АҚЫН САРАНЫҢ МОЛАСЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛЫПТЫ
2016 ж. 16 қараша
2278
0
Ақын Сара Тастанбекқызының кесенесі
Камал Әбдірахманның «Ақын Сара атаусыз қала ма?» деген мақаласы Abai.kz ақпараттық порталында жарияланғанын өткен сенбі күні тойдағы жұрттың әңгімесінен естідім. Қызу талқылап тұр екен. Әркім өзінше ой түйеді ғой. Бірақ, барлығы Сараға арнап ғылыми-танымдық конференция өткізуді қолдап сөйлеп жатты.
Қызығушылығым оянып, әлгі мақаланы тауып алып оқыдым. Несін жасырайын, осы ойлардың өзіме келмегеніне кәдімгіндей кейідім. Бәрі дұрыс. Бірақ Камал ағаны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан білемін. Ағамыздың эмоциясы арнасынан асып жататыны бар. Сол жылдары Сарыөзек полигонын жабуға мұрындық болғанын, Сарқанттың, Талдықорғанның бас көтерген казактарын кеудеден соғып тоқтатқандарды бастағынын, облыстың сол кездегі әкімімен алысып жүріп, Талдықорғандағы алғашқы қазақ орта мектебін ашқызғанын жақсы білеміз. Алған бетінен қайтпайтын, «неформалдардың» жетекшісі еді, қасында жүрдік, барлық шаруаға ат салыстық. Сонда Камал ағаны тежеп отырмасақ, сіріңке шақпай-ақ даудың оты тұтанып кететін. Осындай мінезі есіме түсіп, артық-ауыс сөйлеп қоймады ма екен деген ой мазалады. Елге күнде келіп жатқан жоқпыз. Соны ойлап, жексенбі күні Сараның моласына арнайы бардым.
Жоқ! Камал аға, жасы ұлғайып, аптығы басылса керек, керісінше, жеңілдете жазған екен. Күре жолдан кесенеге апаратын жол шұрқ тесік, екі жиегін белуардан шөп басып, моланың иесіз екенін әп дегеннен көрсетті. Жете берістегі көпірден көктемде су асып кетсе керек, көпір бүлініп қалған. Келер жылғы көктемде түгі қалмайтыны анық. Кесене қоршауынан сәл ары әлдекім шлагбаум қойыпты. Онысы бір жағына қисайып, осы маңның сиқын алып тұр. Қоршау ішіндегі жағдай да тұп-тура жол үстіндегідей. Сонау жылдары мола алдына гүл отырғызатын астаулар қойылғанын білетінбіз. Олардың да сынғаны сынып, сынбағанының бояуы оңып сұрықсызданыпты. Мұнда да шөп белуардан. Неше жыл шалғы тимегені анық. Облыс басшылары ат басын бұрмағаны осыдан-ақ көрінді.
Мола ішіне су өтіпті. Тас пен бетоннан салынған кесененің еш жерінен тесік көрінбейді. Су үш ашық терезеден кіргендей. Келешекте шыны салған оңды сияқты. Топырағына біреулер ақ мата жапқан екен, онысына су тиіп, сарғайып, иістене бастапты. Үйінді топырақтың өзін де әлдекім тасып кеткен секілді, жақтауынан төмен түсіп кетіпті. Көңіліміз түсіп, Сара апамыздың әруағына арнап Құран оқыдық. Біздің қоладан келер осы ғана ғой.
Біржан сал мен ақын Сараның айтысқан жеріндегі ескерткіш
Сара ақынның ауыр тағдыры туралы көп жазылды. Тіпті, айтыс болмады деушілер де оқтын-оқтын шығып қалады. Бұл да ақын апамыздың ғұмыры бүгінге дейін орынсыз таластың тақырыбы болып келе жатқанының дәлелі. Сара ақынның қалқасында өздерін көрсетіп қалғысы келетіндер бары рас. Солардың «шындық» іздеп жүргендеріне үлкен күмәнім бар. Нақ осы себептен де Сара ақын туралы Камал аға айтып отырған ғылыми-танымдық конференция өте қажет. Жастар ұмытпас үшін, өткенімізді еске алып отырғанның несі артық?
Екінші мәселе, Төлеген Досмағанбетов қазақтың біртуар мүсіншісі еді. Сара апамыздың ескерткішін жасаған сол кісі. Қайталанбас ғажап туынды! Расында да осындай тамаша дүние көпшілік мол жүретін жерде тұруы керек-ақ! Бұған тойшылдардың бір-жары қарсы болды. Себебі, Мұқағалидың ескерткіші тұр дейді. Меніңше бұл сылтау емес. Керісінше, екі ақын бір-біріне сән берер еді.
Алматыға оралған соң замандастарыммен ақылдасып едім, көргендерімді жазуға кеңес етті. Олар да, облыс басшылығы қолға алмаса, өздеріміз-ақ қаржы жинап, ең болмаса ас берейік деген пікір айтты. Несі бар, биліктегілерге қарайлайтын дәнеңе жоқ. Сара ақынды қадірлеу парызымыз ғой.
Қадіржан Мұсағұлов, Алматы
Abai.kz