Еліміздің үздік "Жыл кітабы" анықталды
2017 ж. 26 ақпан
8562
0
Жыл сайынғы дәстүрмен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға Жыл кітабын таңдауға байланысты комиссия мүшелерінің отырысы болып өтті. Осымен елімізде оныншы рет өткізілген акция бойынша әлеуметтік желілерде, аймақтық кітапханаларда және оқырмандаға сауалнамалар мониторингі жүргізілді.
«Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу.
Комиссия мүшелері қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, ақын, «Парасат» орденінің иегері Несіпбек Айтұлы, жазушылар Мырзагелді Кемел, Тұрсын Жұртбай, Жолтай Әлмашұлы, жазушы-драматург Роза Мұқанова, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, сондай-ақ, Д.Қамзабекұлы, А.Ысымұлы, С.Досжанова, Ш.Құрманбай, Л.Қапышева, М.Ершу және С.Тәуекелов те бар.
Қорытынды нәтижесінде акцияға бес мың оқырман қатысып, оның екі жарым мыңы әлеуметтік желі арқылы дауыс берген. Қатысушылар саны – 1 милионнан асты.
Қазіргі қоғамда болып жатқан мәселелерді көтеру – «Бір ел – бір кітап» акциясының басты мақсаты да осы. Енді «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы мүшелерінің пікірлеріне назар аударалық.
Ғарифолла Есім,
ғалым, философия ғылымдарының докторы:
Біз қазақ мүддесіне жұмыс жасауымыз керек. Сонда ғана қазақ мүддесі жоғары тұрады. Ешқандай да бұратартушылыққа жол бермеуіміз керек. Тізімде Сұлтанмахмұттың аты-жөні жоқ болғанымен де, көріп отырсыздар, оның әруағы басым түсіп отыр.
Несіпбек Айт,
ақын, «Парасат» орденінің иегері:
* Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын ол – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі. Ұлт үшін күрескен адам.
Сол себептен бүгінгі «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына қатысушыларға жалынды ақын, жас ақын С.Торайғыровтың шығармалары таңдалғаны өте орынды деп санаймын.
Дархан Қыдырәлі,
«Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы:
Өте жақсы пікірлер айтылып жатыр. Осы «Бір ел – бір кітап» акциясын жүйелі жүргізіп келе жатқан Ұлттық академиялық кітапхана басшылығына және барлық кітапхана қызметкерлеріне мен ризашылығымды білдіремін. Биыл Алаштың жүз жылдығы. Елімізде көптеген іс шаралардың өтетініне күмəніміз жоқ. Бірақ, мына ұрпақтың санасына сол Алаш ұғымын сіңіре беру үшін биылғы акцияда Алаш тақырыбы қамтылу керек деген ойдамын. Мағжан Жұмабаев пен Жүсіпбек Аймауытовтар бұған дейінгі акцияларда оқылған екен.
[caption id="" align="alignleft" width="211"] Сұлтанмахмұт Торайғыров[/caption]Бізде Сұлтанмахмұт Торайғыров деген ақынымыз ұмытылып бара жатыр. «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам!» деген рухты жырлаған ақын. Қазіргі кезде оны оқыту керек. Сұлтанмахмұттың «Әлиханның Семейге келуі» деген өте керемет шығармасы бар. Көркемдік жағынан келсек, Алаш қайраткерлерінің ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бәсі жоғары. Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсыновты да айтуға болады. Бірақ, Сұлтанмахмұттың көркемдік жағы, рухы биылғы жылға сәйкес келетін сияқты.
Менің ойымша Шерағаң да, классик жазушыларымыз Әбдіжәмәл Нүрпейісов пен Әбіш Кекілбаевтан көзі тірісінде «Кімге дауыс бересіз?» деп сұрағанымызда осы Сұлтанмахмұт Торайғыровты айтар еді деген өзімнің ойым бар. Қазіргі қазақ жастарына идеал керек. Супермэндер дейміз, неше түрлі жасанды геройларға табынып, солардың аттарын жамылып жүрген жайы бар. Ал ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын жастарымызға үлгі ретінде көрсетуімізге болады. Оның шығармалары заманымызға келген үлкен сый, тамаша тарту. Қыршын кетсе де, барлық саналы ғұмырын халқына арнаған ұлы тұлға. Біздің жастарымыз С.Торайғыровтың тәлімін, тағылымын оқып өссе, шын мәнінде отаншыл болып шығады деген сенімдеміз. Сұлтанмахмұт Тройцкіде оқып, діни білім алған. Сол себептен татар, башқұрт және басқа да бауырлас халықтармен әдебиетімізді жақындата түседі деп ойлаймын. Себебі, кезінде татар ақындары Ғабдолла Тоқай мен Ғалымжан Ибрагимовтер Сұлтанмахмұттың бірге жүрген достары болған. Сұлтанмахмұт Торайғыров сол заманның ғана ақыны емес. Біз қазір «Мәңгілік ел» мұрасы деп жүрміз. «Мәңгілік ел» тұғырының бағыты қандай? Философиясы неде деген сауалды жиі естиміз. Оның мағынасын С.Торайғыровтың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген философиясы айтып тұр. Бір жағы биыл Алаштың жылы. Екінші жағынан ұлттық идеямызға және Мәңгілік елдің анықтамасына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың осы сөзі жауап бола алады.
2007 жылдан 2016 жыл аралығында «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша жыл кітабы атанған шығармаларды естеріңізге сала кетейік:
Абайдың «Қара сөздері»,
М. Әуезов «Қилы заман» романы,
М. Жұмабаевтың лирикасы,
Ж. Молдағалиев «Мен – қазақпын» поэмасы,
Ж. Аймауытов «Ақбілек» романы,
О. Бөкей шығармалары,
Ф. Оңғарсынова «Дауа»,
С. Мұратбеков «Жусан исі» және «Басында Үшқараның...»,
І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы және Д.Бабатайұлының шығармалары.
Сонымен, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясының қортындысы бойынша Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына орай «Жыл кітабы – 2017» таңдауы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу ұсынылды. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетінің шешімімен облыстық кітапхана қызметкерлері «Алғыс хатпен» марапатталды.
Әсем Сағиқызы,
qazaquni.kz