ҚАБЫРҒАДАН ОҚ ТИСЕ, ҚАМҚОР БОЛҒАН ҚАРЫНДАС
2016 ж. 25 қараша
4480
0
Әдебиет әлемінде қазақ қыздарының ішінде өз орнын тапқан бір адам бар болса, бірден Шәрбану Бейсенова апайымыздың есімін атар едік. «Өзінің тақырыбы мен жанрын тауып алған автор» деп баға берген еді бірде Сейіт Қасқабасов ағамыз.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Тәуелсіздік. Әдебиет. Қаламгер» байқауының жеңімпазы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова апайымызды тағы бір мәрте оқырмандарымызбен жүздестірудің реті келген еді.
Қаратаудың теріскей бетіндегі Құмкент шаһарында ғұмыр кешіп, ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, ту ұстаған қолбасы әрі би, әрі батыр Едігенің ұрпағы Сүйінбике туралы Шәрбану Бейсенова «Сүйінбике. Ұлы Дала аруы» атты кітап жазып шықты. Соған орай «Фолиант» баспасынан жарық көрген аталмыш кітаптың таныстырылымы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өтті. Кітап таныстырылымына оқырмандар мен бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кітаптың атауының өзі аңызға толы қазақ даласының тарихын тағы бір қырынан ашуға септігін тигізді десек қате айтқандай болмаспыз. Автордың өзі айтып кеткендей Сүйінбикенің тағдыры мен жүріп өткен жолы, түркі әйелдеріне тән тектілігі мен ер мінезділігі туралы баяндалған.
Сүйінбике – Алтын орда ханы Едіге бидің тікелей ұрпағы. Бүкіл түркі әлеміне танымал саяси қайраткер. Он жеті жасқа толған бойжеткенді әкесі Жүсіп Қазан ханы Жанәліге ұзатады. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін, әмеңгерлік жолмен Жанәлі ханның жиені Сапаргерейге тұрмысқа шығады. Бірақ, Қазан хандығына шабуыл басталып кетіп, Сапаргерей де қайтыс болады. Сөйтіп, Сүйінбике Қазан хандығының тәуелсіздігін сақтап қалу үшін аянбай күреске шығады. Түркі әйелдеріне тән тектілігі мен ер мінезділігіне сай Сүйінбике Қазан хандығының билігін өз қолына алады. Аты аңызға айналады...
Шәрбану апай ұзақ жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет ете жүріп, ұлт тарихындағы қайсар да қаһарман аналар жайлы көптеген еңбектерін жариялаған. Қазақ қыздарының тарихи бейнесі мен ұлттық болмысы оның қызығушылығын тудырып, уақыт өте келе осы кітапты жазуға түрткі болды.
«Қазақстан әйелдері» журналында бір кездері «Қазақтың жолында құрбан болған арулар» атты айдар шығып тұрған. Қолға түскен материалдардың бірі – осы Сүйінбике жайында болады.
Бұл жөнінде Шәрбану апай былай дейді:
* Әйелдің негізгі міндеті – жас ұрпақты қалыптастыру және олардың тәрбиесіне мән беру екені санамызда сайрап тұратын. Үнемі ішкі көкейімізде ұстайтынбыз. Бір идеялар келетін. «Біздің алдымызда қазақтың қандай
қыздары болды? Олардың үлгілері қандай?» деген сұрақ тұрды. Оның үстіне өнегелі адамның өмірін айтып, насихаттау арқылы жастарымызға тәрбие бергіміз келген.
Біздің өткен тарихымыздағы ұлы тұлғалар халық ауыз әдебиетінде жатқаны белгілі. Тарихқа тұнып тұрған қазақ халқының баға жетпес мұрасы да, алтын қазынасы да сонда жатыр. Біз батырлық пен қайсарлықтың, қайраткерлік пен қаһармандықтың қазақ қыздарына о баста жат болмағанын сол арқылы білеміз. Жақсы қасиеттерін үлгі тұтамыз. Себебі, олар қабырғадан оқ тигенде қамқор бола білген жандар. Керек десеңіз, қолына қамшысы мен қаруын ұстап, аттың құлағында ойнаған. Қажет болса ел бастап, ақыл айтқан. Дана, би, шешен де бола білген. Көшпелі халық ұрпағының бір ерекшелігі де осында.
