ҚАРА ӨЛЕҢДЕГІ ҚҰБЫЛЫС
2016 ж. 21 қараша
4070
2
Шаһизаданың әр жазған жыры тасқа қашалған бітігтей, оқығанның ойында, тыңдағанның құлағында қалып, ел махаббаты деген шапағатқа бөленуде
І
Әр заман өз құбылысын тудырып, сонысымен дүниені жаңғыртып, жаңартып тұратыны секілді әдебиетте де рухани сілкіністер болып тұрады. Және сол сілкіністер кезінде ерекше дарынды тұлғалар жарқырай көрініп, заманының ақыл-ой биігінен тіл қатады.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы қазақ поэзиясының ренессансынан кейін әдебиетке келген талантты ақындар да жыр әлемінде өзіндік атмосфера жасауға тырысып, сан түрлі ізденістерге барды. Сол тұста қазақ жырында өз үнімен танылған Жарасқан, Жұматайларды өкшелей, өзінен бірер жас үлкен Байбота, Ұлықбектермен қатарласа өлең өлкесіне із салған Шаһизада Әбдікәрімов алғашқы өлеңдерімен-ақ әдеби қауымды жалт қаратып, қалың жұртқа өзінің тума талант – арқалы ақын екенін мойындата келді.
1975 жылы жарық көрген «Көктем тынысы» атты жас ақындар жинағына санаулы ғана өлеңдері енген он тоғыз жастағы Шаһизада – аталған кітапта жырлары басылған ақындардың ең кішісі еді. Осылайша ақындықтың мандатына ие болған дарынды жас арадан біраз жыл өткенде әдебиетке келген жас толқынның қуатын танытатын «Қарлығаш» атты ұжымдық жинаққа (1983 жылы шыққан) бір топ өлеңдері еніп, оның аты қазақ жырындағы таланттар тобына біржола мөрленді. Десек те, ол оқырмандарын ұзақ күттірген ақын болды. Мерзімді баспасөз беттерінде жырлары жарық көріп жатқанымен жеке жыр кітабы шықпай-ақ қойды. Дәлірегі, шығаруға өзі құлықты болмады. Тіпті, ақынның жеке кітабын көреміз дегендердің үміті үзілгендей де болды-ау деймін, 1996 жылы ақын Ертай Ашықбаев «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған – Шаһизадаға арнаған «Жинақ» деген эпиграммасында былай деген болатын: «Ашып өнер-қақпаны, әсем өлең сыйладың; ағаларың мақтады, шықпай-ақ та жинағың. Шықпай-ақ та жинағың, кештің талай өткелді; озып кетіп қинадың, жинақтары көптерді. Ұмтыла бер қияға, ой түндігін түріп тек; ан-то-ло-ги-я-ға да, жинақсыз-ақ кіріп кет».
Мұқағалидың «Халықтың кейде алғысы, қарғыстан бетер екен-ау» дегеніндей, Ертайдың да «айтқаны келіп», ақыр-соңында Шаһизаданың жырлары «Байқоңыр» деген тұңғыш жеке кітабынан («Шартарап» баспасы, 1998 жыл) кейін «Авестадан» бүгінге дейінгі ұлы дала таланттарының қаламынан туған үздік шығармаларды қамтыған «Екі мың жылдық дала жыры» (Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», 2000) атты антологияға енді. Бір жылдан соң екінші жыр кітабы – «Байқоңыр» («Білім» баспасы, 2001 жыл) басылып шықты. Оның кітабын шығару үшін інілері «Жасы қырықтан асқан көзі тірі шайырдың өлеңдерін Көтеш ақынның мұрасы секілді әр жерден іздеп жүріп» (Бауыржан Омарұлы) жинады.
