Ермұрат Зейіпханның «Дүние ғапыл» атты кітабы жарық көрді

Бүгін Жазушылар одағында ақын, композитор, актер Ермұрат Зейіпханның 50 жылдығы аясында атқарылатын шаралар туралы пресс-конференция өтті әрі ақынның «Дүние ғапыл» атты шығармалар жинағы жарық көрді.

Шараға Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, ҚР Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан, қытайтанушы, тарихшы-ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы, ақын Алмасбек Ахметбекұлы қатысып, Ермұрат Зейіпханның шығармашылығы мен өмірі жайында кең мағлұмат берді.

Қабырғалы қаламгер Қабдеш Жұмаділов: «Ермұрат талантымен, тағдырымен, өнерімен және бөлек болмысымен бәрімізді мойындатты. Оны күні кешегі серілердей көрдік. Өлеңі қандай, прозасы қандай, әндері қандай еді? «Көк тудың желбірегені» бүгіндері барша қазақтың жатқа айтатын әніне айналды. «Күнес-айы» туған жер туралы құйылып түскен бірегей туынды еді. Оның 70-ке жуық әні бар, орындаушысы табылса елдің рухын көтеретін сүбелі туындыларға кенде емес. Өлеңдеріндегі сырбаздық, шыншылдық жайында әлі де болса тереңірек зерттеу керек», – деді.

Ал Н. Мұхаметханұлы: «Нағыз патриот кім десе – Ермұратты, нағыз дегдар жан кім десе – Ермұратты, нағыз қарапайым өнер иесі кім десе – тағы да Ермұратты айтуға болады. Ол өзінің адал да шынайы болмысымен бәрімізге сыйымды, үлгі болған азамат», – деді.

Алдағы сәрсенбі күні кешкі сағат 18.00-де Әуезов театрында Ермұрат Зейіпханды еске алуға арналған «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты шығармашылық кеш өтеді. Кеште белгілі өнер жұлдыздары Ермұрат Зейіпханның әндерін шырқайды.

Abai.kz