Лениншіл жастың» Бас редакторының бөлмесіне ертіп келді. Ұзын бойлы, қара торы, ерні дүрдиген бас редактор Абай Бейсембаев деген азамат екен. Газетке қол қойғанын байқағаным болмаса, жүзін бірінші рет көріп тұрмын.
– Мынау газетімізге жиі басылып жүрген, әрі ақын әрі сықақ жанрында өкіртіп сүйкектететін Мыңбай Рәш, – деді Жұбағаң.
Газеттің Бас редакторының орынбасарының өзі осылай ұсыныс жасағанын құптай қарсы алған Абай ағамыз күлімсіреп:
– Жақсы, жақсы, – деп қолымды қыса берді.
Мен аң-таң, жұмбақ күйде отырмын.
– Әдебиет пен өнер бөліміне әдеби қызметкер керек. Өзің жоғары білімді екенсің қалай, қарсылығың жоқ шығар, – деді Бас редактор.
– Қарсылығым жоқ, «бірақ» деп желкемді және қаси бердім.
– Қорықпа, о жағын шешеміз, – деп сөз араларын бөлшектеп айтып уәдесін аямаған кейіп танытты.
Менің мекен-жайымды жазып алып қалды.
– Келесі аптада хабарлас, шешіліп қалар, – деді Жұбағаң.
...Келесі аптада Жұбағаңа телефон соқтым.
– Әу, тездет, мәселең шешілді, ертеңнен бастап жұмысқа келетін бол, – деп сөзін қысқа қайырды.
Сонымен «Лениншіл жастың» әдебиет пен өнер бөлімінде әдеби қызметкер болып іске кірістім. Жер-жерден тасқындап келіп жататын хаттарға жауап жазамын. Кішігірім хабар, мақала, суреттемелер жазып, шығара бастадым. Сол кездегі әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушісі жазушы Нығмет Ғабдуллин болатын. Ол басқа қызметке ауысты. Жұбан аға мені кабинетіне жедел шақырып алды.
– Әбекеңмен келістік (Бас редакторды айтып отыр) әдебиет пен өнер бөлімінің меңгерушілігіне тағайындаласың, бірақ, Лениннің «Одақ жастарының міндеттері» кітапшасын қадағалап оқы. Соңғы жаңалықтардан сауал берілуі мүмкін, – деп ескертті. (Байқадыңыз ба, «бірақ» сөзі алдымнан шығады да отырады).
– О жағына қам жемеңіздер, Жұбаға, сенімді ақтауға тырысамын? – деп уәдемді беріп-ақ жатырмын.
...Айтқандай-ақ, ЦК-ның бюросына шақырылдым. (О кезде бөлім меңгерушілерін Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бюросы бекітеді. Ал, «Лениншіл жас» осы комитеттің органы болып саналатын)
Орталық комитеттің бірінші хатшысы Николай Васильевич Дыхнов:
– Көсеміміз Владимир Ильич Лениннің «Жастар одағы міндеттері» жайлы кітапшасын оқыған шығарсың? – деп салқын қалпында сауал тастады.
– Оқыдым.
– Ең негізгілері қандай?
Шама-шарқымша тоқтамастан жауапты зауылдатып жатырмын.
– Спорт түрімен шұғылданасың ба? – деп қойды таңқы танау, жуан денелісі. Ол екінші хатшы екен. Әкесінің аты – Шалов, өз аты – Анатолий.
Сасқалақтап, жеңіл атлетика, яғни, спорттың «атлетикасын» «котлетамен» шатастырып:
– Котлетой... то есть с легкой атлетикой, – дегенімде отырғандар ду күлісіп алды. Жұбағаң көзінен жас шыққанша «хы-хы-хылап» ол жатыр.
– Утвердить кандидатуру! – деп столды тоқ еткізді Дыхнов та жымиып.
– Құттықтаймыз, – деп Әбекең мен Жұбағаң бюрода қала берді.
Мен қуанышым қойыныма сыймай зытып отырдым.
Сол жылдары Тұманбай, Жұмекен, Оспанхан сияқты әдебиетіміздің өрен-жүйрік ақын, жазушыларының шығармаларын жиі басып тұрдық. Оспанхан мен Жұмекен – Қазақтың Ұлттық Құрманғазы атындағы консерваториясында оқығандары есімде.
