Алтайдың ақиығы
2010 ж. 22 қараша
2955
0
12 қараша күні Қазақстан Жазушылар Одағының әдебиетшілер үйінде Халықаралық «Жанашыр» қоры мен Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы жазушы, қоғам қайраткері, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері Жақсылық Сәмитұлының 70 жылдығына арналған еске алу кешін өткізді. Әрі осы орайда «Жанашыр» қоры жағынан жарық көрген Ж.Сәмитұлы шығармашылығы жайындағы «Сөзі жеткен Алашқа» атты естеліктер топтамасының тұсауы кесілді.
Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, жазушы, жорналшы Уақап Қыдырханұлы баяндама жасаса, өз кезегінде Берік Шаханов, Серік Қапшықбаев, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Ғазез Райысұлы, Әлімғазы Дәулетхан, Хасен Қожахметов сияқты қаламгерлер жарыс сөзге шығып, Ж.Сәмитұлы туралы естеліктер айтты. Күлман Шүленбайқызы, Құрманбек Әлімғазыұлы секілді әншілер әнмен шашу шашса, Ғалым Қалибекұлы, Сайламхан Мұстақиұлы жазушы жайында жыр толғады. Кешті жазушы Жәди Шәкенұлы жүргізді.
«Ақсарай» театры ұжымы дайындаған жазушының «Саған бақыт тілеймін» повесі негізіндегі театрланған қойылым көрермендерді бір желпіп тастады.
Жазушының жары Мәкила Солтайқызы, баласы Заңғар Жақсылықұлы келген қауымға отбасы, бала-шағасы атынан рахмет айтты.
Еске алу кешіне жиналған жұрт жазушы шығармаларының қайтадан жарық көретінін көңілдеріне медеу көріп, қаламгер рухымен қауышып қайтқандай көңілді тарасты.
Өзге кәсіпке өресі жетпей, қолтығы кең қара сөзден қоныс тапқан, сөйтіп, «ерінбеген етікші болады» деген ұстаныммен жазушы атанып, әдебиетте қара көбейтіп жүрген көп жазғыштардан басқа, сол әдебиет үшін жаралған, мына жарық дүниеге белгілі бір миссия атқару үшін келген, ат төбеліндей нысаналы таланттар болады. Олар өзіне дейін айтылмаған ақиқаттарды айтады, өз дәуірінің шежіресін жасап, әдебиетке тың өріс ашып қана қоймай, шындық жолында басын қатерге тігіп, ұлт рухын көкке көтереді. Өз басым бүгін сөз болып отырған марқұм Жақсылық Сәмитұлын осындай төтенше топқа жатқызамын.
Ненің нышаны екен, Жақсылық екеуміз әр аймақта туып өссек те, жолымыз оқта-текте тоғысып тұрды. Тағдырымызда бір ұқсастық бар. Мен оны алғаш көргенде әлі қабырғасы қатпаған, көкөрім бозбала болатын. 1958 жылдың естен кетпес шілдесі. Алматы және Ташкент қалаларында оқып жатқан шынжаңдық елу студент аяқ астынан Үрімжіге аттанатын болдық. Көңілде ешқандай күдік жоқ. Бізді түгендеп самолетке отырғызуға Мәскеуден арнайы келген елшілік қызметкері: «Бір айдай саяси курсқа қатынасып, ел ахуалымен танысасыңдар да, сонан соң үйлеріңе барып демаласыңдар», - деген-ді. Өкімет есебінен елге барып, екі жыл көрмеген үй-ішімізді көріп қайтсақ, одан артық Құдайдан тілегеніміз не?! Артық киімдеріміз бен кітаптарымызды жатахана қоймасына тапсырып, жеңіл ғана жүкпен жолға шықтық.
Үрімжіге келіп түссек, біз ойлағандай емес, дүние өртеніп тұр. Көше толған әлем-жәлем плакат, дабыл қаққан «дазыбаулар» (үлкен жазумен дуалға жапсыратын қабырға газеттері). «Ұлтшылдарды арамыздан аластайық!», «Оңшыл оппортинистердің көзін жояйық!» деп өңештерін жырта айғайлай жүрген белсенділер...
Түкке түсінбей мәңгіріп қалған бізді Шынжаң университетінің даласына апарып түсірді. Сондағы жатаханадан орын әзірлеп қойыпты. Сөйтсек, «жергілікті ұлтшылдарға» қарсы күрестің қызып жатқан бір ошағы осы университетте екен. Күн сайын «күрес», күн сайын жиналыс. Ұйғыр мен қазақтың сорпа бетіне шығар ғалым-ұстаздары мен саналы деген студенттерін ортаға сүйреп шығарып, арадай талап жатыр. Несін айтасың, талантсыз тобырдың таланттардан өш алуына барынша жағдай жасап қойған екен. Солар теңелгеннің жөні осы екен деп, кек алуға аянбай кірісіп кетіпті.
Совет одағынан келген біздің «сауатымызды ашып» жағдайға қанықтыру үшін, сол университеттегі «күрес жиналыстарына» қатыстыра бастаған. Сондай жиындарда төрт қазақ студентінің есімі ерекше аталып тұрды. «Қазақ ұлтшылдарымен тіл біріктірген» дейді. «Университетте астыртын ұйым құрған дейді». «Апыр-ау, бұлар кім болды екен?» деп жүргенде, бір күні әлгілерді көрудің сәті түсті. Өрімдей төрт жігітті белсенділер алдына салып, айдап барады екен. «Осылар» деді білетіндер сырттарынан нұсқап. Жастары жиырманың о жақ, бұ жағында. Сол жылы университеттің тіл әдебиет факультетін бітіргелі тұр екен. Кешікпей аттарын да біліп қалдық: Задахан, Жақсылық, Оразхан, Талыпбай...
Ал енді осылар не бүлдірді екен дейміз ғой? Сөйтсек, шулатып жүргендері – жай ғана сыныққа сылтау бірдеңе: «университетте қазақ бөлімдері ашылсын. Мұнда ұйғырша оқып шыққандар ертең қазақ мектептеріне қалай сабақ береді» депті. Осы тілектері жоғарыға жетсін деп, бір жұма сабаққа қатыспай қойыпты. Әлгі белсенділердің «астыртын ұйым құрды» деп жүргені осы екен.
Көп ұзамай Жақсылықтар киген «ұлтшыл» деген қалпақты біз де кидік. Екі айлық «курстан» кейін Советте оқитын елу студенттің қырқын оқуға қайта жіберді де, ең «ұлтшыл» деген он жігітті таңдап алып қалды. Сол қалғандардың ішінде біз де бар едік. Күз бен қысты «құрыш қорыту» майданында, шахтада өткізгенбіз. 1959 жылдың мамыр айында ағарту саласынан шыққан, «ұлтшыл-оңшылдарды» бір жерге жинады да, жазба белгілеп, үкім оқыды. Шынжаң университетінің кең залында жиналған бес жүзге жуық «қылмыстының» арасында өз тағдырымыздың шешілер сәтін күтіп, Жақсылық екеуміз де отыр едік. Империя екеумізге бірдей «ұлтшыл» деген қалпақ кигізді. Империядан «ұлтшыл» деген атақ алғанда, мен жиырма үш жаста, Жақсылық небәрі жиырмада болатын. Жақсылықты достарымен бірге еңбекпен өзгертуге (Лаугай) Тарым лагеріне жіберді. Ал, мені Алматыдағы оқуымнан қалдырып (мен үшін жазаның ең ауыры осы еді), еңбекпен тәрбиелеуге (Лаужау) төменге түсірді.
Сонан кейін біз өмірдің әр алуан жолына түстік. Екі жылдай «Шынжаң» газетінде бақылау астында жұмыс істеген соң, мені 1961 жылы Шәкешекке жер аударған. «Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген рас екен. 1962 жылдың көктемінде сол елдің көшін бастап, Қазақстанға қайта оралдым. Екі ел арасында хабар-ошар үзілген. Еміс-еміс жеткен «ұзынқұлақтан» Тарым лагеріне кеткендердің көп жылдан соң аман-есен қайтқанын естіп, қуанғанымыз бар.
