Ләйлә Сұлтанқызы: Көрермен жүрегіне жол тапқым келеді...
2016 ж. 28 маусым
6150
19
Алматыдағы «Меломан» кітап дүкендері желісінде танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызының «Менің екінші кітабым» атты жаңа жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға әнші Жанар Дұғалова, белгілі тележүргізуші Дина Төлепберген, актер Тәуекел Мүсілім сынды өнер өкілдері қатысты. Автордың бұған дейін Астана, Шымкент қалаларында өткен оқырмандармен кездесуі оңтүстік астанада жалғасын тапты.
Ләйлә Сұлтанқызымен өткен әсерлі сырласу кешінде оқырмандарға жаңа кітапты автор қолтаңбасымен алу мүмкіндігі туды. Кеш аясында тележүргізушімен тілдесудің сәті түскен еді.
– Ләйлә Сұлтанқызы, кітаптың «Менің екінші кітабым» аталуының сыры неде?
– Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз тектен текке айтылмаған ғой. Қыз баласы ретінде маған да отбасында тыйым салынған дүниелер өте көп болды. Сондықтан болса керек, ешкімге көп ашыла бермейтінмін. Өзімді мазалайтын дүниені өзгеден сұрауды әбестік санаппын. Бұл, бәлкім, қазақ қызына тән биязылық та шығар. Ақыры, жан дүниемді мазалаған ойларды ақ қағазға түсіргенді жөн санадым. Яғни, күнделік жазуды әдетке айналдырдым. Бұл көбіміздің басымызда бар құбылыс деп білемін. Меніңше күнделік әркімнің өміріндегі бірінші кітабы. Сондықтан да, бұл – «Менің екінші кітабым».
– Бұл кітаптың өзге туындылардан ерекшелігі қандай? Өз ойыңыздың бәрін бүкпесіз баяндай алдыңыз ба?
– Мәселен, музыка жанрында «Поп» стилі классика немесе джазға қарағанда қабылдауға ең жеңілі саналатыны белгілі. Мен өзімді дәл осы мәнердегі журналистпін деп ойлаймын. Бір қызығы, сол поп стилін халықтың көбі тыңдайды. Өйкені, мейілінше түсінікті. Сол сияқты, мен де ең алғашқы туындымды жеңіл тілмен жазуға тырыстым. Мұндағы мақсат – оқырманыма неғұрлым жақындай түсу. Әзірге бес мың данамен жарық көрген жаңа кітаптың жартысынан астамы көпшілікке жетіп үлгерді.
Ал кітаптың жазылуына келсек, бұл бас-аяғы бір жылдың ішінде жазылған дүние. Кітапта өз өміріме байланысты оқиғалардың басым бөлігі қаз-қалпында берілді. Тек жолдасымның өткен өміріне қатысты кейбір деректер ғана баспаға кетерден алдын қиылып тасталғанын жасырмаймын.
– Енді өзіміздің журналистика тақырыбына бет бұрсақ. Сіздіңше бүгінгі қазақ журналистикасының ең кемшін тұсы қайсы?
– Өкінішке орай, қазақ журналистикасының бүгінгі жай-күйі ауыз толтырып айтарлық дәрежеде емес. Бүгінде отандық журналистикада тыңғылықты зерттеулер жоқтың қасы. Сондай-ақ, белгілі бір салаға машықтанған тілшілер де саусақпен санарлық. Тіпті, қазір экономика, медицина, мәдениет деп сала таңдамайтын күйге жеттік. Қазіргі журналист бесаспап болуға мәжбүр. Біздің басты кемшілігіміз де осында жатқандай.
Меніңше, журналист белгілі бір салаға бейімделіп, сол тақырыпта тереңірек үңілгенде ғана өз ісінің нағыз маманы болады деп ойлаймын.
Сондай-ақ, шоу-бизнесті біреу арқылы өзінің атын шығару үшін таңдайтындар да жоқ емес. Бұл да біздің кемшін тұсымыздың бірі.
Тағы да айта кетерлік дүние – журналист маман кадрларды дайындау ісінің дұрыс жолға қойылмағандығы. Мәселен, 3-4-курсты бітіріп, телевизияға өндірістік іс-тәжірибеден өтуге келген студенттер қарапайым ғана дүниелерден бейхабар екендігін аңғарамыз. Яғни, журналистерді дайындау барысында тәжірибе мен теорияның алшақтығы көзге бірден ұрып тұрады.
