«Көшпенділер» трилогиясы тұңғыш рет түрік тіліне тәржімаланды
2015 ж. 15 желтоқсан
7099
27
Осыған орай Ыстамбұл университетінде Түркология институты мен Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі тарихи романның тұсаукесер рәсімін өткізіп, еліміздің Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында түріктің күллі әдебиетсүйер қауымына ерекше тарту жасады.
Түркияның шетел әдебиеті қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи романымен толықты. XV-XIX ғасыр аралығында қазақ хандығының өмір-салтын суреттейтін шығарма алғаш рет түрік тіліне аударылып, Анадолыдағы оқырман қауыммен қауышты. Үш томдық романды аудару ісі осыдан үш жыл бұрын түрік магистранттарының бастамасымен қолға алынған екен. Ал биыл кітап баспаға беріліп, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай арнайы жарық көрді.
Исмаил Доған, Орду университетінің профессоры, аудармашы:
- Тарихи роман қазақтың тұрмыс-салтын, жауынгерлік рухын, көшпенді халықтың даналығын әдемі әспеттей алған. Өз басым бұл кітаптан үлкен әсер алғанымды жасырмаймын. Біз әсіресе жер, су атауларын, соғыс сахналарын суреттеуде қолданған сөз тіркестерін аудару кезінде әжептеуір қиналдық. Жазушының сөз байлығы бір бөлек, терминдердің түрік тіліндегі мағынасын бұрмаламай, өз қалпында беруге тырыстық. Жауапкершілігі зор үлкен жұмыс болды.
Ыстамбұл университетінің Түркология институты үш жылдан бері қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерін түрік оқырмандарына кеңінен таныстырып келеді. Білім ордасында «Немат Келімбетов оқулары» жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Ал былтыр түрік ғалымы Экрем Аянның бастамасымен ағартушы, ғалым Ыбырай Алтынсариннің кітаптары жарық көрген болатын. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы сол игі істердің заңды жалғасына айналды. Үштомдықтың шығуына қолғабыс болған түркиялық қандасымыз, тарихшы Әбдіуақап Қара тарихи роман бауырлас екі елдің арасында әдеби, рухани байланыстар құратынына сенім білдіреді.
Әбдіуақап Қара, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры:
- Көкейде жүрген арман еді осы «Көшпенділерді» түрік тілінде сөйлету. Осы 550 жылдыққа, Ілияс Есеберлиннің 100 жылдығына байланысты сәті түсіп, бүгін абыроймен осыны атқардық. Бұның түрік тіліне аударылғандығы оның Түркияда тарихи роман жазып жүрген, енді жазатындарға үлгі болмақ. Тарихи романның қалай жазылу керектігін көрсететін бірден-бір роман. Бұл жағынан алғанда, зиялы қауымға ой салады.
Жансейіт Түймебаев, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- «Көшпенділер» романын ғана емес, «Көшпенділер» фильмін де түрікшеге аударып, шығарған болатынбыз. Осының барлығы біздің егемен мемлекетіміздің өткен жолдарын туысқан түрік халқына таныту. Үлкен ықылас көрсетіп отыр. Бұл саладағы жұмыстарымыз жалғаса береді.
Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 млн тиражбен тарапты. Тарихи роман әлемнің 30 тіліне аударылып, дүниежүзіне 3 млн таралыммен таралып үлгерген. Енді биыл түбі бір түрік халқы да бұл құнды кітапты өз ана тілдерінде оқуларына мүмкіндік алып отыр.