Қазан жұртшылығы Сүйінбикенің тұтқындалуына бір шүйкебастың тұтқындалғаны сияқты жеңіл қараған. Сүйінбикеден құтылудың амалын іздестіріп жүрген татар халқына бұл жағдай еш әсер еткен жоқ. Тек құтқаруға барған қазақ батырларының шейіт болғаны жөнінде ғана бір дерек бар.
* Татар халқы Сүйінбикені Қазан хандығының соңғы патшайымы ретінде қабылдаған. Ол туралы татар ғалымдарының зерттеген еңбектері мен жазушыларының жазған романдары да бар. Иван Грозный Сүйінбикені тұтқындап алып кеткеннен кейін, қазақтың отыз шақты батыры құтқаруға барады. Бірақ, батырлардың барлығы Қазан түбінде шейіт болады, – дейді Шәрбану апай.
«Сүйінбике. Ұлы Дала аруы» кітабында автор адами рухты көрсетуді қажет деп тапқан. Ерлік пен қайсарлықтың үлгісін бейнелеуге тырысқан. Қазан жұришылығы үшін әділетті хан болғанын және сол жолда құрбан болғанын айтады.
Сүйінбике Қазанның ортасынан бақ ашқан. Бірнеше кітаптар жинаған. Жеке кітапханасы болған. Бірақ, Иван Грозный жаулап алғаннан кейін, Қазанның бар байлығы мен құнды дүниелері патшаға тиесілі болады да, кітапхана мүлдем жойылып кетеді.
* Сүйінбике – үлкен саясаттың құрбаны. Қазан хандығының өкілі ретінде қабылдағанымызбен, қазақ халқының тарихына жат емес екенін мойындауымыз керек. Бұл – тарихымыздың бір пұшпағы. Қазақ халқының қыздары тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді, ұлттық сана сезім мен дәстүрімізді сақтау туралы ойлап жүргенде ер-азаматтарымыз қолдау көрсеткені жөн. Ұлы Дала аруларына арнап жазған шығармаларыңыз көбейе берсін. Әрі қарай жалғастыра беруге алла тағала нәсіп етсін, – дейді кітап таныстырылымына келген тарихшы Жамбыл Артықбаев.
* Сүйінбикенің тұтқындалуына байланысты мынадай сұрақ туындайды. Неге біздің қазақтың қыздары сондай кездері қорғансыз қалды? Не Қазан мемлекетін құра алмады, одан ұнатпайтын адамына тұрмысқа кетеді. Алты жасар баласын өлтіріп жібереді. Бұл мәселенің түбі ар жағында жатыр. Алтын Орданы ханы тұсында шашылған ел болып өмір сүрдік. Бар гәп сонда болып отыр. Бұл – тарихтың ақиқаты, – дейді Бүркітбай Аяған.
Осыған байланысты ақын Оңайгүл Тұржан да өз ойын былайша білдірді:
* Қазақ әйелі туралы жазылған мынадай кітапты мен бірінші рет көріп тұрмын. Әрине, нәзік жандылар жайлы кітаптар баршылық. Бірақ, ар жағында әйел-анаға деген құрметті ескере бермейміз. Әйел сорлы болса, қоғам ешуақытта көктемейді. Ол бүкіл қоғамды тартып ұстайды. Сол себептен алдағы уақытта әйел-анаға деген құрметіміз көбейе берсін.
Қазан халқының азаттығы үшін отаршылдыққа қарсы шыққан Сүйінбикенің батылдығы мен ерлігі қазақ қыздарына үлгі боларлықтай. Түбі бір түркі әлемінің символы іспеттес. Ал ол туралы кітап жазу шынымен де қазақ қызына деген ерекше құрметтің белгісі!
Әйел тақырыбы қолына қалам ұстаған Шәрбану сияқты апаларымыздың шығармаларының негізгі арқауына айнала бергей!
Сөз соңында айтар қуанышты жаңалық бар. Жуырда сәтін салса, Астана қаласы көшелерінің біріне Сүйінбике есімі берілмек.
Әсем Сағиқызы,
qazaquni.kz