ОТЫЗ ЖЕТI ЖЫЛ БОЙЫ «ӨЛЕҢ ЖАЗБАҒАН» АҚЫН
2016 ж. 29 қыркүйек
5967
1
Ақын Қалбай Әбдiрамановтың «Қазақнама» атты кiтабы жөнiнде
Сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында Қарақалпақстанда туып-өскен жас ақын Қалбай Әбдiраманов «Балдырған» журналына өлеңдер жiберген. Бас редактор болған соң қолжазбадан өзiм оқып, бiреуi қатты ұнаған едi, соны журналға жарияладық. Сол өлең iле-шала мектеп оқулығына ендi. Мұндай бақыт кез келгенге бұйыра бермес...
[caption id="attachment_58696" align="alignleft" width="312"] Ақын Қалбай Әбдiраманов[/caption]Содан бастап бұл авторды қадағалап, газет-журналдарда жарық көрген жаңа туындыларын көзден таса қалдырмай оқитын болдым.
Бiрде оның нақылға татырлық нәрлi ойын кездестiрдiм. Соны 1980 жылы «Көңiл күнделiгiнен» атты эссе кiтабыма кiргiздiм.
«Ақынды жоқтан жону – қиын, жоғалтып алу – оңай» (аталған кiтапта, 228-бет)
Сөзiн көрiп ырза болған бауырымның өзiн де көрдiм. Алматыға келiп, бiздiң үйден дәм де татты. Сырластық. Iшкi дүниесi дәулеттi жiгiт көрiндi. Хат та жазып тұрды. Содан соң сол iнiден көз жазып қалдым... Сөйтсем, талантты ақын күншiлдердiң, қиянатшылдардың қуғын-сүргiнiне, қыспағына ұшырап, 37 жыл бойына бiрде-бiр өлең-жырын жариялай алмай, кiрiптар халге түсiптi!
Көкем-ау, бұ мерзiм – бiр адамның ғұмыры ғой! Пушкиннiң жасаған жасы емес пе?! Тағдырдың тәлкегiне тап болса да, қаламын қолдан түсiрмей, қасiреттi сырларын өлеңмен өрнектептi... Қарақалпақстаннан Маңғыстауға қоныс аударыпты. Ақтаулық ақындар алыстан келген бауырдың көрегендiкпен қадiрiне жетiп, ұсынған шығармаларын, «Үш қиян» газетiне кiдiрiссiз көптiң алдына тарта бастапты. Сол жарияланымдарын автор 2003 жылы маған жiберген едi.
Мен оқып шығып сыршыл өлеңдерге сүйсiнiс бiлдiрiп, хат жазғанмын. Сол лебiзiмдi ақтаулық елгезек ер-азаматтар «Үш қиян» газетiне жариялапты. Iшiмнен ырза боп, шын көңiлден рахметiмдi айтып отырмын.
Биылғы ақпан айында ақын Қалбайға қандас бауырлар жанашырлық жасап, Ақтау қаласынан үлкен пәтер берiптi. Бұған да қол соқтым... Бiр жiгiттерден Қалбай Әбдiраманов өзiнiң жаңа кiтабы «Қазақнаманы» маған берiп жiберiптi. Ауырып-сырқап жүрсем де, жыр кiтабын асықпай, сызып отырып, сүзiп шықтым.
Ең алдымен айтарым: бұл кiтап – автордың асқаралы асудағы жаңа белесi. Қазақ поэзиясы теңiзiне құйылған жаңа ағын, жылы бұлақ! Көркем жырлар кiтабының жарық көруiне қол ұшын берген жетелi ұл-қыздарым құнды кiтаптың қалың қауымға керектiгiн кiбiртiксiз танығаны көңiлiңді марқайтады. Егер әкiм-қараларымыз ақындар қадiрiне осылай жетсе, әдебиетiмiз асқақтап өсе түсер едi ғой...
Қырық жылдайғы қиямет қыспақта қырын мүжiлтпей, сағын сындырмай, сәулелi ойлар, жiгерлi жырлар тудырғаны әлеумет атаулыны тәнтi етсе керек!
«Ақынның сөзi – тұмардан,
Өртемей қоймас бұл арман.
Дүниенiң барлық азабын
Ақындар үшiн шығарған.
Сөйлейдi ақын жанғанда,
Өр сөздер қанша жалғанда!
Өле ме ақын үндемей,
Өртенiп тұрған жан барда?!»
Ақиқат сөз. Адамзат үшiн, туған халқы үшiн жүрегi сыздайтын ақын қамқор мұңнан, қабырғаңды қайыстырардай қасiреттен еш арылмайтыны – шүбәсiз шындық. Қалбай осындай қасiреттi басынан кешiп жүргенiнен дөп сөйлеп, дәл айшықтаған!
