Қазыбек Иса. АУЫЛ ТҮНI. ҚЫС
2016 ж. 25 желтоқсан
7748
18
АУЫЛ ТҮНI. ҚЫС
Азабын қыстың
тартпай аз,
Аз ауыл көнбiс пiшiнде.
Шағырмақ жұлдыз, шартты аяз
Шатынап түсер күшiнде.
Аяусыз биыл суынды,
Ақысы көптен қалғандай.
Аузыңнан шыққан буыңды,
Уыстап алсаң болғандай.
Мұржадан шыққан түтiндер,
Сiңе алмай қалып ауаға.
Ақ мұнар тартып
бүкiл жер,
Қағынып тұрса не дауа.
Шарламақ болып қолатты,
Сәрiде кеткен тәрiздi ед.
Шаруаға тоңми торы атты,
Шал қайтып келдi, жоқ iздеп...
Жастыққа бар ма не дерiң,
Естiлдi қыздың күлкiсi.
Аяздың аздап беделi,
Күлкiден осы тұр түсiп...
Күлкiсi қыздың, құдай-ау...
Қайдағыны кеп қозғаған.
Жарық қып түндi ол жүр ояу,
Болмаса екен боз боран...
Алыстан күткен iзгi үмiт,
Ауылдың аппақ реңi.
Қысты да жатыр қыздырып,
Тiрлiктiң титтей жүрегi.
ҚАР ЖАУҒАН КҮН
Қар жауып тұр, Жауып бүкiл әлемдi,
Ырғағына ынтықтырды мәнерлi,
Көркемдiктiң құшағында жүрмiн мен,
Көрiк етiп көңiлдегi өлеңдi.
Ғажап өмiр,
Көрсем дағы не күйдi,
Құштарлығым қалай оған кемидi?
Кең дүниеге кеберсiген ернiме,
Ұлпа қарлар қонбай жатып еридi...
Қар жауса да жан қытықтар жылы кеш,
Қаңтар бүйтiп жиi-жиi жiбiмес.
Айдап келем ашып тастап кеуденi,
Пейiлiм жоқ пенделiкке бүгiн еш...
Қыр төсiне түссе дағы екiндi,
Қыр кeрмедiм қыс мiнезiн не түрлi.
Мұзы да оның мұздата алмас жүректi,
Мәрмәр жүздi мәркия қыз секiлдi...
Табиғатқа разы боп мүлдем мен,
Тазарамын көңiлдегi кiрбеңнен.
Қалып жатыр айналамда айналып,
Қалың жүзген қар жамылып үлгерген.
Тобыменен түйеқарын томсарып,
Қызыл жыңғыл қырауланды соншалық.
Құм қойнынан Қардың қызы қарсы алып,
Ойнайтындай мойыныма қар салып...
...Құйрығы алдар қу түлкiнi қуатын,
Қуатымен сонарға сап жыр атын...
Сұлулықтың суықтығын ойламай,
Қар астында қалқып жүрдi бiр ақын...
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz