«Ақ аруанаңыз» әлемді аралап келе жатқан жазушысыз
2017 ж. 12 қаңтар
2875
5
Қазақтың көрнекті жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Халықаралық Шолохов сыйлығының иегері,
Махмұд Қашқари атындағы
«Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін»
Халықаралық сыйлықтың лауреаты,
ҚР Еңбегі сіңген қайраткер
Сәбит Аймұқанұлы ДОСАНОВ мырзаға
Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы! Сізді қасиетті қос жетіге - 77-нің жемісті биігіне көтерілуіңізбен құттықтаймыз! Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов сыйлығының иегері, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген еңбегі үшін» Халықаралық сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер, Сіздің жалпы Қазақ еліне ғана емес, түркі әлемінің руханиятына да сіңірген еңбегіңіз елге белгілі. Сіздің қаламыңыздан туған ондаған шығармалар оқырман қауым рухани сусындап келе жатқан сүбелі туындылар болып табылып, Сізді өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты. Таудай талантыңызды танытқан «Тау жолы», ел іздеп оқыған «Екінші өмір» романдарыңыз, Мемлекеттік сыйлықты иеленген, бес кітаптан тұратын «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеяңыз қазақ әдебиеті қазынасына қосылған құнды дүниелер. Әсіресе, көптеген шетел тіліне аударылған «Ақ аруанаңыз» қаншама жылдан бері әлемді аралап келе жатқанына куәміз. Міне, соның жарқын көрінісі, бірнеше жыл бұрын Парижде француз тілінде шыққан, екі жыл бұрын Бакуде туысқан әзірбайжан халқымен қауышқан бұл туынды былтыр бауырлас Түркияда жарық көріп, бүкіл Түркі әлемінің белгілі сыйлықтарын иеленіп отырсыз. Қадірлі Сәбит Аймұқанұлы! «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы Сіздің өткір мақалаларыңыз арқылы бүгінгі заман мен Тәуелсіз Қазақстанымыздың маңызды мәселелерін көтеріп, қоғамдық-саяси әлемге де үнемі үн қосып отырғаныңызды жақсы біледі. Кеше ғана "Қазақ үні" газетінде жарияланған Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы "Ұлт үшін туған ұлы тұлға" атты мақалаңызда да Тәуелсіз Қазақ елінің іргесін бекемдеуге бағытталған маңызды мәселелер көтерілгенін көріп, көңілге түйіп отырмыз.. Сізге енді есігін ашып отырған Жаңа жылда зор шығармашылық табыс, деніңізге саулық, бақ-береке және әрқашан Ақ жол тілейміз. Зор құрметпен, Азат ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» партиясы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты