Жадыра Дәрібаева: ҰЛЫ ДӘУІР КЕЛДІ ҚЫРАН ӨЛКЕГЕ!
2016 ж. 14 желтоқсан
4252
0
Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына да ширек ғасыр болыпты. Қоғамымызды қайта құру жылдарындағы халқымыз әрқилы келеңсіздіктер мен қиындықтарға бойындағы бар күш-жігерімен төтеп беріп, парасаттылық пен бірлігін, елге, жерге деген зор сүйіспеншілігін сақтай отырып, өзінің ерен еңбегінің, жарқын қуатының арқасында бүгінде елеулі игіліктерге жетіп, биік белестерді бағындыра бастады. Менің де қазақ қызы, ана, жар, ақын ретінде, жұртымызбен бірге басымнан өткізген жан ышқыныстарым мен ұлтыма деген ынтызарлығым өлең жолдарына түскен еді.
Жадыра ДӘРІБАЕВА
ақын, Қазақстан Республикасының
алғашқы Әнұранының авторларының
бірі «Құрмет» орденінің, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
ҰЛЫ ДӘУІР КЕЛДІ ҚЫРАН ӨЛКЕГЕ!
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25 жылдық кезеңінің тума жырларынан *** Қанағатшыл Қағанаттың қызымын, Самал жел кеп тарқататын бұрымын. Азды-көпке «тәубе» айтып, «шүкір» деп. Сыйлап өскен ата-баба ырымын. Жамандықты дарытпаған бойына, Зерделі сөз тоқып өскен ойына, Қасиетін қастерлеген елінің, Сан сынаққа бермеген ол мойыла. Ажарына ақылы сай, бал тілді, Сол қыз өзі кешкен ғұмыр сан қилы. Арғымақтың құлағында ойнап ол, Елі үшін ермен бірге жан қиды. Сыңғырлаған күлкісінен нәр алып, Өскен екен батырлар да нар, алып, Осал болмас, босаң болмас ұрпағы, Ару Ана, арлы Атадан жаралып. ... Арсыздық пен алауыздық азайып, Жаңа дәуір жыр-дастанын жазайық. Мен сенемін: бар қырсықтан арылып, Біздің қазақ Ел болады ғажайып! *** Жарқырап тұр мына маңғаз дүние, Мың жыл бұрын болған осы күйінде, Жұлдыздар да би билеген қуанып, Ай қараған наздана да, сүйіне. Есіркеуді сұрап жүріп ескі айдан, Жарылқауды күткен бабам жаңа айдан, Мәңгі ғұмыр сүрмейтінін білсе де, Сан тілегін тілей берген Құдайдан. Үміт, үрей жанды ұшырып қаңбақтай, Кейде, тіпті, баққа жетпей бармақтай, Құштарлықтан құмар көңіл күлдіреп, Пенде өтер ұлы өмірді ардақтай. Тылсым әлем қарап бізге шат күліп, Тарту күшін жердің қойған арттырып, Өлшеулі өмір сыйлаған соң адамға Арманын да бергенде ғой шақ қылып... Өткелде (Нарыққа өту кезеңінің көріністері) Ғазиз жаным бөлшектеніп, бөлініп, Әр пенденің көз жасы боп төгіліп. Қуанышы аздау мына кезеңде, Жүремін мен қылмыстыдай көрініп. Ойнамайды тоқ баламен аш бала, Қаншама адам таба алмай жүр баспана, Ит пен мысық ішіп жүрген жуынды Қорек болды-ау жарымжанға, масқара. Шырылдайды шыбын жандар шарасыз, Ойламаймын екенбіз деп талансыз, Қырық құрақ бірлік кетер ыдырап, Болса егер түп тамыры жарамсыз. Мүгедекті нан сұратып, тілентіп, Қарттарымыз