Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін көрменің ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы. 2016 жылғы 9-12 қараша аралығында Астанадағы «Көрме» орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Eurasian Book Fair-2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.
Астанада халықаралық кітап көрмесі өтіп жатыр (ФОТО)
2016 ж. 09 қараша
3357
0
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова көрмеге қатысушыларға алғысын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.
Іс-шара ірі ағартушылық алаңда ТМД, Еуропа мен Азия мемлекеттерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағартушылық және полиграфия компаниялардың басын қосып отыр. Оқырмандар мен сатып алушыларға жақын және алыс шет мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия саласындағы жетекші баспа үйлерінің заманауи кітап өнімдерінің ассортименті және жаңа технологиялары ұсынылатын болады.
Көрмені ұйымдастырып, оған барлық жағынан жағдай жасап отырған Елордадағы «Фолиант» баспасы.
«Бүгінгі қоғамда кітаптың мән-маңызы азайып, қадірі кетіңкіреп тұр. Өзіміз көп жағдайда жерден алып, жерге салып даттайтын кешегі кеңестік кезеңде кітаптың қоғамдағы орны, қадір-қасиеті қандай болғаны сіз бен бізге жақсы мәлім. Зиялы қауымды айтпағанда, қарапайым жұртшылықтың кітапқұмарлығы керемет еді. Тіпті, сол кезде қағажу көрді дейтін ана тіліміздегі әдеби-көркем кітаптардың өзі ондаған мың данамен басылатын. Және соның бәрі өз оқырманын тауып жатты. Талай-талай кітаптың алғашқы басылымы түп-түгел өтіп кетіп, қайта басылып, ол да өтіп кететін. Демек, кітапқа сұраныс болды, өйткені, оқырман бар еді. Ал бүгінгі ахуал мүлде басқа. Оны күнделікті өмірде сезіп те, көріп-біліп те отырмыз. Сондықтан, осындай дүбірлі, думанды шара өткізу арқылы бүгінгі қоғамның бетін кітапқа бұрыуға септессек деген ізгі ниетіміз бар. Түптеп келгенде, біздің ең басты мақсат – осы» - дейді «Фолиант» баспасының басшысы Нұрлан Исабеков.
Кітап көрмесіне Ресей, Белорусия, Тәжікстан т.б. қатарлы 30-ға жуық мемлекет өз өнімдерін әкелген.
«Әлемнің көптеген қалаларында кітап көрмесіне қатыстым. Бірақ, Астанада алғаш рет болып тұрмын. Мұндағы әдеби орта, адамдардың кітапқа деген құлшынысы, әсіресе жастардың кітапқұмарлығы мені таңқалдырды. Қазақстанмен КСРО кезінен-ақ әдеби-рухани байланысымыз үзілмеген елміз. Бүгін де соның айғағы болып отырмыз» - дейді Тәжікстан Республикасының көрмесін бастап келген жазушы, Аудармашылар мен драматургтердің халықаралық әдеби қарым-қатынас басқармасының төрағасы Ато Ходжаев.
Көрме аясында таныстырылымдар, тұсаукесерлер, түрлі тақырыпта форумдар өтеді.
Сонымен қатар үш күнге созылатын көрмеге Астана қаласындағы барлық мектептердің оқушылары келіп, қатысып, тамашалайтын болады.
"Бұл шара шынымен де жас ұрпақтың бойында кітапсүйгіштікке, әдебиетке деген қызығушылықты оятатын болады. Қазір мектеп кітапханаларында көркем әдебиет жетіспеушілігі бар. Ал мына көрме барысында оқушылар өздері кітаптан оқып немесе теледидардан ғана көретін ақын-жазушылармен кездесіп, ол кісілердің тағылымымен таныса алады. Сол үшін де осы үш күнге сидырып Астанадағы барлық мектеп оқушыларының осы көрмені тамашалауын қадағалап отырмыз" - дейді Астана қаласы Білім басқармасының әдіскері Күнімбала Баяхметова.
Кітап рухани қазынамыз. Бір кездері 40-50 мыңмен жарық көретін әйгілі кітаптар жоқ. Ары кетсе 5000 ғана данамен таралатын кітапты кімнің қолынан тауып алғандайсыз. Осы ретте бұндай көрмелердің берері мол болмақ.