– Ереке, қатар оқыған студенттiк жылдары «Алма» деген жырыңды КазГУ-дiң студенттерi жатқа айтушы едi. Арада қаншама уақыт өтсе де өлеңдерiңнен Алматыны, жастық дәурендi өлердей сағыну сезiмi ескiрмегенiн аңғардық. «Алматыны... сол жылы... бұл менен де... Алып қалып едiңдер... не iстедiңдер?», әйтпесе «Бұл қаланы дәл мендей сүймейдi ешкiм...» деп толғанасың. Салдәуренге деген сағыныш ғұмыр бойы жүрегiңдi жасартып келе жатқандай. Солай ма?
– Осы таусылмағыр алма менiң тiлiме әлi де орала бередi. Темiрланда тұратын тамаша ақын Нармахан Бегалыұлы туралы жазған мақаламның бiр жолының үзiндiсiн келтiрейiншi: «...алма ағашының гүлдегенiн көрмей өсетiн өңiрдiң тұрғындары да қыздарының есiмiн неге Алма деп қоятынын түсiндiру және оңай емес». Сол тұрғынның бiреуi – мен. Жұматай Жақыпбаев туралы мақаламда да осыған ұқсас мойындаулар бар: «...Сондай, яғни бау-бақшасыз өңiрде ержеткен бiздiң өлеңдерiмiздiң берiден тартқанда, мысалы, жабайы бүлдiргенмен, әрiге кеткенде базар-дүкеннен сатып алынатын алмамен өгейлене жасауланып тұратыны сондықтан». Солай өскен мен (әрине, тұтас курсымызбен) КазГУ-дiң журналистика факультетiнiң бiрiншi курсына түскен бойда бiр айға ауыл шаруашылығы жұмысына, басқа жерге емес, сол Алматының тура iргесiндегi «Горный гигант» ауылының бау-бағына, Рақым Сатаев ағайымыздың басшылығымен апорт теруге жiберiлгенде қалайша «Алма» дейтiн өлең жазбайын?! Бұл әрiректегi ағаларымыздың «Нефтстан», «Көмiр – коммунизм», «Жүйткi, қара айғырым» секiлдi өлеңдер жазғанындай таңсық тақырыпқа қол созу емес пе едi?! Дегенмен, мұнай, көмiр, паровоз секiлдi алманы да сырттай қызығушылықтан әрi қарай берiле бейнелей алмағандықтан, жемiс-жидек туралы туындыларым осымен аяқталған секiлдi.
Ал, Алматы... Беу, Алматының жөнi бөлек: уайымсыз ғұмыр, адал көңiл, қысқасы, өзiң айтқандай, салдәурен. Жуықта Алматыдағы «Хантәңiрi» баспасынан мемлекеттiк тапсырыспен екi томдығым жарық көрдi. Соның бiрiншi томында төрт тараудан тұратын «Әскерден келген студент» дейтiн өз алдына бiр кiтаптық бөлiм бар. Сол бөлiмнiң екiншi тарауы «Алматы» деп аталады. Есептеп қалсам, осы тарауға сiздер мен бiздердiң Алматыдағы студенттiк өмiрiмiз жайлы жазылған 38 өлеңдi енгiзiппiн.
– Ал, бiрiншi тараудың атауы ше?..
– «Веспрем». Бұл – Венгриядағы мен екi жыл әскери қызметiмдi өткiзген қала. Үшiншi, төртiншi тараулар: «Ақтөбе», «Астана». Бiрақ барлық тараулардағы барлық өлеңдер де мiндеттi түрде алматылық студенттiк өмiрге сiлтеме жасайды. Бөлiмнiң (немесе кiтаптың) «Әскерден келген студент» деп аталған себебi де сондықтан.
– Сөйте тұра «...Ай жөн едi Алматыны көрмеген, Алматыға бармағаным жөн едi» дейсiң...
– «Ақсұңқар неге қонбайсың, Дариға-ай, жайған торға?» дейтiн өзек өртейтiн ән бар емес пе?! Қазақтар «Жалт еттiң де, жоқ болдың, Көрген түстей, сағымдай» деп және қисындаған. Сол секiлдi Алматы қолға ендi қайтып қонбайтынын сезiнген бiр сәттерде тiлге iлiккен елжiреуiк жолдар ғой. Әйтпесе басымнан (менiң де, курстастарымның да) сипаған, қателiктерiмiздi кешiрген, талай құпияларымызды әлi күнге дейiн ешкiмге айтпай жүрген Алматыны көргенiңе, Алматыға барғаныңа, Алматыда бес жыл тәттi ғұмыр кешкенiңе өкiнуге бола ма?!
