АЛТАЙДАН ҰШҚАН ақсұңқар
2010 ж. 24 желтоқсан
2812
0
Ықылымнан бері дүрмегі мен дүбірі арылмаған асқар Алтайдың әні мен сәнін «соңғы көш» өзімен мәңгі алып кеткендей «Елім-ай» сарыны көбінесе құлаққа шет жақтан үзіле-үздіге жетіп жататын еді. Қазақ жанына ана да, пана да болған бұл көне тұғыр баурайы балдай бұлаққа толы болғанын өнер буыршынына ұзақтау толғатқан сыры да осында ма екен?! Күлдәрімен белін буып, сарқынды бауыздап тастаған қысқа құлыны соңынан Оралханның суырылып шыққан сұлбасы көпке дейін ел есінде жүрді. Өлеңге әркім-ақ жерік болғанымен, өнер толғағы толыспай жерік желекке айналып, жүйткіп кеткен баладай сынап боп сырғып кеткенін көріп жүрміз.
«Бұхтарманың ақ көбік арыны ақын тумай тұра алсын ба, осы үзілістерден соң да дүниеге «іңгә» орнына өлең өріп, иірген алтын асығы алшы түскен беймәлімдеу бір есімнің:
Сізді көрдім түсімде Сізді көрдім –
Төбеме кеп түнерген күзді көрдім.
Аспан жаққа алаңдап, аққам кеуіп,
Бәлкім тағы бір ғасыр үздігермін
деген үні құлаққа жеткенде тұлпар тұяқ дүбірін айқын ажыраттым. Өнердің өткір құралымен қасапшыдай шапшаң қимыл танытып, Алтай әлемін қызыл-жасыл түске бөлеп жасын ойнатқанда Ораш та қыршын еді-ау. Уақыт тезіне салып өлең-өнер қарпуын әлгіндей пісіруі Нұрланның Ораш отырып ойқастылықпен арғымақтың жалынан айрылмастай ұстаған-ау деп қалдым. Оның өресі өнер қамалын ғасыр үздігіп қол жеткізетінге өсіп кетіпті. Өлеңші емес, ақын ғасырлар туғызатын ұл – ұлылар екеніне кім дау айтады. Алтайдың күзгі аспанын «ол ендеше Оралханның өнер көзімен сүзіле қарағаны сөзсіз. Көркемөнер аты бір тұтанса қызуы маңайын шарпымай қоймайды. Мәселен, әлгі Мұқағали ұйқаспен-ақ Нұрлан өнер отына қақталып, жүрегі жалын болып жанып отыр ғой. Мені таңқалдырғаны жас ақын бойындағы мөлшерден тыс талант, оны шашпай-төкпей, адаспай қазақтық алдаспан жырымен қатар қалап, қалау мәнерін мінсіз меңгеруі. lзденіс үстіндегі қазақ өлеңінің оқшау бір құбылысындай еді. Құбылаға бет бұруы содан ба екен?!
Нұрланның ақындық зертханасы, көркемдік көру көкжиегі кең, баяғының аруана ақындарындай болжампаздық қасиеті дарыған толыққандылығы оның шығармашылығын кексе етеді. Сөйтіп, бір саты алға озған қазақ қара сөзін ақындықтың желмаясын Асан атасындай желдіріп жете жығылардай хал кешеді. Жыраулармен жер асты ағынымен жалғасып күш алады, тұтасады.
Оның бір тамшы кермек көз жасындай мөлдір жырлары кешегінің емес, қазіргінің, бұрынғының емес бүгінгінің мұң-мұқтажын алға тосады.
Немді айтамын,
Мен сізге немді ашамын?
Жұмбағы мол жүрекке тең басамын.
Жүгім ауып қалғанша, күнім ауып,
Тулап жатқан теңізге көл қосамын дейді.
Поэзияның қолмен ұстауға келмейтінін жібек жібімен жүрек тылсымын тұзақтауында, Абай, Қасым пірлерінің канонына түспей, өз табиғатынан табыла алуында. Сондықтан ол - жаңғырық емес жаңалық. Бастысы лирика табиғатын танып, мән мен мәйек, сезім мен ой қосөрімдерден қол айырмайды. Мәселен: Көрсетпей көз жасымды жазған жырдың жалғаны-ай» деп Абай атасына тартқан тектілігін – поэзия тегін ол мүлде өзінше түрлендіріп алып кетеді. Бәлкім, сол тек пен тектілігі болар оны – қауызын жаңа ашқан қызғалдақты ақпанның аязы аяусыз қарып, ерте үскірік шалғаны. Осыны сезген сезеген жүрек тағы да жалғаны жоқ жүрек сырын шынайы өлең жолдарына айналдырады.