Жұбағаң мені жатсынбай, өз інісіндей көретін. Ұйымдастырушылық шапшаңдығыма, қабілетіме баға беріп отыратын. Бірде өз кабинетіне шақырып, татар халқының ержүрек ақыны Мұса Жалил хақында оның Моабит түрмесінде жатқан кездерін көзге елестететін, әлі сиясы кебе қоймаған поэмасынан үзінді оқып берді.
– Поэмаңыз ғажап екен, нағыз ақын жүрегінен шыққан шығарма, –дегеніме балаша қуанып:
– Мә, мына қолжазбамды қадағалап оқып, ұнатсаң Бас редакторға ұсынарсың, – деді.
Мен ішімнен «Қандай қарапайым адам, бөлімнің үстінен аттап ұсынғысы келмеген ғой» деп топшыладым. Машинкаға Жамал апайға бастырып (Жамал Боқайқызы – Бауыржан Момышұлының бәйбішесі редакция машинисткасы болып істейтін), Бас редакторға ұсындым.
– Қалай екен? – деді Абай Бейсембайұлы.
– Менің түсінігімше, поэма өте сәтті жазылған. Мұса Жалил бейнесі әр қырынан көрінеді. Ал, тақырыбы да жақсы, халықтар достығына арналған туынды деп ұялмай айтуға болады...
Ол:
– Қалдырып кет, өзім және бір оқып шығайын, – деді.
Кешікпей Жұбан Молдағалиевтің «Жыр туралы жыр» дастаны «Лениншіл жастың» екі бетін алып көсіліп шыға келді. Арада екі жыл өткен соң, осы поэма ақын кітабына енгізіліп, жарыққа шықты.
Ақынның бұл поэмасына кейін Жазушылар одағының Құрылтайында жасаған баяндамасында Сәбит Мұқанов та марапаттай тоқталды.
Жұбан сырттай қарағанда мінезі кісікиіктеу, өңі суықтау көрінгенмен, болмысы өте кішіпейіл де қарапайым-тұғын. Жан жары София сыйлаған ұлдары мен қыздары жоғары білімді әртүрлі мамандық иелері болды. Жетпісінің жотасына бір ғана жыл қалғанда сырқаттанып, бақиға озған дарынды қазақ ақыны ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып кетті.
Жұбан поэзиясы Кеңестік дәуірде де ойдағыдай бағасын алған болатын. Ол одақтық поэзияда Твардовский «За далью даль» («Бір қиырдан бір қиыр»), Маргарита Алигер «Зоя» поэмаларын туындатқанда, біздің Жұбанымыз «Жыр туралы жырын», соғыс тақырыбына арнап балладалары мен топтама өлеңдерін жарыққа шығарды.
Консантин Симоновтың «Күт мені» («Жди меня») өлеңі шартарапқа шарлағанда Жұбан Молдағалиев «Соқ сағатым» өлеңін туындатты. Бұл өлеңді кезінде Александр Фадеевтің өзі ерекше бағалағаны белгілі.
Кезінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған Жұбан Молдағалиев көптеген жолдардан өтіп, үнемі биіктен көрінумен болды.
Ол мемлекет әрі қоғам қайраткері еді. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің мүшесі, Кеңестер Одағының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Ұлтымыздың басына үйірілген сонау Желтоқсанның жойқынды шағында қынабынан суырылған қылыштай жарқылдап, Колбинге сес көрсете айтқан жалынды да жігерлі сөздері жұрт есінде мәңгілік сақталатыны даусыз.
Өткен ғасырдың 1953 жылдың бесінші наурызында мен Жұбағамен бірге «Лениншіл жастың» ең ауыр санын жарыққа шығаруға қатыстым. Сол жылы, сол күні И.В. Сталин бақиға озған еді. Теріліп дайындалған газет әдірам қалып, ұлы көсемге арналған газет нөмірін түні бойы шығарумен болдық. Мен газет кезекшісі едім. Көзіме ұйқы тығылып өңім қашқан кейпімді көрген Жұбағаң:
– Жарайсың, бауырым, мұндай қиындықтардың көкесін майдан даласында жаумен жағаласқанда талай бастан өткергенбіз, – деп жымиды.
Ол мені редакция машинасына мінгізіп қасына отырғызды да, өзі жалдаған үйіне келгенде қалып қойды.
Мына баспаның жауынгерін «Тастақтағы» үйіне дейін жеткізіп сал, – деп шопырға ескертті, сөйтті де:
– Ертең жұмысқа келмей-ақ қой, шаршадың ғой, арғы күні келерсің, – деп жанашырлығын білдірді.