тірі өліктей күнелтіп, Барымызды игере алмай жұпыны Неге отырмыз қара аспанды түнертіп? Жылап-жылап көз жасы да тыйылды, Халқым талай жеңіп еді қиынды. «Жеттім-ау» деп желпінгенде, қырсық күн Қамшысын кеп төбесінен үйірді. Күлкі қайда, ойын қайда білмеймін, Кеуілдердің серпілгенін тілеймін. Ұшып бара жатқандаймын түнекте, Қанатынан ұстап алып үрейдің... *** Еңкейтпеші еңселіні ептіге, Іргемізді ібіліс жайлап кетті ме? Пұлы бардың таңқияды танауы, Миығынан күліп тұр ол тектіге. Қасиетін қастерлеген жақсының, Татса-дағы дәмін әбден ащының, Ұрпағы едік сол кәусәрлі халықтың, Бүгін неге кеудемізде тапшы нұр? Жарылқауды күтеміз кеп біреуден, Есіркеуді жалықпаймыз тілеуден, Құлап жатып жығылғанға күлеміз, Алдымызға жан салмаймыз мінеуден. Ұғынуға парқы жетер, құнттым-ай, Бұзылмасын ақ пейіл мен құлқың-ай, Ертеңің тұр ілінулі қармаққа, Арынды бол, арқа сүйер жұртым-ай! Қиылыста Қуаныш сыйла, өтінем, Азайды өмір шуағы, Ақ жібек арман сетінер, Жалбырап күндер құрағы. Дәулет те, бақ та мен үшін Сәттерден мөлдір тұрады, Үрей – құс жайлап ел ішін Бұл ғасыр бізді сынады. Шатасып кеткен тірліктің Болмай да қойды тұрағы, Береке, ауызбірліктің Өшті ме әлде шырағы? Қаңқылдап ұшты беталды Қаздиған дала қыраны, Бірінен бірі кек алды Дауы көп дәуір ұланы. Берекесіз кей көптіктен Артық-ау аздың бұла әні. Көрінген жерге көз тіккен Белгілі бір күн құлары. Шаршады жүйке жұқарып, Көбейіп ұрыс ұраны, Көгенге көңіл тұсалып, Қашанға дейін тұрады? Жөн таппай жортып жүр әлі, Жамырап дала құланы, Іздеме бұған кінәні Сейілмей сана тұманы. Жегідей жейді жанымды Жамиғат сөзге құмары, Дегенді: «сақта барыңды», Белгісіз қашан ұғары?... . Мінеулер Бүгінгі жауған қар ертең, Ылайланар-ау сел болып, Жымысқылық бұл әдетпен, Жарытпаспыз біз ел болып. Жетесіз пенде жетіспес, Бес елі жал бітсе де, Қасыңда тұрып есітпес, Шыңғырған даусың жетсе де. Ақшасы бітсе сүмпиіп, Сүмеңдеп ерер соңыңнан, Қайтадан бір күн күмпиіп, Ұсынсаң алмас қолыңнан. Дүниеңе қарап сыйлайтын, Лауазымыңа құлдық қып, Түкке де татып тұрмайтын, Үйреніп қалған ұрлық қып, Бар екен небір пақырлар, Кеудесі түнек, жарықсыз, Есеппен сөйлеп тақылдар, Көбейіп кетті парықсыз. *** Бұзылма, көңіл, бұзылма, Қызығып кетіп қызылға, Тайғанап құлау бір-ақ сәт, Қисынсыз жерде қызынба. Жерік те етер жалған бар, Желікті қуған жандар бар, Сағыныш болып өксітер, Өмірден кетіп қалғандар. Айныма, көңіл, айныма, Тұра алсаң төтеп қайғыға, Артынан келер қуаныш, Жамандық кетер қаймыға. Қуалап кетпе құр пайда, Зейнет те қашпас ешқайда, Әр адам өзі бір жұлдыз, Зерттелмей жатқан шалғайда. Кірлеме, көңіл, кірлеме, Ашудың отын үрлеме, Айналып