Кітап қанша тұрады?
2016 ж. 24 қараша
10451
0
1.
Кітап өтпейді, кітап жетпейді деуші едік, қазір кітап оқылмайды деп кесіп айтатын болдық. Оған бәрі (автор, баспагер, дүкенші, оқырман) куә. Автор алақанын жайып отыр, баспагер шарасыз, дүкенші алушыға зар, оқырман интернетке кеткен. Сірә, енді қайырылмайды.
Кітап. Қасиетті еді, қадірлі еді. Қолдан түспейтін, көңілден кетпейтін. Сырласуға болатын, сыйға тартылатын. Мұның бәрі бұрынғы күннің шындығы. Қазіргі күннің шындығы — кітабың керексіз, бағасы жоқ, басы артық дүниеге айналған.
Бұрын кітап көп шығатын. Жылдан- жылға таралымы да өсіңкі еді. Расына келсек, ол кезде де кітаптардың оқылатыны болатын, оқылмайтыны да жетерлік еді. Ел есінде қалған тамаша туындылар, етжақынымыздай болып кеткен ақын-жазушыларымыздың есімдері жадымызда жаңғырады. Әр үйден міндетті түрде табылатын айтулы, әйгілі кітаптарды айтам да. Ұмытыла бастағандары қаншама. Кітапхана қорында болғанымен, ұрпақтың ойында жоқ.
Кінәліні іздемей-ақ қояйық, бәрібір іздеп таппайсың. Өткеннің алғауы аңсаумен аяқталады.
2.
Кітап туралы небір ұлағат сөздер айтылған ғой. Одан асырып айту асылық болар.. Бірақ, бүгінгі қалін жасырып, айтпау да мүмкін емес… Парықты қайдам, нарықтың интервенциясы бет қаратпай, интернеті білгенін істеп тұр.
Қазіргі кітап та жападан-жалғыз, автор да оқырмансыз. Ойы алаң, көңілі далаң. Біресе қаламына қарайды, біресе заманның қабағына қарайды. Қош бол, кітаптар заманы демеске амалы жоқ. Мойындамайын десе де, сорақысы сол —үйінде кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келеді. Міне, бізді ойландыратын ұлы сұрақ осы. Жауабын кім айтады, жолын кім табады?
Мұндайда ықылымдық инстингіміз — тіктеліп жоғарыға қарау ғой. Жоғарыдан құс жолы көрінеді, жақсылық атаулының бәрі жоғарыдан келеді, бәрін жоғарыдан күтеміз емес пе.
Жә, мұның бәрі ішкі монологымыз болсын.
3.
Кітап — қазына дейміз. Қазір сол қазынамен байып отырған — кітапханалар. Жыл сайын әр кітап 2000 таралыммен шығып жатыр. Бес данасы — автордікі, қалған екі мың данасы — шашауы шертілмей кітапханалардың қоймасына тоғытылып жатыр. Парадоксы — соның бірде- біреуі сатылымға түспейді. Сатылмайтын, сөреде тұрмайтын жоқ кітаптарды оқымайды деп оқырманды кінәлау кімнің ойлап тапқан аксиомасы?
Сөздің де тірлігі мен тағдыры бар. Соның айнасы — кітап. Өткенді көресің, бүгінді танисың. Айтары көп, аяны мол. Кітаптың көптігінен ешбір ел күйзелген емес. Керісінше, оқып оянған, тоқып түзелген. Кемеліне бастаған, кененіне жеткізген. Тіпті, Мысыр кітапхналарының маңдайшасына төрт-ақ сөз жазылған: «Адам жанын емдейтін дәрі», — деп.
4.
