Жазушы Сәбит Досановқа «Халықаралық түркі дүниесіне қызмет сыйлығы» берілді
2016 ж. 12 қаңтар
5220
17
Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Досановтың көркем прозадағы алғашқы туындысы болып табылатын «Ақ аруана» повесі әлемді шарлады. Иә, осы уақытқа дейін де бұл еңбек орыс, француз, өзбек, қырғыз, әзiрбайжан, т.б. тілдерге аударылып, алыс-жақын шетелдерден лайықты бағасын алып үлгерді.
Жазушының Түркия мен Әзірбайжанда жарық көрген «Ақ аруана» кітабының тұсаукесері Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Ұлттық рухты оятқан осынау шығарманы жарыққа шығарған Түркиядағы беделді баспалардың бірі – «Айсу йайынчылык». «Ақ аруана» кітабына жазушының өмірдің өзекті проблемаларын өткір көтерген «Жусан иісі», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» сынды әңгімелері енген. Оқу орнының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пірәлиев жүргізген әдеби кешке Мәскеу мемлекеттік агроинженерлік университетінің профессоры, қандасымыз Серік Тойғанбаев, белгілі өзбек қаламгері Мехманқұл Исламқұлов, қырғыздың көрнекті ақыны Марқабай Ааматов, Алматы қалалық тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахет, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қасымхан Бегманов және Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен келген бір топ ақын-жазушылар қатысты. «Ақ аруананы» түрік тілінде сөйлеткен Түркияның белгілі жазушысы Имдат Авшар мен Әзірбайжан жазушысы Эльхан Зал Сәбит Досановқа «Халықаралық түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» және «Түркі әдебиеті қорының» сыйлығын салтанатты түрде тапсырды. Жазушыны құрметті марапатымен арнайы құттықтаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашевтың жүрекжарды лебізін «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақ үні» газетінің президенті, ақын Қазыбек Иса жеткізді. Батыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана қаласынан келген делегация өкілдері де құттықтады. Қаламгерге түрік жазушысы Имдат Авшар мен әзірбайжан жазушысы Эльхан Залға Қазақстан тарихшылары қауымдастығы «Ақ жол» партиясының қолдауымен шығарған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» медалі табыс етілді. Сондай-ақ салтанатты кеште ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың арнайы құттықтау жеделхаттары оқылды. Жиын барысында университет ректоры Серік Пірәлиев Сәбит Айтмұханұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде баяндама жасап, оқу орнының ғылыми кеңесінің шешімімен «Абай атындағы ҚазҰПУ-дің құрметті профессоры» атағы берілгендігін жеткізді. Сонымен қатар, шығармашылық кеште Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай кеш иесіне ақжарма тілектерін айтып, иығына зерлі шапан жапты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай қаламгерге арнаған «Сәбең сал» атты әнін тамылжыта шырқаса, ақын Қасымхан Бегман жазушыға арнаған жырын оқыды. Жиында сөз алған Сәбит Досанов: «Кәрі құрлықтың өзі есінен танып, алып державалар дағдарыстан есеңгіреп жатқан күрделі кезеңде Қазақстан бақыт аралына айналғанын әлем мойында отыр. Бұл – елдің бақыты» деді.Гүлмира САДЫҚОВА
"Қазақ үні" газеті
qazaquni.kz