Қазақ журналистикасы дамудың даңғыл жолына түсу үшін осындай олқылықтардың орнын толтырғанымыз жөн-ау.
– Тікелей эфир барысында көрермен тарапынан қойылған кейбір сауалдардың өзіңізді қобалжытқан сәттері кездесе ме?
– Телеарна аудиториясы кең болғандықтан, әртүрлі көрерменнің хабарласатыны заңдылық. Осыған орай сұрақтар да сан алуан. Араларында әзілдесетіні де, мұңын шағатындары да табылады. Ойламаған жерден қойылатын кейбір тосын сауалдарға дайын болмай қалатын кездерім де жоқ емес. Кез-келген нәрсені жүректен өткізетіндіктен өзгенің мұңын кейде жеңіл, кейде ауыр қабылдап жатамыз. Бірақ, қандай жағдайда да көрерменмен мәдениетті түрде дұрыс қарым-қатынас жасау – міндетіміз.
– «Балапан» арнасы алдағы уақытта балаларды қандай тың туындылармен қуантпақ?
– «Балапан» арнасындағы әрбір жаңа маусым балаларға деген тосын сыйға толы. Арнамызда кез-келген бағдарлама дүниеге келмес бұрын маман-кадрлар мен тікелей байланыс жасалып, түбегейлі зерттеледі. Бұл тұрғыда арнайы комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына балаларға аналған психолог, методист, педагог, мұғалім сынды бірнеше мамандық иелері кіреді. Бұлар балаларға қажетті деген бағдарламаларды жіті зерттеп, саралайды. Жоба мақұлдағаннан кейін барып, бағдарламаларды әзірлеу үшін белгілі бір компанияларға тапсырыс беріледі.
– Ләйлә ханым, «Әйел бақыты» хабарын жүргізу арқылы нәзік жандылардың өміріне тереңірек үңіліп келесіз. Айтыңызшы, әйел бақыты неде екен, осы...
– Әйел бақыты туралы сөз қозғағанда әйелдің өмір бойы бақытты болып жүрмейтінін ескеруге тиіспіз. Біле білсек, әйелдің бақыты бақытты сәттерден ғана тұрады. Мәселен, біреудің бақыты жолдасымен алғаш рет кездескен сәті болса, енді бірінікі ұлымен қатар отырып кешкі ас ішкен кезі болуы мүмкін. Ең бастысы – жүрегінің тыныштығымен ұласқан сәттер әйелдің бақыты дер едім. Мұндай сәттер күнде болмауы да мүмкін. Десе де, мен барлық әйел затының бақытқа бөлейтін сәттері көбірек болуын тілеймін.
– «Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін» аналарымыздың кейбірі балаларын далада тастап кетуді әдетке айналдырды. Бұл құбылыс базбір нәзікжандыларымыздың қатыгезденіп бара жатқанын көрсетпей ме?
– Иә, сіз айтып отырған жантүршігерлік құбылыс қазақ әйеліне тән емес, әрине. Десе де, бұл бұрыннан бар нәрсе. Тек бүгінде біз жаман нәрсені қайта-қайта жария етіп, жарнамалау арқылы осы бір індеттің одан әрі асқынуына жол ашып беріп отырмыз. Мұндай жағдайдағы жариялылық бұл дүниенің жойылуына емес, жайылуына әкеліп соқтыратынын ескермей келе жатқанымыз өкінішті. Тастанды балалардың ғана тағдырына қатысты емес, өзге мәселелерде де дәл осындай жағдай орын алған. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын «педофиль» десе, төбе шашымыз тік тұратын. Айтуға тіпті аузымыз бармайтын. Қазір «педофильдің» кім екенін еңбектеген балаға дейін біледі. Анығырақ айтқанда, бұл өзіміздің өзімізге жасап отырған қасіретіміз. Осыны түсінетін кез жеткен тәрізді.
– Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Осы тұста әріптестеріңізге деген ізгі тілектеріңізді де білсек...
– Қадірлі әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Алғашқы болып кез-келген жағдайды халыққа жеткізу, оған дұрыс баға беру тек сіздердің қолдарыңызда. Біз өзімізді-өзіміз жоғалтып алмасақ екен деген тілегім бар. Шығармашылықтарыңыз өркендеп, өсе берсін. Журналистика саласына сіңірген еңбектеріңіз ел алдында елене берсін!
– Әңгімеңізге рахмет! Өз еңбегіңізге де зор табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz