Темірхан МЕДЕТБЕК: Ауру Қазақстан анда-санда қазақша бірдеңе деп, орысша сандырақтап жатыр
2017 ж. 19 наурыз
5339
4
ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ
Қазақтың тағдырын
Ойлап қарасаң,
Өз-өзіңнен түршігіп,
Өз-өзіңнен тоңасың:
Оның өткен жолы да,
Бүгінгі жолы да,
Тіпті ертеңгі жолы да -
Тар жол тайғақ кешулі,
Боран мен борасын.
Зорға ашасың
Тарихтың әр бет,
Әрбір парағын,
Өйткені оның
Әр бет, әрбір парағы -
Тонна-тонна
Ап-ауыр
Қайғы мен
Тонна-тонна
Ап-ауыр нала, мұң.
Мына қу тағдыр
Бұл халықты
Балшықтай езіп,
Жүндей түтіп
Жасытқан секілді...
Тіпті оның
Жейтін нанын да
Жаңбырдай сорғалаған
Көз жасына илеп,
Булыққан
Ашу мен ызасына
Ашытқан секілді!
БІЗ ҚАНДАЙ ЕДІК
Арымас аттар мінетін
Тозбас тондар киетін;
Қара тастарды қақ жарып,
Қарағайлардай
Қаптап өсетін;
Қара нарлары
Шудалары жепілдеп,
Қара бұлттардай көшетін;
Айғырлары
Күнге қарап кісінеп.
Биелері
Айға қарап құлындаған;
Кетіссе –
Бұрылмаған.
Сөздерін
Тасқа қашаған;
Алыпсоқтарының итаяғын
Оюлап
Жезден жасаған;
Алтайды жастанып жатса
Аяғы Үрімге жеткен,
Керілсе
Үрімнен де өткен;
Кермелеріне
Тайбурыл мен
Керқұла байлаған;
Алты айшылық жолдарды
Алты күнде айналған;
Қамалдары
Құлжалар шыға алмас
Ақар-шақар құз болған;
Қағандары
Күн астындағы
Күнікей қызды алған;
Тәңірден басқа
Қайтпаған ешкімнен;
Ібіліс, жындарға
Қара тастарды түттіріп,
Дю мен періге
Құмнан арқан естірген;
Күн жағы
Күміс діңгекті,
Ай жағы
Алтын діңгекті,
Ордада отырған
Сол жақтан келгенді
Жапырған,
Оң жақтан келгенді
Опырған;
Желдей аңқылдап,
Сұңқардай саңқылдап сөйлейтін,
Даладай кең, таудай биік
халық едік,
Алып едік.
Сол елді
Алқымынан сыға-сыға
Шымшық торғайдай
Шиқылдап сөйлейтін
Төменшік етті.
Төбесінен ұра-ұра,
таудай биік жұртты
Төбешік етті.
Шүкір!
Қайтадан көтеріліп келем!
Баяғы Айым
Қайта туардай!
Баяғы күнім
Қайта шығардай!
ҚОРҚАМЫН!
Елемнің іргесінде
Өрт болып жатыр...
Жанымның ішіне
Дерт толып жатыр.
Заманның қабағынан
Қар жауып тұр.
Қар емес
Қан жауып тұр.
Қатерлі сөздер
Ауғанды бомбылағандай
Жүрегімді! –
Бомбылап жатыр.
Арман, тілегім
Қасат қарды бұза алмай
Омбылап жатыр.
Суларыма
У қосып жатқандай.
Елімді –
Бүлікке салам деп! –
Жын басып жатқандай...
Әлденелер
Жалмаңдап кезіп жүр.
Әлденелер
Жалбаңдап безіп жүр.
Шамым мен шырағым
Өшіп бара жатқандай,
Ормандарым
Жерімді тастап
Көшіп бара жатқандай.
Өзекке түскен от
Жолымды қуырып тұр.
Көз жасым
Жүзімді кесіп,
Омырауымды орып
Құйылып тұр.
Бауларым
Қурап қалардай,
Тауларым
Құлап қалардай
Қорқамын!
ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ II ҚҰРЫЛТАЙЫНДА ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Өткен замандарда,
Қандай дархан едік.
Қандай тарпаң едік!
Жауларым Алты қырдың астынан
Күшігімнің үргенін естіп,
Безіп қашатын.
Төріме шықпақ түгілі,
Төбеме шықпақ түгілі –
Қаңсыған тулағымды
Оюулы етіктерін
Шешіп басатын.
Жалымыз қарағайдай
Жанымыз
Сарыарқадай кең болатын!
Көптігіміз сондай
Қатар тұрып түкірсек,
Түкірігіміздің өзі
Айдын шалқар көл болатын!
Арда ұлдарымыз
Алшаң-алшаң жүретін,
Балпаң-балпаң басатын,
Ханышаларының шымылдығын
Найзасының ұшымен ашатын.
… Сондай елді жау
Қиындыққа салды,
Қиянатқа шалды!
Сонан кейін
Талай-талай бауырды –
Қойдай маңыратып,
Жылқыдай кісінетіп,
Түйедей боздатып –
Елінен бездіріп,
Дүниені кездіріп жіберді.
Балшықтай илеп
Ез қылып жіберді.
Айым қайта туды,
Күнім қайта шықты!
Енді, міне –
Дүниенің түкпір-түкпірінен
Қаздардай қаңқылдап,
Сұңқардай сұңқылдап
Аспанымның астын,
Жерімнің үстін толтырып
Келіп жатырсыңдар!
Тәуелсіздігімізге тәубе деп,
Еркіндігімді Көріп жатырсыңдар!
Көгімде Көк байрағым желбіреп тұр!
Қазақстанымның жүрегі –
Өздеріңді көріп Елжіреп тұр!
АУРУ ҚАЗАҚСТАН
Сынап бағаналары
Шегіне жетіп,
Дәл қазір
Қазақстанның қызуы
Көтеріліп тұр.
(Менің сөздерім де
Ып-ыстық боп,
Өн-бойына
От өріліп тұр).
Қазақстанның ауруы
Асқынып кетті-ау.
(Мынау қатыгез заман
Жігерін құм,
Жанын тас қылып кетті-ау).
Орман-өкпелеріне
Құрт түсіпті.
Жеті жұрт келіп,
Жеті жұрт көшкен
Маңғыстау мен Атырауға
Бізге жат –
Сегізінші –
Жұрт келіп түсіпті.
Деміккен Қазақстанның
Көзіне!
– Мөлтеңдеп жас толып кеткен.
Арал мен Балқаштай
Екі бүйрегіне
Тұз бенен тас толып кеткен.
Тұла бойы күйіп барады.
Аяқ-қолы Ұйып барады.
Құтқаратын кім бар?
Айнала
Дауыл күткендей
Абыр-сабыр.
Піскен нандай боп
Сап-сары боп жататын
Алып Сарыарқа
Сауысқан шоқып тастаған
Көтерем сиырдың арқасындай
Жауыр-жауыр.
Дәл қазір
Ол Жоқты – жоқтап,
Барды – даттап жатыр.
... Ауру Қазақстан
Анда-санда
Қазақша бірдеңе деп, Орысша Сандырақтап жатыр.Дереккөз: Алаш Айнасы