Қадыр Мырза Әлі: Мұқтаждық - қазақтың трагедиясы

[caption id="" align="alignleft" width="336"] Қадыр Мырза Әлі[/caption]

Әдебиет — фанатиктердің ісі

…Менің ойымша, біз негізгі оқырмандарды жоғалтып алған жоқпыз. Олар бар. Ешқайда кеткен жоқ. Олар тек ұйықтап кетті. Содан соң олар шаршап жүр. Мына жерде бір базар бар. Сонда барамын. Мен өзімді мақтайын деп отырған жоқпын. Сонда кейбіреулер танып жатады. «Ағай кетіп бара жатыр» деп бір-біріне сыбырлайды. Біреулері бірдеңе алсаң «Халыңыз қалай, аға? Жазып жүрсіз бе? Біздің жағдайымыз осындай. Бізді неге жазбайсыз?» деп арыз айта бастайды. Біздің талай нәрсені жазып жатқанымызды қайдан білсін. Міне, бұлар оқымайды. Бірінші себебі – жоқтық. Кітап алу тоқтады. Бұрынғы өлшеммен алсақ, жүз адамның бірде біреуі кітап алмайды. Осының барлығы ақшаға байланысты. Жұрт ең алдымен қарын тойдырғысы келеді. Содан соң бала-шағаның қамы. Балаға оқулық, мектеп формасы, аяқ киім, т.б. содан соң қысқа дайындық басталады.  Одан кейін көктем келеді. Мұқтаж мұқтажға жалғасады. Қазақтың трагедиясы – осы. Мен мына Ресеймен бұрындары байланысым жақсы болған. Москвада «Книжное обозрение» деген газет шығады. Соны мен әлі күнге дейін алдырып тұрамын.  Ресейде қандай кітап шығып жатыр, соны қадағалап отырамын. Байқағаным – Кеңес үкіметінің құлдырағанынан  орыс әдебиеті зиян шеккен жоқ. Керісінше ұтты. Бірінші – олар жоғалып кеткен, көміліп қалған, шықпай кеткен авторларды қайтадан шығарды.  Екіншіден, бұлар қағазы бар ел. Біз сияқты мұқтаж ел емес қой. Сондықтан кітапты бұрынғыдан да әдемі етіп шығара бастады. Содан соң, бір ғажабы,  бұлардың оқырмандары —  дәстүрлі оқырмандар. Бұлар бүрын кітапқа бөлінген қаражатты қысқарта қойған жоқ. Олар кітапты әлі алып жатыр. Бізде қазақта – бұл бөлектеу. Мен өзім Алматыға 50-жылдардың басында келдім. Сол келген жылдардан кейін, 50-жылдардың ортасынан бастап 20 жылдай оқырманның ынтасы шарықтап өсті. Кітапты іздеп жүріп, бір-бірінен ұрлап алып кетіп (жақсы мағынасында) оқыды. Мына іргедегі Қытайдан мысал  келтірейін. Қытай деген үлкен ел ғой. Ал осы үлкен елдің атамзаманғы бір жақсы дәстүрін айтайын. Қытайда кітапты ұрлаған адам жазаға тартылмайды екен. Бұл білімге деген құмарлық қой. Бір уыс бидай ұрлаған адамның қолы шабылады. Поляктарда бір анекдот бар. Бір жас семья қонақ шақырады. Қонақ келерден бұрын үйдің иесі кітаптарын анда да, мында да жасыра бастайды. Балкондағы сөрелер, қуыс-қуыстың барлығы кітапқа толады. Сонда әйелі: «Келетін достарын кітап ұрламайды. Бұл кітаптар олардың өздерінде де бар. Неге сонша әуре болдың?»,- дейді. Күйеуі: «Олардың ұрламайтынын білемін. Өздерінің кітабын танып қоя ма деп жатқаным ғой»,- деп жауап беріпті. Асқар Сүлейменов деген замандасымыз болды. Кітапты көп оқитын. Оның бір қызық қасиеті: біреуге кітап берсе кері сұрамайтын, алса қайтарып бермейтін. Қызық адам. Енді оқырмандарымызға қайтып оралайық. Біздің оқырманымыз қалың ұйқыға кетті. Оны қашан оятып аламыз және ол оянғаннан кейін қайтадан кітап оқуға кірісе ме? Қазіргі адамның психологиясы қасаңданған. Қазір кітапты ақшаның жоқтығынан алмайды. Ертең оған дәулет біте бастайды. Бірақ соның біраз процентін кітап алуға бөлу керек дегенді ұғынғанша біраз жылдар кетеді. Кітапты алмау – дәстүрге айналып кетеді. Бұл тоң сияқты нәрсе. Қашан, қалай бұзылады  — белгісіз. Менің қорқатыным – осы нәрсе. Екінші бір нәрсе – осы қиыншылықтың таза әдебиетке пайдасы болды ғой деп ойлаймын. Өйткені әдебиетке келген адамдардың көбі – кездейсоқ адамдар. Әдебиеттің айналасынан пайда іздеп келгендер. Пайда іздегендер, тіпті болмағанда абырой іздеп келгендер. Мысалы, Пәленшенің партия қызметінде аты шықпады. Басқа жол жоқ. Сондықтан қалтасына «жазушы» деген куәлік салып, шіреніп жүрсе – абырой болатын болған. Міне, солар, сондайлар, қазіргі қиыншылық кез келгенде ізім-ғайып жоғалды. Өйткені, әдебиет оларға енді ештеңе бермейтін болды. Әдебиет, фанатиктердің, барым да осы, малым да осы дегендердің ісіне айналды.

