Атақты "Менің атым Қожа" романының авторын КГБ-ның жендеттері өлтірді деген рас па?!.
2016 ж. 31 қазан
9388
6
"…Бұл шығарма кітап болып шықпаған. Осы шығарма өліміне себепші болуы да мүмкін…"
Жария етуге тұрмайтын дүниелер бар. Мұны аудиториялық әңгімеге жатқызамыз. Бірақ әңгімені айтарда сол аудиторияның өре деңгейіне де қарау керек. Қабылдауға ауыр тиеді. Міне, осы аудиториялық әңгіме баспасөз беттеріне шығып қалып жүр. Кез келген адамның өмірбаянын қазбалай берсеңіз, мін табасыз. Сол секілді, шығармашылық адамның кемшілігі де бар. Оның пендешілігін жариялаудың қажеті қанша? Бұл дегеніміз - шындықты бүркемелеу деген сөз емес. Артық ақпарат. Біздің мақсат - пайдалы дүниені жеткізу. Ал өлім ше? Мұны жасыруға болмайды. Шындығы айтылуы керек.
Бердібек Соқпақбаевтың өлімі. Ресми дерек бойынша, өз-өзіне қол жұмсаған. Жетпіске қараған шағында. Бозбала емес. Қария. Ойлап көріңізші? Күмәнді көрінбей ме сізге? Ақымақ шал деуге аузың бармайды. Оқыған-тоқыған. Өресі биік азамат. Елге ақыл-кеңес айтып, дауға төрелік жасайтын адам. Күмәнді. Онда не болды? Кім өлтірді? Оның өлімі кімге керек болды? Қадырдың «Жазмыш» және «Иірім» атты кітаптары бар. Жариялауға тұрмайтын дүниелер осы кітаптарда да бар. Дегенмен «Қазақтың бейпіл сөздеріне» қарағанда, пайдалы дүниелер баршылық. «Жазмыш» кітабында Бердібектің өлімі жайлы былай деп жазады:
«…Арулап о дүниеге аттандырдық. Қимас қаламгерді қара жер құшағына тапсырдық. Өз қолымызбен жерледік. Әйтсе де көңілде күдік қалды. Адам бірдеңені сезеді. Сезеді! Күдіктенсем, күдіктенгендей-ақ екенмін. Кейін Бердібек Соқпақбаев қазасына куә болған бір әріптесімнен төрт-бес адам болып барып, Кеңсайдағы саяжайынан төбеде асулы тұрған марқұмды өз қолдарынан түсіріп алғанын естідім. Қазақ баспасөзі оның қалай өлгені туралы шындықты бүгіп қалды… Ол - өзін-өзі өлтіретін адам емес-ті. Қалай дәлелдесе де, мен оның асылып өлгеніне сенбеймін. Алдымен өлтіріп, содан кейін асып кетуі мүмкін».
Бұл - Қадырдың тұспалы. Турасын айтқанда, күмәні. Бірақ дәлелі жоқ. «Иірім» кітабына жүгінейік.
« - Беке, не жазып жүрсіз? - деп сұраймын.
- Не жазушы ем? Түк те жазып жүргем жоқ. Менен маскүнемдер жақсы! Олар ең болмағанда бастарын жазады. Жазбайын демеймін, әрине! Жазғым-ақ келеді. Бірақ ақиқатты айттырмайды. Өтірікті жазғым келмейді! - дейді ол, бір жағынан, әзілдеп, бір жағынан, мұңайып.
- Жазушы б о л ы п жаратылғаннан кейін әйтеуір бірдеңе жазуымыз керек қой! Жазушы жазбай жүре ала ма?!
- Жүре алады! Қиын! Бірақ амал жоқ!
Бекеңнің бұл жауабына мен ешқашан сенген емен. Әлі де сенбеймін. Құдай біледі, Бекең бірдеңе жазып жүрді. Бірақ Азия және Африка жазушыларының Ташкентте өткен конференциясынан кейін кәдімгідей қорқып қалды. Өйткені ол содан кейін КГБ қадағалауына тап болды. Оған ешқандай күдігім жоқ. Әйтсе де, қайталап айтам, ол бір мықты шығарма жазды. Ресей жазушылары жасырын жазған дүниелерін шетелдерге шығарып, жариялап жатты. Бекең оны жақсы біледі. Ондай мүмкіндікті ойламады дейсіз бе?! Ойлады, Құдай біледі. Бастыруды мақсат етпесе, жазып бітіруді мақсат етті. Жаз күндерін көбіне-көп саяжайда өткізетін. Сол көлденең көзден аулақта тек арамшөп отап жатты дейсіз бе?! Бірдеңе түртіп те жатқан шығар. Бірақ «айналдырған жау алмай қоймайды» деген. Бекеңнің, әсіресе қолжазбасының соңына түскен тыңшылар түбіне жетіп тынғанға ұқсайды. Егер менің осы болжамым рас болса, онда ол қолжазба құрыды! Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін!.. Өмірінің соңғы күндерінде Бердібек ағамыз көп нәрседен түңіле бастаған-ды. Төніп қалған қара бұлтты қатты сезінген болу керек».