Содан арада отыз неше жыл өткенде, 1992 жылы Үрімжіден Армиябек Сағындықұлы деген жас әдебиетші келді. Қолында бес отбасының құжаты мен тізімі бар. Атажұртқа біржола көшіп келу үшін шақыру қағаз алып қайтпақ. Сол жылдарда егер осы жақтан бір мекеме, не шаруашылық ұжымы «үймен және жұмыспен қамдаймыз» деп қағаз берсе, оралманға шекара ашық болатын. Біз ақылдаса келе шақыру қағазды Алматыдағы өзімізге таныс баспалардан алуды ұйғардық. Менің бұл іске құлшына кіріскен себебім: тізімнің басында Жақсылық тұр екен. Басқаларын танымасам да, осы Жақсылыққа қол ұшын бергім келді.
Мен қасыма Армиябекті ертіп алып, жаңағы жұмысты бір күнде бітіргенім есімде. Абай даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысында баспалар үйі бар. Онда «Жазушы», «Қазақстан», «Ғылым», «Қайнар», «Мектеп» баспалары орналасқан. Біз шақырту қағазының үлгісін жасап бардық та, өзімізге таныс баспа директорларына таратып бердік. «Шекарадан өтуге көмектессеңдер болғаны, міндет артпаймыз» дедік. Хаттың мәтіні ортақ, отбасының тізімі ғана әр басқа. Не керек , айналасы екі-үш сағатта шақыру қағаздары дайын болды...
Армиябек осы құжатты алып күзге қарай еліне қайтқан. Қолымыз мұндай жеңіл болар ма, келесі 1993 жылдың сәуір айында Алматыға бес шаңырақ көшіп келді. Көш басында әйгілі жазушы - Жақсылық Сәмитұлы, сонан соң жас әдебиетші Армиябектің өзі, жас қаламгер Ғалым Қалибекұлы, жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы («Көк бөрілердің көз жасы» романының авторы.) бар.
Алматыда өткен кейінгі он бес жылдың ішінде Жақсылықпен жақсы араласып тұрдық. Ол алғашқы бөлімдерін Шынжаңда жаза бастаған «Сергелдең» романын жазуға кірісті. Іштей дайындықпен аса ширығып келгендіктен болар, төрт кітаптан тұратын көлемді шығарманы бас-аяғы жеті-сегіз жылда тез бітірді. «Мені алды-артыма қаратпай, басқалар сияқты пенсия алуға да үлгертпей асығыс айдап келген – осы роман ғой. Қытайда жүргенде, маған мұндай шығарма жазу қайда?» деуші еді марқұм өзара сырласқанда.
Жалпы, көркем әдебиетте жазушы мен тақырыптың табысуы аса маңызды рөл атқарады. Бұл жағынан, Алтайдағы Ұлт азаттық қозғалысын, Оспан батырдың трагедиялы тағдырын басқа емес, Жақсылықтың қолға алуын әдебиеттегі бақытты сәт деп қараған орынды. Егер «Оспан батыр» трагедиясы Сәмитұлынан басқа, олақ біреудің қолына түссе, «жібекті түте алмай жүн етер» ме еді, кім біледі?
Тегінде қара өлеңге қарағанда, бастау көзі тақау, дамудың толық мектебінен өте қоймаған Шынжаң қазақтарының прозасында балаңдық бары рас. Ол әсіресе, тарихи тақырыпта айқын сезіледі. Ал, Жақсылық табиғат берген талантының арқасында, ондай балаңдықты бастан кешкен жоқ. Ол бірден Қазақстандық, тіпті Еуропалық деңгейде қалам тартқан жазушы. Оның жазғандарында құрғақ баяндау, көп сөзділік, характер ашуға септеспейтін басы артық оқиға ұшыраспайды. Оқиға желісі мен кейіпкердің мінез-құлқы өзара жымдасып, қатар өріліп отырады. Бұл – бүгінгі жетілген проза үлгісі.
Жақсылықтың туып-өскен жері – Алтай өңірі. Осындағы қарулы көтеріліс пен оның қаһармандары жазушыға бала жастан қанық. Ел тарихы, жер бедері де етене таныс. Бұл жағдай авторға көп жеңілдік әкелгені сөзсіз. Алтайдың бұла табиғаты мен бұл күнде тарихқа айналған көшпенділердің мінез-құлқы, қаз-қалпы қағазға түскен. Көп томды роман халық кегі бұрқ еткен сонау отызыншы жылдардан бастап, 1951 жылы Оспан батыр оққа ұшқанға дейінгі ширек ғасыр өмірді қамтиды. Тұтас бір халықтың азаттық жолындағы күресі мен трагедиялы тағдырын баяндайтын шығарманы эпопея деп қабылдасақ артық емес. Кезінде әр баспадан ала-құла жарық көрген шығарманың «Айбынды Алтай» деген ортақ атпен қайта басылуы – қуанышты оқиға.
Бес томдыққа жазушының көзі тірісінде жариялап үлгермеген «Тәкіман батыр» атты тағы бір шығармасы еніп отыр. Тәкіман Жақыпұлы – тарихта болған, Шынжаңдағы ұлт азаттық күресінің қайтпас қаһармандарының бірі. Әйгілі Қалибек Хакімнің серігі болған. Төңкерістен кейін Қалибек – Сауан ауданының әкімі болғанда, Тәкіман – сол ауданның сақшы бастығы болған. 1947 жылы Қалибек қызыл қытайға қарсы атқа қонғанда, Тәкіман Қалибекпен бірге көтерілді. Көтерілісшілер күші басым жауға төтеп бере алмай, Үндістан аспақ болғанда, есіл ер Гималай биігінде көз жұмады. Сәмитұлының нақты деректерге құрылған бұл шығармасы да ерлерге қойылған ескерткіш іспетті.
Сөз сиқырын жетік меңгерген Жақсылық – шағын әңгіме жазудың да шебері еді. Ол Шынжаңда осы әңгіме, хикаяттармен танылған. Жазушының «Әке бейіті» дейтін әңгімесі бар. Шағын әңгімеге тұтас бір дәуірдің қасіреті сыйып тұр десем, артық айтқандық емес. Атақты «мәдениет төңкерісі» кезінде әркім әр жаққа айдалып кеткен ғой. Кейін ап-сап басылғанда бір жігіт айдаудан қайтады. Келсе, әкесі бақиға аттанып кетіпті. Әке қабірінің қайда екенін ауылда аман жүрген көрші қарттан сұрап біледі де, басына белгі орнатуға кіріседі. Сөйтіп, әбігерге түсіп жатса, тағы бір жігіт келеді аптығып. Ол да айдаудан енді қайтқан сорлы болса керек:
- Ау, мұның қалай? Бұл – менің әкемнің бейіті ғой! - дейді келе сала.
Сол арада талас туып, арты төбелеске ұласа жаздайды. Содан екеуі өліктерді өз қолымен жерлеген манағы қартқа келеді ғой.
- Ал, шыныңды айтшы: мына бейіт кімдікі?
- Таласпаңдар. Екеулеріңнің әкелерің де осы қабірде жатыр, - дейді қарт мән-жайды түсіндіріп. – Қақаған қыста, аштық жайлаған жұтта қайтыс болған адамдардың бас-басына көр қазуға шамам келмей, екеуін бір қабірге қойып едім, кешіріңдер!
Әкелері бір қабірде жатқан жігіттер сол арада қайта табысып, бейітті бірлікте тұрғызады...
Жақсылық Сәмитұлы – қазақ көркем сөзінде өзіндік орны бар, үлкен суреткер. Ол әдебиетке өз тақырыбымен келді де, сол әлемді жеріне жеткізе жазып кетті. Шығармаларымен бірге жасайтын жазушының екінші өмірі оның пенделік ғұмырынан әлдеқайда ұзақ.
Қабдеш Жұмаділов,
Қазақстанның халық жазушысы,
мемлекеттік сыйлықтың лауреаты