Хамаңның қадірі
2016 ж. 01 қараша
3010
0
Хамаңның – Хамит Ерғалиевтың өзінен кейінгі інілеріне деген құрметі ерекше болатын. Жадырай күліп, жарқылдап сөйлеу, кездескенде тұра қалып көңіл бөліп, жағдай сұрасу ол кісіге жарасымды, табиғатына біткен жақсы қасиет еді. Сондықтан болар, түсі жылы ағаға жастар тартыла түсіп, төңіректеп, маңына үйіріле қалатын.
Әдетте, жастардың алдыңғы ағалармен жүздесетін орны – Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойе еді. Әлдебір шаруасымен келгенде осы екінші қабатта бөгеліп, «кім бар» дегендей жан-жағына қарап, «кім келер» екен деп көзімен іздей бастайды. Біреуі келеді, екіншісі келеді, ағаға сәлем береді, жағдай сұрасады, жиналған топтың қарасы көбейе түседі.
Ахат Жақсыбаев, жазушы
Ортада тұрған Хамаң әңгімені бастайды. Дауысы жуан, бүкіл фойеге естіледі. Басын бір жағына сәл қисайтып, бір қырындап, көздері от шашып беріле сөйлегеніне қарап тұрудың өзі қызық сияқты. Бойында қанша қызу, қуат бары сезіледі.
Сол Хамаң ешкімді шеттеткен емес. Қашан көрсең де екпіндеп сөйлеп, өзіңді еріксіз баурап, маңына жіпсіз байлап қоятын. Не сиқыры барын кім білсін.
Сол ағаның қашан көрсең де жүрісі тік, еңсесі биік, үні өктем шығатын. Ашуланған, әлденені дәлелдеп, сөзге жеңсік бермей қызынып сөйлегенін де көрдік. Сонда көздерінің аласы көбейіп, беті қызарып, дауысы гүрілдеп, аруақтанып, бойы бұрынғысынан зорайғандай боп, асқақтап кететін. Ол кісіні осындай жағдайда тоқтату, екпінін басу, төтеп беру мүмкін емес сияқты көрінетін. Екпін алып, өршеленіп, сөзі жетпеген жерде қолын сілтеп, бар денесін қозғап, басын олай-бұлай бұрып, жарылардай боп буырқанып тұған Хамаң бір мезетте дауысы жұмсарып, өңі жылып, арыны бәсеңсіп, біртіндеп сабасына түсе бастайды да күлімсіреп, тез тоқтайды. Жаңағы екпін, жаңағы шамырқану болмағандай жайлап басып мінбеден түсіп, алдыңғы қатардағы орнына барып отырады. Жанындағы ағаларына, қатарластарына мойнын бұрып, бір-екі сөзбен тіл қатады. «Айтарымды айттым, айыпқа бұйырмаңыздар» дегендей, ақталғаны ма, адалдығын аңғартқаны ма екен, кім білсін.
Хамаң қаһары бар да қайтуы тез, зіркілдеуі бар да зілі жоқ, кімге де болсын қайырымы мол, сөзге жүйрік, тауып сөйлеп, әзіл әңгімесімен айызыңды қандыратын, жанымызға жақын санайтын жанашыр ағамыз деп білетінбіз. Жанына барып жанасып, сөйлетіп қойып, құмарланып, тыңдағың келетін де тұратын.
Небір жиындарда Хамаңның төбесі көрінсе, «бар екен ғой» деп, көңілің жайланып, бола қоймаса, «қайда екен?» деп, іздегендей, орнын жоқтағандай боласың. Мұның өзі қадірі өткендіктен, көңіліңде мықтап орын алғандықтан болар. Осының бәрі – жалпылама мақтау, жай бір айтыла салған көңіл жықпас жаттанды сөздер емес. Хамаңның жаратылысына қызығудан, кісілік келбетінен туындаған, көріп, кездесіп жүргендегі сезінген, сүйсінген әсеріміз, ағаның болмыс-бітімінің біз байқаған қырларының бірі болар.
Әркім әрқалай қабылдайды, әртүрлі бағалайды. Біз білетін, біз көрген Хамаң ұзақ жылдар бойына көз алдымызда беделін төмендеткен емес, үйреншікті кісілік қалпынан өзгерген емес. Сондықтан да, ардақтағың, ағаны жақсы атағың, алғыспен еске алғың келеді. Өзіңнен жас жағынан ширек ғасыр үлкендігі бар, алдыңғы лектегі көрнекті, арқалы ақын, жыр әлемінің алдына жан салмас жампозы, қырғын соғысқа қатысып, ел қорғаған кешегі жауынгер екенін де білесің, мойындайсың, көбінен озық, биік санайсың.
