Шәмшия Жұбатова: Үнсiз күйде өлiмшi қып бiр саба
2016 ж. 09 қыркүйек
5846
7
Жалғыз ауыз сөзбенен-ақ өлтiрдiң, Қарсы алдыңда тiрi өлiк боп мен тұрдым. Тұрлауы жоқ болып шықты сертiңнiң, Түрi құрсын қоқырайған бөркiңнiң. Қараң қалсын мен ас берген тегене, Тегене ас жұқпай жүр ме немене? Көкке шапшып бетiңнен ап жатқанда Қолың сынғыр, сабамайсың сен неге?! Таныта алмай намысың мен күшiңдi, Не басып тұр, не басып тұр мысыңды? Жаратылдың еркек болып несiне, Жөндемесең терiс кеткен iсiмдi! Жонымды бiр тiлсе қамшы таспасы, Былай қалып қояр едi-ау басқасы. Күмiлжiмей әйелiңнiң алдында Бөркiңдi анау былай алып тасташы. Әй-шайға да, келтiрместен мұршаға, Үнсiз күйде өлiмшi қып бiр саба. Сенде қамшы, менде бұрым болса егер Елге күлкi болар ма едiк мұншама. Шәмшия Жұбатова
qazaquni.kz