Бізде ешқандай дәлел жоқ дедік. Олай болса, логикаға жүгінейік. Меніңше, қолжазба үшін өлтірген жоқ. КГБ-ның адамдары кітап оқығыш болды дейсіз бе? Ал Азия және Африка жазушыларының конференциясы жайлы әңгіме ақылға қонымды. Мүмкін, Бердібек конференцияда «артық» сөйлеп қойған болар. Себебін айтайық. Олжастың «Аз и Я-сы» мен Борис Пастернактың «Доктор Живагосын» мысалға алсақ та жетіп жатыр. Осы екі шығарманы табалағанның бірі де шығарманың өзін оқыған жоқ. Онда неге айыптайды? Домалақ арыз деген қазақ қауымына етене жақын. Абай заманынан бері келе жатыр. Мағжанды да, Ахметті де, Олжас пен Пастернакты және Бердібекті де құртқан - домалақ арыз. Олжасты арашалап қалған - Қонаев. Брежневке: «Кітаптың өзін оқып көріңіз», - деп ұсыныс білдіреді. Ал Хрущев кейіннен «Доктор Живагоны» оқып, антикоммунистік көзқараста жазылған шығарма еместігіне көз жеткізеді. Мәселе арандатушыларда болып отыр. Ал Бердібектің: «Түк те жазып жүргем жоқ. …Өтірікті жазғым келмейді», - деуі -шын сөз. Кез келген жазушы шығармашылық тоқырауға тап болады. Шығара беретін мәшенке емес олар. Жазушының өмірбаянына қарап отырсаңыз, жетпісінші жылдардан кейін жарияланған шығармасы жоқ. Бұған екі-ақ жауап бар: тоқырау не жариялағысы келмеді. Ал Бердібектің Қадырға айтқан сөзін негізге алатын болсақ, оның тоқырағаны айдан анық. КГБ-ға келейік. Шынымен, Бердібек КГБ-ның бақылауында болған. Рымғали Нұрғалидің естелігінде бар. Сексенінші жылдар. Ақын-жазушылар Бердібекті: «Қонаевтың үйіне барып, туған күнімен құттықтайық», - деп ертіп апарады. Сонда Бердібек Қонаевқа базынасын айтқан екен. КГБ-ның соңына түсіп алғанын да айтқан.
«Мен Қазақстан түгіл, одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия және Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш-бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын, орыстарым болмаса, аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жариялағаннан кейін, көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді», - деп бір түйіп, Димекеңге ренішін білдіреді.
«Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз - өтірік. Барлығы - өтірік. Кітап - өтірік. Газет - өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас - өтірік. Өтірік. Бәрінен жалығып кеттім», - деген екен.
Бұл сөздерден жазушының күйінішін байқаймыз. «Менің атым - Қожаның» қалай жарыққа шыққанын біліп отырмыз. Жақында Қанат Әбілқайыр ағамыз abai.kz порталына Бердібектің 1966 жылы «Қазақстан пионері» газетіне үзіндісі беріліп, толық нұсқасы тек 1990 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан «Ергежейлі еліне саяхат» атты шығармасын жариялады. Бердібек шығармасы туралы былай дейді:
«Мен бұл повесті бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім. Шағын үзіндісі «Қазақстан пионері» газетінде (1966 жылы, №2-4) жарияланды. «Жұлдыз» журналына бердім, баспады. Сол кездегі Бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «Баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттандырмайды. Қайдағы бір ергежейлі елін біздің социалистік елден артық көрсетесіз. Осы жарай ма?» - деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жатудан пайда жоғын білемін, билік кімде болса, соның сөзі дұрыс. Міне, ана заман өзгерді, шығармамды бір сөзін өзгертпестен «Жұлдызға» қайта беріп отырмын. Заман да, журналдың аппараты да өзгерген кез. Нағыз үлкен өзгеріс, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім мол».
Бұл шығарма кітап болып шықпаған. Осы шығарма өліміне себепші болуы да мүмкін. Ширек ғасыр бойы ешкім жарияламағаны несі? Толық нұсқасы өмірінің соңғы жылдарында жария болған. Бұл да - болжам.
«Біз отарланған елде өмір сүріп жатырмыз, осы жайында Біріккен Ұлттар Ұйымына хат жазуымыз керек», - деген жазушыдан кім қауіптенбесін?
Жазушының өліміне қатысты шынайы сот-медициналық анықтама сақтаулы. Мұны құпия түрде жасырып отыр. Бар шындықтың сонда жатқаны анық. Бұл құжат табылмайынша, болжамдар мен күдіктер айтыла да, жазыла да береді.