ҚАЙДАСЫҢ, АҚЫН-ӘБІШ?..
2016 ж. 14 тамыз
3038
1
1982 жыл. КазГУ қалашығы. Кең залдың төрінде Алматының адуынды ақындары, сол кездегі жастардың кумирлері-Жарасқан, Жұматай, Кеңшіліктер студенттердің өлеңдерін тыңдауда. Жас ақындардың көпшілігі сол кездің өзінде-ақ алдарында отырған ақын ағаларына таныс болып қалған, өлеңдерін оқып, бойларын үйретіп алған болулары керек өздерін тым еркін ұстады. Ағалары да алақандарын аямай соғып, қолдау көрсетуде. Осы кезде жұрт күтпеген бір жай болды. Ортаға ешкімтанымайтын бозбала шығып, Мұқағалиға арнаған өлеңін оқыды. Ол кезде өлең өлкесіне беттеген жастың бәрі Мұқаңмен "ауыратын". Оған арнаған өлеңдері де бір сарынды еді. Мына баланікі тіпті бөлек! Ешкімге ұқсамайды. Жарасқан, Жұматайлар елең етті.
"Қайран Мұқаң, қара өлеңнің шынары, Шынарлар тек шынарларша сынады, Мұқағали Есенині қазақтың, Махамбеттің "сарқыты" емес -Сыңары!"
Жиналғандар ду етіп барып басылды. "Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда!" деген Мұқаңның өз өлеңіне жауап деп түсіндік. Бозбаланың өлеңі де өктем аяқталды.
" Балаң сезім, балауса жыр, бүлдіршін, Саған деген сезімімді білдірсін. Мұқаңдар жоқ, Мұқаңдардың сарқыты, Смаилов бола алам ба, кім білсін?,,"
Отырғандар орындарынан көтеріліп, балаң жігітті қоршап алған. "Кімсің? Қайдан?" деген сұрақтар жауып жатыр. Ол -менің курстасым Әубәкір Смаилов еді. Мықтылардан сол жерде бата алған Әбіштің болашақта қазақтың ұлы ақыны болатынына біздің күмәніміз болған жоқ. Мұқағалимен өлең арқылы сырласқанда Әбіштің жасы он жетіге де толмаған болатын...Әбіш әлі менің досым! Бірақ, көңіл шіркін ақын Әбішті іздей береді. Табылдың өзі сенің талантыңның алдында бас иетін еді ғой,Әбіш! Ақ шағала- өлеңіңді қайда ұшырып жібердің?..
Арман Сқабылұлы,
Фейсбук парақшасынан алынды