«ЖАРҚЫН ЖАЗ – 2016» БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАУДА
2016 ж. 05 шілде
2646
0
Алматыдағы «Глобус» сауда және ойын-сауық орталығында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жарқын жаз – 2016» жобасының ашылу рәсімі өтті.
«Bestseller KZ» әдеби агенттігі мен «Балдырған», «Ақ желкен», «Ұлан», «Дружные ребята», «Әнші болғым келеді», «Ертегілер елінде», «Балабек» сынды балалар басылымдарының ұйымдастыруымен қолға алынған игі шараның мақсаты – тілдерді дамыту, қазақ тарихын таныту, ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттау.
Салтанатты кеш барысында Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының Тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің бастығы Бақыт Қалымбетов сөз алып, балаларға қуаныш сыйлай отырып, оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге үлес қосатын «Жарқын жаз» жобасының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Балаларға берері мол осынау шараның басы қасында жүрген «Bestseller KZ» қазақстандық бірінші әдеби агенттігінің төрайымы Бақтыгүл Махамбетова, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Дружные ребята» газетінің бас редакторы Әлімжан Акбаров, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жұлдыз Әбділда, «Әнші болғым келеді» журналының бас редакторы Алтын Маханбетова, «Балабек» журналының бас редакторы Бағдат Мәжитовтер де сахна төрінен табылып, Алматы қаласының кішкентай тұрғындары мен қонақтарын екі ай бойы «Жарқын жаз» жобасымен бірге уақыттарын мәнді де сәнді өткізуге шақырды.
Осы күні белгілі әншілер Ғани мен Бота және Алтын Маханбетовалардың балалармен бірге шырқаған әуезді әндері кеш шырайын одан әрі кіргізіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жоба ұйымдастырушыларының балалардың тілдік қорын молайту мақсатында өткізген түрлі ойындары да жас өрендердің ой-өрісін кеңейтуге септігін тигізді.
Ең бастысы – шараның бір реттік ғана емес, жаз бойы жалғасын табатындығы көңіл қуантады. Шара аясында күн сайын түрлі ойындар, викториналар, конкурстар, шеберлік сабақтары өткізіліп, қолөнер шеберлерімен, ақын-жазушылармен, әнші-актерлармен кездесулер ұйымдастырылмақ. Ендеше балаңыз ойнай жүріп, ойлансын десеңіз, көргені мен көкейге түйгенін одан әрі дамытсын десеңіздер жазды «Жарқын жаз» жобасымен бірге өткізуіне мүмкіндік туғызсаңыздар екен.
Сая ЕРМЕКОВА
qazaquni.kz