Ағайынның ақын жүр арасында
2017 ж. 07 наурыз
2978
2
Құрбанбек Шәметұлы 1966 жылы Ташкенттегi Низами атындағы педагогикалық институтты тәмамдап, елге оралған соң 15 жыл ұстаздық еттi.
Жастайынан қалам мен қағазын жанына серiк еткен Құрбанбек Шәметұлының «Қара шаңырақ» атты тұңғыш жыр жинағы 1998 жылы Алматы қаласындағы «Шартарап» баспасынан шықты. Одан соң «Жырларым менiң, жылдарым менiң», «Итемген ата шежiресi» атты жыр жинақтары жарық көрді. Таяуда ғана «Беласқан» атты өлеңдер топтамасын жырсүйер қауымға ұсынды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесi ретінде де ел мен жер жайын толғап жүрген ол 2011 жылы «Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы» мерейтойлық медалiмен марапатталды. Жыр әлемiне қадам басқан сәттен қаламынан Тәуелсіз Қазақ Елі мен туған өлке, тұнған табиғат, азаматтық әуен мен сәулелі сезім жайлы жүрекжарды лебiздерiн ақ қағазға төгiп келе жатқан Құрбанбек Шәметұлының өсиет тектес өнеге тұнған және сезім қылын шертетін бір топ өлеңдерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Ағайынның ақын жүр арасында
Ғашық болған туған жер, даласына,
Жыр шумағы ойнаған санасында.
Бірі біліп, біреуі білмейтұғын,
Ағайынның ақын жүр арасында.
Ақын сөзін кім бүгін жөн біледі,
Таныр еді-ау жөн білсе ендігі елі.
Ол берерін еліне бере алмай жүр,
Бұл азапқа қалайша көндігеді?
Ол да елдегі ақынның біріндей-ді,
Неге елінің көзіне ілінбейді?
Шабытының шағылып шабыт тасы,
Қалтарыста қалмаса жырым дейді.
Ірілікте жоқ онда ісінері,
Кемістігі – жарақат түсінері.
Беретұғын қолұшын қысқа қолға,
Таппай-ақ жүр жанашыр кісілерді.
Жақындатпас білемін жаттың маңы,
Жыр өлеңі ақынның арттырғаны.
Атымтайдай елдегі жомарттарды,
Тәңірім оған неге тап қылмады?
Шабандоздай қолында ат ауысқан,
Шаттанғанда көңілі шахарстан.
Астанадан баспана ала алмаған,
Ақын бүгін Қасымша қасарысқан.
Аласы жоқ алты Алаш баласында,
Самғай алмай өз аспан, даласында.
Біреу біліп, біреулер білмейтұғын,
Ағайынның ақын жүр арасында.
Наурыз шаттығы
Кең даламның көтеріліп көрпесі,
Көкке оранды Оңтүстіктің өлкесі.
Жеті түрлі дастарханға дәм салып,
Жеті ырысты шақырып тұр ел төсі.
Тоқшылықтың дәні қымтап жерімді,
Ен байлыққа енді елім телінді.
Наурызын қуанышпен тойлаған,
Нағыз шаттық Шардарамда көрінді.
Бүгін қызық, бүгінгі күн жыл басы,
Бүгін күннің бір ерекше шұғыласы.
Көл ішінде аққу-қаздар қалқиды,
Қуанышын құстардың сен тыңдашы!
Жырға бөлеп, әнге бөлеп көк белді,
Жаңа жылым кереметтей леп берді.
Тамашалап тырналар жүр көгімде,
Көңіліне көктен алып көп белгі.
Арулардың естілгенде наз әні,
Ақын жігіт арнап өлең жазады.
Домбырасын қолына алып ән салған,
Есімді алды әнші қыздың ажары.
Тәтті қиял тасуына бойлаған,
Толқын-толқын тоғысуда ой маған.
Қасиетіңнен айналайын қазағым,
Көкпар шауып, Наурызын тойлаған.
Тойла бүгін Наурызыңды аламан,
Ойна, гүлім, әніңе сал қалаған.