Қарап отырсақ, Шаһизада кітап мәселесінде оқырмандарын ширек ғасырдан аса уақыт күттіріпті. Аз ба, көп пе, онысын өзі біледі, біздің білеріміз – өлеңге аса сергек қараған, поэзияны қадір тұтып шексіз құрметтеген ақын мінезі бар мұнда. «Екі өлеңіне еңіреп сыйлық сұраған, менің қатарым пысық қой» деп өзі айтпақшы, ақ қағазға қаламынан бір тамшы сия тамып кетсе, газет-журналға ала жүгіретін кейбіреулермен салыстырғанда, жылдар бойы жұртқа жатқа оқып жүрген жырларының басын қосып кітап жасатуға жарты күнін қия бермейтін Әбдікәрімовтің болмысы мүлде бөлек. Бастысы ол – жүрегінен шыққан шымыр жырлардың шынайылығын, оқылмай қалмайтынын біледі.
Оянбаған көзінде намыс, үміт,
Кімге керек Суллалар – қаны суық?
Мен де бір гладиатор,
Поэзияның
Парасатын қорғайтын жан ұшырып.
Алысамын,
Жұлқысам...
Құламаймын –
Төнсе төнсін басыма бұлағай күн.
Қан-қан болып жатсам да жыр жолында,
Мен ешкімнен жан сауға сұрамаймын, –
деп сонау бір шақта өзіне серт берген Шаһизада ақын тағдырдан талай теперіш көрсе де, жасыған жоқ, керісінше, өзін де, сөзін де қайрап, талайға асу бермеген жыр майданында жеңістен жеңіске жетіп, биіктей берді. Ақын атына қылау түсірген жоқ, өлмейтін өлеңдер тудырды. Қатарластың көңілінде күмбірлеп, кейінгінің көкірегінде дүбірледі.
Ол – ғасырлар аласапыранында қайраты мұқалмаған халқының да, үстінде небір ғаламат шайқастар өтсе де, өз ұлтынан өзгеге опа бермеген Отаны – Ұлы даланың да ұлылығын жасынан жүрегімен сезіп өскен-ді. Сондықтан ақын осынша ұлан-байтақ жерге азғантай халықтың иелік еткеніне түсіне алмай таңырқағандарға:
Жүрегіңе абай болғын жол шексең,
Әуре болма өрісімді өлшеп сен:
Зорығып-ақ өлер едің,
Көкемнің
Қонған жерін
Қылышыммен көрсетсем, –
деген асқақ пафоспен өзінің – сонау әлемді жаулап, Еуропа мен Азияны ат тұяғының шаңына көмген Атилламен тектестігін ишаралап, салты ірілік пен мәрттіктен тұратын еркін елдің перзенті екенін екпінді жыр тілімен баяндайды.
Осынша жерді иелеп, байтақ даланы еркін билеп-төстеген жұртты сақтап тұрған не? Ақынның пайымдауынша, ол – астамды табалдырығынан аттатпайтын, келімсекке қамқорлық қылса да, қоқаңдатпайтын; бейтаныстың басынан сипаса да, баба жұртын басындырмайтын Өр мінез!
Жолағына жолай алмас жөгі, арам,
Қонағына – құрдай жорға, тегі, алаң.
Қасиет пен қасіреттің арасын
Бөліп тұрған менің ұлы шекарам.
Шала тастап, ши жүгіртіп іргемнен,
Қарап асқақ, көкірегін кім керген?!
Таптап өту үшін менің жерімді,
Аттап өту керек шығар мүрдемнен! –
деуі – сол мінездің қандай ұлы күш екенін көрсетеді.