«Қазақнама» кiтабында автор ақындық болмыс, ақынның азаматтығы жайында қайта-қайта қайырылып, тақырыпқа тереңдей бойлап, кеңiнен қаусырады. Және Қалбай ақын өз қадiрiн де бiледi, ол көптiң қатардағы бiрi емесiн баттита-бадырайта таңбалайды. Онысына оқырманды өлеңiмен иландырады да!
«Ұл едiк қара ормандай,
Айрылма менен, сормаңдай!
Айрыла берсең ұлдардан,
Қайтесiң, қазақ, қорланбай?!
Ақынға әлем – қан майдан,
Көгерер тасқа қандай дән?!
Айрылар қазақ бiр шыңнан,
Айрылған күнi Қалбайдан!»
Поэзияға бағышталған мұндай мiнсiз өлеңдер бiрталай... Оның баршасын мысалға келтiру шарт та болмас.
Бұл жинақтағы елеулi екiншi тақырып – Ел мен Ер.
«Ар-намысым – қазақтар,
Жан-дауысым – қазақтар!
Толғанысым – қазақтар,
Қорғанышым – қазақтар!
Ұққаны бар халықпыз,
Мұхтары бар халықпыз!
Жер-әлемнiң жүзiне
Ықпалы бар халықпыз!»
Осы өлеңде өрлiк десең, өрлiк бар, ұлылық десең ұлылық бар. Оқырмандардың делебесiн қоздырып, дүйiм дүниенiң алдына мақтанардай МАХАББАТ МАНДАТЫН ҰСТАТАДЫ.
«Маңғыстау, саған жан құрбан,
Қазағың едiм қаңғырған...
Қазақтарымның арқасы
Күншуақ шықса алдымнан!»
Қара жердiң қиыр-қиянында қамырыққан қандастарымыздың қара шаңырақ – Қазақстанға оралуы, сағынған сағынышпен қауышуынан асқан қуаныш бар ма?!
«Су iшем деп, мөлдiр су, таза ағыстан,
Қанат қағып жетуде қаз алыстан!
Қазақстан – Отаны өр тiлдердiң,
Еркiндердiң Отаны – Қазақстан!»
Туған елiмiз туралы жазылған ЖҮЗ МЫҢДАҒАН мадақтаманың бiрiне де ұқсамайтын құшағы кең, құштарлы туынды, өзгесiн былай қойғанда, Қазақстан атауына өзгелерде ұшыраспаған тың екi ұйқас табуының өзi де көздi тартады, көңiлге қонады...
Қазақстан – көпұлтты деген ұғымды Отаны әр тiлдердiң деп қана, бiр-ақ детальмен сомдауы ше?! Барша Отандастарды бауырына тарта, қаламға қайырылуы ұтымды, ұтырлы!
Қазақтың ұл-қыздары Отанына рухи кiндiгiмен байлаулы екенiн аңдатқан әлденеше өлеңiн алақаныңмен аялап, жүрек төрiне шығарғың келедi.
«Биiкте ұстау керек туын кiсi,
Халықтың сөз айтады бiлiмдiсi.
Өзгенiң ұрып берген дәмдiсiнен,
Қазақтың артық саған жуындысы!»
Шеберлiкпен табылған шендестiру «Е, бәрекелдi!» дегiзедi, бас шұлғытады. Жуынды мен дәмдi тағам – қандай кереғар?!
Тағы да бiр тартымды-тартымды шумақпен оқырманды таныстырмауға тағатым шыдамай отыр:
«Аппақ Отан, Күншуақ, Нұр керемет,
Қазақ барда кiм айтар «Үндеме!» – деп.
Ақтарылып өледi ақ найзадан,
Ақ найзасын қазаққа жүрген егеп!»
Қазақ халқы сияқты заңғарға қол көтергендер осы күнге дейiн зауалдан құтылып көрген емес, құтылмайды да!
Бұл тақырыпқа қатысты түйсiгiмiздi ақынның өз сөзiмен түйген ләзiм:
«Жауынгерi қазақтың
Ат үстiнде өледi.
Қаламгерi қазақтың
Хат үстiнде өледi».
«Қазақ барда отырам хан қасында» – деп арқаланған ақын ана тiлiмiздiң қасиетiн көкке көтере тебiренедi:
«Ана тiлiм,
Ай тiлiм!
Төре тiлiм!
Күн бар екен тағыңда көретұғын!
Жалауымсың!
Ошақта алауымсың!
Ақ найзамсың жауыма төнетұғын!»
Мектеп, университет, кеңсе қабырғасына ҰРАН РЕТIНДЕ қағып қойса, ешкiм де «Мынауың ерсi» – дей алмас едi!
«Алабаған» атты өлеңiнде ана тiлiмiзге бұрынғы айтқандарынан да әлдеқайда биiк асқарлап, ашыла түседi.
«Әркiм туын көтерер аспандатып,
Бiр-бiрiнiң көзiне жас парлатып.