Наурызда берекеге кенеліп,
Шаңыраққа шаттық алғай әр адам.
Заңғарым
Ұлы Абайым – заңғарым,
Қазаққа біткен дара бақ.
Әр сөзі алтын ардағым,
Сезіндім талдап, саралап.
Қанағат және ғанибет,
Төгіліп бекер таспауға.
Білім ал депсің сан рет,
Еліңді алға бастарға.
Үлгі етіп елге озықты,
Күйіндің артта қалғанға.
Еңбекпен тап деп азықты,
Аз малға депсің алданба!
Ала ауыз елім болма деп,
Айтыпсың ақыл-өсиет.
Ынтымақ етсең сонда – деп,
Адамдық, елдік қасиет.
Арманың баба өтеліп,
Талғамың болды танымды.
Көк туын биік көтеріп,
Әлемге қазақ танылды.
Дүние түгел сезінді,
Қазақтың Сіздей данасын.
Әр тілде жаттап сөзіңді,
«Көзімнің айтты қарасын».
Серт етіп бойға сенімді,
Көгімде еркін самғадым.
Азаттық алған елімді,
Қолдай бер, ұлы заңғарым!
Сейфулинның көшесінде тұрам мен
Шардарада, гүл жазира өңірде,
Қызыр қонған Қызылқұмның елінде.
Сейфулинның көшесінде тұрам мен,
Сұңқар ақын үлгі болып өмірде.
Сәкен мәңгі арман еткен, аңсаған,
Сексен көлі – сексен жәннат қоршаған.
Көкшетауды қосса, Сәкен жырына,
Шардарамнан шаттық ап мен ән салам.
Еркіндікте жаным менің елменен,
Нұр сәулеге толысады кеуде кең.
Сәкен ақын арман еткен өмірдің,
Шетін көріп сырласамын кейде мен.
Сырласамын кезеңдерге кезігіп,
Сәкен көрген азаптарды сезініп.
Ақын жүрек Азаттық деп күрескен,
Асылды ойлап кетерім бар езіліп.
Топырағын бұйыртпастан өлкеден,
Өздеріне ор қаздырып жер тебен.
Ынтық жанға оқ жаудырған атқылап,
Мылтықтардың даусын естіп селк етем.
Селк етем де, қайта есімді жиямын,
Ажал құшқан ақында боп қиялым.
Тәуелсіздік жолында өлді-ау, Сәкен деп,
Тағдырына басымды иіп тұрамын.
Сейфулинның көшесінде тұрамын,
Ұлы ақындар менің әр кез ұраным.
Сәкен ақын үлгі болып өмірде,
Айтып келем, тыңдап келем жыр-әнін.
Ақын өкініші
(М.Мақатаевқа)
Мұқаңменен дей алман табақтаспын,
Маған нәсіп етпеді қабаттас күн.
Сырқат жайын ақынның оқып-біліп,
Сырын ұғып, жырымен сабақтастым.
Сабақтастым, жайды ұқтым өзіңдегі,
Қиындығын қалт бастым кезіндегі.
Баратұғын жеріне бара алмасын,
Қиын бопты-ау, ақынның сезінгені.
Болжай алмай ататын таңды алдағы,
Сарғайыпты көңлінің сарғалдағы.
Құрығына құтқармас іліндірер,
Ажал таяу қалған-ау, аңғарғаны.
Заңғарларға самғайтын қыран еді,
Қыран қанат қапыда сынар ма енді?!
Лашын менен екеуі өткізетін,
Бір той беру ойында тұрар еді.
Тірісінде тойы өтпес сияқты ма,
Сүріндірген секілді сынақ мына.
Фаризаға оңаша ойын айтып,
Аздау қалған өкінді уақытына.
Ажал сен де ақынды білсең еді,
Уәж сөзін көңілге ілсең еді.
Туған елге ту етіп өлеңдерін,
Дейтұғын ол бір он жыл жүрсем енді.
Құм сағаттай күндер-ай, сусып аққан,
Зарықтырып ақынға жыл сұратқан...
Келеді қарай бергім,
қарай бергім
Жарқырап шыққандай бір бұлттан күн,
Жалт етіп көріндің де ырықты алдың.