Тарауы жағынан таңқалдырғандар да жетерлік. Көркем әдебиет бестселлерлеріне отыз миллион данасы сатылған үш роман жатады. Жаклин Сюзанның «Қуыршақтар алқабы», Харпер Лидің «Қылжақпастың қазасы» және Маргарет Митчелдің «Жел айдап әкеткендер». Бұлар оқырманын ұйқысынан айырып, ынтызар еткен кітаптар…
Өзімізге келейік. Әлімсақтан белгілісі, қазақтың қара сөзі де, дана сөзі де кітапта. Қазіргі жайын сұрап жатқан кім бар? Айта қояр адамын да таппайсың. Жалпы мәліметі үш жүздей аталым жарық көреді екен. Бірақ, кім шығып жатқаны мен қалай шығып жатқаны жұмбақ. Бұрын шығатын кітаптардың тақырыптық жоспар тізімі болатын. Ол жеке кітапша боп ұйымдарға, оқу орындарына, сауда нүктелеріне танысу үшін таратылатын. Сөйтіп жер-жерден тапсырыс түсіп, таралым жасалатын. Қандай кітап шыққанын жұртшылық біліп отыратын. Қазір қай баспадан қандай кітап шыққанын білу мүмкін емес. Тізіммен шығып, тізіммен таралып жатқан кітаптардың тағдыры тек шығу бақытына ие авторлардың өзіне ғана мәлім.
«Осыдан кейін оқылатын кітаптың шыққанын қайдан біледі, оны қалай іздеп табады?» — дейді сауалым.
«Нағыз оқылатын кітаптар шығару үшін де мәдениет керек», — дейді ойым.
Бұған келісерсіз, иә келіспессіз. Мәдениетіңіз білсін.
5.
«Бір аштың бір тоқтығы болады, бір тоқтың бір жоқтығы болады», — деп қаламгерлер өздерін жұбатып жүр. Онысы — кітаптың да күні туар дегендік. Баяғы дәстүр баяны басым. Елімнің еңсесі тіктелгенде қаламгері қайтіп кемдік көрмек. Кеңдігі лайық емес пе. Басқаша елестете алмайды.
Қаламгер қаламақыға қарайды. Қаламақы — маңдай терінің өтеуі. Жазғанының жемісі. Ретро естелік: кеңес дәуірінде түрткенге төленетін. Баспалар мен газеттерде айына екі рет қаламақы беріледі. Радио да солай. Жазғаныңа заңды түрде аласың. Кешіктіру деген болмайды. Ауылдағы авторларға төлем қағазы жөнелтіледі. Кеңес үкіметінің қаламақыға адалдығы қазір түсімізге кіреді.. Бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Қаламгердің сабыры таусылған, салы кеткен. Ендігісі осы, қаламгерлер, журналистер тегін жазуға да қайыл секілді.
6.
Бір жазушы келді.
— Журналға шығып едім, қаламақы алып келем, — деді.
— Қанша? — десем,
— Екі мың, — дейді.
— Кейбір басылымдар мүлде төлемейді, — деп қояды.
Ол — маған, мен — оған таңдана қарастық. Ол — күлді, мен — күмілжідім. Ал кітабы шыққан жазушының алатыны да асып бара жатқан жоқ. Әрісі — болымсыз төлем, бес-алты бума кітап. Тегін сенбіліктерге шығушы едік, ал мұндай тегін еңбектің қазақ қаламгерлеріне тәндігі айнымайтын ақиқатқа айналған. Өз күніңді өзің көрдің қағидасына мойынсұнған. Әзірге қаламгер халі қауқарсыз, қаламы қамсыз, құқы қорғаусыз. Ала алмай жүр қаламақысын.
Адал ақысын.
7.
Ақын неге ұялды?
Атақты ақынымыз Олжекең (Сүлейменов) мәдениет мәселесін талқылау барысында ол жайында ашыла ақтарылып былай депті:
«Мен әлгінде бейне сюжетте Олжас Қасым атты жас ақынның сөзін тыңдадым. Жас Олжас, жаңа заманның, тәуелсіз әдебиеттің Олжасы деуге әбден болады. Сол Олжасқа қарап отырып ұялдым… Біз жаңа буынға ештеңе қалдырмадық. Енді ештеңе бере алмай отырмыз. Жас Олжастың кітабы жиырма мың данамен шығыпты. Бес баспа табақ өлеңдері үшін жиырма бес мың теңге қаламақы алыпты. Өзіне 1 дана ғана кітап беріліпті. Ұят қой. Мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген өнер өгей бала сияқты өмір сүреді. Мен өзім соншама атақты ақын болсам да, соңғы 25 жылда шыққан кітаптарым үшін 1 теңге қаламақы алмаппын. Сол арқылы мемлекет менің кәсіби шығармашылығымның лайықты бағасын бермеген сияқты болып шығады. Иә, басқа қызметім үшін ақша төлейді және аз емес. Бірақ, мен ақындық еңбегімнің жемісі — өлең жинақтарым үшін қаламақы алуға тиістімін ғой». («Кітап – ұлттық қазына», Қ.Серікқызы, «Қазақ әдебиеті», №44, 2016 ж.)