Дегенмен... арыстанның айбаты, жолбарыстың қайраты, бөрінің қайсарлығы секілді ұлтты сақтайтын Мінез де үш ғасырға жуық өзгенің боданы болған елді мүлде тәрк етпесе де, қаптаған қан-қасаптардан қыры сынып, қалжырап, қаны суып, қалтырап, өзгеріске ұшырай бастағаны ащы болса да шындық еді. Бұл, әрине, тектік тұрғыдан алғанда: – апатты жағдай. Бірақ құдайдың қалауы басқа болса, оған кім қарсы тұра алады: алаш ұранды халықтың ұл-қыздары осыдан дәл отыз жыл бұрын, барыс жылында аяқ астынан барыс мінез танытып, әлемнің жартысына пәрмені жүріп тұрған алып империяға қарсы шауып, «ақырып теңдік сұрағанда», бір кезде қантөгіспен билік басына келген қан қызыл тулы мемлекетті билеп отырғандар сескеніп-ақ қалған. Сескенгені сонша, тұқымын тұздай құртқан аққаптал саясаттан әлі де үмітті, ел жиналса, олардың талап-тілегімен санасар деп ойлайтын аңғал көкөрім жастарға қызыл әскерді қарсы қойып, қызыл қырғын жасады. Сөйтсе де, бұнымен ұшқыннан тұтанған жалынды мүлдем тұншықтырып тастай алмасын білген әккі зымияндар басқа арсыз әрекетке көшті: «алаңға шыққандар ұлтшыл шовинистер екен, олардың көбі түзелмейтін нашақорлар мен маскүнемдер-міс. Сондықтан тез арада тазалау жұмыстарын жүргізіп, ондайлардың оқитынын оқудан, жұмыс істейтінін жұмыстан қуу керек. Алматыдағы оқу орындарында негізінен жергілікті ұлт өкілдері оқиды, бұл – масқара! Азайту керек!..» Сол тұста бұндай сөзді өзгелер тұрмақ, өз көкелеріміз айтып, ізбасар іні-қарындастарына доқ көрсетті...
Алайда тарих таңбалаған масқаралықты «құдай аузына сөз салған қауым» отқа орап, шоққа шыжғырмай ма? Халқына жасалған қиянаттан көкірегінде қайнаған кек Шаһизаданың қаламынан заһар боп сорғалады:
Не керек Сізге?
Бәрін де бергем жоқ па осы,
Аларманыңның аз шығар маған өкпесі.
Алқымнан қысып, сыққанда шыбын жанымды,
Азырақ айбат шеккенім рас... Сөкпеші...
Түйсігі кіріп, ойламасын деп өз қамын,
Сен болсаң менен тас құшағыңды жазбадың.
Сары сүйегімді сықырлатып кеп қысқанда,
Шаттанғанымнан...
Шашылып қала жаздадым!
Моншаңа, досым, бармаймын!
Текке сарсылма!
Мешеулеу жаннан меселің қайтса, арсынба.
Онсыз да қанмен жуылған мынау денемде,
Жұртымның күлі... ұлтымның кірі қалсын да!
Әрбір әрпінен у тамшылаған бұл шумақтардың мән-мағынасын жіліктеп отырудың қажеті бола қоймас, дегенмен бір нәрсені айта кету орынды болар: санасы сергек ақын дер кезінде арсыз саяси насихаттың (қазақтарды жаңаша тұқырту науқаны) көмейін көріп, көкейдегісін тап басып, бетпердесін жыртты. Елі ұмытпауы тиіс қасіретті жұртының жадына өшпестей қып таңбалады. Алайда...
Несін жасырамыз, халық кейде ұмытшақ... Әйтпесе кеше ғана қаһарлы желтоқсанда «Еркін елдердің мызғымас одағының» ордасына от тастап, тас қамалын төңкеріп тастай жаздаған жас қайраттың тегеуріні естен шығар оқиға ма еді? Неге олай болды? Кейбіреулердің қышыған тілі ұртына сыймай, сыпсыңдап жүргендей, желтоқсанда алаңға шыққандар – билікшіл ағаларының арандатуына ұшырағандар ма? Егер сондай болса, о баста «өз жерімізді өз адамымыз билесін» деген бейбіт талаппен билікке арыз айтқалы барған жастардан мемлекет неге сескенген сонда? Өзінен-өзі стихиялық сипат алып қозғалысқа ұласып, салдары алып КСРО-ның күйреуіне алып келген Желтоқсан оқиғасының маңызын жоққа шығару кімге керек?
Бақсақ-көрсек, оның тамыры біз ойлағаннан тереңіректе сияқты. Жалпының санасының сергек болуы жалқыларға ұнай бермейтін көрінеді. Сондықтан ұлтты ауызбірлікке жетелейтін оқиғалар мен олар туралы шындықты ел санасынан өшірмесе болмайды екен. Ол үшін әлгілер өздері иесін жек көретін тамаша тәмсілді қолданса жетіп жатыр: «Сананы тұрмыс билейді».
...Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында еңсені басқан тұрмыстық қиындықтар халықты қара суға телміртіп, рухын езіп-ақ жіберді. Әрине, ол қиындықтар бізге сырттан таңылғаны талассыз. Бірақ өкінішке қарай, сол қиянат халықтың мінезіне орны толмас зардабын тигізді. Тигізгені сол, ендігінің ақылмандары бұрынғылардай «адам болуды» емес, жан бағуды насихаттайтын болды. Осылайша Елдік, Ерлік, Отаншылдық деген асқақ ұғымдардан сән кетіп, ұлттық болмысымызға сызат түсті. Бұған да қырағы көзі дер кезінде түсіп, қасіреттің түп-тамырын қазған Әбдікәрімов:
Өз ініміз өзімізге бөтендей,
Қорқып тұрмын, қабағымды көтермей.
Ағамыздың бойындағы арам ас,
Кіндігінен өтіп кеткен екен ғой, –
деп бәленің қайдан балалап жатқанын тап басқан-ды. Бірақ болары болып, қиюы қашқан дүниені қалпына қалай келтірерсің? Сондықтан ол:
Тұқымымыз таза болсын дегенді,
Тарау етіп толғауына ел өрді.
Тән сызылса, жазылады жарасы,
Қан бұзылса...
Төгу керек оны енді!
Құлы болған сайран күннің, сауықтың,
Қансыздармен қанаттасу – қауіп тым!
Уа, Тәңірім, береріңе сенемін,
Ал, ала бер,
«отыз ұлын Дәуіттің», –
деген тұла бойыңды түршіктіретін толғаумен сұрапыл шамырқанды. Ауыр үкім! Бірақ, қажет кезде ел бүтіндігі үшін қимасына да қол сілтейтін ежелгі салтты еске салатын ірілік бұл.
Ал, енді бар ғой, кейде ізгі ниеттен туған ой өзгеше рең алып, зиянсыздар зияндының орнына кетіп, ұранның өңі айналып кетсе – қасіреттің көкесі сол болады екен. Бұндайда «өмір – парадокстарға толы» деп ақталуға болар, алайда сол парадокстар қолдан жасалса ше?
Аңырып қарап халқым тұр,
Нұсқаулар көп те...
нұсқа – кем.
Абақтыдағы Алтын тіл,
Аузымды бұзып шықса екен!
Жан кешіп хақтың жолында,
Желкемнен талай атылды оқ.
Кім айтты,
анау қорымда
Өлгендер ғана жатыр деп?
Жүргенде тойда «кісі» боп,
Жыртылды қанша... –
жағам жоқ!
«Өзді-өзін атып үш рет», –
Іздеусіз қалған ағам көп.
Осындағы айтылған жайлардың бәрі – елге белгілі, жұрттың көз алдында болған оқиғалар. Бірақ бұдан кім не ұтты? Ешкім де ештеңе ұтқан жоқ. Барды бағалай білмеген, жоқты қайдан табады дейсің... Сондықтан ақынның:
Жанымды бір мұң тербейді,
Мұңымды кім бар ұғатын?
...Өлең де жазғым келмейді,
Өлгеннен кейін шығатын, –
деуінде қапы жоқ. Қадірлісін қаңғыртқан қоғамнан ірілік күтудің өзі артық. «Жолбарыстар жортатын сар даланы, қорсылдаған доңыздар басып жатса» (Мағжан) кінәлі өзіміз. Сөйте тұра:
Қайда сол біздің жігіттер – қыран топшылар,
Кез келді, міне, бақ сынар!
Сонау бір жылы көзінен тізіп қырсақ та,
Барлығын бірдей жер жұтып кеткен жоқ шығар! –
деп, әлденеге иегіміз қышиды. Ал шын мәнінде:
Асабамыздың дұрыс па өзі жады-есі?
Жігіттер біздің – бас табақтардың кәдесі:
Бұзбай пісіріп... мұздай түсіріп, әйтеуір,
Табалдырыққа тартып жібердік!
Гәп – осы...