өтсе бақ сені, Бақыттыларды күндеме. Төзе біл, көңіл, төзе біл, Жүрегін достың сезе біл. Өрекпіп қанша тұрғанмен Бәріміз барар меже бір... *** Артыма қимай қарадым, Бұралып жатыр жол анау, Күрсініп қалған, қарағым, Өкініш орны тола ма-ау?.. Жанымнан жауып бұршақтар, Жабырқап жүрген жан едім, Шамам жоқ енді сыр сақтар, Сен болдың мұңлы әуенім. Барады семіп селдір күн, Сергелдең жылдар жылыстап, Қанша рет көкке телмірдім, Берер деп жалғыз уыс бақ. Алдамшы үміт арбады, Алмастырды да күн-түнін, Жүректе шуақ қалмады, Жеткізбей арман-ынтығым. Кісінеп қарлы боранда, Құлыншақ – жаным шырқырап, Үздігіп көндім оған да, Жатса да ыза жұлқылап... Артыма қимай қарадым, Бұралып жатыр жол анау, Күрсініп қалған, қарағым, Өкініш орны тола ма-ау?.. *** «Алла!», - деп жаздым ақ қарға, Тәңірім көзін салсын деп. Адасып жүрген ант, арға, Қаһарын төгіп алсын деп. Жердегі көріп жанжалды, Көк әлем көңіл бөлсін деп, Бұйыртып бұла таңдарды, Өркендеп өңір өнсін деп. Аспан боп жүрген көкірек, Аласарып бір көрсін деп, Тұлымын қиған төңірек, Өсіріп бұрым өрсін деп. Сіміріп нұрды тау, өзен, Мейірге жұртым қансын деп, Өзіңе, Тәңір, тәу етем, Шырағы елдің жансын деп... *** Үйрену керек барды бағалауды, Сөз саптап, ақыл-ойды саралауды, Кесапат жоламайды кесірсізге, Жұртыңды қою керек табалауды. Тәлімі азған елдің бар әдеті, Сыртынан суыртпақтап, сөз теретін, Өсекке құмар болмай, іске жүгін, Әлемде аз ба кәсіп меңгеретін. Баршылық арқасы ғой, алшаңдаймыз, Бұрылып айналаға зер салмаймыз, Барып та басқа елге күн көрер көп, Біз, бірақ, бөтендерше кете алмаймыз. Әркімнің қимасы бар бұл тірлікте, Ол – Отан тербетілген көкіректе, Бабалар мейірімі таңба-сынды, Басылып қалған жоқ па әр жүректе. Бірегей халықпыз біз қарға тамыр, Сақтардан басталады Ата-дәуір, Қанымен жанын берген туған жерге, Бар қазақ бір-біріне туыс-бауыр. Үйрену керек барды бағалауды, Сөз саптап, ақыл-ойды саралауды, Кесапат жоламайды кесірсізге, Қою керек жұртыңды табалауды НҰР ШАШЫЛДЫ, МАҒЖАН АҒА , ЕЛІҢЕ! Сүйіп өттің, күйіп кеттің сезімнен, Күншығысқа қуат бердің Сөзіңмен, Жыр- жүрегін алау еткен еліне, Жұртың қалай айналмасын өзіңнен! Елің міне, жолбарыстай жол салған, Келешектің ағыстарын қарсы алған, Құлшынады, қуыстанбай, именбей, Жан-жағында тұрса-дағы қанша арлан. Еліктеумен әлемдегі құмарға, Бой алғызып жүргені бар ұранға, Соққаны көп басын тау мен тасқа да, Бірақ, Аға, нұр шашылды Тұранға! Сіз аңсаған құйып жатыр нөсерлер, (Етек-жеңін жинап та жұрт еселер), Елдің тойы көбейгенге күңкілдеп, Көре алмайтын бар ғой небір есерлер. Қанша баба жете алмаған тілектер, Қанша аға шыға алмаған түнектер, Жарқырады, қолдап