Мінеки, бұл кітап пен қаламақының бүгінгі келбеті. Ақынның сөзі ақиқаттың өзі боп тұрған жоқ па. Бұған ұялмағанда қайтесің.
Әлде ұят деген біздің бұл өмірімізден баз кешіп, ғайып болған ба?
8.
Кітап идеологиясы сауалдардан тұрады. Ауылдық мекендерде неге кітап жоқ? Кітап тілдік тұғыр емес пе? Кітап ұлттың көркем сөзі емес пе? Ұлттығыңды ұлағаттайтын кітаптың неге насихаты жоқ?
Теледидарға қарасаң, тамақ пісіруден бастап тіс пастасына дейінгі көз көрім насихаттың неше атасы бар. Күні-түні бір тынбайды. Бір дәріні апта бойы, бір киноны ай бойы, бір кіржуғыш ұнтақты жыл бойы дегендей. Тіпті, миымызға сіңіп кететіні сондай, түсіңде де көріп шығасың.
Ал кітап осылай көрсетілсе, осылай насихатталса қайтер еді. Өкініштісі, ондай атты күн қайда?
Кітаптың көмбесі ұмыт, насихаты нөл. Кітап оқылмайды деудің өзегіне қарашы. Сауалына себебін өзі айтып тұрған жоқ па.
Өзімізді-өзіміз өтірік жұбатпайық.
9.
Кітапты кінәлауға да қақымыз жоқ. Кітаптың бізді кінәлауына толық қақы бар.
Кітаптардың да дәуірі болады. Бұл — уақыттың бағасы. Кітаптардың да тағдыры болады. Бұл — өмірдің бағасы. Сайып келгенде, ешкімге бас имейтін, ешкімді илемейтін, адамның бар бітім-болмысын жайып салған ақиқаттың сөзі кітап болды. Басқасының бәрі желмен жоғалды, уақытпен ұмыт болды.
Қоғамның өсіп-өрбуі оның оқуы мен тоқуына қарай көш түзейді екен. Кемелін рухани қазынасымен қалыптайды екен.
Кітабына қамқор бола білген қоғамның желкені жығылмағанға ұқсайды.
10.
Кітап ғұмырын, ұзартатын — жас буын. Жастарға қарасаң, көркіне көз сүйсінеді, еркіне сөз сүрінеді. Бірақ оған кітап сөзі архаизм, одан гөрі СМС-тің тілі оңтайлы. Ол үшін кітапта баяндалатын махаббат, туған жер, ерлік-елдік, адамдық-адалдық секілді қасиеттер рухани көздер емес, жай жансыз жарнама сөздер. Кітабың жадынан тыс, ойынан өшірілген. Құлаққабына құмбыл, фәни тірлігі фейсбукта, ұйқылы-ояу ойы инстаграммда.Одан айыра алмайсың.
Көркемдік қуаты мол керемет туынды келуі керек. Ол кешікпей келуі шарт. Өйткені, уақыт күтпейді, уақыт өзімен жарысқан бәсекені қалайды. Жанды баурайтын жылдамдық, жалт қаратар жаңалық — жастардың қалауы. Жастың құлшынысы дуда қызады. Жаһанның дуы бізге де жеткен. Бүгінгі беталысы анық. Идеясы тіптен қанық: «Кітаптың бетін ашпай- ақ көштен қалмауға болады!» Сенімінің түрі осы.
Көріп жатқан көріністің бәрі соған куә, соған қамшы.
11.