– Алматыда қалмағаныңмен, оған қоса «Өкiлiмiн ду қол соққан дүрмектiң, Мен – күрiштiң қасындағы күрмекпiн» деп соншама сыпайысынғаныңмен, өлеңсүйер қауым бәрiбiр ақын Ашықбаевтың жырларын сүйсiнiп оқиды. Бауыржан Омарұлы секiлдi кейiнгi толқын iнiлер шумақтарыңды эсселерiне эпиграф етiп алады. Аударма саласында да өндiрте еңбек етiп жүргенiңдi естимiз. Осы жөнiнде айта отырсаң. Газет қызметiнiң мазасыздығы белгiлi ғой, сөйтiп жүрiп шығармашылығыңды босаңсытып алмауыңның сыры неде? Жазуға қай кезде уақыт табасың?
– Менiң өлеңдерiме басқа тiрлiктерден гөрi тап осы газеттегi ұзақ жылдарғы қызметiм мықты көмек көрсетiп отырды ғой деп ойлаймын. Себебi, мақала жазу, өзгелердiң жазған мақалаларын түзеу-күзеу жауапкершiлiкке тәрбиелейдi. Ең бастысы, журналисте (әрине, ақында да) «газетке шыққан дүниемдi ертең жұрт ықыласпен оқыса екен» деген ұстаным болуы керек. Менде сондай ұстаным болды. Мақтанды десең, өзiң бiл, Үмiтхан, менiң, басқа басылымдарды айтпағанда, тек «Қазақ әдебиетi» газетiнде өткен жылдың басынан берi әрқайсысы бiр бет болатын 17 әдеби мақалам жарияланыпты. Биыл Алматыдағы «Дәстүр» баспасынан 240 беттiк «Өлең мен өмiр» деп аталатын әдеби мақалалар жинағым жарық көрдi. Ал, Еуропа ақындарынан аударған, «Еуропа поэзиясы. ХХ ғасыр», «Еуропа классикалық поэзиясы» (Астана, «Аударма» баспасы. 2010, 2011) кiтаптарында жарияланған дүниелерiм шамамен өз алдына бiр томдық болады. Облыстық газеттен көрген «зияным» – осы. Бұларды тiзбелеп отырғандағы айтпағым, кейбiр талантты, бiрақ сол талантын келiстiре алмай, төгiп-шашып жүрген ақындарға қарап: «Осылар әу баста газетте, соның iшiнде облыстық газетте тiлшi болғанында, бәлкiм, тиянақтылау болар ма едi?» деп ойлаймын. Қасымда жүрген ақын iнiм Бауыржан Бабажанұлы бiр кездерi Алматыдағы Ғылым академиясында қызмет iстеген ғой. Сол Бауыржанның бiр әңгiмесiн келтiре кетейiн. Қазақтың көрнектi ғалымы Рахманқұл Бердiбаев күндердiң күнiнде бiр жас талапкердiң қорғауға ұсынылғалы отырған кандидаттық еңбегiн алдын ала шолып отырып: «Ай, шырағым-ай, әуелi бiр жақсы журналиске қаратып алғаныңда дұрыстау болатын едi-ау» дептi. Әнеки, жақсы журналистiң бағасы кемi сондай болмақ. Рахманқұл ағамыздың өзi де бiр кездерi газет қызметкерi болған ғой.
– Осы сауалымды тиянақтай кетейiн. Алматыдан – әдеби ортадан жырақтасың. Өлең, әдеби мақала, аудармаға қатысты мына бiтiрген iстерiңе қарағанда Ақтөбенiң ауасы тарлық етпеген секiлдi. Әлде өзiңнiң рухани әлемiңдi жасап алып, сонда өмiр сүрiп келесiң бе?
