Қазақ халқы Әбіш Кекілбайұлымен қоштасты
2015 ж. 13 желтоқсан
3532
1
Бүгін елордадағы "Нұр Астана" мешітінде заманымыздың заңғар жазушысы, ҚР Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының жаназасы шығарылып, «Көрме» кешенінде жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Рәсімге Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды.
- Қаралы хабарды естіген соң, Елбасы өзінің Тәуелсіздік дәуіріндегі серігі Әбіш Кекілбаевтың отбасына арнайы келіп, көңіл айтты, жеделхат жолдады. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер, - деді Сенат Төрағасы.
«Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Көрнекті жазушы, терең білімді жаны таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көркем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін тап басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманының да жан-жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды», - делінген жеделхатта.
Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және өзге де зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері қатысты.
Атақты жазушы Астана қаласындағы Ұлттық пантеонға жерленді.
qazaquni.kz