Қаламгер дауысы неге бәсең? Кітабы неғып көрінбейді? Ерек мінезі қайда қалды? Оны сол мінезімен танушы еді, сол дауысымен қабылдаушы еді. Өкініштісі, қаламгерге тән осылардың бәрі бір көрініп-бір көрінбейді, бір естіліп-бір естілмейді.
Шын қаламгердің қаламы суымайды. «Ұлы ақын өзі туралы, өзінің мені туралы айтып отырып, жалпы адам баласы туралы айтады, өйткені, оның натурасында адам баласына не тән болса, соның бәрі бар». Бұл — В.Белинскийдің айтқаны. Осындай айрықша парызы мен қарызы бар қаламгерлердің тегеурінді сөзі қайда? Топтанып хатқа қол қою, үндеулерге үн қосудан не қайыр. Қаламгерлік мұрат қайтып тыныш жатқызады. Қанда бар қасиет қайнап шықпай қоймаса керек.
Қаламгердің қуатты дауысы да керек бізге, бәрімізге, бүгінгі күнімізге.
12.
Байқасаңыз, бәрі уақытқа тәуелді. Уақыт уәжі қатал. Ойлауға мұрша бермейді. Ойлағаннан сұрақ туады. Сұраққа жауап берілуі керек. Жаһандануға оңтайлысы осы.. Ойланбайтын уақыт керек. Ойланбайтын ұрпақ керек.. Сұрақ қоймайтын ұрпақ болса жүдә жақсы.
Жаһанданудың жанығуы жаман. Кітап оқуға мұрша бермейді. Оқылғаннан ой туады, тіл тіріледі, талап өседі… Сұраққа жауап іздейтін ұрпақ оянады. Ояну мен өсу қашанда қауіпті. Осылайша оқылмайдының аржағында ойланбайды ойнақ салып тұр. Тұрған да жоқ, төске шауып барады. Кітап пен оқырман екіұдай күйде. Әйтсе де жанына жақын осы күнгінің ортақ құбылысы — оқылмайды мен ойланбайды екеуіне де қаламгер үмітпен қарауға мәжбүр.
Үміт таланттар мен табандыларды күтеді.
13.
Талъго дейтін тұлпар бар. Талайлардың тұрақты көлігі. Бір жолы жолаушы серіктесім кітапқұмар боп шықты. Мен бір бума газетімді алдым. Ол сөмкесінен алақандай кітабын шығарды. Орыс тілінде екен.
— Қазақша оқымайсың ба? — дегеніме басын шайқады. Әдебиет жайлы сыр тарта бергеніме қосыла кетті де, өзіме қарата ойын айтып салды. «Қазақтың жазушыларын түсінбеймін, — деді. — Әлі Шыңғысханмен жүрсіңдер. Тіпті, өршіп барасыңдар. Тарихқа жабылып жатырсыңдар. Көріп- біліп келгендей қиялға басасыңдар, сендірмейді. Соғыс тақырыбы әбден сартап болған, белгілі кейіпкер, белгілі сюжет қой. Батырлар туралы мифологиялық сарынмен гөйлетесіңдер. Ауыл сайын бір батыр, сөйте тұра қалмақтарды өмір бойы жеңе алмағандарың қалай. Махабатты ылғи трагедиямен аяқтайсыңдар. Оқи бастасаң, пәлсапаға сүңгіп, ақылдан ықылық ата бастайсың. Басқаша жазбайсыңдар ма? Ең болмаса детективтер болмай ма. Орыстың жазушыларын қара. Жедел оқылатын повестерін бұрқыратып жатыр. Қазіргі өмірдің оқиғалары, қазіргі адамдардың хикаялары. Ал сендер…
— Жазылып жатыр ғой, — деп ақталдым.
Осы кішкентай айтыс көңілге ой тастап кетті. Бәсе десейші-ау, біздің жазушыларымыз оқылымды ықшам шығармаларды неге жазбасқа. Кез-келген жердегі дүңгіршектерде сіресіп тұрған ондай кітаптардың өтімділігін де көріп жүрміз. Ауыл мен алғашқы махабатты жазудан жалықпаудың да шегі барын оқырман да түсінгендей-ау, уақыт та ұқтырғандай- ау. Ғасырдың өзгергенін өзімізден де, сөзімізден де көре тұра қаламды өткеннің сиясына сала беру көштен қала беру боп бара жатқанын білсек, шындықтың жағына шығарымыз анық.
