Кереку - көшпенділер мекені
2016 ж. 27 шілде
4706
0
Павлодар атауының қайдан шыққаны түсінікті.
Ал біз оны неліктен Кереку дейміз? Мұны әркім әрқалай түсіндіріп келеді. Әсіресе, сонау 1700 жылы осы өлкеге Коряков деген көпес ірге теуіп, жергілікті қазақтар оған бір тұзды көлді пайдалануға берген екен; мәселенің мәні осында деп пайымдаушылар басым. Одан Ертіс бойындағы әскери қорғандарының алғы шебі де біртіндеп соның есімімен атала бастап, кейін елдімекен Коряков станицасы ретінде бекиді-мыс. Яғни Кереку – Коряковтың «қазақша» баламасы делінеді.
Міне, осының мәнін Егіндібұлақ ауылында қырық үш жыл ұстаздық еткен қарт мұғалім Зекебай Солтанбайұлынан сұрадық. Бұ кісі ұстаз ғана емес, жергілікті ел мен жер шежіресін жетік білетін сұңғыла зерттеуші, еңбекқор жазушы адам. Сегіз кітаптың авторы.
– Жоқ, бұл сыңаржақтау пікір ғой. Коряков деген болса болған шығар. Бірақ оған Керекудің еш қатысы жоқ. Бұл – өзіміздің түркі сөзі. Махмұт Қашқари еңбектерін парақтасаң, көзің шайдай ашылады...
Кейінгі сұрақты: неліктен Кереку өңірінен шыққан академик көп; ел ежелден оқу-тоқуға неге бейім; жоқ, әлде, ғалымдарды әдейі «егіп» өсіресіздер ме деген әзіл түрінде қойдық. Мұғалім ойланып қалды. (Айтпақшы, мұндағы үлкен-кіші Зекеңді түгелдей «Мұғалім» деп атайды).
– Әрине, мұндайға қатты ықпал ететін жәйттер баршылық қой. Соның бірі – біздің орталық аймақта орналасуымызға тікелей қатысты болуы мүмкін. Кең байтақ елдің кіндік тұсын қоршай қоныстанған Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Семей, бір шеті Жезқазған – бұлардың барлығы қазақ халқының анау Ұлытаудан басталған өз заманындағы хандық дәуіріндегі өмір-салтының, тұрмыс-тіршіліктің, адамгершілік нормаларының ең озық дәстүрлерін ерте сіңіргені байқалады. Сол ескі хандық кезеңде пайда болған «Жеті жарғы» секілді маңызды дүниенің өзі орталық тұрғындарының ой-пікір, көзқарас, тіршілік қорытындылары негізінен алынды. Осы қағидалар бірте-бірте жергілікті жұрттың білімге, ғылымға, өнерге құштарлығын арттырады. Тіпті, өмірдің өзі соған мұқтаж етті. Білімді еріксіз мойындатты. Мәселен, бір ғана деталь – Құнанбай баласын медреседен не себепті шығарып алады? Неліктен сөйтіп приходская школаға береді? Себебі, оны да сол кездегі орта биледі. Ендеше біздің жас балаларымыздан бастап үлкендерімізге дейін заман жаңалықтарына тез бейімделді.
Солай сияқты. Өйткені, «Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы, балам закон білді деп, қуанар ата-анасы» немесе «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» дейтін Абай буыны да өз ұрпақтарын жаппай оқытуға ұмтылғаны көрінеді.
– Соның нәтижесінде орталық аймақ мемлекетке бағыну мен мемлекеттің тілін әрмен қарай дамытуға жас күнінен, жаратылыстан, іштен бастап үйрене бастады деуге негіз бар. Ол кезде елдің барлық саясаты билер мен ақсақалдар арқылы жүрді. Ал ауыл сайын ақсақалдардың ой-ұстанымы мемлекет жетекшілерінің мүддесінен бөлек болған жоқ. Одан соң тілдің мәдениетті болуы қатты қадағаланды. Бұратана сөзге жол берілмеді. Екіншіден, мұнда шет жұрттармен ассимиляцияға түсу сирек. Сол себептен, ежелгі елдік психология, мінез-құлық көп өзгерген жоқ па деп ойлаймын. Сөйтіп, тұрғындардың арлылығы, парасаттылығы, бірін-бірі құрметтеуі, уәдеге беріктігі секілді қасиеттер жақсы сақталды. Түрлі кезеңдерде, бір жағынан, қазақты зерттеуге келген немесе тағдыр теперішімен тап болған анау Янушкевич, Радлов, Потанин, Достоевский, Семенов – Тянь-Шаньский сияқты жиһангездердің бәрі шеттен қайтып кетпей, орталыққа ұмтылған. Сөйтіп, өз еңбектерінде сол ортадағы елдің тілін әдеби, мәдени, тарихи негізге алады. Ал кейбір шеттегі аймақтарымыздың өзі кімдермен іргелессе, соның ықпалына түскені, тілін пайдаланғаны байқалды. Демек, Кереку де ежелден-ақ ерекше өркениет ортасы болған.