Болар-ау сұлулыққа сұқтанғаным,
Адамдай сурет көрген тұрып қалдым.
Келмейді ел сұлуын табалағым,
Өзіңдей ең сұлуды таба алар кім?
Аспаннан алты қабат ұшып келген,
Мен сені перизатқа бағаладым.
Сұлулар сенуші едім көп дегенге,
Құшағы сұлулардың от дегенге.
Отыңа мүмкін сенің өртенбес пе ем,
Күн бе деп көзді салып өтпегенде.
Адамдар күлсе-күлсін күндеп мені,
Сүюге жүрек сені міндеттеді.
Санам мен сабырымнан тағат кетті,
Кім екен? Қайдан келген, біл деп сені.
Жүзіңнен айдай аппақ арай көрдім,
Ойымды отыз бөліп, орай бердің.
Ғашықтық дерті болар, делбеленіп,
Тағы бір көрсем ғой деп қарай бердім.
Сен мұнда перизат қыз қалай келдің?
Ессізбін, есімді алдың қалай көрдім?
Қарама-қарсы отырған сені көрсем,
Келеді қарай бергім, қарай бергім.
Перизат, айтшы, мұнда қалай келдің?!
Түсімде көрген
сәулешім
Ару Ай нұрын шашқанда,
Жұлдыздар жамырасқанда.
Ақбозға мініп, асығып,
Аттандым алыс аспанға.
Жұлдыздан жұлдыз жол таңдап,
Зарыға жеттім Шолпанға.
Шолпаннан жайлап сұрадым,
Жүр ме деп сәулем ортаңда?
Түсініп жұлдыз тілдерін,
Айтылды неге жүргенім.
Үркерден үндеп сұрап ем,
Үркер де деді, – білмедім.
Көңілдің түспей сабасы,
Таусылды төзім шарасы.
Жабығын айтшы жайды аңдап,
Жасырған «Жеті қарақшы».
Кеудемде отым лапылдап,
Жүрекке жалын жатыр сап.
Жымия қарап келдің сен,
Қол созым жерге жақындап.
Сорым ба, әлде бағым ба?!
Әлекке түстім тағы да.
Көргенім тәтті түс болып,
Айналдың сәулем сағымға.
Қол созып, қатқан маған үн,
Айта алмай кеткен хабарын.
Түсімде көрген сәулешім,
Қайдасың, қайдан табамын?!
ЖАЛҒАНСЫН АҚ ТАҢДАРЫҢ НҰРЫН ШАШҚАН
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты шағалалы Шардара өңірінің қазыналы қариясы, «Қазақ үні» газетінің тұрақты оқырманы Құрбанбек Шәметұлы бүгін сексеннің сеңгіріне сергек шығып отыр. Жүрекжарды жырларымен өскелең ұрпақтың рухани тұрғыдан сусындауына өзінің үлесін қосып, бүгінде аймақтың лайықты құрметіне бөленген ағамызды мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық тілейміз. Ақ таңдар сізге дәйім нұрын шашып, өміріңіз өнегемен өріле берсін. Қолыңыздан қаламыңыз түспей, жасыңыз жарқын жүзбен жүзге жетсін демекпіз.
«Қазақ үні» газетінің ұжымы Жүзге жет, ата! (Атам Құрбанбек Шәметұлының 80 жылдық мерейтойына) Атадан қалған жалғыз ұл, Ағайынға аян арының, Еліңе мәшһүр қадірің. Зәузаттарыңыз бүгінде Тереңге жайды тамырын. Тектіден текті өсер шын, Ақынсың және шешенсің. Әулетімізге ғана емес, Аймаққа бүтін көсемсің. Уақыттың жетпей құрығы, Сексенге толдың бұ күні. Жүзге келгейсің – тілегім, Жүдетпей өмір суығы. Сексен жас сеңгір көк еді, Жете алмас көбі себебі. Қоса берсінші жасқа жас Немере қыздың өлеңі. Гүлбаршын Құрбанбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 2-курс студенті qazaquni.kz