Қолтаңбаның қандай қасиеті бар?
2017 ж. 04 қаңтар
3751
0
Өнерде әрбір өнер иесі немесе шығармагер өзіндік қолтаңбасын қалыптастырады. Бұл, әлбетте, сол саланың таланттыларына ғана тән мәселе. Бірақ, қолына қалам ұстаған суретші болсын, санасына сәуле түскен ақын не жазушы болсын, болмаса көмейіне құмыр бұлбұл ұя салған әнші болсын, бәрібір, қолтаңбасын қалдырғысы келеді. Десек те, ол екінің біріне, егіздің сыңарына бұйырған бақыт па өзі?!
Қолтаңба деген ұғымның тағы бір қасиет, қыры бар. Атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өзінің өмір бойы жинаған тоғыз мың кітаптан тұратын аса бай кітапханасын тарту еткенін білеміз. Оның ішінде мың шақты кітабы ақын-жазушылардан, саясаткерлерден, өнер адамдарынан авторға кезінде қолтаңба қойылып сыйланған екен. Кезінде Қадыр Мырза-әлі Сәбит Мұқановтың қолтаңбасы қойылған Жазушылар одағына мүшелік билетін қайта ауыстыру кезінде әдейі бермей, жоғалтып алдым деп, бірақ оны жеке мұрағатында сақтап қалғанын жазып еді. Мұның өзі ұлы сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан қаламгерлерге деген құрмет еді. Негізі, қолтаңба алу немесе беру үрдісі қазақ мәдениетінде ақын-жазушылардан басталған сияқты. Мысалы, алпысыншы жылдар оқырмандары мен әдебиетшілері ұлы Мұхтар Әуезовтен қолтаңба алуға құштарлар көп-ақ болған шығар. Оның үстіне, сол кездегі қаламгерлердің арасында жаңа шыққан кітаптарын бір-біріне қолтаңба қойып сыйлау дәстүрі болған. Кейіннен замана ағымымен, уақыт көшкінімен бұл үрдіс те кенжелеп қалды. Кейін бұл үрдіс әншілерден қолтаңба алуға ұласты.
Қазір жастардың көпшілігі әдебиет өкілдерінен емес, эстрада өкілдерінен қолтаңба алуға құштар. Себебі, танымалдылық белгілі бір деңгейде жастық өмірге әсер етпей қоймайды. Бүгінде теледидардың іші, ғаламтордың беті дегендей дүниелердің барлығы да әншілердің жарнамасына толы. Кім қалай үйленді, кімнің тойы қай жерде өтті, кім қандай көлік мінеді, кім жылына қанша табыс табады…міне, осындай жарнамалардан соң олардың танымалдылықтары артты. Ал жастық өмір болса жылт етпе жылтырға назар аударуымен, қызылға қызығуымен де есте қалады. Танымал адамдар көп болғанымен, ерекше тағылымды тұлғалардың аз екенін білеміз. Екінің бірінің абыз, егіздің сыңарының аңыз болып кетпесі тағы анық.
Негізі, қолтаңба беру дәстүрі сөзұстарларға тән дүние. Қолтаңба берудің де өзіндік тәртібі мен мәдениеті болады екен. Көптеген оқырмандар әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың қолтаңба беруде ерекшелік танытатынын айтады. Сөз бен сөзді ұйқастырып, ой мен ойды жымдастырып жібереді екен. Сондай-ақ, Талас топырағында дүниеге келіп, Тараз шаһарында өмір сүрген талантты ақын Серік Томановтың да қолтаңба бергенде қолтаңбасы ерекше болған. Өлеңдегі қолтаңбасы қандай болса, оқырманға берген қолтаңбасы да сондай бөлектеніп тұрған. Мұның өзі таланттылықтың, ұлы сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруды мақсат еткен көңілдің көрінісі.
Белгілі әдебиетші-ғалым Құлбек Ергөбектің студент кезіндегі бір жайды айтқаны бар. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында атағынан ат үркетін жазушы Сәбит Мұқановпен кездесу өтеді. Сонда кездесу кеші әлдеқашан аяқталса да студент жастар әдебиет алыбынан қолтаңба алу үшін түн батқанша кезекке тұрған екен. Әбіш Кекілбаев та Мұхтар Әуезов туралы естелігінде ұлы жазушыдан қолтаңба алуға сол кездегі әрбір жастың ынтызар болғанын жазады. Бүгінде қолтаңба алу дәстүрінің әншілер қауымына ауысқанын, қазіргі жастардың басым бөлігінің әншілерден қолтаңба алғысы келетінін айттық. Дегенмен, бұл үрдіс те қалып бара жатқан сияқты. Қазір «жұлдыз» саналып жүрген бір сахнагер «тірі» кейіпте көрінсе болды, жастар жағы улап-шулап суретке түсетін болды. Қазіргідей техниканың дамыған заманында суретке түсу сөз емес. Әркімнің қолында бүгінде бір-бір заманауи ұялы телефон. Оның ішінде не жоқ дейсіз, іздегеннің барлығы да бар. Содан оны әлеуметтік желілерге салады, астына мақтан үшін бе, басқа үшін бе белгісіз, әйтеуір әлгі өнер иесінің аты-жөнін жазып қояды. Ал кітап туралы әңгіме болса, қолындағы ұялы телефоны арқылы ғаламтордан оқып жүргенін айтады.
Қолтаңба алу уақыт жылжып, дәуір алмасқан шақтарда естелік болып қалатыны ақиқат. Қолтаңба беру жайы да бүгінгі күнгі қаламгерлердің арасында жойылып барады. Баспадан жаңа шығып, сиясы кеппеген кітабын қолтаңба жазып бір-біріне ұсынбақ түгілі, бір-бірінің қандай дүниелерінің жарыққа шығып жатқанынан да бейхабар. Өмірде әркім әртүрлі дүниеге қызығушылық білдіреді. Біреуі ананы жинайды, біреуі мынаны жинайды. Енді бірі қолтаңба алғанды жаны қалайды. Әркімнің таңдауы өзінде. Бірақ, саналы адамның өмірінде қолтаңбаның алатын орыны ерекше. Өмір сағым, көшкен бір көштей бұлдырап кете барады. Бүгінгі қарапайым тұлға ертеңгі ұлы аңыз болуы да мүмкін.
Хамит ЕСАМАН,
Егемен Қазақстан