Қоғам таңнан бері даурығып жатыр. Қоғам болғанда да, әлеуметтік желілер. Себеп, Рахымжан Отарбаевтың сұхбаты.
Жазушы «Әдебиет порталына» берген сұхбатында Мағауинді классик жазушылардың қатарына жатқыза алмайтынын, Асқар Сүлейменовтың жазушы емес екенін айтады. Бұл – жазушының жеке пікірі шығар. Бізді алаңдататын бір дүние: қаламгердің жазушы-жазушы еместігін қай категорияға қарап анықтаймыз? Жалпы анықтау мүмкін бе?
Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай: «Жазушының жазушыны анықтауы дегенге келер болсақ, ол көркем талғамға қатысты деп айтар едім. Біреу Мағауинді жазушы емес десе, оның талғамы. Екінші біреулердің Отарбаевты жазушы емес деуі әбден мүмкін ғой. Мүмкін, оның ішінде бір қыжылы бар шығар» дейді.Ал жазушы Несіпбек Дәутайұлы: «Әрбір оқырман өз жазушысын өзі тауып алады, біріншіден. Екіншіден, кез келген жазушы кез келген жазушыға ұнай бермеуі мүмкін. Оған қандай тұрғыдан қарайды? Мәселе, сонда. Әр жазушының көзқарасы бар. Әркім өз көзқарасымен жауап береді. Біреу мақтайды, біреу даттайды. Жалпы, осының екеуі де дұрыс емес. Тағы бір дүние, жазушының қандай екенін анықтау неге қажет? Оны қай категорияға салып, анықтаймыз. Әлде, жазушының бәріне берілетін анықтама бар ма? Мүмкін, маған да анықтама берілген шығар. Жалпы ешкім дүниеге пайғамбар болып келмейді. Сондықтан, біздің қай-қайсымыз да «мықтымыз» деп айту ұят. Белгілі бір тұлға туралы «жақсы, жаман» пікір айтуда ойланғанымыз дұрыс. Өзгеге баға бермес үшін, «өзім қандаймын?» деген сауалға жауап іздегеніміз дұрыс болар. Сондықтан, бұл мәселеде бірдеңе айту қиын» дейді.
Дулат Исабековтың пікірінше, кімнің мықты, кімнің әлсіздігі шығармасының деңгейімен өлшенуі тиіс.–Шығарманың көркемдік қадір-қасиетіне қарап, анықтай аламыз. Оқиға қалай өрбіді, нанымдылығы қандай? Ол спорт емес. Ол бокс емес. Тіпті ондыққа дәл тигізетін садақ ату емес. Жалпы шығарманың көркемдік деңгейі қандай? Образдарды қалай жасады? Оқиғасы тартымды ма? Образдар арқылы автор не айтқысы келді? Жазушы қандай идеяны көтергісі келді? Тілдік құнарлығы қандай? Композициясы қалай? Оқиғаны қалай іріктеген? Оның құндылығы қандай? Осы сауалдардың бәріне оқушы шығармадан жауап табатын болса, оның деңгейі жоғары деген сөз. –Ал жазушының мықты-мықты еместігі, әлсіздігі шығармасына байланысты болса, оны оқырман анықтауы керек емес пе? –Рас айтасың. Оқырман оның шығармасына қарап анықтайды. Шығарма оқушы қалаған деңгейде болмаса, жаттанды болса, тілі шұбар, құнарсыз болса, қазақ тілінің көркемдік деңгейін бойға сіңірмеген болса, өзінің баяндау стилінде орашолақтау болса, оқырманын сендіре алмаса, онда оның әлсіздігі. Өмірдің шындығы мен көркемдік шындығын автор әлі меңгермеген екен десе, онда автор әлсіз деген сөз. –«Пәленше мықты, түгенше әлсіз» деп пікір қалыптастыра аламыз ба? Мәселен, «Дулат Исабеков мықты, Төлен Әбдік әлсіз» деген пікірге қалай қарайсыз? – Төлен Әбдікті неге нашар дей аламын? Егер оның тілі керемет, нағыз құнарлы тіл болса, ойы қорғасындай ауыр болса, кейіпкерлері нанымды болса, қалай нашар деуіміз керек? Оның кейіпкерлерінің ой-өрісі сенің ой-өрісіңмен дәл келіп жатса, сенің талғамыңды қанағаттандырып жатса, ол неге әлсіз шығарма болуы керек? Төленнің барлық шығармасы осы категорияға жауап бере алады. Соңғы кездері мықты шығармалардың дені Төленнің қаламынан туып жатыр. Сондықтан «анау әлсіз, мынау мықты» деп біржақты пікір айтқанымыз дұрыс емес. «Анау – жазушы, мынау– жазушы» емес деп пікір айту үшін де көптеген компоненттер керек. Біреуді біреу «жазушы емес» деп қаралай салу оп-оңай. Ол жауапсыздық болады. Ол үшін ойланып айтуымыз керек. Олай айту үшін оның шығармасын оқып, дәлелдеп көрсетуі тиіс. Ұнамаса, не үшін ұнамайтынын талдап жеткізген жөн. Ғайбаттай салу оп-оңай. Қазір осылай пікір айту көбейіп кетті ғой. «Горькийді жазушы емес» дейтіндер шығып жатыр. «Маяковскийді ақын емес» дегендер бар. Өйтіп айту – орынсыз. Ол үшін неге ұнамайтынын, неге суреткер еместігін дәлелдеп, түсіндіріп айту керек. Олай айтпаса, Исабековті де драматург емес деп ғайбаттай салу оп-оңай. Жұрт қазір біреу не айтса, соған сене салатын болды. Өйткені оқырмандардың көбі қазір жазушының шығармасын оқымаған. Шығарманы оқыған адамдар ғана қарсы пікірін айта алады. Дәлелдейді. Мықтылығын мойындайды. Сондықтан біржақты пікір айтуға асықпағанымыз жөн. Гүлім Тұрғанбайқызы