– Нағыз әдеби ортада жүрудiң зиянды жақтары да болуы мүмкiн. Рас-өтiрiгi аралас тұрақты қолпаш, пәленшекең мен түгеншекеңнiң әне жерде, мына жерде қолтығыңның астына тастай салатын күмпиген тегiн көпшiктерi, күнде кездесетiн кейiнгi жастардың қолыңды алуға таласа ұмтылуы тәрiздi пендешiлiк марапаттар жас кезiңде (тiптi кейiн де) арақ-шарап iшкен шақта өзiңе-өзiң iштей тым жоғары баға берiп отыратының секiлдi пайдасыз, өркенiңдi өсiрмейтiн дерттерге ұрындыруы да ғажап емес. Әрине, тура солай дей алмаймын, себебi, Алматыда тұрмаймын ғой. Бiрақ әуелгiде ерекше елең еткiзген, сонысына орай лайықты тiзiмдерге енген бiраз ақындардың сол бұрынғы жазғандары мен кейiнгi жазбаларын оқығанда, пай-пай, осындай теория ойлап таптым.
– Сонда әдеби ортада жүру шарт емес пе?
– Мысалы, Шымкенттегi Мархабат Байғұтқа немесе Темiрландағы Нармахан Бегалыұлына шарт емес. «Иманжапырақты» Қарауылбек Қазиев Шымкенттiң радиосында қызмет iстеп жүрiп жазған жоқ па?! Нәсiреддин Серәлиевтiң «Ыстық күлшесiне» де лайық бiр анықтама — «Шымкентте жасалған».
– Оңтүстiктiк қаламгерлердi ғана айтып отырсың...
– Негiзгi кәсiбiм бойыма сiңiрген әдеттiң бiрi – осы. Журналист жергiлiктi мысалдарға, онда да ешқандай дау туғызбайтын деректерге жүгiнуi керек деп ойлаймын.
– Ендеше, мәселенi былай қойып көрелiк. Әлгiде айтып өткен 17 мақалаң ешқандай дау туғызбай ма?
– Ай, дiлмарсып отырып, осылай өзiмiзге-өзiмiз сөз тiлеп алатын әдетiмiз бар ендi. «Басқа пәле – тiлден» деген рас-ау деймiн. Жауап берiп көрейiн. «Қазақ әдебиетi» газетi де, 2 мың дана таралыммен шыққан «Өлең мен өмiр» кiтабы да барлық облыстық кiтапханаларда тұр. Қолы тиiп жатса, оқырман парақтап көрер. Қосымша айтар түсiнiктемем мынау. Бiрiншiден, бұл мақалалардың барлығының да өзегi — ақындар мен өлеңдер. Жеткiлiктi бiлмейтiн болған соң проза туралы сөз қозғағам жоқ. Екiншiден, әр ақынды, әр өлеңдi өз деңгейiне лайық дәрежеде бейнелеуге тырыстым. Әрине, мақтадым, бiрақ асыра дәрiптеуге ұрынбауды көздедiм.
— Мақтадың, бiрақ сынаған жоқсың?..
— Жоқ, сынағам жоқ. Мен кәсiби сыншы емеспiн, оған қоса, мойындамасқа болмайды, өлең теориясын да, лексика мен фонетиканы, морфология мен синтаксистi де жете меңгерген емеспiн. Менiң жазбаларымның жанр-атауы сол себептi «Әдеби мақалалар» немесе «Ақын ақын туралы» деуге келiңкiрейтiн болса керек. Рас, жеке ақынды, жеке өлеңдi талдай отырып, соған орайластыра, мысалы, жалпы поэзияның кешегiсi мен бүгiнгiсi хақында қосқан өз топшылауларым бар. Сол арқылы қазiргi қай ақын да аяғы аспаннан салбырап түсе қалған елде жоқ өзгеше тұрпат емес, өз заманының әртүрлi дәм беретiн әрқилы жемiсi екенiн түсiндiруге ықтиярландым.
– Жалпы, аяқ астынан осындай жаңа өнер бастауыңның, өзiң айтып отырғандай, әдеби мақалалар жазуыңның себебi неде? Бұлай сауал қойып отырған себебiм, биыл өткен дәстүрлi әдеби жыл қорытындысында сын туралы баяндама жасаған, онысы кейiн «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланған филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлзия Пiрәлi: «Оқырман қауым бұрындары Ертайды ақын ретiнде таныса, өткен жылдан берi әдеби көзқарастары қалыптасқан, ойы орнықты, поэзия поэтикасын танып-талдауға пайым-парасаты жетерлiк сыншы екендiгiне көз жеткiзедi. Ертай Ашықбаев ұлт әдебиетiнде өзiндiк орны бар, әдеби ортада мойындалып, бағаланған ақындар шығармашылықтарын әрiптес ретiнде талдап, өз бағасын беруге моральдық та кәсiби құқығы барлығын танытқан. Ең бастысы, сыншы-автор поэзия табиғатын терең танып, көркемдiк-эстетикалық талғаммен талдай бiледi» дептi...