Үлбірек жүрек ақынмын,
Үрімдей гүлге жақынмын.
Көзімде тұнып көл жатыр.
Алдымда жүрер жол жатыр.
Ала кет мені өзіңмен,
Қайтпас қуаты мол батыр
деп үзіліп кетердей үздігеді. Тасыр емес ақын екенін айтады, әйгілейді бұл жолдары Нұрланның. Лирика сезім нәзіктігі оның өзегіндегі жасампаздықты жоққа шығармайтыны белгілі. Майдан даласынан – өртенген жұрт орнында өсіп тұрған қызғалдақты Қасым тауып алып, одан өмір құдіретін көріп, ер басын игені – оның 3-ақ шумақ «Қызғалдақ» өлеңіне философиялық салмақ салған еді ғой. «Құя алман үгітілген балшы өлең көңілімді көл жасаман тамшыменеңді» айтқан да қазақ лирикасының Абайдан соңғы мұрагері Қасым елі ғой. Нұрлан лирикасы бір сәт маған өртенген жұрт орнынан Қасым емес, мен өзім тауып алған қызғалдақ іспетті.
Әлсіз өлең –
Жансыз әлем,
Жүдедім.
Қалай ғана қамсыз өлең
Қалай қамсыз күлемін.
Жансыз өлең
Арсыз әлем,
Ашындым.
Қалай ғана қамсыз өлем
Киесі ұрсын Қасымның.
Бұл Нұрланның ғана емес, бүгінгі қазақ поэзиясының бұлқынысы. Халтураға қарсылық. Жалғандықпен күрес. Өлеңші-тақпақшылардан безініп Абайға бет алу. «Миға – нәр, жүрекке әл боп құйыл қаным» жолдары арқылы Абайдың: Нұрлы ақыл, ыстық қасірет, жылы жүрек» қасиетін санамалайтын адамның жүйесіне енеді. Жұлын-жүйкесімен, жан-жалынымен риясыз енеді. Сөйтіп барып кеңестік кезеңнен кейінгі өлең өлкесін текті өнерге тартқан ыстық қанмен суырып, қазақ поэзиясының өлмеген рухы болып бой көрсетті. Қиын, қысылтаң кезеңде ұлттық поэзия тамырына нәр беру – ең асыл мұрат, риясыз еңбек-бейнет болса керек. Өйткені, хас ақынның көпшілігін тұншықтырған қоғамдық-қайшылыққа Нұрлан да тап болды. Бір бейнеттен бір бейнетім боп қалың, Ажалымның алдына кеп тоқтадым» деуі – шындық.
Жүрек тұсымда шаншу бар,
Жүрген жерімде қаңқу бар.
Шаншу менің тәнімді ауыртты
Қаңқу менің жанымды ауыртты.
Өлең техникасын да Абайша меңгерген реалистік қолтаңба – бұл. Халықтық тіл – егіз ұйқас, қатталушы көркем, қарапайым.
Ісмері бар бұл елдің,
Іскері бар бұл елдің.
Іске алғысыз еткенде,
Ісіп-кеуіп жүрермін.
Стилі бар сөз жүйесін жақсы білетін ақын ғана осылай мінсіз, меруерттей өлең тізеді. Бұл қазіргі күн қазақ поэзиясының көтерілген биігі десек артық емес. Қара өлең емес, жыр үлгісінен-ақ сыршыл лирика тотыдай түлейді-түрленеді. Бұл тәрізді түр ізденіс бақылауын, зерттеуін күтіп тұр. Көне әдіс бүгіннің шындығын айтуға мәселен, осынша епті-сыйымды қалыпқа түсуі тікелей Нұрланның табысы. Басқа ақында бұл мазмұн дәл осындай медитациялана алар ма еді?! Медитация күшейген сайын ақын айқындала-даралана түседі. Зорая береді. Бұл – барша өнерге тән құбылыс.
Көңілімде мұң бар –
Өмірімде кім бар
Жан сырымды тыңдар,
Өмірімді шыңдар.
Жалғыздығым жалған ба –
Жар құшағына алданба.
Алды-артыңа қарасаң,
Бәрі де өткен арманда...
Бұл тірлікке алданба.