Шындық уақытпен бірге жасайды.
Ендеше уақыттың тілімен сөйлей білейік.
14.
Кітап — қаламгердің сөзі. Бүгінгі күні оның өзі көрінбейді, сөзі естілмейді, оқырманы қайрылмай барады. Бұл бірдеңенің нышаны. Оны Қажығали Мұханбетқалиев ағамыз ашығынан айтыпты. «Қазіргі заманда қаламгердің қадірі де, беделі де, жай жағдайы да өте төмен. Қазір әдебиеттің өзі көмекке зәру, қалай құтқарамыз деген сұрақ туады». Бұған қосылмайтын әріптестер табыла қоймас. Бәріне ортақ дағдарыс, бәрінің бастан кешуі. Ең өресіздігі — жазушының руханиятқа қосқан үлесінің ұмытылуы, еленбеуі. Оның әлеуеті мен миссиясын місе тұтпауы. Азабына төзіп, ғажабына марқайып, қоздаған ойын күйттеумен жүретін қаламгердің кітабы үшін қандай құбылысты бастан кешетіні жайлы Әбеңнің (Нұрпейісов) мына бір сөзі еске түседі.
«Ақын, жазушы жүрегінен жарып шыққан шығарманың да әрқайсысының азабы мен қуанышы әртүрлі. Қайсыбір шығармадан кейін жазушы қан-сөлін сығып алған тірі аруақтай боп, құр сүлдері ғана қалады. Бұдан былай ешуақытта қолына қалам ұстамайтын сияқтанады. Лаулап тұрған жалыны басылып, тап бір жанып сөнгендей боп, тұлабойында енді тұтайтын ұшқын қалмағандай көрінеді…»
Міне, әр туындысынан кейінгі қаламгердің қалі, міскін қалпы. Тірлігінің таңдауы да осы. Тек қана өзі білетін құпиясы да осы.
Қажыкең де бекерден-бекер айтпайды. Айта берем дейді. Жаңғырығы құлаққа жетер дейді. Құлақ дегені бас жақта ғой. Кейде айтылған сөздің адресін тауып жататыны да бар ғой. Ғафу етіңіз, ендігісін өзіңізге қалдырайық.
15.
Жас ғалым жігіт бірде: «Кітап оқымайтын қоғамды елестете аласыз ба?» — деді.
— Көрейік…
— Қалай ойлайсыз, кітап мүлде ұмытыла ма?
— Әрине ұмытқысы келетіндер көп болса..
— Сіздіңше ол көбіңіз кімдер?
— Ілімсіздер мен білімсіздер.
— Оларды кім ығыстырады?
— Әрине, білімді, оқыған қоғам ғана.
Жас жігіттің қандай ой түйгенін қайдам. Өзіме қаламгер қауымның көңіл күйі, тіпті, жазушының Жармаққа айналғаны елестеді. Ол — кітабында өткені, өзінде бүгіні кетіп бара жатқандай боп көрінеді.
16.
Бізде осы кітапқа қамқор бар ма?
Қазіргісін білмеймін, бұрын болған еді. Жадымызда жатталып қалғаны — Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтер. Еліміз тегіс білетін есімдер. Қазақ әдебиетін қасиетті қазына санағандар. Сол қазынаға кітаптарымен үлес қосқан, рухани байытқан қазақ қаламгерлерін қатты қадірлегендер. Бейіл ықыласымен де бауырына тартып баптай білген, сырбаз сыни сабырымен де тыңдай білген. Талантты тану мен бағалауда көсемдік пен шешендікті қатар ұстанған ұстаздар.
Олар үлкен лауазым иелері бола тұра қамқор сөзімен кішірейіп қалам деп қымсынбаған. Қайта қаламгер қауыммен, таланттар ортасымен жақындасуға ықыласты болыпты. Кітабын оқып, кінаратсыз хатын жазады, алыстағыны астанаға шақырып, жақындағысының жолын ашады. Бұл қаулап өсіп келе жатқан қазақ әдебиетіне, оның рухани бұлқынысына, шығармашылық қайнарына, беталыс шабытына деген қамқор кеңдіктің кемелдігі еді. Бұл оларға тән ұлылық десек те дұрыс.