Сол аға сені бауырына тартып, барыңды бағалап, кейде тіпті көтермелеп, өсіріп айтса, аяқ алысыңды сыртыңнан бақылап, тілеулестігін әр жайдан аңғартып отырса, көрген жерде көз тоқтатып, жылы сөзімен, қамқор пейілімен көңіліңді қуантса, оны қалайша жатсынасың, жатырқайсың. Мұндайда жерге бөліп, жіктелу ойға да кірмейді. Өйткені, оған себеп те жоқ. Ағаның ақ ниет, адал көңіліне сенімдісің.
Мен «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде отыз жылдай үзіліссіз қызмет атқарған кезімде Хамаңмен әр жағдайда жиі кездесіп жүрдім. Әдетте, жазушылардың бас қосатын, жүздесетін жері – Жазушылар одағының үйі. Бір кездерде баспалар да осы үйде орналасты. Жазушылар одағының органы саналатын «Жұлдыз» да, «Қазақ әдебиеті» де осында. Әркімнің осы мекемелерде бір шаруасы болады. Бір келген соң бәрін де аралап шықпаса, жағалай сәлемдеспесе көңілдері көншімейтін тәрізді. Сәбең, екі Ғабаңнан (Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин), Әбең (Әбу Сәрсенбаев), Дихаң (Дихан Әбілов), Әбекең (Әбділда Тәжібаев), Қалекең (Қалижан Бекхожин), Хамаңнан бастап, одан кейінгі орта буын саналатын ағаларымызға, кейінгі толқын інілерге дейін қасиетті қара шаңырақ – Жазушылар одағы үйіне келмей тұрмайды.
Сондағы солардың кездескен сәттегі бір-біріне деген ілтипатын, сыйластығын көрсеңіз ғой. Әрқайсысы өзінше бір бай әлем, тұрған бір образ-кейіп, дара мінез. Топтала қалып, бір-бірімен шүйіркелесіп, жайраңдап, табан астында әзіл, қағытпа сөздерді тасқындатып, рахаттана күліп, бір жасап қалады. Бірер жас кіші саналатындар ағаның алдына шықпай, сөзін бөлмей, аузына қарайды, алдын орамайды, әдеп сақтайды. Өз атына артықтау айтылған сөз болса, таласпайды, көтереді, күледі де қояды.
Бұлардың бір-біріне деген құрметіне, сағынысып көріскендегі аға тұтып, іні санап, емеуірінмен, қас-қабақтың қимылымен түсініп, іш тартып, бауырмаласып тұрғанына қызығасың, өнеге аласың.
Бұл көріністерді сөзбен жеткізу қиын, көріп, куә болу керек. Біреуі кетсе, екіншісі келіп, әңгіменің желісін, көңіл-күйдің қалыбын бұзбай, бірден кірігіп, жарасып-ақ кетеді. Сондағы айтылған әңгімелерден зейін қойып тыңдасаң талай нәрсені естисің, қызықтырады. Өзіңнің санаңа тоқып, тәлім аласың. Сол естігендеріңді кейін өзің де әңгімеңе тақырып етіп, басқаларға айтып, көңілдерін риза етіп жүресің.
Әсіресе, жолсапарға шыққанда осы ағаларымыз қаланың қыспағынан, күнделікті тірліктің әуресінен бір мезгіл құтылғанына қуанғандай боп, түрленіп, тіптен ашыла түседі. Сен естімеген әңгімелерді, сен көрмеген қызықтарды көз алдыңа келтіріп, келістіріп баян еткенде өзің сол айтылған оқиғалардың бел ортасында жүргендей-ақ әсерленесің. Ағаларымыз әңгімешіл, әзіл-оспаққа, күлдіргі сөзге бейім болатын. Бастан кешкені, көзбен көргендері жетерлік. Жолсапарда, той-думан, отырыстарда оларды бұрын белгісіз қырларынан танып, «бұл кісі осындай екен-ау» деп, іштей сүйсініп, таңырқап-ақ қаласың. Одан сайын ықыласың ауады.
Осы сөздер артық-кемі жоқ Хамаңа да қатысты айтылып отыр. Себебі, сол әдеби ортаның, аяулы ағалардың бел ортасында ақ басты, өткір көзді, айбарлы кескінімен, иықты, денелі бітімімен ерекшеленіп, теңселе басып Хамаң да жүретін еді.
