ҒАБЕҢ ӘЙЕЛ МЕН СҰЛУЛЫҚ ҺӘМ ТАБИҒАТ ТУРАЛЫ
2016 ж. 20 шілде
4940
1
Ғабит Мүсірепов шығармашылығында Ана тақырыбының айрықша орын алатыны белгілі. О кісінің әлем классиктерінен аударғаны бар, өз туындылары бар, осынау саладағы барлық еңбегі өзіндік бір ғажайып галарея құрайтыны да анық. Сол сияқты басқаларын айтпағанда, Ұлпандай дала «Джакондасының» бейнесін кестелеген аса талғампаз суреткердің кітаптарында жалпы Әйел әлемі айрықша орын алады. Кезінде: «Әйелге, оның ішінде сүйген әйелге деген құштарлық сезімі ғажайып қаламгер» деп жазушының әріптестері әділ бағалағанындай, Ғабеңнің қойын дәптеріне түскен ой маржандары да осының бір көрінісі сияқтанады:
Низамидің әйелі қыпшақ қызы Аппақ деген кісі екен. Жаугершілік заманда Дербенд правителінің қолына күң ретінде түскен. Дербенд правителі Жаффар қанша қызықса да қыз көнбеген. Қызды қорлау үшін Низамиға сыйлыққа берген. Аппақ пен Низами бір-бірін қатты сүйіп, жақсы өмір сүрген. Шырын бейнесін Низами сол әйелінен алған.
* * * Әйелді естілік жеңсе сұлулығы да арта түседі. Сұлулығы жеңсе естілігі де, сұлулығы да солғындай түседі.
* * * Ойдың биіктігі де, тереңдігі де, жан-жақтылығы да сорлы бастың немен толтырылатындығында. Сезімді алсақ, ол әрі бастан, әрі бес түрлі сезім ошақтарымен қорек алады да жан-жақты, бұта-тармақты болып тамырлана береді. Әсіресе, сезімділік әйелде нәзік те, мол болады. Осының қорытындысында әйелдің көбі сұлулық пен естіліктің қайшылығына ілігіп шерменде болар еді. Ілуде бір әйел әрі сұлулығын, әрі естілігін сақтап қалады. Көбінесе сұлулықты сақтаймын деп көп әйел естілігінен айрылады. Өмірінің орта тұсына дейін сұлулығы арта түседі, естілігі солғындай береді, кейін екеуі де жоқ. Басынан естілік жеңсе сұлулығы да арта түседі. Не естілік сұлулықты жеңіп, аяғында екеуінен де жұрдай айырылып қалады.
* * * Әйелді сүю үшін білуің ғана жетпейді, сезінуің керек. Ең керегі де осы. Әйелге ше? Оған да!
* * * Менің байқауымша, сұлу әйелді ит қаппайды. Олай болса, сұлулықты ит те сезеді.
* * * Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап қаратып кете алатын күш жоқ қой деймін. Қалайда байлық, бақ, мансап, тіпті, қоғамдық дәреже дегендердің бір де бірінде ондай күш жоқ, бәрі бірге қосақталып келіп, мойныма асылады. Мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарап тұра берер едім.
* * * Әйелі жасара берсе, еркегі ескіре береді, бірақ әйелі ескіре берсе, еркегі жасара бермесе керек.
* * * Бала мектептен келген бетінде әкесінен: – Әке, Хауа анамыз Адам атамыздан басқа еркекпен жүрген бе? – депті. – Жоқ! – депті әкесі. – Онда мұғалім: «Адам маймылдан жаралған деп неге айтады?» депті бала.
* * * Шаңырақты еркектер көтеріп бергенмен, үйді әйелдер тігеді. Шидің ішін, үй жиһазын әйелдер жинастырады.
* * * Сұлулық, әдептілік, бейімділік, сезімділік, ерлік, даналық – бәрі де жеке адамның меншігі емес, ең алдымен елдің, халықтың еншісі.
* * * Сұлулық, әдептілік, тағы басқалар жұртты сұлу болуға, әдепті болуға шақыра алмаса, қыздыра алмаса – ол шын мағынасындағы сұлулық та, әдептілік те бола алмағаны.
* * * Кір жуып жатқан әйелді Ремарк сонша айқын көрсеткендіктен, мұрныма жуып жатқан кірдің исі келді.
* * * Әйел асқақтаса жылағаны, еркек асқақтаса – құлағаны.
* * * Кейде сұлулық пен ерлікті салыстырып қарасақ, жеңіс сұлулық жағында кетеді.
* * * Әйелге сенсең де ұтыласың, сенбесең де ұтыласың. Сенбесең әйел кешпейді, сенсең алдай бастайды...
* * * Сүйген адамың барлық адамнан сұлу да ақылды болады да...
* * * Театрда кейде бір кербез басып, әдемі денесін түгел сипаттап тұратын қара барқыт көйлегімен Шолпан өткенде арт жағынан айтылған күндеу, мақтау, қызығу сөздері бір жерде ысылдап, бір жерде күбір-жыбыр етіп қалады.
* * * Әйелге еркектің, еркектердің таласы талай жазылды. Әйелдің еркекке таласы әлі жазылған жоқ. Бұл тақырыпты мен ептеп сезінсем керек: арнаулы тақырып етпегенмен бір сүрлеуге қоса кету дұрыс болар.
* * * Көктемде тыным таппай қыз жүрегі, (бар болса жүректің үлбірегі), елеңдеп, дір етіп қап, шым етіп қап, тұрмай ма, лып-лып шығып сыртқа лебі.
* * * Іргедегі соғар түнгі самал жел, кейде жылы, кейде салқын лебімен жігіт бойын, қыз көңілін әр неге әкетіп жатады. Желдей еркіндік, балғындық, алабұрту, толқындау, еркіндік сездіру, арман шақырулар береді. Тау арасы, теңіз жағасы, орман іші, ағысты өзен жағасы да сондай.
* * * Қазақ елі Алматыға келіп жайраңдасып қалатын еді. Қарағанды – сол қазақ елінің кек кернеген кезінде түйген қабағы секілді.
* * * Шиырлап шыққан биігім сол, олақ оймен көктің жүзін кезгенде аспан жерге, жер аспанға жау емес, адам үшін екеуі де бір бесік. Жердің бетін солқылдатса биік аспан гүрсілі тазармай ма дүние бір?! Жаңбырдан соң, гүрсілден соң көгерген жер бетіне қай тазалық, қай сұлулық теңесер! Адам мен адам ойы ұштасып, домбыраның қос ішегіндей бірге шығып, үндері ертелі-кеш дүние еңбегін кеңесіп, еш нәрсені менікі деп өзімшілдік істемесе ешқайсысы! Жер бетінде бір сұлулық осы да! Біреу күліп, біреу жылап отырмаса бір сұлулық осы да!
Құлтөлеу Мұқаш,
qazaquni.kz