«Сөз өнері — дертпен тең…»

…Әдебиетке шын берілген фанатиктер әлі жұмыс істеп  жатыр. Олар, енді кітап шығарады екенмін, осыған ақша аламын деп істемейді. Әдебиет бұлардың дерті. Құдай берген ауру. Абай «Сөз өнері — дертпен тең» деген. Осыған ұқсас пікірді Пастернак айтқан. Бірақ ол «Высокая болезнь» деген. Сатып алуға болмайтын қымбат деген сөз ғой. Міне, сол нағыз жазатын адам осы қымбат дертін ешбір байлыққа айырбастамайды. Енді жазушыларға айналып тағы бір соғайық. Жазушылардың тағы бір тобы бар. Бұрын бұлар өздерінің жазбағандығын немесе аз жазғандығын тоталитаризмге, цензураға жабатын. Бәрібір қысқартып жібереді, жаздырмайды, өтірік айтқым келмейді дейтін. Ал, енді сөз бостандығы берілген кезде солар тағы жаза алмайтын болып шықты. Сөйтсе олардың ар жағында тесіп бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Мен әдебиет туралы оқырман ретінде айтқаным – басқаша айтқанымнан дәлірек болып шығады. Өйткені менің өзім оқырманмын. Жақсы оқырманмын. Сондықтан оқырманды жақсы білемін дей аламын. Алматыда ертеректе «Сайтан базар» деген болды. Сол базарға жиырма жылдан астам барып жүрдім. Жақсы кітапты кезекке тұрып алатынбыз. Екеу-үшеуден алатынбыз. Кітап айырбастайтынбыз. Себебі керек кітапты, орнына кітап беріп қана ала аласың. Ал енді біздің әдебиет жайлы: қазақ әдебиеті едәуір биік өреге жетіп қалған әдебиет. Әдетте көршілермен салыстырасың ғой. Қазақ әдебиеті, әсіресе, поэзия, көршілес түрікмен, өзбек, тәжік әдебиетінен көш ілгері алға кеткен әдебиет. Мынандай мысал келтірейін. Біздің әкелеріміз ғасыр басындағы ақындарды оқығанда ішкен асын жерге қоятын. Ал, біз, немесе өзімізді айтсам, мектепте жүрген кезімізде поэзияны аса жақсы көргеніміз жоқ. Себебі аралары кезеңдік тұрғыдан да, стильдік тұрғыдан да алшақ жатқан қадау-қадау бірнеше ғана ақынның шығармашылығынан не ұғынуға болады? Абай поэзиясы жоғары класта оқытылады. Ал Абайдай ақынды түсіну үшін үлкен дайындық қажет. Енді қазіргі жағдайды қараңыз. Қазіргі жастар, бүгінгі поэзияны түйсініп оқитын жастар ғасыр басындағы поэзияны қабылдай алмайды.  Неге? Өз  мәдениетінен жерігендік пе? Жоқ! Поэзия жайлы түсінігін  әдеби оқулықтан емес, шын поэзияның өзінен алған алғыр жастың санасы биік деген сөз. Әдеби сынмен айналыспаса да сыншылық ой иесі деген сөз. Олар ғасыр басындағы ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің күшпен тежелгенін жанымен, өзінің жеке әдеби тәжірибесімен сезінеді.