Бұл өлкеден ғалымдардың көптеп шығуына, әсілі, рухани орда саналатын көршілес Семей қаласының зор әсер еткені де анық.
– Мен де жоғары оқу орнын Семейден бітіргенмін. Бұл шаһардың сол кездегі мұғалімдері Алматы оқытушыларынан кем болған жоқ деп санаймын. Олардың білім беру әдісі, шәкіртке қоятын талабы, жалпы дүниеге деген көзқарасы өте жоғары еді. Сондықтан ба, басы анау Жүсіпбек Аймауытовың, Қанышың, Әлкей Марғұланыңның барлығы Семей оқу орындарынан қанаттанып, халық игілігі жолында тер төккен. Ел абыройын асқақтатқан. Семейдің ғылыми шаңырақ болуына сондағы орыс білімдарлары да ықпал етті. Сонда жер ауып келген Долгополовтар, Михаэлистердің бәрі көкейі сәулелі қазақтарға әсер етпей қойған жоқ...
Сол секілді бірыңғай патша үкіметінің орталығы саналғанымен, Павлодар жеріндегі өндіріс орындарының көптігі, мәселен, он тоғызыншы ғасырдың соңына қарай орыс кәсіпкерлері мен ағылшын концессионерлерінің мұндағы тау-кен өнеркәсібіне, металлургияға инвестиция беріп, зауыт-фабрика салуы да қазақ жастарын алыстарға қанат қақтырды. Мысалы, Омбы, Орынбор оқу орындары, яки кейін Қаныш Сәтбаев тәмәмдаған Томск Технологиялық институты мен сондағы Политехникалық университет сол тұста Еуразия құрлығының солтүстігіндегі сирек білім ошақтары еді. Әсіресе, кезінде «Сібір Афинасы» атанған Томск институты талай алыс шетел жастарының қол жетпес арманы болған екен. Бұл шаңырақта Қаныштан бұрын Әміре Айтбақин, Жақып Ақбаев, Асылбек пен Мұрат Сейітовтер, Әлімхан Ермеков сияқты көптеген қазақ жастары оқиды. Бұлардың өнегесі кейінгі Павлодар өрендеріне қатты ықпал етеді. Тағы бір қызығы, шағында Кереку жерін мол жайлаған переселендердің үлкен-кішісі түгел дерлік қазақша сөйлепті. Мұны осы өңірдің тумасы Кәукен Кенжетаев ақсақал тамсана әңгімелейтін-ді. Демек, сол кездегі сырттан келуші жұрт жергілікті халықтың даналығына еріксіз бас иген. Ақырындап, санасуға мәжбүр болған. Осындағы Нұржанның Біржаны сынды жергілікті батырлардан аяқ тартқан. Ал осынау елдің отансүйгіштігі мен өткен өмір-салтына деген құрмет даңқты Кенесары хан қозғалыстарын құлшына зерттеген Ермұхан Бекмахановтай ірі тарихшыларды да шығарды.
– Орталық аймақтың ғылыми, біліми азаматтарының ілгері болатын бір себебі, сонау Шоң биден басталды. Баянауланы тұрғылықты халықтың өзіне басқартамын деп генерал-губернаторды да амалсыз мойындатып, дегенін істеуі оның сол кездегі асқан патриотизмнің, прогресшілдіктің көрінісі болатын. Сол секілді ұрпақты ілімге баулу бағытында Мұса мырза атқарған әрекеттер де ересен. Бұл да аға сұлтан. Бүкіл Қытайдың, Қашқардың құпияларын қотарып әкелген Шоқан ердің нағашысы. Міне, осындай жергілікті кемеңгерлердің үлгісі жас ұрпаққа өз-өзінен дари берді. Әйтпесе біреу аспаннан академик түсірмейді ғой. Және академик көпшілік дауыспен сайланады. Бұл биікке елге еңбегі сіңген шын ғалымдар, кемел дарындар ғана шыға алады. Осыны ұмытпау керек. Тағы бір маңызды мәселе – орталық өлкедегі Әйел қауымының өнегесіне тікелей қатысты. Анау Айғаным, Зейнеп апаларымыз, Мақпал сынды көптеген ару аналар үлгісі ұрпақ тәрбиесінде орасан орын алады. Осылардың бәрі жиылып келіп, ұлттың небір ғазиз перзенттерін ғылым, білім орбитасына көтеріп отырды...
Құлтөлеу Мұқаш,
qazaquni.kz