– 2013 жылы күзде қазақтың көрнектi ақыны Есенқұл Жақыпбек кенеттен өмiрден озды. Былайынша тiрлiктегi тiлектестiгiмiз өз алдына ғой, мен ең әуелi Есенқұлдың өлеңдерiн ерекше қадiрлеушi едiм де, бiрақ жеке әңгiмелер арасында ғана болмаса, жария түрде дәрiптеп көрген жоқ ем. Неге екенiн бiлмеймiн, осы досым туралы жылы сөз жазуға аңсарым ауды да тұрды. Сол сөзiм «Есенқұлдың шындығы» деген мақалаға айналды да, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң 2014 жылғы бiрiншi нөмiрiнде жарияланды. Бiраз жұрт, әсiресе, Алматыдағы жас iнiлерiм телефон арқылы ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. Сосын бұл мақаланы жазар кездегi, жазғаннан да соңғы әлдебiр күдiктерiмдi жеңiп, көкейiмде жүрген және бiр тақырыпқа қалам батырдым. Өтежан Нұрғалиевтiң төрт кiтаптан тұратын «Соғыстың соңғы жазы» атты дүниесiн қазақ поэзиясындағы, бәлкiм, жалпы поэзиядағы ерекше құбылыс ретiнде бағалайтынмын. Сол кiтап туралы «Өтежан кешкен өрттiң бояуы» дейтiн мақала жазып ем, бұл дүнием де тәп-тәуiр қабылданды...
– Яғни әдеби мақалалар жазуға осылайша еш дайындықсыз кiрiсiп кеттiм дейсiң ғой...
– Олай деуге болмас. Себебi, өзiм де ақын болған соң, поэзияның шөбi мен шөңгесiн ажырата аламын ғой. Сосын мен мектептiң жоғары сыныптарында оқып жүрген кезiмнен бастап өлеңдердi ғана емес, өлеңдер туралы жазылған мақала, рецензияларды да аттап өткен емеспiн. Мысалы, мектепте оқып жүргенiмде «Жұлдыз» журналынан Тәкен Әлiмқұловтың ұлы Абай туралы жазған «Жұмбақ жан» атты дүниесiн оқып таң-тамаша қалғаным бар, сол жылдардан берi Абай туралы мұндай жоғары көркемдiк дәрежеде жазылған көлемдi дүниенi кезiктiре алмаған сияқтымын. Тек осыдан бiршама жылдар бұрын Тұрсынжан Шапайдың «Анық Абай» деген кiтабының үзiндiлерiн оқып қатты тұшынған едiм, бiрақ ол кiтаптың одан соңғы толық тағдырын бiлмей жүрмiн. Тағы бiр таң қалғанымды айтайын. 1998 жылы өзiң бiлетiн менiң курстасым, филология ғылымдарының кандидаты, белгiлi эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың (ол кезде Тәжiмұратов) «Шәңгерей. Жасампаздық өмiрi» деп аталатын кiтабы жарық көрдi. Зерттеулiк әдiснама қандай, тiл қандай, ақынды ғана емес, ақынмен орайластыра заманды ұқтыруы қандай! Баспалардың бiрi осы кiтапты қайтадан ұсынса, әжептәуiр сауапқа қалар едi.
— Ақындарды талдауға аяқ астынан келiп қалыпсың, егер, кiм бiледi, аяқ астынан проза туралы жазып кете қойсаң, кiмнен бастар едiң?
— Баяғыда, тырнақ астынан саяси кiр iзделетiн заманда дауылпаз ақын Тайыр Жароков «Өзiм де қумын ғой, Октябрь революциясынан әрiге аттап баспаймын» деген екен. Сол секiлдi менiң тақырыбым өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бергi кезең ғой. Ай, жаза алмаймын-ау, ал, жазсам, ең алдымен Тәкен Әлiмқұлов, Қалихан Ысқақов, Тынымбай Нұрмағамбетов, Мархабат Байғұт тәрiздi әр буын ағаларымнан бастар ем.