«Дегуманизация» — әдепкі проблема

Қазақ әдебиетін оқып жүрген таза қазақ оқырманы ешқайда қашқан жоқ. Оқымайтынды алсақ – бізге жоқ ақшасы, Еуропаға да жоқ. Бізді оқуға жетпеген уақыты Еуропаға да жетпейді. Ал бізді оқымайтын орыс тілді қазақтар – бізді бұрын да оқымаған, қазір де оқымайды. Дегуманизация дегеніңіз, меніңше, таза философиялық проблема. Мәдениет философиясы айналысатын нәрсе.

«Дегуманизация» проблемасы — әдепкі проблема. Мәңгі өлмес проблема.  Бір бүгін  немесе кеше ғана бой көтерген жоқ бұл мәселе. Ескі кітаптардың барлығында да «заман бұзылып барады», «адам азып барады» деген қайғылы ой, яғни, осы дегуманизация әр түрлі кейіпте көрініс беріп отыр. Бұл мәселе осыдан 1400 жыл бұрын аян етілген Құранда да, күні кеше өмір сүрген Абай поэзиясында да бар. Бір кезеңнің әдебиетін шектеп ойып алып, талдап жіберсең,  кез келген жерден осы «дегуманизация» шыға келеді. Яғни, мәселе зерттеушінің өз зерттеуін нендей ниетпен бастайтындығында. Немесе әдебиет бар да, оны зерттеудің түрлі тәсілдері бар. Мен бұл проблемаларды осылай түсінемін.

Өлеңді ұстап тұрған «техника» емес

Музыка теориясы болсын, басқа болсын – ғылым ғой. Ғылым болғаннан кейін даму керек. Бұл – танымның өзгермес қағидасы. Ал егер аз-маз музыкалық немесе әдеби қабілеті бар адам теорияны беске меңгеріп алып, «тәп-тәуір» шығармалар жазып жатса, бұл жерде теорияның нендей кінәсі бар. Ондай «шығармалардың» құнын білу үшін шегініңкіреп тұрып бақыласа болды. Жақын тұрсаң, әрине, оның ішінен әлдебір жүйе, «логика» табасың. Түйсігі мол, білімі мол сыншы ондай өлеңді алғашқы шумағынан-ақ ұстайды. Себебі, теориямен жазылған, яғни теориялық тұрғыдан мінсіз ондай шығармада бір нәрсе жетіспей тұрады. Көркемдік ой дейсің бе, меніңше – шығарманың рухы, оны тірі етіп тұрған оның жаны. Сол жетіспейді. Ол жоқ болса – жоқ. Оны ешбір техникамен жасай алмайсың. Нобайын, сыртқы түрін жасайсың. Бірақ өзін жасай алмайсың. Поэзияның технологиясы туралы айта беруге болады. Көп айтуға болады. Алайда мен өлең өнерінің ешқашан таусылмас көп сырының бірін, өзім түйсінген бір сырын айтайын. Өлеңді ұстап тұрған техника емес. Көп айтылған жауыр сөз болса да айтайын, өлеңді ұстап тұрған нәрсе – сезім. Мен бұл жерде сезім деп, өзің шын кешкен, өзіңнің рухани тәжірибеңе айналған шынайы сезімді, шын сезімді айтып отырмын. Жоғарыда өзіміз айтқан «өлеңнің жаны» немесе «өлеңнің рухы» дегеніңіз — осы.

Цензураның пайдасы мол болды…

Гетенің «Мен көп нәрсе білемін, бірақ барлығын айта бермеймін» деген сөзі бар. Ішкі цензура дегеніңіз осы. Көрген-білгеніңнің бәрін жаза беру – әдебиет емес. Көркемдік елек туралы көп айтылды ғой. Оның несін қайталайын. Ал идеологиялық, мемлекеттік цензураның әдебиетке пайдасы мол болды деп ойлаймын. Цензура әдебиетшіні белгілі бір жөн-жоралғыға үйретеді. Цензурада да ақымақтар отырған жоқ. Өзіңе тыйым салу үшін ең әуелі әлдебір қорқынышты нәрселерді шырамытуың керек. Содан соң барып «Құрысын, ойламау керек» дейсің. Ойыма ондай ештеңе келмеген сияқты. Ондай шетін нәрсе ең құрымаса есте қалар еді ғой…

«Ақшаға сатылмайтын қымбат дерт…»

Сұхбаттасқан Таласбек Әсемқұлов

«Zaman Қазақстан» газеті, 27 наурыз, жұма, 1998 жыл, 14-15 бет

otuken.kz