1977 жылғы тамыздың 16-22 күндері аралығында Башқұртстанда Қазақ әдебиетінің күндері өтті. Делегация басшысы – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы Әнуар Әлімжанов болса, ақын-жазушылардың ең жасы үлкені – ақсақалымыз Әбділда Тәжібаев еді.
Башқұрт бауырлар осы әдеби күндердің қызықты, мағыналы, мазмұнды өтуіне барынша күш салып, қолдан келгеннің бәрін жасап, зор құрмет көрсетіп, барған ақын-жазушыларды төбелеріне көтерді. Елін-жерін аралатып, түрлі жиындар, кездесулер өткізіп, қымызын, башқұрт балын барған жеріміздің бәрінде аузымызға тосты.
Елдің табиғаты да сұлу екен. Орталық Оралдың кейбір жері таулы, орманды, кей жері қазақтың кең даласына ұқсас жоталы, жазық боп келеді екен. Еділдің бір саласы – «Белая» алқабын башқұрттар Ақ Еділ деп атайды. Уфа қаласын орап өтетін, бұралып ағатын Ақ Еділмен біздерді кеменің ақырын жүрісімен бір күн жүзгізіп, жақсы әсерге бөледі, табиғатты тамашалауға, екі елдің әдебиет өкілдерінің емін-еркін әңгімелесіп, сырласуына, жақынырақ танысуына тамаша жағдай туғызды. Сол сапарда біз бір-бірімізді де бұрынғыдан да жақсы тани түстік.
Қазақстан делегациясы үш топқа бөлініп, Башқұртстанның түрлі аймақтарын аралап көруге, кездесулер өткізуге аттандық. Біздің топтың жетекшісі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы Шерхан Мұртаза еді. Біз сонда Башқұртстанның оңтүстік-шығысындағы Сибай, Баймақ қалаларына бардық. Орынбор, Челябі облыстарымен шекаралас екен. Ар жағында қазақ даласы да жақын.
Сол сапарда Хамаң, Сағынғали Сейітов, Сейітжан Омаров, Тұрсынхан Әбдірахманова және жастардан Оралхан Бөкеев, Төлен Әбдіков және мен–бәріміз – алдыңғы ағалар мен кейінгі інілер жарасымды сыйластықпен, небір әңгімелермен, ойын-қалжыңмен жақсы күндерді бірге өткіздік. Ұмытылмайтын әсерге бөлендік. Ағаларымыз оңаша сәттерде тіптен ашылып, біз біле бермейтін, ести қоймаған бірталай сырларын ақтарды. Бір отырыста тіптен көңілденіп, елді сағынғандай шетімізден кезектесіп қазақтың әндерін айттық.
Бір мезетте Хамаң орнынан тұрып, мұңды жүзбен толғанып «Зәуреш» әнін шырқады. Үнсіз тыңдап қалдық. Тебіреніп, әлдебір ішкі толғаныспен баяулатып, созыңқырап айтқанда Хамаңның көзіне жас үйірілгендей болды. Байқаймыз, ән өзімізге белгілі Мұхиттың «Зәурешінің» әуенімен айтылғанмен, сөзі басқа, мағынасы бөлектеу. Оның мәнін әнді аяқтап болған соң Хамаңның өзі түсіндірді де, бәріміздің сонда жан-дүниемізді толқытты. Соғыста ауыр жараланып, қансырап, жатқанда Хамаң елдегі қызын ойлап «Зәуреш» әнінің әуенімен өз жанынан сөз шығарып, әнге қосқан екен.
Сол жағдайды еске түсіріп, сондағы жан күйзелісін баяндаған кезде Хамаң бізге сондайлық сезімтал әрі көзге ыстық көрінді. Адамның басына нелер келіп, нелер кетпейді. Сонда біз асыл ағамыздың сол бір жанкешті қиын сәттегі халін көз алдымызға елестетіп, аяғандай, бірге егілгендей болдық. Майданнан аман оралып, асқар таудай боп, бар атағымен, айбарымен ортамызда жарқылдап отырған отырысын көріп қуандық. «Хамаңның бары қандай жақсы» деп, іштей шүкіршілік еткендей болдық.