– Ендi қайтадан өлеңге оралайық. Зерделеп оқитындарға Ертай Ашықбаев балалар ақыны ретiнде де белгiлi...
– Оның да рас. Осы кезге дейiн балаларға арналған өлеңдер топтамаларыммен кеңестiк кезеңде «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық конкурстар бар, бергi шақтағы «Дарабоз» бен «Балауса» бәйгелерi бар, әйтеуiр, республикалық осындай додаларда оншақты рет жүлдегер атаныппын. Жоғарыда айтқан екi томдығымның «Туған күн» деп аталатын екiншi томы, мiне, сондай, балаларға арналған өлеңдер. «Жалынның» бiр бәйгесiнде «Әлиханның әлемi» деп аталатын әңгiмелер топтамам да жүлде алған, бiрақ прозашылығым сонымен басталып, сонымен аяқталды, өйткенi, проза поэзиядан әлдеқайда қиын өнер екен. Сол себептi ақындардан гөрi прозашыларға көбiрек жаным ашиды.
– Әдеби мақала немесе проза жазудың қиындығын мойындапсың. Осы ретте тағы бiр сауалдың көлденеңдеп тұрғанын көрмеймiсiң. «Еркектерге ескерту» деген өлеңiңде «Iшсе еркек... сөйлеп маза кетiрдi, Iшпей келсе... сылтау тауып жекiрдi. Еркек кейде құтырған аң, ал, әйел зоопарктiң күтушiсi секiлдi» деп соншалықты «жуасып» қалуыңа жол болсын. Алматыда күркiреп жүрген ақынның «әйелi бар еркектi көп қарғаның iшiндегi тоқ қарғаға» теңеуiңе қарағанда өмiрдiң өзi көп нәрсенi мойындатқандай ма, қалай?
– Дәл осыған байланысты Ақтөбеде пәленбай жылдардан берi бiрге келе жатқан, орыс тiлiнде жазатын талантты ақын, аудармашы дос ағам Амантай Өтегеновтiң бiр «философиясы» бар едi. Әбекең еркектердiң әйелдерге қатысты өсу жолдарын былай сипаттайтын: «Әуелi жеңемiн деп тыраштанасың, содан бiраз жылдар өткеннен кейiн жеңiлмеймiн деп әуре боласың, ақырында «сен тимесең, мен тимен» күйге түсесiң, тек мазамды алмаса екен дейсiң». Әзiл болғанымен астарында қаншама шындық жатыр. Бұған Жүрсiн Ерманның мына қос шумағын да қоса салуға болады: «...Жөн емес қазақ нақылы, Болсаң да әлем ақыны, Жетедi билеп-төстеуге Әйелдiң қысқа ақылы. Сырыңды соған ашасың, Шөлiңдi содан басасың. Адамның күнi – әйелмен, Әйелдер мәңгi жасасын!».
– Өлеңдерiңдi оқып отырып, аяулы ұстазымыз Сұлтанғали Садырбаевтың «Орманға барып саңырауқұлақ терiп қайтқандай болдық» дегенiндей әсер алдым. Жалпы, өлеңдерiңнiң көлемi қанша?
– Оқуға (оқылуға) жарайтыны бiр томға жетер-жетпес қана. Жоғарыда айтқан бiрiншi томымды «Хантәңiрi» баспасындағы бауырларымның өтiнiшiмен, онда да жыланып отырып, бұрынғы-кейiнгi жазғандарымды қайта-қайта iрiктеп, 342 бетке әзер толтырдым. Бәлкiм, қаламдастарымды ренжiтiп алармын, бiрақ мен ақынның жақсы жырлары осындай көлемдегi бiр томнан аспауы керек деп ойлаймын. Сол себептi баспаға ұсынған екi томдықтың екiншi томына тек балаларға арнаған дүниелерiмдi қостым. Бұрын жарияланған кiтаптардағы немесе кейiнгi жазылған әлсiз өлеңдердiң барлығын тыққыштауды мақұл көрмедiм.
– Сонда ондай өлеңдерiңдi ендi қайтып ұсынбайсың ба?