Ассалаумағаләйкүм, Ана тiлi,
Сен болмасаң ұшады бастан бақыт».
Осылай деп әлемге айғайлап айтуға тиiстi қазiргi халық қалаулыларының денi Парламент Мәжiлiсiнде «Болашақтағы Парламентке сайланатын депутаттыққа үмiткерлер қазақ тiлiн еркiн меңгеруi тиiс» деген талапқа қарсы шығып, қабылдамай тастауы қандай ұят болғанын айтуға тiлiң жетпейтiндей...
Ендеше, ана тiлiмiздi ардақтай бiлмейтiндердi билiк-мансапқа жiбермей, әлеумет алдында қызарту керек, сiлкiлеу керек!
Автор сүйiспеншiлiк тақырыбын да ұмытпаған екен:
«Жалының бар, нұрың бар,
Сәл жылыта тұрыңдар!
Зорлап өлең дегендi
Жаздырады сұлулар».
Иә,сұлулыққа, әсемдiкке тамсанбайтындардан о заман да бұ заман арқалы ақын шыққан емес. Автор осы ақиқаттың үстiнен шығып отыр.
«Жылайды ол!
Несiне жыламайды!..
Сүйгенi үшiн қол жетпес,
жырақ Айды,
Махаббаттың тылсымын бiле тұра,
Жұрт ғашықты несiне кiналайды?!»
Сүйе бiлгендердi сыпыра халық болып қолдауы тиiс, сыпсың өсекке таңдауы дұрыс.
«Оның тұлғасында бар едi жылу,
Онан үркiп жұлдыз жоғалар едi.
Сонша сұлулыққа ие бұл сұлу
Қатал болмағанда...
Не болар едi!..»
Бiрiншiден, он бiр буынды қара өлеңдi еркiн ырғаққа түсiруi де – жаңалық.
Екiншiден, ару әлдекiмдерге иiле қалатын көңiлшек емес, тәкаппарлықпен махаббатын мәпелеп сақтауы – асқар адамгершiлiк, перiштелiк емес пе!..
Санаулы сөзбен-ақ салиқалы ой айту, әлбетте, дарынды дәрмендiлiктiң көрiнiсi, дәлелi.
Лирикалық кейiпкердiң:
«Менiң жаным өзiңе iлiнiп тұр...» – деуi бiздiң әлгi түйiнiмiздiң уәжiндей.
«Жүрегiме кiрмесе бiр махаббат,
Менде мұндай ұлылық
қайдан болсын?!»
Ерлiк пен қаһармандықтың, тiптi, ұлылықтың қайнар көзi – шын адал, шынайы махаббат.
«Дүниенi құтқаратын – көркемдiк» – деген данышпанның сөзiн сәл-пәл өзгертiп, «Дүниенi әрлендiретiн – әсем махаббат» деуге болар едi. Осы тақырыптағы тәуiр өлеңдердi оқырман өзi таңдап алар...
Дарынды ақынның даралығы әдетте философиялық ойларды нақышты нақылдар қалыбына құя бiлу қабiлетiнен қапысыз танылады.
Қалбайдың бұл туындыдағы олжасы да таңдай қақтырардай.
«Қайғырғаннан – жылаған жақсы,
Сүрiнгеннен – құлаған жақсы.
Өзге ошақтың шамын сүрткеннен –
Өз үйiңде сұлаған жақсы!»
Орайы келгенде жамағатқа жая жүретiн жарқын нақыл.
«Иттiгiн ит те ұғады,
Бұл иттiк деген жұғады!
Есiктегiнi сөккендер,
Есiктен бiр күн шығады...»
Иә, ғайбат, жамандық жазадан құтылмайды.
«Намыс қайғы бiреуге, ойын қайғы,
Бiреу қызын бiреудiң қойындайды...»
Ендi айтпауға болмайтын бiр ақиқат бар. Ол автордың тiлдiк тұғырдағы тұтқырлықтары. Бұларды елемеуге болмайды.
Автордың ендiгi бiр мiнi – нысанасынан көз жазып, көп сөйлеуi, өлеңдi шымырлау орнына, шұбалтып жiберуi.
Ұрпақтар ұлағатының сабақтастығы жақсылана жалғасуын да ұмытпай, Қалбай ақын қаламына қанат бiтiредi.
«Қазағымын намысқой,
паң даланың,
Мен ағамның айтамын қалған әнiн!»
Алдыңғысын, болашақты ойластырған ақын:
«Қазаққа басын иiп келу керек,
Бiр Төлеген өлгенде – бiр Төлеген!»
Ұрымтал тұсты оңай тауып, үйлестiрiп өрнектеген ақылды өлең емей, не бұл?! Тоқетерi, «Халайық! Қалбай ақынға да зер салайық, құрметпен қош алайық!» дегiм келедi.
Мұзафар ӘЛIМБАЕВ,
Қазақстан Халық жазушысы
qazaquni.kz