Бірақ пенденің аярлығында шек бар ма? «Тіріде сыйласпаған ағайын, құм құйылсын көзіңе, өлгенде бекер сынама» деп қайран Махаң осыдан жүз елу жылдан әріде-ақ айтарын айтып, көзін шұқып, бетін тіліп кетсе де, қиянатшыл қасқалар екіжүзділігін қоймайды. «Дүние-малдың құлы» (Абай) болған арсыз тірлік иелері тіріні қойып, өлгенді ұлықтауда да есебін түгендеп жүреді. Не үшін?
Ұлы өнерге ұлы тұлға – керегі,
Маскаңызға мүсіншілер төнеді.
Сөйтіп, сізге орнатамыз ескерткіш,
Ескерткіштер үндемейді себебі.
Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бүгін көп «қамқорлықтың» астында осы пиғыл бұғып жатыр. Осындай лас тірлік иелерінің зымияндығынан әбден көңілі қалған Шаһизаданың:
Өмірді жырмен,
Өңірді нұрмен кескіндеп,
Жылдарым солай өтеді өршіл көшкін боп...
...Жоғары жаққа жалтақтамаймын мен енді,
Жоғары жақта...
Құдайдан басқа ешкім жоқ! –
деуі құдайсыздарға жеткілікті ескерту болса керек. «Жоғары жақта құдайдан басқа ешкім жоғына» сене бермейтіндер «заманға күйлеп» (Абай), азғындық айтағымен білгенін істеп жатқан мына заманда «құдайдан өзгеге ісі түскіштердің» жолы болып-ақ жатыр. Бірақ ол қашанға дейін созылар екен?.. Барлық нәрсенің де шегі болатынын білетін ақын содан сақтандырады. Бірақ сол күнге жеткенше ұлттың тұтастығына нұқсан келтіретін теріс пиғылдың жасарын жасап: ардақтымызды аластап, асылымызды аздыра беретініне оның жаны ауырады...
ІІ
Аласапыран ақындық ғұмырында Төлегенше «қалғыған әлемге тыным бермейтін» Шаһизада Әбдікәрімовтің жолын кес-кестеген кедергілер аз болмады. Осыны өзінің «Толық емес өмірбаянында» көсіле жырлап, кең толғаған ақынға қарап отырып, шынында да оның қалыпқа сыймаған тағдырының о бастан жаратылыс заңынан ауытқымай, болашағына төте тартқанын сезуге болатындай. Қандағы туралық пен жандағы ірілік тіршілік қамытына мойын ұсынбайтыны бесенеден белгілі. Ірілерді мұратқа жеткізетін – еркіндік пен кеңістік. Шаһизадаға ол Алматыдан таптыра қойған жоқ, тіпті кіндік қаны тамған жерден де. Бірақ армандап барған астанасының шетке қаққан суық шырайы да, қайтып келгенде түсін бермей ықылассыз күтіп алған туған жерінің салқын қабағы да ақыннан жырды, жырды ақыннан айыра алған жоқ. Қалың жұрттың жылдар бойы ақынға деген суымаған ыстық ықыласы мен ақынның халық мұңын өз мұңына балап, жоғын жоқтасып жазған мінезді жырлары – соның дәлелі.
Өмір бірсыдырғы жеңістен не жеңілістен тұрмайтыны сияқты, ылғи да самғай беру ешкімнің маңдайына жазылмаған. Ел басына қиындық боп
төнген өткен ғасырдың соңғы он жылдығында «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткенде», асыл сөз әдірем қалып, қалам қуатына сүйенгендер қоғамға мүлде керексіз бола жаздады. Ол жағдай ақындардың да тағдырына өшпес із қалдырды. Сол тұста:
Қаңғырып келгендей біз басқа әлемнен,
Кеңселер кіргізбейді тастан өрген.
Еңселер жүргізбейді езіп-жаншып,
Заман бұл,
Ақындары аштан өлген. –
болғаны шындық. Әйтсе де:
Арды ойлап, жармаспасақ жарымасқа,
Біздерді кейінгі ұрпақ танымас па!