– Жоқ. Бұған дейiнгi жинақтарыма енiп кеткендерiне, әрине, амалым жоқ. Бiрақ шала жазылған немесе толық жазылса да, көңiлiмнен шықпаған, бәлкiм, бiр том, тiптi аз дегенде жарты том боларлықтай өлеңдерiмнiң барлығын осы қос томдығым шығар қарсаңда түгел өртеп жiбердiм. «Өртеп жiбердiм» деуiм бейнелеп айтқаным ғой, негiзiнде әбден ұсақтап жырттым және кейiн осы принципiмнен айнып қалмау үшiн дереу үйдегi, кеңсемдегi компьютерлерде сақтаулы тұрғандардың барлығын да «удалить» еттiм.
– Неге?
– Бiрiншiден, өлең шiркiн «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейдi». Екiншiден, жап-жақсы ақын ағаларымыз өмiрден өткеннен кейiн жарияланып жатқан кiтаптарында «Жарияланбаған өлеңдер» дейтiн атаумен әлдебiр шумақтар жүредi. Расы керек, тәуiрiнен гөрi нашар дүниелер басым болып шығады. Бәлкiм, оларды нашар болған соң да ақынымыз кейiн қайта сүзiп өту үшiн алып қалған шығар. Ал, отбасы мүшелерi немесе шын жанашырлар тауып алып, жаңа кiтапқа енгiзiп жiберетiн ондай шумақтар поэзияға немесе ақынға қандай қосымша мәртебе әпередi?
– Мына пiкiрiңдi өз замандастарың қалай қабылдайтындығына болжам жасамай-ақ қоялық. Бiрақ кейiнгi жастарға зияны жоқ ескерту тәрiздi. Сол жастардың поэзиясын оқисың ба? Прозаға қарағанда поэзияда өзiндiк үнi бар ақындар шоғыры баршылық деген пiкiр тоқмейiлсуге жол бере ме? Олардың туындыларынан жаңашыл қазақ поэзиясының лебi байқала ма? Жаңашылдық пен дәстүршiлдiк қалай таразыланады?
– Ұзақтау сауал екен, ұзақтау жауап берейiн. Жастардың өлеңдерi түгiлi, ежелгi әдетiмше олар туралы жазылған дүниелердi де назардан тыс қалдырмауға тырысамын, бiрақ басылымдар да, түрлi сайттар да көптiгi себептi барша жаңалықты қамти алмайтыным түсiнiктi ғой.
Ал, проза мен поэзияны салыстыру туралы әңгiмеге келсек... Көздерiңе түстi ме екен, 2013 жылы «Дәстүр», «Тұран» баспалары «Дала дидары» жобасымен облыстарда тұратын жас ақындардың шығармаларын қамтыған 15 кiтап шығарды. Соның бiрi – Оңтүстiк Қазақстан облысы жас ақындарының өлеңдерi жинақталған «Оңтүстiк орамдары». Ал, «Ақтөбе әуендерi» деп аталатын 240 беттiк кiтапты құрастырып, алғысөзiн жазу маған тапсырылған болатын. Сол алғысөзiмде мынадай жолдар бар:
«...Қазiргi күнi қазақ әдебиетiнде поэзияның прозадан гөрi кенеулi екенi әр-әр пiкiрлерде айтылып қалып жүр. Неге олай? Мұның бiр себебiн Мұхтар Әуезовтiң ертеректе жазған бiр мақаласынан табуға болатын сияқты. «Мәлiк Ғабдуллинге жауап хатында» ұлы жазушы былай дептi: «Қаншалық көлемдi, терең, ылғалы мол болса да, прозалық шығармалар мен пьесалар ешуақытта поэзияның көп тiлмен, көп үнмен қамтыған бар өмiр жайын түгендеп, бас-басына, сала-саласына бiрден жетiп, қапысыз қамти алмайды. Әрине, жекелеп алған әрекетiн дәуiрлiк сипатта поэзиядан басқаша кемерлей, тереңдей түсетiн құдiрет прозаның күш сипаты екенi рас. Бiрақ бар өмiрдiң барша саласына поэзия барғандай проза мен драматургия бара алмайды». Осы мақалаға сүйенсек, поэзия – «әрдайым сын айқас кезеңдерiнде ең бұрын суырылатын семсер», «ең бұрын от алатын бронь бұзар снаряд», «жаза баспай, бұлтармай соғатын снайперлiк оқ».