Жасырып-жабары жоқ, шығармашылықпен айналысқаныма табаны күректей алпыс жыл болғанда, қазақ ақындары ішінде сыннан бойын аулақ салып, өз жазғанын інжу маржанға бағалайтындар жын атады. Олардың дені сауырын сипатқысы келмейді. Шетінен шедевр тудырған «шоқтығы биіктер». Ал, мен білетін Жұбан ағамыз ондайлардан мүлде бөлек. Ол «Жесір тағдыры», «Байқоңыр баспалдақтары», «Мен қазақпын», өзге де көптеген дастандар жазды. Кезінде «Сел», «Қыран дала» поэмалары үшін Кеңестер Одағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Сыйлыққа ұсынылған шығармаларға пікір жазып, басылымдарға жариялау күні бүгінге дейін дәстүрлі әдетке айналып жүр ғой. Сол кезде Жұбағаңның «Сел» поэмасына жазылған сыни мақалам «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді.
Поэманың сәтті жақтарын мақтай келіп, жетіспей жатқан тұстарын да тілге тиек еткен едім. Қоятын кінәрәтім бейнелеу, тапқырлық, теңеу, т.б. көркеми жетіспеушілігі төңірегінде өрбіген еді.
Сынымды қалай қабылдар екен деген күдігімді поэма авторының өзі сейілтіп жіберді.
– Иә, рас көрсеткен кемшіліктеріңді қабылдаймын, асығыстау жазылған еді, – деп Жұбағаң қолымды қысты.
Мен мақаламда бұл тақырып төңірегінде Тайыр Жароков, Ілияс Жансүгіровтер де қалам тартқанын тілге тиек еткен едім. Тайыр «Тасқынын» өзіне тән пафоспен жазса, Ілияс асқан шеберлікпен тапқыр теңеу, бейнелеулер туындатқанынан дәлел келтірген болатынмын. Мәселен, жыр дүлділі Жансүгіров су тасқынын: « Мөңкіген су, мөңіреген сүт» іспетті жолдармен кестелейді. Жұбанның дастанында осы жағы жетіңкіремейді дегенмін.
Біздің Жұбан ағамыз жүрегіне зіл сақтамайтын ақындығына ақылы сай азамат болды ғой. Бұл қасиет кез-келген ақыннан табыла бермейді.
Жұбанның жүрегінен жарып шыққан: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» іспетті жолдар ел басына түскен ауыртпалық атаулының бәрін ішкі жан дүниесінің тебіренісі арқылы жеткізіп тұр емес пе! Әлбетте, солай. Бұл поэма кезінде «Советский писатель» баспасында «Я – казах» деген айдармен жарық көріп, орыс оқырмандарының да жоғары бағасына ие болды.
Біздің мақсатымыз – Жұбанның барлық шығармашылығына тоқталу емес, әсіресе оның азаматтық, адами қасиеттері хақында ой өрбіту.
Жұбағаңмен мен ол бақилық болғанға дейін ағалы- інілідей, шәкірт пен ұстаздай болып ғұмыр кештік. Ақын ұрпағының анасы Софья жеңгеймен де тойлар мен әртүрлі жиындарда ұшырасып, есен-саулық сұрасып, шүйіркелесіп жүреміз.
– Келесі жылы ағаңның торқалы тойы, қалай болар екен? – деген дүдәмалын жеңгей аузынан осыдан бір жыл бұрын естіген едім.
– Оған қам жемеңіз, ойдағыдай өтуге тиіс, бәріміз де атсалысамыз, бір кезде өзі басқарған Жазушылар одағының қазіргі төрағасы, Жұбағаңның соңынан ерген талантты ақын інілерінің бірі – Нұрлан Оразалин де жар құлағы жастыққа тимей, Жұбекеңді аузынан тастамай жүрген, – деп көңілін орнына түсіргендей болғаным есімде.
Осы жазған естелігім де өз уәдемнің кішігірім дәлелі секілді.
Мен білетін Жұбағаң хақында естелігім осымен тәмамдалды. Қалай жазғанымды оқырмандар таразылай жатар.
Аруағың риза болғай, арқалы ақын, Жұбан ағам! Шәкірттерің мен кейінгі ұрпақ өзіңді мәңгі бақи есінен шығармақ емес.
qazaquni.kz