Қоғамның жымын бағып жыр жазатын,
Өлермен өлеңшінің жөні басқа, –
болатын. Бұл, әрине, жалпыға таныс, бірдің емес, көптің басында болған жағдай ғой. Солай десек те, бұл тұста өзі де «қара қазан, сары баланың» қамы үшін «сөз сататындардың» (елдің ұғымындағы журналистер) аулына ат басын бұрып, теледидар саласынан напақасын терген Ш.Әбдікәрімовтің бір сәтке өлеңнен алыстағандай болғаны жалған емес. Қалайда өлең ақынды емес, ақын өлеңді қоя тұруға мәжбүр еді. Сол себепті оның:
Нарыққа жеттік, мінеки.
Бармақ қыршыдым!
Сері күндерім – шалғайда.
«Қолыңа қалам алсайшы», – дейді Тұрсыным,
Үш балам жетім қалмай ма? –
деп жырлауы заңды еді. Солай десек те...
Бұлбұлды алтын торға салып қойса да, «Еркіндік... Азаттық» деп сайрайтын көрінеді ғой. Сол секілді қарын қамы талант үшін ешқашан мұрат болмаған. Өзгелер үшін амалсыз арбаға жегілмесе, өзі үшін аштан өлсе де, азаттықты аңсап өтетін ақындар қауымы үшін жалғыз кеңістік – жырдан алыстау – үлкен трагедия. Осынау өтпелі кезеңнің зардабын тартып, біраз уақыт жүрек қалауынан жырақтау өмір сүрген Шаһизаданың мұңы жан тебірентеді:
«Көркем сөздің көктен түскен құты деп,
Көрген сайын құзырыңа байланып;
Сені шырқау шығады деп күтіп ек,
Әлі жүрсің төбемізде айналып...»
Дархан баурым өкпе айтқанда қыстығып,
Көкірегіме лықсып толып нөпір мұң;
Қанатымды қолтығыма қыстырып,
Қоңыз теріп кеткеніме өкіндім.
...Көк тәңірі күбіріңді тұр естіп,
Жалған айтып, жағынуға ыңғай жоқ...
Көмейіме кептеледі бір өксік,
Құмырада күңіренген жындай боп.
Анау Қарға бойлы Қазтуған айтпақшы, «Азамат ердің баласы, жабыққанын білдірмес, жамандар мазақ қылар деп». Алайда кер заманның кесір тірлігінен зәбір көрген ақын жүрегі жан сырын өлеңнен жасыра алған ба?!.
Ақынды ақын қылатын өрлік деген қасиет бар. Ол болмаса өзіңдегі дерттен сөзіңдегі серт айықтыра алуы кәдік. Біздіңше, Шаһизаданы талай ызғарлы желдің өтінен аман алып шыққан да сол өрлігі, өзіне деген сенімі болса керек. Ол қай қиырда жүрсе де, тіпті уақытқа есесі кетіп қалса да, туабітті қайсар қалпынан айныған емес. Содан да шығар, оның:
Бұл күндері десем де – жолдасым көп,
Жауым да бар,
қайратым қолдасым кеп.
Мен биікке ұмтылам,
Қос жанарым
Төмен қарап жер шұқып қалмасын деп, –
дегеніне шәк келтіре алмайсың.
«Нар қамысы құрыған соң ыңыранып, ырылдаған Сырдың соңғы жолбарысы көкірегіне кіріп алған» адуын ақынболмыстың бүтіндігін әр уақытта ұлылыққа балап, әділдік пен мәрттіктің содан бастау алатынын жеріне жеткізе жырлайды:
Уа, Тәңірім, қызығыңа жолықтыр,
Адамзаттың баласын.
Екі ғасыр бөліп тұр,
Бесігім мен бейітімнің арасын.
Кірпігімнен Айды ұзатып түнімен,
Бұрылсын деп оңға ісім;
Оңашада өз кеудеме үңілем,
Бүтін бе деп бесіктегі болмысым?!
...Жаныма, арым, құтпан бол,
Жаза бассам, кіреукемді оқ бұзсын!
Бесігімнен шыққан жол,
Бейітіме аман-есен жеткізсін!
Бұл – адалдық пен әділетті ту қып ұстаған ақынның жүрек сөзі. Тірлікте жеткен жетістігіне масаттанудан аулақ, адам боп өмір сүріп, адам боп қалуды ғана мақсұтқа жету деп санайтын жанның шын сыры.