Ақиқаты — соның бәрінің аңыздай боп айтылатыны.
17.
Қазіргі өмірімізге қарасақ, осы теңдес бетке ұстайтын қайраткерлерімізді аңсайтын секілдіміз. Айналамызға қарайықшы, көріне ме, әлде көрінбей ме? Задында, барды бағалауға жоқпыз. Елегіміз келмейді. Місе тұтпау — машықты ісіміз, мін табу — әдетіміз. Әйтпесе, ерсіз ел бола ма? Ақиқатына жүгінсек, алысқа бармай-ақ алдымыздан шығар тұлға да көрінер, тек тани білу керек-ау. Ілекеңше (Омаров) мәдениетті мінез көрсететін, талғампаздық танытатын, білімпаздықты бәрінен биік қоятын, әдебиетті әлеуметтің көркем ойы санайтын, соған ісі мен ізгілігін арнаған жанды көрсек, оны танығанымыз.
Оның қазақтың Қалиханын (Ысқақ) қалай қадірлейтінін көрдім-сүйіндім, журналист Зәкір Асабаевтың жазғандарына риза болғанын естідім – қайран болдым, талай ақын-жазушыларға қамқорлық жасағаны елге жайылды — құрметім артты, т.т… Осылай оның әдебиет пен мәдениеттің абыройлы тұлғасына, жанашыр тумасына айналып кеткеніне көптің өзі күә.
Ол Ілекеңдердің ізімен келе жатқан — бәріміз білетін білікті жан, бірегей қайраткер Мұхтар Құлмұхаммед.
Қазақ кітабының бас жанашыры.
18.
Қазақ кітабы да кеңістікте жалқы өмір сүре алмайды. Келер күні үшін қамқорға ділгір. Ұлттық идеяларды сақтаушы ретінде де кітап ұлттың қамын жеушіге үміт артады. Бірақ, біз осыны дұрыс айтып, ұрпағымызды ұғындыра алып жүрміз бе?
Мойындайық, кеңес дәуірінде керемет тұлғалар болған. Керемет жазушылар болған. Керемет кітаптар да…әндер де, әншілер де, кинофилмдер де болған. Қазір жоқтан бар жасауға жұлқыныс қатты, өзеуреген өзімбілем басым.
Жоқтан бар жасауға болмайды, бардан бар жақсылық бастау алады. Бұл ешбір өкімге иілмейтін өмірдің ақиқаты.
Бірақ мына өмір ақиқатқа да сенбейтін өмір.
19.
Кеңес дәуірінде ақын-жазушыларымыздың кітаптары көп данамен жарық көретін. Ақын Олжас Сүлейменовтің поэзиялық жинақтары, Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы повестері жүз мың данамен тарайтын. Басқа да жазушылар 40-50 мыңдық межеден көрініп жататын. Меніңше бұл да қалың оқырманның ықыласы, қазақ кітабының портреті. Оған қосарланып қазақтың портреті де қылаң береді.
Қазақ — кітабымен бірге жасайды. Уақыт сынын бірге қабылдайды, бірге көреді. Қарап тұрсаң тағдырлас.
Кітап дегенде….исі қазаққа белгілі Иманғали Тасмағамбетовтің жүз кітабы еске түседі. Қазақ кітабының тағдыры қаржының қайырымсыз шарасына ұшырап, жағалауына қалай жетуді білмей жаныққан, жабыққан кезі еді. Соны көре біліп, қиындықтың құрсауынан алып шыққаны аңыздай боп кеткен. Бұл — мемлекеттік лауазым иесінің қайраткерлік болмысы, тура бидей батыл тұлғалық қадамы еді.
Ұмытпасымызға уақыт қоймапты-ау. Кеп кешегінің оқиғасы еді, бүгін ретроестелікке айналыпты.
Кітап жайлы осындай естеліктер көп болса ғой…
20.