Тәңір көгінен, Қазақ жерін қашаннан да Күн өпкен! Сәт өтпейді жаңа арна, ағынсыз, (Дүние мынау кеткендей боп сабырсыз). Адамзаттың алып күретамыры, Ен даламда соғып та тұр дамылсыз! Жеткіншек жүр жетсем деумен қызынып, Әлемдегі бар кәсіпке қызығып, Білімменен, еңбекпенен нәрленіп, Қазақ деген келеді, Аға, шынығып! Кемшілік бар, кертартпалық, кереңдік, Жетпей жатыр жетелілік, тереңдік, Жылдар бойы жауырланған жігермен, Қайдан бірден келе қойсын ерендік. Жаутаңдамай, алаңдамай өзгеге, Мол ырысқа жеттік еге кезге де, Қанша ұрпақ қиялдаған күні-түн, Ұлы дәуір келді қыран өлкеге! Сіздер жайлы азаттыққа жол ашқан, Жазылады әлі талай жыр-дастан, Арыстары Алты Алаштың айбарлы, Армандары ақ таңдарға ұласқан! Ақиқат дауысы (1937 жылғы қуғын-сүргіннің құрбан болған арыстарымыздың рухына). Шымда кеткен шындықтар қауызымын, Шыңырауда шыңғырған дауысымын, Балапандай көрінем өз-өзіме Қапылыста алдырған қауырсынын. Жан-тәніңмен сен мені тілегенсің, Аңсап барып, мазарда түнегенсің, Қолдаушың боп келдім мен, қорғаушың боп, Мені күткен армандар түрегелсін! Көре алмай кеткен өзің күндер үшін, Көктемей қалған сенсіз гүлдер үшін, Жанартаудай мен енді атыламын, Өшіп қалған мезгілсіз үндер үшін. Шымда кеткен шындықтар қауызымын, Шыңырауда шыңғырған дауысымын, Өксіктерін баса алмай кеткендердің Найзағайлы, нөсерлі Наурызымын! *** Айбаты өктем, күн-ғұмыр, Азабыңды енді бермеші, Баса алмаған ынтығын, Мен де бір Тәңір пендесі. Жалқы мұң кетсін ескірген, Құрысын надан құрған тор, Құтты боп бағым кеш келген, Құдайым берсін иман жол. «Айласыз айбат еткенмен, Жетпейсің ешбір жеңіске, Кесірін тартар кектенген, Санасыздармен шегіспе». Баулыған осылай парыққа, Шұғыла төгіп, сүйіне, Ғашық еткен жарыққа, Бас ием, бапкер Дүние! **** Найзағайлы, ай қабақты от жалын... Жарық дүние, кереметсің, керемет, Сен де мені, мен секілді керек ет. Күрең-күрең көбейттірмей күндерді, Қуатың мен берекеңнен бере кет. Сүмбіл көкке күнде жүрем ынтық боп, Сезімдерім төгіледі мың шық боп, Жалт-жұлт еткен ұшқын - әлем ішінде, Тірі жанға тиер титтей қырсық жоқ. Бәрі-бәрі жердің сілем төсінде, Адамдығың ұшырасып кесірге, Уыз таңмен оянасың уылжып, Бүлінесің жетпей жатып бесінге. Таңдай қағып, таңырқаудан басталған, Нұрлы әлем, сені сүйіп қарсы алғам. «Жеті қабат аспан үстін көрсем», - деп Сәби көңіл қиялдаған, тамсанған. Тазалық пен пәктік бар деп тек сонда, Жүрсін деумен Тәңір салған ақ жолда. Жақсылыққа баулып келем жақынды, Түспесін деп сайтан құрған мың торға. ...Найзағайлы, ай қабақты, от жалын, Білдім енді бұл дүниеде бақ барын, Әрбір ізгі адам үшін хақ әлем Көзін ілмей күресіп-ақ жатқанын! qazaquni.kz