КЕМЕЛ ТАРТҚАН ТАЛАНТ ТАРЛАНЫ
2016 ж. 26 қыркүйек
3105
1
Биыл көрнекті жазушы Софы Сматаевтың жетпіс бес жасқа толғаны мәлім. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында қаламгермен кездесу кеші өткізілді.
Жиырма жеті жасында «Елім-ай» сынды тарихи роман жазып, халық құрметіне бөленген Софы Сматаев қаламынан бүгінге дейін жиырма бес томдай кітап туған екен. Шығармашылық кеште сөз алған шешендердің дені Софы Сматаев ерекшелігі өнімді жазуында ғана емес, негізінен, оның ұлт тағдырына көбірек алаңдауында, халық көкейіндегі сөзді батыл айтуында, қоғамдағы келеңсіздіктермен талмай арпалысып, ащы шындықты жеткізуінде екеніне баса тоқталды. Мәселен, белгілі сатирик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлы:
– Софының кім екенін баяғыдан білемін. Ол аға буынға да, жас ұрпаққа да жақсы таныс. Сондықтан, бұл жағынан көп айту аса қажет бола қоймас. Қай қырынан болса да танымал адам. Ақын, жазушы... Қазіргі өміріміздегі, қоғамдағы саналуан келеңсіздіктерге, нешеқилы құйтырқылықтарға наразылық білдіріп жазып жүрген мақалаларының өзі қаншама! Өлең тілімен шырқырай жеткізген жандауысы қаншама! Бірақ соны естіп жатқан ешкім жоқ. Билік жақтағылар екі құлағын тарс бітеп алған. «Әй, осы мынау не жазып жүр?! Мұның айтқаны шындық қой; ойға қонады екен!» дейтіндей біреуін таппайсыз. Міне, қаншалықты жылдар өтті, Софымен өзіміз де қоян-қолтық араласып келеміз, белгілі мүдде бағытындағы істерге бірге қатысып, тыңдап та жүрміз, барлық сөзі далаға атылған оқтай болып бос кетіп жатыр. Мен осыдан төрт айдай бұрын Президентке: «Мына Софы Сматаев Мемлекеттік сыйлыққа осымен сегізінші мәрте ұсынылған екен. Нәтиже болмады. Бермеді. Неге? Бұл кісі Қазақстан Магниткасында өзіңізбен бірге жұмыс істеген екен. Жазушының одан бергі де тірлігінен хабардар шығарсыз. Қазір өзінің денсаулығы да болмай жүр. Кейде белгілі бір жәйтті жеке жарлығыңызбен шешіп жіберетініңіз болушы еді; мына сыйлық беру мәселесін де реттеп берсеңіз жөн болар еді. Бұл, өзі, мұң кешкен жазушы үшін, бір жағынан моральдық та, материалдық та көмек қой. Әсіресе, моральдық тұрғыда керемет марапат болар еді» деген мағынада хат жаздым. Осының Елбасы қолына тигенін де білдім. Бірақ мұны: «Ешбір қарсылығым жоқ. Өздеріңіз көрерсіздер» деп Мәдениет министрілігіне түсіріп жіберіпті. Ал қазір сол ведомствода есеп-қисапқа болмаса, мәдениет жағынан шорқақ адамдар отыр. Мұны мен дәлелдей алам. Тек, бұл жерде оны да көп әңгіме қылып сөз көбейту қажет емес. Олардың маған қайтарған жауабын жаңа Софының өзіне оқып бердім. Әдеттегідей «бәлен жылғы ұсынған талапқа сай келмеді» деген шығарып салу мазмұнында жазыпты. Немене талап екені түсініксіз. Софы, сен мұндай қисынсыздыққа бола нали берме. Сен ең керек марапатты – өзіңе деген халқыңның биік құрметін, туған еліңнің риясыз ықылас-ниетін баяғыда алған адамсың. Сыйлықтың ең үлкені де осы болар. «Сынық арба көп кешер» дейді – өзіңе зор денсаулық тілейміз. Ден сау болса қаламың жүрісінен жаңылмасы анық. Өзіңнен тың шығармалар күтеміз! – деді.
Сол секілді, әдеби кешті жүргізген Ғазизбек Тәшімбай мен Уақап Қыдырхан, Дандай Ысқақ, Нұрдәулет Ақыш, Көпбосын Панзабеков, Аян Нысаналы сынды қаламгердің өзге де аға, іні әріптестері жүрекжарды лебіздерін айтты.
Бұдан бірталай бұрынырақта еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» осынау сөз шеберін «Таланттың кемелі бола жүріп тарлан тартқан, таланттың тарланы бола жүріп кемел тартқан, қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан құрыштай қайратты қаламгер» деп бағалағаны есімізде. Сол айтқандай, біз де халқым, елім деп шырқыраған жанкешті жазушыға шалқар шабыт тілегіміз келеді.
Өз тілшімізден.
qazaquni.kz