Тағы да оқылады мен оқылмайды. Осы орайда ұлылардың бірінен оқығаным бар еді. Атын ұмыттым (ғафу өтінем), бірақ, айтқаны есімде қалыпты.
«Басқаны білмеймін,білетінім дүниеде бір керемет кітап бар. Ол — қасиетті Құран кітабы. Оны миллиардтаған халық күн сайын бес мезгіл оқиды. Күн сайын!» деп ағынан жарылған екен. Күн сайын! Ғажап емес пе?!
Ақиқатқа айтарың бар ма.. Әрине, адамзат үшін басқа да кітаптардың орны ерекше. Өзіне лайық орны барын ұмытпайық. Мұны да мойындайық.
21.
Тіліміздің тамыры кітапта дейміз. Қазір мектептерде үш тілде оқиды.
Үш тілді үйреніп жатыр.
Үш тілде сөйлейтін боп жатыр.
Үш тілде жазатын боп жатыр.
Үш тілде ойлайтын боп жатыр.
Үш тілде ойнайтын боп жатыр.
Оқулығы үш түрлі кітап — үш тілді кітап.
Отан тануы мен Өмір тануы қай тілде болар екен?
22.
Кітап біреуге арзан, біреуге қымбат көрінеді. Бұл бүгінгінің белгілі жайы. Ал сәл сабыр шақырып ойланыңызшы.
— Ұлттық құндылық ретінде кітаптың құны қанша тұрады?
Бұл тесті сауалы емес, текті сауал.
Жауабын үміт дейтін алыстан емес, шындық дейтін намыстан іздеу керек шығар, бәлкім…
Бұл үйге тапсырма да емес.
Бұл ұлтқа тапсырма.
Теледидарға қарасаң, тамақ пісіруден бастап тіс пастасына дейінгі көз көрім насихаттың неше атасы бар.. Күні-түні бір тынбайды. Бір дәріні апта бойы, бір киноны ай бойы, бір кіржуғыш ұнтақты жыл бойы дегендей. Тіпті, миымызға сіңіп кететіні сондай, түсіңде де көріп шығасың.
Ал кітап осылай көрсетілсе, осылай насихатталса қайтер еді. Өкініштісі ондай атты күн қайда.
— Қазақша оқымайсың ба? — дегеніме басын шайқады. Әдебиет жайлы сыр тарта бергеніме қосыла кетті де, өзіме қарата ойын айтып салды. «Қазақтың жазушыларын түсінбеймін, — деді. — Әлі Шыңғысханмен жүрсіңдер. Тіпті, өршіп барасыңдар. Тарихқа жабылып жатырсыңдар. Көріп- біліп келгендей қиялға басасыңдар, сендірмейді. Соғыс тақырыбы әбден сартап болған, белгілі кейіпкер,белгілі сюжет қой. Батырлар туралы мифологиялық сарынмен гөйлетесіңдер. Ауыл сайын бір батыр, сөйте тұра қалмақтарды өмір бойы жеңе алмағандарың қалай. Махабатты ылғи трагедиямен аяқтайсыңдар.Оқи бастасаң, пәлсапаға сүңгіп, ақылдан ықылық ата бастайсың. Басқаша жазбайсыңдар ма? Ең болмаса, детективтер болмай ма. Орыстың жазушыларын қара. Жедел оқылатын повестерін бұрқыратып жатыр. Қазіргі өмірдің оқиғалары, қазіргі адамдардың хикаялары. Ал сендер…
Кітап біреуге арзан, біреуге қымбат көрінеді. Бұл бүгінгінің белгілі жайы. Ал сәл сабыр шақырып ойланыңызшы.
— Ұлттық құндылық ретінде кітаптың құны қанша тұрады?
Бұл тесті сауалы емес, текті сауал.
Жауабын үміт дейтін алыстан емес, шындық дейтін намыстан іздеу керек шығар, бәлкім…
Бұл үйге тапсырма да емес.
Бұл ұлтқа тапсырма.
Жақау Дәуренбеков, жазушы, «Ана тілі» баспасының директоры, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дереккөз: Алматы ақшамы