Сөйтіп, жер бетінен биіктеп, періште болмысты тазалықпен табысады. Бәрінен түңіліп баз кешумен рухани тазару екі басқа жол. Әлсіздік емес, мықтылық - бұл. Түңілу емес, түсіну. Қазақ рухының баламасы жыраулық өнер сүт кенжесі Махамбет элегиялары – қазақ лирикасының шыңы. Нұрлан мұңы - сарғайған сағынышы осы сарынға ұласады. Азу тісін байқатты ақын сол арқылы-ақ Ол өзін былай бағалайды: Қысқа ғұмыр – қилатын қыршын, Бұлт арасы жылт ететін нұрсың. Махамбет те өзін қапысыз таныған, тіпті тағдырын болжап, кесілген басын түсінде көрген. Сезеген жүрек бәрін де сезген... Нұрлан да өз тағдырын қапысыз көреді. Таниды. Бастысы – бас тартпайды. Ол - трагедияға апаратын жол емес пе екен?!
Жүрегіме жинадым-ау бәрін,
Жолын таппай қаңғып ақты-ау қаным.
Қайманаға бола алмадым қаймақ
Жан дүнием ауырады, жарым...
Көркемдік сапасы жоғары, бұл бүгіндік жыр. Бүгіндік оқырман жүрегін тітіретіп, бүгіндік қоғам қабырғасын қақыратады. Еліктеудің ұщығы жоқ, бүгіндік таланттың төлтумасы. Мәселе түйіні әрине «қайманаға қаймақ болмаған Махамбет қайсарлығында жатыр. Бұл – оның бірлі-жарым жыр жолдары – шумақтарында ғана емес, көркемдік концепциясы болып жота көрсетеді. М әселен,
Алты алаштың арысына ерсем де,
Мен бөрінің кәрісіне ере алман.
Құмырсқаның көзін көрсем де,
Құдайсынған қуыс кеудені көре алман
деген жолдарды Махамбеттен бөле жару-қиын. Қайталау емес, түпнұсқа тарих емес, Бүгін. Ақынын уақыт өзі туғызып отыр, отаны – анасына емес, сондықтан ол – ұлт айнасына айнала алып отыр. Тегіне тартқан тұлпар жыр өйткені, өз заманының қара қазанында қайнап піседі, қапысыз. Нұрлан стилінде ғана сөйлейді. Өзгенің ала жібін емес, өзінің адалбақанына ғана сүйенеді. Соған сүйсінесің. Өнер арқылы өмірді сүйесің, мағына көресің. Өнер миссиясының өзі де осы емес пе?!
«Жан дүнием ауырады жарым» деген соңғы тармақ текті жырға тегін телініп тұрған жоқ. Қобыландының Құртқасындай қаракөз жарын көрсең-ақ Нұрланның бойыңды ағыл-тегіл сезім селі билейді. «Жарының жанарында алты алаштың арысына ерген» ақын мәңгі таңбаланып қалған екен, өйткені: «Өмірден баз кешкен Нұрланның бақыты – өмірден ілгені – осы бір сыңар аққу ма дедім. Махамбет Мағжанның ұлы махаббатына шөліркеген ақын батырға серік» ару жанын қалай аяламайын» Өйткені, қандай қиындықта да ол жарын табады! Соған ғана сенеді, сүйенеді. Медеу тұтады. Ана жәйлі жүз толғаудан жазба өнердің кейде жалғыз жолы жүректі жаулап жатса, ол – өнер құдіреті. Нұрланның жүрек күнделігінен суаттан қанған марқадай сестенесің.
Ақынға сені жар етті,
Намысқа басар нар етті деуі сезімнен гөрі сана ғой... «Тілеуіңді берген тәңірдің, тамырыңды берік, мықты етті» – дейді. Бұл да кітаби пәлсафа емес еді. Нұрланның жарына арнаған «Мойыл көзді келіншек» өлеңі көркемдік тұрғыда Пушкиндік деңгейден табылады.
Мойыл үздің мойын созып,
Мойыл көзді момақаным.
Мойыл ағаш ойың сезіп,
Жая түсті алақанын.
Уыз дерті омырауда,
Ұмысынады, қымсынады
Күлкісі ұқсап қоңырауға
Сыңғыры жан шымшылады.
Мойыл көзім сен де сыңар,
Мойыл бақтың ішіндегі
Жалқы бақыт менде шығар,
Жан иесі пішіндегі.