Сол сапарда Хамаң Оралхан, Төлен және менің – үшеуіміздің жүріс-тұрысымызды, өзара қарым-қатынасымызды сырт көзбен бағып, бағалап, көңілі толғандай сыңай байқатты. Кездесулерде сөз алып, сөйлегенде біздерді де атап, мәртебемізді көтеріп, өскелең әдебиеттің кейінгі өкілдері деп, асырып-ақ айтады. Мақтауын келістіргенді кім жек көреді және оны айтып тұрған Хамаң болса, әрине, бұндай мадақ бізге де ұнайды. Біз Хамаңды түсіндік. Хамаң да өзінен кейінгі інілері – біздерді де түсінген сияқты. Арамыз жақындай түсті. Сапар барысында Хамаң үнемі біздерді елеп, ескеріп, кең пейілмен бауыр тартып, арасында әдемі әзілімен, күлімсіреген көзқарасымен еркелетіп те, арқадан қағып еркінсітіп те қояды. Кездескенде шүйіркелесе кетіп, әңгімесімен, ақыл-парасатымен еріксіз баурайды.
Осылай әр жайдан әңгіме қозғап, сапардағы көрген-білгендерімізді айтып, алған әсерлерімізді ортаға салып, ашық-жарқын сөйлесіп тұрғанда Хамаң сөз арасында үшеумізге қаратып, үлкендерімізді куә еткендей боп, «өздеріңнен кейінгілерге көз сала жүріңдер» деген еді. Бұл сөз жақсы ағаның өтініш, өсиетіндей жадымызда сақталып қалды.
Не себеппен айтқанын кім білсін, сол тұрғанда әлгі сөзден кейін үлкен де, кіші де ойланды. Хамаң өзіне тән қимылымен басын кегжең еткізіп, қолын бір сілтеп, басқа тақырыпқа тез ойысты.
Хамаңның ініге деген құрметін, қамқорлығын бұдан басқа тағы бір сапарда байқағаным, пейілінің түзулігіне, аңғарымпаздығына көз жеткізгенім бар. Ағамызбен Алматыда әртүрлі жағдайда кездесіп, әңгімелесіп, араласып жүрдік дедік қой. Ал сапардағы кездесудің жөні бір басқа. «Алдыңғы аға қаншалықты жөн біліп, үлкендік танытар екен» деп үлгі тұтып, үміттеніп қарайсың.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғында ақын Шөмішбай Сариев екеуміз баспасөзге жазылу науқанына байланысты әуелі Жезқазғанға, одан кейін Атырауға бардық. Қырыққа толмаған кезіміз. Мен «Жұлдыз» журналының жауапты хатшысымен. Шөмішбай – бөлім меңгерушісі. Бірер кітабымыз шығып, өзімізше ақын-жазушылардың қатарына қосылдық деп жүрміз. Қонақүйде: «Атырауға Алматыдан Хамит Ерғалиев пен Берқайыр Аманшин келіпті. Ертең облыстық драма театры үйінде Махамбет Өтемісовке арналған үлкен жиын өтпекші екен» дегенді естідік. Ертеңінде көппен бірге біз де театрдың алдыңғы жақтағы орындарының біріне жайғастық. Шөмішпай елгезектеніп, мазасызданып, жиын басталмас бұрын: «Хамаңа барып сәлем берейік, театр директорының кабинетінде отырған болар» деді. Онысы да дұрыс шығар.
Бірақ мен бірер жас үлкендігімді, қызмет дәрежемнің сәл жоғарылау екенін сездіргім келгендей және әлдебір ішкі есеппен Шөмішбайдың ақындық аптығын басып, тоқтаттым да, орнымызда отыра бердік.
Жиынға облыстық партия комитетінің бюро мүшелері, қала басшылары келіп президиумға жайғасты. Солармен бірге алдыңғы қатарда Хамаң мен Берқайыр аға да отыр. Жиынды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оңалбай Көшеков ашып, баяндамашыға сөз берді. Көшековтің сол жағында иық тіресіп бірге отырған Хамаң баяндамашының сөзіне құлақ салып, залды көзімен тінтіп, өзін еркіндеу ұстап, сәл шалқайыңқырап отырған еді. Бір уақытта селк ете түскендей болды. Көптің ішінен Шөмішбай екеуімізді тауып, таныды-ау деймін, жанындағы Берқайырға сыбыр етті. Одан кейін мойнын бірінші хатшыға бұрып, бірдеңе дегендей болды. Менің ішкі есебім енді іске асатынын біліп, Шөмішбайды бүйірден түртіп, «біздің мәселеміз шешілді, Хамаң бізді көрді» дегендей емеурін таныттым.
Айтқандай-ақ, көп ұзамай Хамаңа сөз беріліп, мінбеге шығып сөйлегенде залда елеусіз отырған екі ақын-жазушы інісін аспандатып, асқақтатып, жіберді. «Махамбет Өтемісовтің жиынына Алматыдан ақын-жазушылардың үлкен делегациясы келді. Мұнда менімен Берқайыр бар, анау залда отырған елге белгілі қаламгерлер Ахат пен Шөмішбай бар» деп, бізді біраз жерге апарып көтермелеп, абыройымызды асырды. Жұрт көріп, танысын дегендей, аттарымызды атап, орнымыздан тұрғызды. Не керек, залға елеусіз кіріп едік, аяқ астынан еленіп, елге танылдық.
Жиналыс біткен соң Шөмішбай тағы да дегбірсізденіп: «Хамаңа жолығайық» деп қоймады. Мен оны тағы да тоқтатып, ішкі есеппен тағы да Хамаңның жөн білетіндігін сынағым келгендей қозғала қоймадым.
Ойлағаным дәл келіп, облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Теңдік Жауыров театр фойесінде жүрген бізді іздеп тауып: «Хамаң екеуіңізді шақыртып жатыр, тез жүріңіздер» деп бізді асықтыра бастады. Бір күн бүрын Жауыровтың кабинетінде боп, «Жұлдыз» журналына жазылу барысы туралы сөйлесіп, көмектесіп, қамқорлық жасауын өтінген едік. Енді Хамаңның айтуымен бөлім меңгерушінің өзі бізді іздеп тауып, бәйек боп жүр. Бұған да іштей қуанып, бір көтеріліп қалдық. Жауыровтың бізді асықтырған себебі, басшылар Хамаң мен Берқайыр ағаны алып, концертке қарамай, обкомның қала сыртындағы қонақ қабылдайтын мекен-жайына жүргелі жатыр екен.
Қонақасы берілгенде дастарқанды Атырау қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Равиль Шырдабаев деген ұзын бойлы, денелі, келбетті жігіт басқарып, ретіне қарай сөз беріп, тауып сөйлеп, отырысты қыздыра түсті.
Төрде шалқайып, ақ басты ағамыз отырған соң біз де қысылып, қымтырылмай, әңгімеге араласып, әзіл жарыстырып, арасында күлдіріп, еркінсіп алдық. Отырғандардың назары бізге ауғанын Хамаң бастапқыда ұнатып бас изеп еді, артынан өзімшілдігі ұстады ма:
– Бұл не өзі, бұл Хамаңның тойы ма, әлде Шөмішбай мен Ахаңның тойы ма, – деді дауысын қаттырақ шығарып.
Жұрт ду күліп, басқарушы «түсіндім» дегендей бас шұлғып, қайтадан бар назарды Хамаңа аударды. «Бәсе, осылай болғаны дұрыс» дегендей, Хамаң да жайдарыланып, күлкісі де келісті. Хамаң қайда жүрсе де, қайда отырса да өзінің кім екенін таныта білетініне, табиғи мінезінен айнымайтынына, тура айтып, тік сөйлейтініне тағы да бір көз жеткізгендей болдық.
Осыдан бір күн бұрын обкомда болғанда Атырауға алғаш келгенімізді айтып, теңізге шығып, Каспийді көргіміз келетінін білдіріп едік, ондағы жігіттер көңіл жықпас сөздер айтып, қиынсынған.
Үзіліс кезінде біреулер топтанып әңгімелесіп, біреулер бильярд ойнап жатқанда біз Хамаңды төңіректеп, арқа сүйер ағамызды жағаладық. «Кәрі Каспийді көрсек» деген арман түрткілеп қоймаған соң осы ойды оңаша тұрғанда Шөмішбай екеуміз екі жақтап Хамаңа білдірдік. Хамаң құп көріп, қолдап, мәселені шешуге сол жерде-ақ кірісті. Облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы әрі жақсы танысы Әбілхайыр Кенжебаевқа біздің өтінішімізді өз атынан әдейілеп жеткізіп еді, ол кісі бірден бөлім меңгерушісі Жауыровқа міндеттеді.
Содан не керек, көңіліміз тасып, мәселеміз шешіліп, беделіміз артты. Ертеңінде түске таман Жауыров келіп бізді өз көлігіне отырғызып, алдымен Атыраудағы әйгілі балық-консерві комбинатын түгел аралатып, көрсетті. Одан кейін балық аулайтын, өңдейтін Жайықта тұрған кемеге апарды.
Катермен кеш те болса Каспийдің жағалауына дейін барып қайттық. Көрген, білгеніміз, әсеріміз мол болды. Іштей Хамаңа алғыс айтып, бір-бірімізге ағамызды мақтаймыз. Кейбір қылықтарын еске түсіріп, жарыса сөйлейміз.
Қашан көрсек те біздің көз алдымызда Хамаңның қадірі артпаса, кеміген емес.
qazaquni.kz