Ендеше, қазiргi прозашыларымыздың жазаға тартыларлықтай аса көп кiнәсi жоқ екен, ақындарымыз да ылғи бiр артық туған аса бөлек тұқымның ерекше көктеген дәнектерi емес сияқты. Кешегi сең бұзылып, дария тасыған, нақтылап айтсақ, тәуелсiздiк келген, қызыл тiлге азаттық берiлген заманнан соң өлеңнiң алдымен көзге iлiгер осындай себептерi бар екен».
Мiне, қазiргi поэзияны қазiргi прозадан артықтау көретiндiгiмiзге қатысты бiр пiкiрiм – осы, яғни тоқмейiлсудiң тiптi де орны жоқ.
Сондай-ақ, қазiргi қазақ поэзиясының жаңашылдығына үрке қараудың да қажетi шамалы. Ақын Iзтай Мәмбетов туралы мақаламда мынадай пiкiр айтқанмын: «...Дегенмен, қалай болғанда да, мойындалатын бiр жайт сол, әдебиетке, әсiресе, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келген ақындар (әрине, прозаиктер де) сол кезде (соғыстан соңғы ауыр жылдардың зардаптарынан арыла бастаған соң) бiлiм жинатуға көбiрек ден қойылғаны себептi сауаттылығы қаулап өсе бастаған қалың оқырманды әдеби талғамға, көркем өлеңдi (әрине, көркем прозаны да) сұрыптап, таңдап оқуға өте-мөте тереңдете үйретiп кеттi. Бiз оларға, ең алдымен, сол үшiн бас июiмiз керек. Қазақ өлеңiне қатысты әрқилы көптеген сәттi, сәтсiз эксперименттер жасағандар да сол буын едi. «Абстракционизм», «формализм», «космополитизм», «идеясыздық», «түршiлдiк», «түсiнiксiздiк», «қара бояуға құмартушылық», тiптi «ұлтшылдық» дейтiн де алуан түстi шапандарды киген солар едi. Дегенмен, түбi қайырлы болды».
Рас, қазiргi iзденiстердiң тұрпаты да, мазмұны да бөлек, дегенмен, мұның да түбi қайырлы болатындығына сенемiн.
Ал, жаңашылдық пен дәстүршiлдiкке келсек, мысалы, мен Есенғали Раушанов немесе Тыныштықбек Әбдiкәкiмов әйтпесе Әбубәкiр Қайран тәрiздi замандастарымды әрi жаңашыл, әрi дәстүршiл ақындар ретiнде танимын. Мәселе – формада емес, мазмұндық нормада.
– Бiз қаласақ та, қаламасақ та, «интернет ақындары» пайда болды. Олардың бiрқатары түсiнiксiз терминдердi жиi қолдансам, өлеңiмнiң мазмұны мен сапасы артады деп ойлайтын секiлдi. Оларға көзқарасың қалай?
– Бұл үрдiс, басқасын қайдам, газет қызметкерлерi үшiн пайдалы болды деп есептеймiн. Мен қызметiмдi газеттiң әдебиет және өнер бөлiмiнiң тiлшiсi болып бастадым. Редакцияға түскен, бiрақ жариялауға жарамайтын әр мақалаға, әрине, әр өлеңге де жауап жазу керек болатын, ол кездiң тәртiбi солай едi. Ал, қазiргi тiлшiлер ондай әуреге түспейдi, интернет кез келген өлеңдi қабылдай бередi, жариялай бередi. Автор да риза, интернет те риза, газеттiң де құлағы тыныш. Одан артық не керек?! Ал, талғамға келсек... Ақынды әр оқырман өз талғамына қарай йтаңдайды ғой. Дегенмен, бәлкiм, «интернет ақындарының» арасында да қабiлеттiлер бар шығар. Бiрақ өзiм оқымаған соң таразы бола алмаймын. Жалпы, мен өлеңдi компьютерден емес, қағаз бетiнен оқитын қазақпын.
– Сол қағаз бетiндегi өлеңдердi iздейтiн оқырман азайып бара жатқан жоқ па?
– Оқырман азайып емес, бәлкiм, өлең көбейiп кеткен шығар...
– Солайы солай шығар. Уақыт бөлiп сұхбаттасқаныңа рахмет!
Әңгiмелескен: Үмiтхан АЛТАЕВА