Бұл жолдар өйткені, шығыстық газелден гөрі батыстық таным-жан диалактикасын реализм әдісінде зерлеген-зерделеген классикалық дәрежеге көтеріліп кеткен ұлттық қолтаңба. Абай үлгісі. Көркемдік концепциясы. Оны игеру тұрмақ, оған бой алдыру – бойлаудың өзі бүгін мұң болып отырғанда, сыңғырлаған қазақы Татьяна жаны (Пушкинді) Абай арқылы ауысқан (ақыл-ауыс, ырыс жұғыс) Нұрлан өлең ырғақ-интонациясымен ұлттық өлең өлшем көкжиегін кеңейте түскеніне куә боламыз.
Қайталап айтамыз, лирика сезімдік дүние оған поэзия арқылы сыралғыболу – көркем даярлықты, эстетикалық таным-талғамды керек етеді. Абай арқылы осы білім-сауатымыз ашылғанын ұмытпайық.
Бір махаббат – іздегенім сол менің
Жалғасам деп жүрілмеген жол кемін
Қобыз – кеудем ықыласқа ышқынып,
Сапырады күңіренген көл демін.
Бір махаббат іздегенім сол менің
lздеу үшін іңкәрліктен өлмедім.
Менің мұң мен сырға толы жүрегім,
Шүпілдейтін шарапатқа шөлдедім.
Бұл өлең де тамырын тереңнен тартатын тақырып. Өнер тамырына ой-бойлату – босқа кетпеген, жазба үрдістегі салиқалы сақа жыр тудырған әсіресе, экзотика-эротика махаббат орынына жүре бастаған бүгініміздің маңдайына «Мағжаннан қалған Махаббат» (өзінің сөзі Б.К.) болып жаћут жыр тағылса, «сөз түзелді, тыңдаушым сен де түзелді» бүгінгі қазақ әдебиеті айтуына әбден хақылы ғой. Алайда ақын ол сөзді жәмиғатына айта алмады. Неге? Өйткені «жүрген жерінде қаңқу бар, жүрегінде шаншу бар».
Шаншу деген қарып түсер шоқ екен,
Қаңқу деген қағып түсер оқ екен.
Қаңғыған оқ қай жағымнан жетеді?
Шаншу мүмкін жазым қылып кетеді
– дейді ақын. Ол жаңылмапты. Аруана сезімі оны еш алдамапты. Әдеттегідей болжамы да, сөз сарасы да айқын анық. Оның жүрек күнделігіндей поэзиясын бас алмай оқу қандай ауыр болса, соншалық ақын шындығына жақындай түсесің. Бүгінгі қазақ поэзиясы оқылмайды дейтіндер кімнен түңіліп жүр?! Өйткені, ол Абайша арылып айтады, не айтса да.
Қос бүйрегім тас болды,
Ақ жүрегім нас болды.
Балғын тәнім лас болды
Шыққыр көзге жас толды.
Алғыр миым су болды,
Бал таңдайға у толды.
Бойымдағы рух өлді,
Тілімдегі уыт өлді
Қалғаны тек құр сүлдер
Енді қайда жүрсіңдер?!
Тірімде – жиғаныма қас болды,
Өлімде – иманыма қас болды.
Сияқты жолдар ғайыптан пайда болды ма?! Әлде бұл жанды әдеби-қоғамдық процесс пе?! Өкінішке орай бізде қоғамдық ілімдер көнтексінде әдеби процесс сараптамалық еңбектерге обьект бола алмай қалып жүр. Себебін іздеген кім бар? Нұрлан өлеңдерінің қай-қайсысы да осы бір кенжеліктің орынын толтырып, қордаланған көптеген қоғамдық мәселелерді, қазіргі жазба қазақ әдебиетінің өскелең жетістігі ретінде өткір қозғайды.
Жар сап айтсақ, әйел тұрсын,
Зар сап айтсақ, сел тұрсын.
Елтіп айтсақ ел тұрсын,
Ішіңдегі қайғының
Қазасына келтірсін –
Қақпақылдап өлтірсін.
Бұлар – хас ақынды тұншықтырған қоғамдық кесел ме? Әлде Пушкиндегі Моцарт пен Сольери трагедиясы – сазды – азалы реквиумы ма?! Бұл жалпы адамзаттық мәселелер қазақ қоғамына жат па?! Әдебиет өзінің талдау-танымын тапса-тегіне тартсын, тек шектеу мен шектелуден құдайым сақтасын. Жұбанышы сол – Нұрлан Мәукенұлы мәуелі бақтай жемісі толыса піскен поэзиясы арқылы ақыл-ойға қозғау салатын әлемдік әдеби жанрлармен әріптестіктен тайсалмайтындай.
Бақыт Кәрібаева
филология ғылымының докторы, профессор