Ол әрдайым халқының жанында болды, сондықтан оның жырларынан қоғамдағы болған оқиғаларға деген халықтың көзқарасын, ұлттың ұстанымын танимыз.
Мәселен, ширек ғасырдан бері ары тарт та, бері тарт болып, тағдыры көкпарға түскен мемлекеттік мәртебе алған Қазақ тілінің өркен жая алмай жатқанын Шаһизададай ащы жырлап, кесірдің қайдан тамыр тартып жатқанын көзге шұқып көрсеткен ақынның өзі аз шығар:
«Тұрмайтын жалғыз ойлы өлеңіңе,
Теңесіп нем бар тексізбен;
Сенің тіліңде сөйлегеніме,
Қуаныштымын шексіз мен...»
Жауға да шапқан жасымай кеше,
Ошағы ортақ, орманы;
Қазаққа қазақ осылай десе,
Бір сұмдық бүгін болғаны.
Кішірмей келіп, кішірмей барып,
Бір тілде сөйлеп, тістеніп;
Бір-бірімізді түсінбей қалып,
Тал түсте жүрміз түс көріп!
Қазаққа қазақ «сенің тіліңде...» деп тұрса – масқаралықтың көкесі осы емес пе? Ол нені білдіреді? Бұл бір-бірімізді әбден жат көріп, дұшпан санайтын жағдайға жеткеніміздің белгісі емес пе? Елдің бірлігі туралы айтылғанның бәрін популизмге жатқызудан бетіміз қызармаса да, «Қазақтың жауы – қазақ» деген зымиян тәмсілге имандай ұйып, «дұрыс, дұрыс» деп бас шұлғып шыға келетініміз несі? Ел болудың басты тіректерінің не екенін ұмытып бара жатқанымыз шығар, бәлкім...
Ендеше ақынның:
Бересіміз бір, аласымыз бір,
Жайнап жүрейік жай күнде....
Аузыңа қарап алашыңыз тұр,
Сөйлейсің, аға, қай тілде?! –
деп төрдегі көкелерді тәубеге шақыруы, бүгінде тамам елдің ойында тұрған басты сауалды тап басып танудан басқа ештеңе емес. Тіпті, оның Қазақ мемлекетінің ешқашан жадыдан шықпауы тиіс басты талабының бірі екеніне дау болмауы керек!
Халықтың ақыны деген – ардақты ат. Бірақ оған «Елім! Халқым!» деп бос кеудені төмпештеп, елдің бетіне шіркеу болар оқиғаны жалаулатып жырлап немесе тек қана жаманымызды айтып, жақсымызды тілге баспайтын тасбезерлікпен жете алмайсың. Өкінішке қарай, бүгінде өзін аузынан от шашқан ақын деп есептейтіндердің көбі таразының екі басын тең ұстамай, сыңарезуленіп, өмірді негативтен көріп, солай жырлауға әуес...
«Әділетке қиянат жасалған жерде жалғандықтың бетін қалай тілсең, еліңнің мерейі асқақтап жатқан тұста да сондай күшпен қуанышты жарқылдата жырлауға тиіссің!» Осы бір ұстанымды өз жырына өзек еткен Әбдікәрімов жамандықты қалай жерлесе, жақсылықты да солай аспандата біледі.
Ана бір жылы Елбасымыз Ұлыбританияға барғанда, сол елдің Премьер Министрі қадірлі қонақтың алдынан сәбиін қолына көтеріп шыққаны бар-ды. Таңданарлық-ақ нәрсе. Неге десеңіз, үйіне ел сыйлаған азаматтар келгенде, сәбиін алдынан алып шығып, аузына түкіртетін, сол сияқты атақты кісілер отырып кеткен жерге жас балаларды аунатып алатын қазақтың ырымы бар. Ол, әрине, ұрпағына жақсылардың шарапаты тисін деген ізгі ниет қой. Оны қазақ жақсы түсінеді. Ал, соны ағылшын елінің басшысы қалай білген? Мүмкін, оқыған не естіген шығар. Бірақ қалай десек те бұл – Қазақ Президентіне ғана емес, Қазақ еліне деген құрмет болатын. Ырымыңды сыйласа – ұлылығыңды танығаны! Осыны Шаһизада Әбдікәрімов келісті жырға өзек қылған:
Жебегенде әулием мен әнбием,
Нәрестеге нұр сіңірер бар кием!
Жақсылардың шарапаты тиетін,
Ырымымды қайдан білдің, Альбион?!
Еге болмай бір әкенің тағына,
«Ержетсін, – деп, – Адамзаттың бағына!» –
Азияның дидарынан тамған Нұр,
Еуропаның тарап жатты қанына!
Ақ сарайлар, шамдалдардың шаш нұрын,
Жол беріңдер, Хаттамалар тас мығым!
Әлі талай алдарыңнан шығады,
Елдестірген менің Ұлы Дәстүрім!
Ұлтты ұлықтау, мемлекеттің мерейін өсіру, кейде осындай қас-қағым сәттік ишарадан да байқалып қалып жатады. Бірақ оны қалт жібермей қағып алуға ақынның өткір назары, ұшқыр қиялы керек. Шаһизаданың бойында бар осы қасиет қазақ біткеннің есінде сақталуы тиіс кішкене ғана, бірақ елеулі оқиғаны тарих дәптеріне жырмен өрнектеп тастады.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» десек те, нұрыңды тасытуға дайын мәрттерінен құтыңды қашыруға қайым нәмәрттері көп мына заманда әділетпен жырлайтын ақындар азайып барады. Бірақ сол аздың қатарында әрдайым Шаһизаданың жүруі – оны нағыз ақын деп төбесіне көтеретін жырсүйер қауым үшін бір ғанибет.
Міне, осындай сан қырлы таланттың телегей теңіздей тебіреністері, заман неше құбылса да, ортайған жоқ. Ол – мінезді ақын. Мінезсізден мықты шықпайды. Ол – намысты ақын. Намыстың құлы болғандар ғана халықтың ұлы болады. Ол – шабытты ақын. Шабытты ақын – бақытты ақын!
Сонау бір кезде ол:
Жаһанға мынау тамсанып,
Жазайын өлең бүгін бір.
Ақ қанат арман, бал шабыт,
Шапағатыңа жуындар.
Қашайын дулы дүрмектен,
Басайын ессіз өртімді.
Бусанып жеткен бір көктем,
Бұйдалап алсын еркімді.
Шақырып шалғай, соны ізге,
Жүгірер әр саққа ойларым.
Ұлылық атты теңізге,
Белгісіз қанша бойларым.
...Жетермін бір күн мұратқа,
Сенімін елдің өтермін.
Шын дүбір жетсе құлаққа,
Шылбырымды үзіп кетермін, –
деп жыр төккен-ді.
Тілеуі тәңірдің құлағына шалынған Шаһизада содан бері шабытсыз жыр жазған емес. Әр жазған жыры тасқа қашалған бітігтей, жарыққа шыққаннан оқығанның ойында, тыңдағанның құлағында қалып, ел махаббаты деген шапағатқа бөленуде. Ақынға одан артық қандай сый керек?!
P.S. Кейбір том-том жазған ақын туралы бірдеңе айтқың келсе, тіліңе тиер етер есті өлең таппай мүдірсең, енді бір ақынның жалқы жинағының өзі таңды таңға ұрып айтар әңгіменің өзегіне айналып, сөзің таусылмай кетеді.
Өресі биік, ойы арналы ақын туралы айтудың өзі бір рахат. Ойыңа ой қосады, білмегеніңді білесің, назар аудармай жүрген жеріңде ғажайып сыр, ғаламат ой бар екеніне көзің жетеді. Біздің ақын шығармашылығынан бір түйгеніміз осы.
...Шаһизада ақын туралы айтарымыз көп еді, бірақ арқаны кеңге салғызбайтын қыстаулы уақыттың оған мүмкіндік бермегені өкінішті. Бұйырса, алдағы күндерде қазақ жырының тарланы жайындағы әңгімеге тағы бір оралып, сонда ақын жол салған басқа қиырларға да сапар шегетін боламыз. Көріскенше күн жақсы болғай.
Ахмет ӨМІРЗАҚ, qazaquni.kz