Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ - Мемлекеттік шенеуіктер Мемлекетті тәрк етті
2017 ж. 13 наурыз
3097
4
***
Кескін қандай,
Кеудедегі бу қандай?!
Жүзі қандай –
Зәмзәм сумен жуғандай!
Бармағымен бал жалайды сарайда,
Біздей –
Балшық-шалшықтарда уланбай...
Әрбір күні – думандай.
Сайран салып өтуге бел буғандай!
Махаббаттан жаралмаған ұрпақ бұл,
Маймылдардан туғандай;
Қазақстаннан секіреді шет елге,
Қарық болып икра мен шекерге.
Қарық болған қазына мен байлыққа,
Қарға-құзғын –
Тұлғаңдай:
Сұм қандай?!
Қу қандай?!
Түркілердің тұяғы едік, мыналар –
Қалай сонда түлкілерден туғандай?!
«Елім-ай» ғой әлі менің ұлы әнім,
Ұраным!
...Түлкілерің тарап-тарап жан-жаққа,
Түркілерім қалса екен тез,
Тұраным?!
Түу түрікте – ғаламаты, тамыры –
Қайда Түрік Қағанаты, Тәңірі?!
Мемлекеттік Қуат қайда баяғы,
Мемлекеттік Шуақ қайда баяғы?
Мемлекеттік Ұят қайда баяғы?!
Мемлекеттік Намыс қайда баяғы,
Мемлекеттік Табыс қайда баяғы?!
Ауылдағы,
Аудандағы,
Облыстағы,
Астанадағы әр текті,
Мемлекеттік шенеуіктер Мемлекетті тәрк етті:
Ойлайтыны – виллалары өзінің,
Фирмалары өзінің;
Салтанатты сапарлары өзінің,
Бәйбішесі,
Тоқалдары өзінің.
Ойламайды Мемлекеттік Табысты,
Мемлекеттік Намысты!
Қайтеді олар Мемлекеттік Қуатты,
Мемлекеттік Ұятты?!
Мемлекетсіз елде жүрген сияқты!!!
Жаратылған көзден жасын төккелі,
Өзіне де, өзгеге де өкпелі, –
Мемлекетті ойлайтұғын ақындар,
Одан кейін...
Аруақтар көктегі!
О, Тәңірі,
Азбыз ба біз, көппіз бе?
Өткелектен өткіз, мейлі, өткізбе, –
Өпсек – Ақын,
Өлсек – Аруақ біз деген,
Мемлекеттен басқа меншік жоқ бізде!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